Флексорлар:
1. Иықтың екібасты бұлшық еті пішіні ұршық сабына ұқсас, иық және шынтақ буындарына қатар әсер ететін күшті сіңірлі ет. Ол сіңірлі ұшымен жауырын төмпегінен басталып, екі бөлікке бөлінеді. Оның бір сіңірлі құйрығы кәрі жілік бұдырында, ал екінші сіңірлі құйрығы шынтақ буынының медиальды бүйір байламында аяқталады.
2. Тоқпан жілік бұлшық еті тоқпан жілік мойнының латеральды және пальмарлы беттерінен басталып, иықтың екібасты бұлшық етінен сәл төменірек кәрі жілік бұдырында аяқталады.
Тізе буыны құрылысы күрделі және бір білікті буын. Тізе буынын кәрі жілік пен шынтақ сүйектің дистальды бастары, тізе сүйектері және алдыңғы жіліншіктің проксимальды бастары құрайды. Буынның бұлшық еттері алдыңғы аяқтың білек аумағында орналасып, тізе буынына әсер етеді. Бір білікті болғандықтан, тізе буынына әсер ететін бұлшық еттер: бір-біріне қарама-қарсы қызметтер атқаратын жазғыш және бүккіш бұлшық еттер топтарына бөлінеді.
Экстензорлар:
1. Тізені жазғыш кәрі жілік бұлшық еті білек сүйектерінің, оның ішінде кәрі жіліктің дорсальды бетінде жатқан қомақты ет. Ол тоқпан жіліктің латеральды (жазғыш) айдаршық үстінен басталып, алдыңғы жіліншіктер бұдырында аяқталады.
2. Үлкен саусақты алыстатқыш ұзын бұлшық ет кәрі жіліктің төменгі латеральды бетінен басталады. Еттің сіңірлі қалдығы медиальды және дистальды бағытта қиғаштала төмен бағытталып, тізе буынының дорсальды бетіне шығады да, II алдыңғы жіліншіктің проксимальды басында аяқталады.
Флексорлар:
І. Тізені жазғыш шынтақ бұлшық еті тоқпан жіліктің жазғыш /латеральды/ айдаршық үстінен басталады. Тізені жазғыш шынтақ бұлшық еттің аяқталатын екі сіңірлі құйрығы болады. Оның дорсальды сіңірлі құйрығы V және IV алдыңғы жіліншіктердің проксимальды бастарында, ал пальмарлық сіңірлі құйрығы тізе сүйектерінде аяқталады.
2. Тізені бүккіш шынтақ бұлшық еті тоқпан жіліктің медиальды (бүккіш) айдаршық үстінен және шынтақ бұдырының медиальды бетінен басталып, қосымша тізе сүйекте аяқталады.
3. Тізені бүккіш кәрі жілік бұлшық еті тоқпан жіліктің бүккіш (медиальды) айдаршық үстінен басталып, алдыңғы жіліншіктің проксимальды басында аяқталады.
Бақай буындарының бұлшық еттері білек аумағында орналасып, бақай буындарына әсер етеді. Бақай буындарына: тұсамыс буыны топай буыны және тұяқ буыны жатады. Бақайдың жеке буындары құрылысы (буынды алдыңғы жіліншіктердің дистальды бастары, тұсамыс, топай, тұяқ сүйектер кұрайды) қарапайым және бір білікті буындар. Бақай буындары бір білікті буындар болғандықтан, оларға қарама-қарсы бағытта жұмыс атқаратын жазғыш және бүккіш бұлшық еттер топтары әсер етеді. Бақай буындары бұлшық еттерінің құрсақтары білек сүйектері аумақтарында жатады, ал олардың сіңірлері бақай сүйектеріне бекиді. Жазғыш бұлшық еттер білек сүйектерінің дорсолатеральды, ал бүккіш бұлшық еттер оның медиопальмарлық бетінде орналасады.