ЖҰТҚЫНШАҚ АУРУЛАРЫ.

ЖҰТҚЫНШАҚ АУРУЛАРЫ.

Баспа (ангина ) – жұтқыншақтың (глотка) (көбіне таңдайдың) бадамша безінің лимфалық тканьдерінің қабынуы.

Бұл жалпы инфекциялық ауру. Оны стрептококк, стафилококк, пневмококк сияқты микроорганизмдер қоздырады. Ауру организмді қарсылығы төмендегенде және сырттан немесе мұрын, ауыз қуыстарынан ауру тудырғыш микроорганизмдер түскенде туады. Аурудың сипаты, орны, ауру не жеңіл өтуіне қарап катаральды, фолликулалы ( көпіршікті), лакуналы (шұңқырлы) баспа деп ажыратады. Катаральды баспада дене қызуы онша жоғары емес, бірақ кішкентай балаларда жоғары да болуы мүмкін. Ауру көбіне тамақтың құрғап қалуына, одан кейін жұтынғанда ауыратынына шағым жасайды.

Тексеріп қарағанда, таңдай бадамшасының ісіп қызарғаны көрінеді. Фолликулалы және лакуналы баспа ауырлау өтеді. Мұнда температура көтеріліп, жұтынғанда тамақ қатты ауырады, жақасты және иекасты  лимфа түйіндері үлкейеді. Қанда лейкоцитоз (25*10дейін), СОЭ ( 50 мм/с-қа дейін ) жылдамдайды.

Фолликулалы баспада бадамша безде ақшыл-сарғыш нүктелер көрінеді, ал лакуналы баспада – ақ немесе ақшыл сары жабыспалар (налет) көрінеді.

Емдеу – асқынып кетпес үшін төсекте жату, сульфаниламид препараттарын ішу, микроорганизмдерге сезімталдығын, тексергеннен кейін, антибиотиктерден иньекция жасау керек. Шәй, шырын сулары өте жақсы көмектеседі.

Жаралы – қабықты ( немесе ғалымның атымен Симановский – Плаут Венсен ) баспа ұршық тәрізді  таяқшаның ауыз қуысындағы спирохетамен симбиозынан пайда болады. Ауру көбінесе әлсіреген адамдарда болады. Ол жұмсақ таңдайдың бір бадамшасының шырышты қабығындағы ақшыл сары түсті жеңіл алынатын жабыспалармен сипатталады. Ауру адам ауыздан шығатын жағымсыз иіске, сілекейдің көп бөлінетініне, ауырған жақтағы лимфа түйіндерінің ұлғайғанына шағым жасайды. Температурасы онша көтерілмейді. Диагнозды жабыспалармен жоғарыда аталған микробтар табылғанда қояды.

Емдеу – жылытылған сутектің асқын тотығымен (3% ), натрий тетраборатымен шаю. Ауыр жағдайда жабыспаларға глицериндегі 10% новорсенол ерітіндісін жағу керек. Моноцитральді баспада кенет дене қалтырап, қызуы 40º-қа дейін көтеріледі. Тамақ ауырып, жақасты лимфа түйіндері ұлғаяды, бадамшада күлгін сарғыш түсті жабыспалар көрінеді. Қанды тексергенде моноциттердің көбейгені анықталады.

Емдеу – симптоматикалы түрде венаға аскорбин қышқылын, тері астына стрихнин жібереді.

Баспаның асқыну түрінің бірі – абсцесс. Жұтқыншақ арты абсцесі – жас балаларда кездеседі. Мұнда температура қатты көтеріліп, жұтыну қиындайды, мұрынмен дем алу бұзылады, дауыс міңгірлеп шығады.

Қатты ауыратындықтан бала тамақ ішуден бас тартады. Тексеріп қарағанда жұтқыншақтың артқы қабырғасының ісігіне анықталады. Бұл абсцеске басты ыңғайлы қалыпта ұстау тән (артқа және ауырған жаққа қарай қисайту). Кейде төменгі жақтың артқы бұрышы тұсында мойынның ісігені  байқалады.

Диагнозды саусақпен ісікті басып көтергеннен кейін қояды.

Емдеу – операция жасау арқылы. Абцесті ашқаннан кейін ірің көмейге кетіп бала тұншығып қалмас үшін оны бірден етпетінен жатқызады. Кейін жылы сусын ішу, дезинфекциялық ерітінділермен шаю, антибиотиктер тағайындайды. Егер абсцесті дер кезінде ашпаса, ол төмен түсіп, соның әсерінен көкірек қуысы қабынып, кеңірдек қысылып, көмей ісінуі мүмкін. Бұндай асқыну өмірге өте қауіпті.

Бұл  абсцесті ерекше емдеуді қажет ететін туберкулез немесе омыртқа сифилисі әсерінен туатын салқын жұтқыншақ арты абсцесінен ажырата білу керек. Мұндай салқын абсцесті ашудың қажеті жоқ.

Перитонзиллярлы абсцес ( паратонзиллит,флегмонозды баспа) – созылмалы тонзиллиттің асқынуы. Ауру жұтынғанда тамақтың қатты ауыратынына (көбіне бір жақты), қалтырап, буындары қақсайтынына, жүрегі ауырып, дене қызуы көтерілетініне және ауызды қиындықпен ашатынына ( тризм) шағым айтады.

Тамақтағы лимфа түйіндері қатты ұлғайып, ауырады, дауыс міңгірлеп шығады. Қатты ауыруына байланысты тамақтан қалады.

Емдеу – абсцесті ашып, соңынан қабынуға қарсы емдер қолдану керек.

Баспаны аран (көмей қуысы) дифтериясынан (күл) ажырата білу керек, өйткені өмірге қауіпті бұл ауру кейінгі уақытта кездеседі.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *