ДУЛАТ РУЫ

ДУЛАТ РУЫ
[Қанкөшектің ру ұранына айналуы туралы]
Құттықадамұлы Қанкөшекке 600-дей жылқы бітіпті. Сауын биелерін үйірімен бөлек баққызады екен. Бірде осы сауын билерді бағып жүрген жылқышыларды байлап тастап, ұры лар түгелдей айдап кетіпті. Қол-аяғы байлаулы жылқы шы ларды ертеңіне өрістен тауып алыпты.
Қанекең төңірекке сұрау салып, көрген-білгендер болса, сүйіншісі дайын деп елге құлақтандырады. «Ел құлағы—елу» деген емес пе, біреуден біреу естіп, жылқылары Іле жаққа айдап бара жатқан беталысын айтып бір адам келіп сүйіншісін алады. уақытты өткізбей ертеңіне ағайындарын жинап, батырлық аты төңірекке жаңадан шығып келе жатқан Масақ атаның баласы Барлыбайды басшы ғып сегіз жігітті жылқының соңынан аттандырады.
Қуғыншылар Іле бойына жақындаған соң күндіз жатып, түнге қарай торып жылқы жатады ау деген жерлерді аралайды. Сөйтіп жүріп, таң алдында көп жылқының қарасын көреді. Бәрі сайланып, сегіз жігіт екі топқа бөлініп: «ия, аруақ, аруақ! Қолдай көр, Қанкөшекті. Қанкөшек!»—деп, жылқыларды айдап жүріп береді. Жылқышылар ұйықтап қалған екен, жылқылардың дүрсілінен оянып, жылқылардың артынан 3-4 жігіт тұра қуады. Бұл кезде Барлыбай бастаған төрт жігіт қуғыншының алдын тосып, төрт жігіт жылқыларды сырғытып айдап кете береді. Қуғыншылар жетіп шарт та шұрт ұрыс болып, ұры жағының бір-екі адамы аттан түсіп қалады. Батыл қимылдап, сойылын еркін сермеп, талма жерден ұрып түсіріп жүрген Барлыбайды дәл көздеп «кеуде тұсы осы ғой» деп садақпен тартып қалады. Барлыбайға оқ тигеннен кейін қаша жүріп ұрыс салып, өз жылқыларын өңі-түсімен түгендеп, ұры жағының жылқыларын қайырып тастап кетеді. Біраз жер жүргеннен кейін Барлыбайдың атқа жүруге шамасы келмей, төрт жігіттен арттан қалады. Төрт жігіт жылқыларды тоқтаусыз айдап кете береді.
«Менің халім болмай бара жатыр, тоқтаңдар!»—дейді Барлыбай,—«Бай бір жұттық, батыр бір оқтық» деген осы, елге менің атымнан сәлем айтыңдар, «Қанкөшек!» деп айқайлап, жылқыларды айдап бара жатырсыңдар. осыдан былай Күнту елінің ұраны «Қанкөшек» болсын! Бұл—менің бірінші тілегім. Елімнен екінші тілегім—артымда үйелмелі-сүйелмелі үш бірдей балам жетім қалып жатыр, ағайын көз қырларын сала жүрсін!»—деп сөзге келіпті де көп ұзамай көз жұмыпты.
Сөйтіп, есіл ер 37 жасында Іленің ну орманының ішіне жерленіп қала беріпті. Барлыбайдың тілегін орындап, елінің үлкен-кішісі жиналып, «Күнту елінің ұраны «Қанкөшек» болсын!» деп бәтуаласады.
Содан бері неше ғасыр өткен шығар, ұлан-асыр бәйгеге ат қосса, бәйге атына мінген бала, сол сияқты екі жақ болып ерегісіп тартып жатқан көкпарды «Қанкөшек!» деп ұран тастап шабады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *