Дене (сомалық) бұлшық еттерінің бөлінуі

Бұлшық еттер организмдегі атқаратын қызметіне байланысты: жазғыш (экстензор), бүккіш (флексор), жақындытқыш (аддуктор), алыстатқыш (абдуктор), көтергіш (леватор), түсіргіш (депрессор), кергіш (тензор), тарылтқыш (констриктор), кеңейткіш (дилятатор), қысқыш (сфинктер), кері тартқыш (ретрактор), айналдырғыш (ротатор) болып бөлінеді. Айналдырғыш бұлшық еттер өз кезегінде: сыртқа айналдырғыш (супинатор) және ішке айнадырғыш (пронатор) бұлшық еттерге бөлінеді.

Бұлшық еттердің көмекші мүшелері. Бұлшық еттердің жиырылып, жұмыс атқаруына жануарлар организмінде көптеген мүшелер көмектеседі. Оларды бұлшық еттердің «көмекші мүшелері» — деп атайды. Бұларға қаңқа сүйектері мен шеміршектері, тиекше сүйектер мен сүйек шығырлары, беткей және терең шандырлар, синовиялы және кілегейлі қапшықтар мен бұлшық ет сіңірлерінің қынаптары жатады. Жануарлар тері жабынының астында, тығыз орналасқан коллаген талшықтарынан құралған дәнекер ұлпалық қабықша денені сыртынан қаптап жатады. Бұл тығыз дәнекер ұлпалық қабықшаны беткей шандыр (fascia superficialis) — деп атайды. Беткей шандыр қаңқа сүйектерімен байланыспайды. Ол өз кезегінде екі: сыртқы және ішкі қабаттардан тұрады. Бұлардың арасында қаңқа сүйектеріне байланыспаған, теріні қозғап сілкіндіретін теріасты бұлшық еттері (musculus cutaneus) орналасады. Терең шандырлар (fascia profunda) жеке бұлшық еттерді немесе бұлшық еттер топтарын сыртынан қаптап, бұлшық еттермен бірге қаңқа сүйектеріне бекиді. Шандырлар бұлшық еттердің бір-біріне жабыспауын қамтамасыз етіп, тіректік қызмет атқарады.

Бұлшық еттер даму тегіне қарай: сомалық (денелік) және висцеральдық (іштік) болып екі топқа бөлінеді. Сомалық бұлшық еттер мезодерманың миотомынан, ал висцеральдық бұлшық еттер ұрықтың желбезек аппаратынан дамып жетіледі.

Дене (сомалық) бұлшық еттерінің бөлінуі

Жануарлар денесіндегі бұлшық еттер қаңқадағы орналасу орындарына сәйкес: біліктік қаңқаның және аяқтардың бұлшық еттері болып үлкен екі топқа бөлінеді.

Біліктік қаңқаның бұлшық еттері өз кезегінде: бастың, тұлғаның және құйрықтың бұлшық еттер топтарына бөлінеді. Тұлғаның бұлшық еттері төрт бұлшық еттер топтарына бөлінеді. Олар: І.Иық белдеуінің бұлшық еттері немесе алдыңғы аяқты тұлға мен бас аумақтарына бекітетін бұлшық еттер; 2. Омыртқа бағанының бұлшық еттері; 3. Көкірек керегесінің бұлшық еттері; 4. Құрсақ қабырғасының бұлшық еттері.

Аяқтардың бұлшық еттерін алдыңғы аяқтың және артқы аяқтың бұлшық еттеріне бөледі. Алдыңғы аяқтың бұлшық еттері өз кезегінде: 1. Иық буынының, 2. Шынтақ буынының, 3. Тізе буынының және 4. Бақай буындарының бұлшық еттеріне бөлінеді. Артқы аяқтың бұлшық еттерін: 1. Жамбас-ортан жілік буынының, 2.Тобық буынының, 3. Тілерсек буынының және 4. Бақай буындарының бұлшық еттеріне бөледі.

БАС ПЕН ТҰЛҒА БҰЛШЫҚ ЕТТЕРІ. Қызметіне байланысты бастың бұлшық еттері: бет және шайнау бұлшық еттер топтарына бөлінеді. Бет немесе мимикалық бұлшық еттер бір ұшымен бассүйектің бет бөлімінің қозғалмайтын сүйектеріне бекиді. Ал екінші ұшымен бас аумағындағы табиғи тесіктер (ауыз саңылауы, мұрын тесіктері, көз, сыртқы есту жолы) қабырғаларындағы қозғалмалы бұлшықеттер мен теріде аяқталады. Шайнау бұлшық еттері екі ұшымен бассүйектің қозғалмалы сүйектеріне бекіп, жоғарғы жақ пен төменгі жақ сүйектерін қозғалысқа келтіріп, шайнау қызметін іс жүзіне асырады.

Бет бұлшық еттері

1. Ауыздың дөңгелек бұлшық еті (m.orbicularis oris) жоғарғы және төменгі еріндердің негізін құрап, тері мен кілегейлі қабықтың аралығында орналасады.

2. Ұрт бұлшық еті (m.buccinator) жоғарғы жақ және төменгі жақ сүйектердің сыртқы беттеріне бекіп, ұрттың негізін құрайды.

З. Бет бұлшық еті бет доғасынан басталып, езуде аяқталады.

4. Мұрын мен ерінді көтергіш бұлшық ет маңдай және мұрын сүйектерінен басталып, мұрын қанаты мен жоғарғы ерінде аяқталады.

5. Сойдақ тіс бұлшық еті жоғарғы жақсүйектің бүйір бетінен басталып, мұрын қанаты мен жоғарғы ерінде аяқталады.

6. Жоғарғы ерінді арнайы көтергіш бұлшық ет көзжасы және бет сүйектерден басталып, жоғарғы ерінде аяқталады.

7. Жоғарғы ерінді түсіргіш бұлшық ет сойдақ тіс бұлшық етпен бірге басталып, жоғарғы ерінде аяқталады.

8. Төменгі ерінді түсіргіш бұлшық ет ұрт бұлшық етімен бірге басталып, төменгі ерінде аяқталады.

Шайнау бұлшық еттері

Үлкен шайнау бұлшық еті бет доғасы мен бет қырынан (төмпегінен) басталып, төменгі жақ сүйектің аттас ойысында аяқталады. Еттің беткей қабаты бет қырынан, ал терең қабаты бет доғасынан басталып, төменгі жақ сүйектің үлкен шайнау бұлшық ет шұңқырында аяқталады.

Қанатша бұлшық ет таңдай және қанатша сүйектер мен сынаша сүйектің қанатша өсіндісінен басталып, төменгі жақ сүйектің аттас ойысында аяқталады. Ол екі: латеральды және медиальды бөліктерден тұрады.

Самай бұлшық еті самай шұңқырының жиегінен басталып, төменгі жақ сүйек бұтағының бұлшық ет өсіндісінде аяқталады.

Қос құрсақгы бұлшық ет шүйде сүйегінің мойындырық өсіндісінен басталып, төменгі жақ сүйектің вентральды жиегінде аяқталады.

Мойындырық-жақ бұлшық еті мойындырық өсіндісінен басталып, теменгі жақ сүйектің каудальды жиегінде аяқталады.

Ерекшеліктері. Бұл бұлшық ет тек жылқыда болады.

Иық белдеуінің бұлшық еттері алдыңғы аяқты, атап айтқанда, жауырын мен токпан жілікті тұлғаға бекітеді.

Жауырынды тұлғамен байланыстыратын бұлшық еттер

1. Трапеция тәрізді бұлшық ет мойын және арқа бөліктерінен тұрады. Мойын бөлік желке мен жота үстілік байламдардан (атланттан 3-көкірек омыртқасына дейін), ал арқа бөлігі 3-тен 11-інші көкірек омыртқаға дейінгі жотаүстілік байламнан басталып, екі бөлігі де жауырын қырында аяқталады.

2. Ромб тәрізді бұлшық ет мойын және арқа бөліктерінен тұрады. Ромб тәрізді бұлшық ет трапеция тәрізді бұлшық еттің астында жатады. Оның мойын бөлігі білік омыртқадан 3 –інші көкірек омыртқаға дейінгі, арқа бөлігі 3-тен 7-9-ыншы көкірек омыртқасына дейінгі желке мен жотаүстілік байламдардан басталып, екі бөлігі де жауырын шеміршегінің медиальды бетінде аяқталады.

3. Иық-атлант (атлант-акромион) бұлшық еті: атлант қанатынан басталып, жауырын акромионында аяқталады.

4. Тісше вентральды бұлшық ет мойын және көкірек бөліктерден тұрады. Мойын бөлігі соңғы 4-5 -інші мойын омыртқаларының көлденең өсінділерінен, ал көкірек бөлігі бірінші 6-7-інші қабырғалардың сыртқы бетінен басталып, жауырынның медиальды бетіндегі тісше беттер мен тісше сызықтарға барып аяқталады.

Тоқпан жілікті тұлғаға бекітетін бұлшық еттер

1. Иық-төс-бас бұлшық еті екі: иық-бас және төс-бас бұлшық еттерінен тұрады.

Иық-бас бұлшық еті тоқпан жілік қырынан басталып, шүйде және самай сүйектері мен желкеге барып аяқталатын жалпақ бұлшық ет

Төс-бас бүлшықеті төс тұтқасынан басталып, самай және төменгі жақ сүйек бұрышына барып аяқталады.

2. Арқаның тым жалпақ бұлшық еті 3 –інші көкірек омыртқаларынан соңғы бел омыртқаға дейінгі жотаүстілік байламнан басталып, тоқпан жіліктің медиальды бетіндегі үлкен жұмыр бұлшық ет бұдырында аяқталады.

3. Беткей кеуде бұлшық еті көкірек керегесінің вентральды бетінде, алдыңғы аяқтардың аралығындағы тері астында орналасады. Ол тоқпан жіліктік және білектік бөліктерден тұрады. Бұлшық еттің тоқпан жіліктік бөлігі — төссүйек тұтқасынан басталып, дельта тәрізді бұдырдан төменірек тоқпан жілік қырында, ал білектік бөлігі төссүйек денесінің алдыңғы жағындағы 1-6 қабырға шеміршектерінен басталып, білек шандырының медиальды бетіне барып аяқталады.

4. Терең кеуде бұлшық еті тоқпан жіліктік және жауырыналды бөліктерден тұрады. Тоқпан жіліктік бөлігі төссүйек денесінің артқы жағынан және сары шандырдан басталып, тоқпан жіліктің үлкен және кіші төмпешіктерінде, ал жауырыналды бөлігі төссүйек пен алдыңғы қабырға шеміршектерінен басталып, қыралды бұлшық еті шандырында аяқталады.

Омыртқа бағанының бұлшық еттері орналасу орындарына сәйкес дорсальды және вентральды бұлшық еттер топтарына бөлінеді. Дорсальды бұлшық еттер мойын мен құйрықты көтеріп, арқа мен белді төмен ию арқылы омыртқа бағанының жазғыш бұлшық еттерінің қызметін атқарады. Сонымен қатар, олар омыртқа бағанының оң және сол жақ бүйірге иілуін қамтамасыз етіп, мойын мен құйрықты айналдырады. Вентральды бұлшық еттер омыртқа бағанының бүккіш бұлшық еттерінің қызметін атқарады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *