Аяқтың бұлшық еттері.

  1. Аяқтың бұлшық еттері.

 

Бұлшық еттер жүйесін зерттейтін ілімді Муо1оgia  (грек. myon— бұлшық ет; 1оgоs — ілім) — деп атайды. Бұлшық еттер жүйесі жануарлар организмінің кеңістіктегі қозғалысы мен дене мүшелерінің салыстырмалы қимыл-қозғалыстарын іс жүзіне асыратын тірек-қимыл аппаратының белсенді бөлігі. Бұлшық еттерге тән қасиеттер: жиырылғыштық, серпімділік, тітіркенгіштік, ширығушылық (тонус). Бұлшық еттердегі жиырылу процесін ет талшықтары цитоплазмасындағы жиырылғыш белоктық жіпшелер миофибриллалар іс жүзіне асырады.

Бұлшық еттер жүйесі жекеленген бұлшық еттерден тұрады. Бұлшық ет құрылысы жағынан паренхималы мүшелерге жатады. Ол екі бөліктен, яғни паренхима мен стромадан құралған. Паренхима мүшенің негізгі қызметін атқаратын жұмысшы бөлігі. Демек, бұлшық еттің паренхимасын көлденең жолақты бұлшық ет ұлпасының ет талшықтары құрайды. Строма паренхиманы біріктіріп, дәнекерлеп біртұтас қомақты мүше ететін бұлшық еттің борпылдақ дәнекер ұлпалық бөлігі. Бұлшық еттің сыртқы жүкті дәнекер ұлпалық қабығын эпимизий — деп атайды. Эпимизийден бұлшық еттің ішіне қарай тарап, ет талшықтары шоғырлары будаларын бір-бірінен бөлетін борпылдақ дәнекер ұлпалық аралықтарды перимизий — дейді. Перимизийлер арқылы бұлшық етті қоректендіретін қан және лимфа тамырлары мен оның қызметін реттейтін жүйкелер өтеді. Бұлшық ет шоғырлары будаларын құрайтын ет талшықтарының аралықтарындағы тым жұқа борпылдақ дәнекер ұлпалық аралықтарды эндомизий — деп атайды. Сонымен, бұлшық еттің стромасын эндомизий, перимизий және эпимизий бірігіп құрайды.

Бұлшық еттің анатомиялық бөліктері. Бұлшық ет (musculus) мүше ретінде үш бөліктен тұрады. Олар: бұлшық еттің басы (caput musculi), бұлшық еттің құрсағы (venter musculi) және бұлшық еттің құйрығы (cauda musculi). Бұлшық еттің басы — қозғалмайтын сүйектен басталатын сіңір бөлігі. Ал оның құрсағы ет талшықтарынан тұратын бұлшық еттің ортаңғы бөлігі. Ол негізінен жиырылу қызметін атқарады. Бұлшық еттің құйрығы деп — екінші қозғалатын сүйекте аяқталатын оның сіңір бөлігін айтады. Бұлшық ет сіңірлерінің (tendo musculi) құрылысы да бұлшық етке ұқсас, яғни паренхима мен стромадан құралған. Бұлшық ет сіңірі паренхимасын коллаген талшықтарының шоғырлы будалары құрайды.

Бұлшық еттер дененің кеңістіктегі қозғалысын және тепе-теңдігін сақтаумен қатар, организмдегі тыныс алу, құрсақты қатайту, шайнау, несеп шығару және тағы басқа қызметтерді іс жүзіне асырады. Сондай-ақ, олар қанмен келген органикалық қосылыстар (көмірсулар, майлар, белоктар) құрамындағы химиялық қуаттың (энергияның) 70,0 % -ын жылу энергиясына,  тек 30,0 %-ын ғана механикалық жұмысқа айналдырып, дене  қызуын реттеуге қатысады. Бұлшық еттер жануарлар  массасының жылқыда — 47,4 %-ын, сиырда — 42,0 % -ын, — 47,0 %-ын, ұсақ малдарда — 34,0%, шошқада — 31,0 % -ын құрайды. Бұлшық ет құрамының 75,0 % -ы су, 1,0 % -ы минералдық тұздар және 24,0 %-ы  органикалық қосылыстар Органикалық қосылыстар ішінде: белоктар — 20,2 %, майлар — 2,0 %, көмірсулар — 0,6 %, май тәрізді заттар — 0,8 %, азотты экстрактивті заттар — 0,4 %. Бұлшық ет түсінің әр түрлі болуы, оның ет талшықтары саркоплазмасындағы темір молекуласымен байланысқан миоглобин белокты пигментінің мөлшеріне байланысты.        

Бұлшық еттердің түрлері. Ішкі құрылымына, пішініне, орналасу орнына, басталатын немесе аяқталатын орындарына, атқаратын қызметіне байланысты бұлшық еттер алуан түрге бөлінеді. Ішкі құрылысына байланысты бұлшық еттер: қарапайым және қауырсынды болып екі топқа бөлінеді. Қарапайым бұлшық еттердің ет талшықтары бұлшық еттің ұзын білігіне параллельді орналасады. Бұлар тым күшті жиырылып, көп жұмыс атқарады. Бірақ тез шаршап калады. Бұл топқа негізінен аяқтардың бұлшық еттері жатады. Қауырсынды бұлшық еттердің ет талшықтары бұлшық ет ұзындығына қиғаш орналасады. Ішкі құрылысы жағынан олар: бір, қос және көп қауырсынды бұлшық еттер болып бөлінеді.

Бұлшық еттердің көмекші мүшелері. Бұлшық еттердің жиырылып, жұмыс атқаруына жануарлар организмінде көптеген мүшелер көмектеседі. Оларды бұлшық еттердің «көмекші мүшелері» — деп атайды. Бұларға қаңқа сүйектері мен шеміршектері, тиекше сүйектер мен сүйек шығырлары, беткей және терең шандырлар, синовиялы және кілегейлі қапшықтар мен бұлшық ет сіңірлерінің қынаптары жатады. Жануарлар тері жабынының астында, тығыз орналасқан коллаген талшықтарынан құралған дәнекер ұлпалық қабықша денені сыртынан қаптап жатады. Бұл тығыз дәнекер ұлпалық қабықшаны беткей шандыр (fascia superficialis) — деп атайды. Беткей шандыр қаңқа сүйектерімен байланыспайды. Ол өз кезегінде екі: сыртқы және ішкі қабаттардан тұрады. Бұлардың арасында қаңқа сүйектеріне байланыспаған, теріні қозғап сілкіндіретін теріасты бұлшық еттері (musculus cutaneus) орналасады. Терең шандырлар (fascia profunda) жеке бұлшық еттерді немесе бұлшық еттер топтарын сыртынан қаптап, бұлшық еттермен бірге қаңқа сүйектеріне бекиді. Шандырлар бұлшық еттердің бір-біріне жабыспауын қамтамасыз етіп, тіректік қызмет атқарады.

Бұлшық еттер даму тегіне қарай: сомалық (денелік) және висцеральдық (іштік) болып екі топқа бөлінеді. Сомалық бұлшық еттер мезодерманың миотомынан, ал висцеральдық бұлшық еттер ұрықтың желбезек аппаратынан дамып жетіледі.

Дене (сомалық) бұлшық еттерінің бөлінуі. Жануарлар денесіндегі бұлшық еттер қаңқадағы орналасу орындарына сәйкес: біліктік қаңқаның және аяқтардың бұлшық еттері болып үлкен екі топқа белінеді.

Біліктік қаңқаның бұлшық еттері өз кезегінде: бастың, тұлғаның және құйрықтың бұлшық еттер топтарына бөлінеді. Тұлғаның бұлшық еттері төрт бұлшық еттер топтарына бөлінеді. Олар: 1.Иық белдеуінің бұлшық еттері немесе алдыңғы аяқты тұлға мен бас аумақтарына бекітетін бұлшық еттер; 2. Омыртқа бағанының бұлшық еттері; 3. Көкірек керегесінің бұлшық еттері; 4. Құрсақ қабырғасының бұлшық еттері.

Аяқтардың бұлшық еттерін алдыңғы аяқтың және артқы аяқтың бұлшық еттеріне бөледі. Алдыңғы аяқтың бұлшық еттері өз кезегінде: 1. Иық буынының, 2. Шынтақ буынының, 3. Тізе буынының және 4. Бақай буындарының бұлшық еттеріне бөлінеді. Артқы аяқтың бұлшық еттерін: 1. Жамбас-ортан жілік буынының, 2.Тобық буынының, 3. Тілерсек буынының және 4. Бақай буындарының бұлшық еттеріне бөледі.

Бір қауырсынды бұлшық еттердің (m. unipennatus) ет талшықтары, олардың сіңірлі жиектеріне бір бағытта қиғаш орналасады. Қос қауырсынды бұлшық еттерде (m.bipennatus) ет талшықтары сіңірлі арқаудың екі жақ қапталында бір-біріне қарама-қарсы қиғаш жатады. Көп қауырсынды бұлшық еттерде (m.multipennatus) бұлшық ет ішіндегі сіңірлі арқаулардың бойымен қысқа ет талшықтары бірнеше қатарда қиғаш орналасады. Қауырсынды бұлшық еттер дененің мойын және тұлға бұлшық еттерін құрайды. Бұлшық еттің білігіне көлденең жүргізілген жазықтықты анатомиялық көлденең, ал бұлшық еттің ет талшықтары будаларына көлденең жүргізілген жазықтықты физиологиялық көлденең — деп атайды. Қарапайым бұлшық еттердің анатомиялық және физиологиялық көлденеңдері бір-біріне сәйкес келеді. Ал қауырсынды бұлшық еттерде физиологиялық көлденең анатомиялық көлденеңге қарағанда ұзын болады.

Бұлшық еттер пішініне байланысты: жалпақ, дөңгелек, ұзын, қалың бұлшық еттер болып бөлінеді. Жалпақ бұлшық еттер жануарлар денесі тұлғасында, ұзын және қалың бұлшық еттер аяқтарда, дөңгелек бұлшық еттер организмнің сыртқы ортамен қатысатын табиғи тесіктері қабырғаларында орналасады. Басталатын ұштарына байланысты бұлшық еттер: екі басты, үш басты, төрт басты; аяқталатын ұштарының түрлері мен пішініне қарай: көп бөлімді, тісше; орналасқан орындарына байланысты: төс, қабырғааралық т.б; сыртқы пішініне байланысты: үшбұрышты, ромб және трапеция тәрізді бұлшық еттер — деп аталынады.

Атқаратын қызметтеріне қарай бұлшық еттер: динамикалық және статикалық бұлшық еттер болып екі топқа бөлінеді. Динамикалық бұлшық еттер тобы жануарлардың кеңістіктегі қозғалысын қамтамасыз етеді. Динамикалық бұлшық еттер күшті жиырылып, үлкен көлемде жұмыс атқарады, бірақ тез шаршайды. Бұлар құрылысы жағынан қарапайым бұлшық еттерге жатады. Статикалық бұлшық еттер негізінен дененің кеңістіктегі тепе-теңдігін сақтап, оны белгілі жағдайда тұрақты бекітіп ұстап тұрады. Статикалық бұлшық еттер жай және ұзақ уақыт жиырылып, көп уақытқа дейін шаршамайды. Бұлар құрылысы жағынан қауырсынды бұлшық еттерге жатады. Жануарлар организмдерінде динамикалық және статикалық бұлшық еттер таза күйінде сирек кездеседі. Бұлшық еттердің кұрылысы мен қызметі аралық сипатта болады. Демек, құрылысы жағынан олар қарапайым қауырсынды болып келеді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *