Мұрын аурулары: жетілүдегі ауытқұлар,Экзема, шиқан, сикоз, мұрын атрезиясы
- Жетілудегі ауытқулар
- Экзема және оның белгілері
- Мұрын шиқаны, сикоз аурулары
- Мұрын атрезиясының емдеу жолдары.
Жетілудегі ауытқулар. Мұрынның туа болған кемтарлығынан оның толық болмауы, мұрын сүйектерінің болмауы, қосмұрын, мұрын ұшының айырланып бітуі, мұрын ортасының жыланкөзі, жоғарғы жақ сүйегінің маңдай өсіндісінің жетіспеушілігі, мұрын түбінің саңлауы, кеуілжір кемістігі кездеседі. Осы ауытқушылықтардың бәрінің негізінде ұрықтың эмбриональды дамуының бұзылуы жатады.
Емдеу – оперативтік түрде болады. Оның мерзімі ауру түріне қарай әртүрлі.
Экзема. Мұрын алды экземасы бет, құлақ, бас экземасымен бірге лимфаденит және жиі коньюнктивитпен қоса жүреді. Мұрынның кіреберіс экземасымен жіті түрінде қызарып, ісіп, теріде күлдіректер пайда болады. Мұрынның кіреберіс бұрышындағы тері сыдырылады. Созылмалы түрінде мұрын тесіктері, перденің басталар бөлігі және мұрын қуысы түбінің бір бөлігі қалың қабыршақтармен және іріңдіктермен жабылады. Кейінірек мұрын қанаты мен жоғарғы ерінде инфильтраттар пайда болады, кейде терінің түлеуі байқалады.
Емдеу. Экзема туғызатын себепті (тұмау, мұрын ішін шұқу) жою, тиісті тамақ режимін белгілеу, жалпы денсаулықты нығайту емі ( балық майы, мышьяк, темір, витминдер, теңіз жағасы). Сол жерге май жағу. Жарықтар мен сызаттарды 5 – 10 % ляпис ерітіндісімен күйдіру.
Мұрын шиқаны май бездері мен түк қалтасына микробтар түсуінен болады. Көбіне диабетте, зат алмасуы бұзылғанда байқалады. Шиқан мұрынның кіреберісінде көбінесе алдыңғы жоғарғы бұрышында немесе жоғарғы ерінмен шектес жерде болады. Шиқанның дамуында өте қатты ауру сезімі пайда болады. Мұрын ұшының немесе қанатының терісі қатты қызарып саусақпен басқанда ауырады. Мұрын кіреберісінің ішкі бетін тексергенде сүйірленіп келген, қызыл, шекарасы айқын бүртіктерді көтеруге болады, олардың ұшы кейде ағарып тұрады. Бірнеше күннен кейін шиқан іріңдеп жарылады.
Емдеу. Мұрын аймағы және жоғарғы ерін шиқандарын емдеуде қатаң ұқыптылық керек, өйткені бастың қан жүйесі өте жақсы дамыған лимфалық және веноздық торлармен байланысты. Шиқанды тілген кезде ми синуситтердің флебиті және жалпы сепсис байқалған. Сондықтан емнін мәнісі мұрынның кіреберіс аймағын қыздыру, кварц шамы, УВЧ және мұрын ішін жұмсартатын майлар жағу; 1:1000 қыздырған риванол ерітіндісіне немесе 1:5000 фурациллинге батырылған мақтаны 1 – 2 сағатқа мұрын ішіне қою; денсаулықты нығайту емі, протеинотерапия, аутогемотерапия – 5 – 8 мл; ауруы қайтпағанда пенициллинотерапия жасау. Жалпы тыныштық сақтау. Диабетті анықтау үшін қан мен зән құрамын зерттеу.
Сикоз (шаш түбінің қабынуы) – паразиттік және паразиттік емес болуы мүмкін. Паразиттік емес сикозда мұрынның кіреберсінің түк қабы қабынады. Аурудың алдында түк тамырында сарғыш көпіршіктер пайда болады. Кейін олар ашылып ішіндегі заты қабыршықтарға айналады. Сырқат мұрын алдының қышып қабыршықтар пайда болатынына шағым айтады.
Емдеу. Эпиляция жасау (пинцетпен немесе арнайы қысқышпен түктерді жұлу), мұрын алдын спиртен сүртіп соңынан май жағу керек.
Паразиттік сикозды ерекше саңырауқұлақтар тудырады. Балаларға ит пен мысықтан жұғады.диагнозды микроскоптық зерттеу негізінде қояды (теріні қыру арқылы).
Емдеу. Рентген сәулесі арқылы түктерді эпилепсия жасау, жұмсартқыш майлар, жалпы денсаулықты нығайту.
Мұрын атрезиясы (мұрын тесігінің бітуі) туа пайда болған немесе жүре пайда болған, алдыңғы немесе артқы болуы мүмкін. Туа болған алдыңғы атрезия сирек кездеседі, олар жарғақты болады. Көбіне жүре пайда болған алдыңғы атрезия кездеседі, ол сифилис кезіндегі жараның, волчанканың, сүзектің әсерінде, күйгенде немесе жарақаттанғанда болады.
Диагноз қою қиын емес. Толық атрезия болмаған жағдайда оны зондпен анықтауға болады.
Емдеу. Хирургиялық жолмен тыртықтанған тканьді тілу және екінші рет бітіп қалмауы үшін тері бөлшегімен жараның бетіне эпидермизация жасау.
Хоанальды атрезия туа болған және жүре пайда болған, бір немесе екі жақты, толық немесе әр жерде болады. Атрезияның пайда болуында мұрын қуысы бөлімінің немесе мұрын – жұтқыншақтың әртүрлі жаралары себеп болады.
Атрезия жарғақты немесе сүйекті болуы мүмкін. Екі жақты атрезия мұрынмен дем алудың, иіс сезудің жоқтығымен, мыңқылдап сөйлеумен және төменгі мұрын жолында созылмалы шырыштың жиналуымен сипатталады. Бір жақты атрезияда кішкентай балалардың төменгі мұрын жолында ақшыл жабысқақ шырыш жиналады. Ересек балалар ауыратын жағымен сіңбіре алмайды. Осы жақтағы мұрынан кіргізген зонд диафрагмаға барып тіреледі, ал сау жақтан ол тереңге мұрын – жұтқыншаққа жетеді, яғни оның жолы ұзағырақ болады.
Диагнозды алдыңғы және артқы риноскопияның, зондпен тексеру және резеңке баллон тәжірибесінің негізінде қояды.
Емдеу. Хирургиялық жолмен кеңсірік желбезегін кесу, атрезияны мұрын жағынан жауып тұратын шырышты қабықты алып тастау, конхотом, долотоммен сүйекті жапқышты алып тастау, шырышты жапқыш жапырақшаларын қыршып алып тастау және тампон салу.
Мұрынның жақын орналасқан бөліктері арасында пайда болған қосқышты синехияны гальванокаустикадан және басқа операциядан кейін байқауға болады. Экссудаттың пайда болуына байланысты мұрынның жақын жатқан эпителиі жоқ бөліктері бір – бірімен жабысып бітіп кетеді. Сол сияқты синехия мұрын қуысындағы әртүрлі жаралар әсерінен де пайда болады. Осының салдарынан мұрын бітіп, шырыш бөлінеді. Олар рефлексті тұиау, құлаққа шуыл, әртүрлі невралгиялар тудыруы мүмкін.
Диагноз алдыңғы риноскопия және зонд арқылы қойылады.
Емдеу. Хирургиялық жолмен: тыртықты тартпаларды тіліп жіберу, стерилді майға батырылған тампонды жараның ашық бетіне салып, толық жазылғанша оны өзгертіп тұру. Кейде мұрын қуысын кеңейту үшін мұрын пердесін шырышасты тілуге немесе сол жердегі кеуілжірдің бір бөлігін алып тастауға тура келеді.
Мұрынан қан кету. Жалпы немесе жергілікті себептер әсерінен болуы мүмкін. Жалпы себептерге инфекция аурулары жатады. Сүзек көбінесе мұрынан қан кетумен басталады. Мұрынан қан кету көбінесе дифтерияда, қызамықта, қызылшада, тілемде (рожа), грипте байқалады. Мұрынан қан кету – алейкия, лейкамия, перпициозды акемия, пурпура, скорбут сияқты аурулар белгісі болуы мүмкін. Нефритте, бауыр циррозы, жүрек ауруларында да мұрынан қан кетеді. Кейде мұрынан қан кету дәрігерлерге бүйрек, бауыр немесе жүрек аурулары туралы ой салады. Бұндай жағдайда несеп пен қанды зерттеу керек. Қан қысымын көтеретін – секіру, жүгіру жаттығулары да тамыр жүйесінің тұрақсыздығында қан кетуді тудырады. Кейде жас қыздарда етеккірдің орнына мұрынан қан кетеді. Гемофилияда мұрынан қан кету өте қауіпті. Кейде мұрының бір жағынан үнемі қан кету мұрын қуысы айналасындағы ісіктің хабаршысы болуы мүмкін.
Жергілікті себептердің ішінен: ұрғаннан, құлағыннан кейінгі қан кетуді айту керек. Мұрыннан қан кету алдыңғы бас сүйегі ойығынын сыну белгісі болуы мүмкін. Мұндай жарақаттарда кейде мұрыннан жұлын сұйықтығы ағады. Көбіне мұрын пердесінің алдыңғы шетін саусақпен зақымдаудан жиі қан кетеді.
Балаларда қанның мөлшері белгісіз болуы мүмкін, өйткені қанның бір бөлігін бала жұтып қояды. Сондықтан әр уақытта баланың жұтқыншағын қарау керек.
Қан кету орнын анықтау оңай емес, азғантай қан кетуді ең қарапайым әдіспен тоқтатуға тырысу керек. Қан ағып тұрған жақтағы мұрын қанатын мұрын пердесіне саусақпен басу, баланы дұрыс қалыпта ұстау. Баланы жатқызуға болмайды, өйткені бұндай жағдайда қан мұрын – жұтқыншаққа кетіп бала оны жұтады, ол асқазанды тітіркендіріп, рефлексті түрде құсықпен сыртқа шығады. Ең дұрысы баланы отырғызу. Жағасын ағытып, қанның тез ұюы үшін мақта тығынымен мұрын кіреберісін жабады. Аяқты қыздырып, кеңсірікүсті мен маңдайға суық суға батырылған дәке немесе мұз қою керек. Басқа шаралардан тамырларын тарылту мақсатында баланың саусақтарын суық суға салу керек. Егер қарапайым шаралар көмектеспесе қан кеткен жерді табу керек. Алдымен мұрынды ұйыған қаннан тазартып, егер бала өте кішкентай болса, 1:10000 адреналин ерітіндісіне батырылған мақта қояды. Қанаған жерді мұрын пердесінің алдыңғы шетінен бастап іздейді. Әдетте қанау көзі осы жерден табылады. Қанды тоқтату үшін бұл аймақ айналасын мұрын зонды арқылы кристалды хром қышқылымен күйдіреді. Алдын ала қанаған жерге кокаин мен адреналин ерітінсіне батырылған мақта қояды. Соның нәтижесінде қан тоқтайды. Қышқыл қалдығын 2 пайыз сода ерітінждісіне батырылған мақтамен сүртіп тастайды.
Егер қан хром қышқылынан тоқтамаса алдыңғы жағынан тығын жасау керек, яғни мұрынға сутегі асқын тотығына батырылған стерилді мақта немес дәке қойып, қанап тұрған жерге қатты басу керек. Тығынды 24 сағатқа қояды. Оны алдымен сутегі асқын тотығымен немесе физиологиялық ерітіндімен жібітіп барып, алу керек.
Егер алдыңғы тығындау көмектеспесе иілмелі катеттердің көмегімен артқы тығындау жасау керек. Дәкеден тығыз тығын жасап жібек жіппен ұзын шетін қалдыра байлайды. Катетер де, тығын да стерилді болуы керек. Дәрігердің қолы операция үшін дайындағандай таза болуы керек. Иілмелі катетерді төменгі мұрын жолы арқылы мұрын – жұтқыншаққа енгізу керек, оның шетін жұтқыншаққа корцангпен ұстап ауыз арқылы шығарады. Оған тығынның жібін байлайды. Мұрындағы катетер ұшын тартып, оны кері шығарады сол кезде өзімен бірге байланған тығын да жылжып ауыз қуысына еніп жұмсақ таңдайға тіреледі. Саусақпен тығынды мұрын – жұтқыншаққа итереді, сөйтіп мұрын қуысының артқы тесігі тығынмен тығыздалып жабылады. Осыдан кейін алдыңғы тығын жасайды: мұрыннан шыққан екі жіпке дәке білігін байлайды. Ауыздан шығып тұрған үшінші бос жіп тығынды алып тастау үшін қажет. Оны жабысқақ пластырь арқылы бетке бекітіп қояды. Артқы тығынды қан кетуді басқа әдістермен тоқтата алмаған жағдайда ғана жасау керек, өйткені ол ортаңғы құлақтың қабынуына соқтырады. Сондықтан тығынды 24 сағаттан кейін алады: алдымен алдыңғы мұрындағы тығынды, содан кейін ауыз арқылы жіпті тартып артқы тығынды алады.
Дәрі – дәрмекпен емдеу. Қан кетудің қарқынына байланысты 3 күн бойы К тобындағы витаминдерді береді, 5 пайыз хлорлы кальций. Тері астына жылқы сарысуын айдайды. Егер бала қатты қансыраса 300 – 500 мл физиологиялық ерітіндіні тері астына айдайды, қан құяды, көкбауыр аймағына және қан кеткен жерге рентген сәулесін тағайындайды.