Фараби Бағдатта

Фараби Бағдатта

 

Көптен арман еткен Бағдатқа да Фараби келіп жетті. Дүние қақпасы аталған «Даруссалам» Бағдат ерте замандағы мәдениет кіндігі болған Вавилон шаһарының төңірегіне салынған… Оның әмірі дүниенің төрт бұрышына тарау керек; ал өнері мен ғылымы ақыл-ойдың ең биік шыңы болу керек. Адамдары дүние жүзіндегі ең бақытты адамдар болу керек… Қысқасы, Жер ұжмағы Бағдат болу керек. Отырарлық жас жігіттің Бағдат туралы алғашқы қиялы осылай болатын.

Мысыр мен Шамнан, Мекке мен Мәдинадан, Хорезм — Хорасаннан, Еділ мен йеменнен, Шын-Машыннан, Қырым мен Қытайдан, Үндістан мен Қоқаннан, мағруп пен машруптен келіп-кетіп жатқан керуеннен аяқ алып жүргісіз. Неше түрлі тілде сөйлейтін, неше турлі кескінді адамдар. Арон Рашид халифаның салдырып кеткен алтынды сарайымен қатар, мешіттер де көп. Халифа сарайының маңындағы әскери адамдар түркі қыпшақ тілінде сөйлейді екен. Олар Фарабиді киімінен танып сөйлеседі. Бұларды арабтар «гулямдер», яғни жігіттер деп атайды екен.

«Дарулхикмат» — ғылым орталығы, оның қақпасына жазылған: «Ғалымдардың сиясы — шейіттердің қанындай қадірлі» деген сөз Фарабидің көзіне оттай басылды. Бұл арада ғылымға айналысқан адамдардың ішінде Фарабидің жерлестері де көп екен. Үндістан, Иран, Византия, Рим, Қытай ғалымдары да отыр. Олар бірімен бірі көбінесе араб тілінде пікір алысады, арабша жазады. Бірақ көптеген ғылыми кітапшрды өз тілдерінде оқып пайдаланады. Сонымен байланысты араб тілінен басқа да бірнеше тілді білу қажет екен. Сондықтан да Фараби алдымен білмейтін тілдерін үйренуге кірісті. Араб тілін бұрын жөнді білмейтін еді, ол осыдан бастады. Зерек, алғыр, ынталы жас Фараби араб тілін ұзамай жақсы меңгеріп алып, тамаша кітаптарды оқи бастады. Алдымен ол өзінің жерлесі ұлы математик Мұхаммед Хорезмдік Мұсаұлының (әл-Хорезмидің) «Әл-Жебр» мен «Әл-Мухабаласын» — алгебраның атасын оқыды.

Есеп ғылымына Мұсаұлымен қатар еңбек сіңірген, онымен бірге істеген тағы бір ұлы ғалым Ғаббас ибн Саид әл-Жауһари еді. Фараби оны ертеден жақсы білетін-ді, өйткені ол Отырардағы Гауһарана (Жауһарана) атты қыстақтан болатын. Ғаббас — батыл математик-геометр еді. Ол Евклидтің еңбектерін зерттеп, оның атақты бесінші постулатына дәлелдеме берген. Өзі ірі астроном болады.

Фараби бұл екеуінен басқа тағы екі ірі астроном-математиктің атымен таныс еді. Олар да Түркстан жерінен келген-ді. Оның бірі — ферғаналық Ахмед әл-Ферғани, екіншісі — мервтік Ахмет Мервази болатын. Ахмед әл- Ферғанидың отыз тараудан құралған астрономиялық еңбегі «Қитаб әл-фусун әл-саласин» Әбунәсірге үлкен әсер етеді.

Фараби араб тілін толық меңгеріп, бірнеше ғылымдармен танысып алған соң, араб елінің өзінен шыққан ұлы ғалымдарының еңбектеріи оқып, үйрене бастады. Солардың ішінде химия ғылымының алғашқы ірге тасын қалаушылардың бірі — алхимияның атасы болып саналатын Жаббар ибн-Хаинның 77 тараудан тұратын еңбектері де болады. Дүниедегі көптеген заттардың сырлары осы кітапта жазылған еді. Мысты «алтынға» айналдыру, дертке дауа болатын дәрілер жасау әдістері, ажалға айла табуға талап ету де осы Жаббардың (Гебер) еңбектерінде сөз болады. Мысалы, азот қышқылы, мүсәтір, сынап қосындылары сияқты аса қажетті химиялық препараттарды алғаш рет ашқан да осы Жаббар болған. Сонымен қатар оның еңбектерінде табиғатта кездесетін минералдық заттар туралы да мәліметтер бар еді.

Ғылымдардың жеке салаларының заңдарына Фараби жоғары ынтамен көңіл қояды. Ғалымдардың еңбектерінде жазылған қағидаларды ол сол қалпында алып қоймайды. Оның мінезіндегі табиғи ерекшеліктердің бірі — ол ешбір нәрсені өзінің көзі жетпей қабыл алмайды. Оны ақыл таразысынан өткізбей ол қағидаға мойын қоймайды екен. Фарабидің осы мінезі, яғни дүниені ақыл таразысы арқылы тануы оның барлық ғылыми-философиялық істерінің арқауы болады. Мәселен, математикалық қағидалар, аксиомалар Евклидтікі еді. Солардың барлығын ол өзінің қолымен қайта сызып, қайта есептейді. Пифагордың атымен байланысты есептер қалай шыққан? Оның тегін, тарихын білу керек. Мәселені ол осылай қояды. Ол ғалымдардың істеген ғылыми жұмыстарының барлығын да қайта жасап шығады. Өз қолымен, өз ойымен, табанды еңбегімен жеткен табыс оның көкейіне мықтап қонып, мәңгі ойында қалады. Сонымен Фараби әрі ауыр, бірақ бірдеп-бір адастырмайтып тура, сенімді жолға түседі.

Болашақ ұлы данышпанның алдында тағы да бір ұлы бейне тұрды. Ол арабтардың тұңғыш философы, ұлы ғалым Әл-Кинди (800-879) еді. Дүние жүзіне аты шулы бұл есімге Фараби ертеден қанықты. Бірақ оның ұшан-теңіз мол дүниесіне қай жағынан жанасудың есебін таба алмай жүрген болатын. Жоғарыда айтылған ғылымдарды меңгеріп алған Фарабиге Әбу Юсиф ибн Исхақ әл-Кинди енді түсінікті бола бастады. Сөйтіп күндердің күнінде Фараби әл-Киндиді де қолға алады. Фараби оның геометрия, астрономия, оптика, метеорология, медицина, психология, музыка жөніндегі еңбектерін тегіс қарап шығады. Олардың әлі жөнге салынбай, жиналып көшірілмей жатқандарын реттеп, өзі ат салысады. Көп ғылымның басын бір жерге қосқан әл-Кинди Фарабиге басқалардан гөрі жақын адам сияқты көрінді. Әсіресе, Фарабиге ұнаған: алдымен әл-Кинди музыканы дәл ғылым, табиғат тану ғылымдарының қатарында қарайды екен. Әл-Кинди оған ұнайды. Тағы бір ұнайтын себебі әл-Кинди білім мен ғылымды табиғаттың өзін бақылаудан іздейді де, сол бақылауды ақыл-ойдың таразысына салып шешеді. Басқа сөзбен айтқанда дүние тануда бірінші орынға ол адамның ақыл-парасатын қойған ғалым. Осы тұрғыдан келіп ол адамның ақыл-қабілетін төрт түрге бөледі: 1) алғыр ақыл; 2) сылбыр ақыл; 3) табынышты ақыл; 4) көлгір ақыл. Фарабиге әсіресе осылары қатты ұнайды.

Әл-Кинди ертедегі гректің ұлы ғалымдарына зор баға беріп, атақты Аристотельдің еңбектерін арабшаға аударады, оның «Логикасына» талдау жасайды. Сондықтан Фараби енді өзінің алдына грек тілін үйрену мақсатын қояды. Осы мақсатпен ол христиан дініндегі ғалымдармен танысты.

Фараби ең алдымен грек тілінен арабшаға аударудың тамаша шебері Әбу Бишар Маттамен тез танысып, грекше үйрене бастайды. Аз уақыт ішінде ол грекше жақсы біліп, Маттаға көмекші болып, кітап аударуға кіріседі.

Матта арқылы ол тағы бір христиан ғалымымен танысты. Ол сол кездегі ірі ғалымдардың бірі — дәрігер Иоганн ибн Хайлан еді. Хайлан да, Матта да христиан дінінен бөліпіп шыққан несториандар болатын. Олардың Ғайса — құдайдың баласы емес, тек пайғамбар дегені мұсылман дінінің ол жөніндегі түсінігіне дәл келеді. Сол себептен олар, өз жерлерінен — батыстан қуылған соң осында келіп паналаған болатын.

Иоганн бин Хайлан халифа Мұхтадрдың өзін де емдеген атақты адам. Фараби мұның дәрігерлік ілімін үйренді. Осы кездерде Фараби Аристотель, Платон, Птолемей, Евклид, Гиппократ, Гален сияқты ғалымдардың еңбектерін өздері жазған тілде түп нұсқасынан оқи алатын болады. Осы жолы Бағдаттан шығып Харран деген жерге барып тұрады. Ол тек анда-санда ғана ғалымдардың академиядағы мәжілістеріне келіп қатысып тұратын болды. Мәжілістердегі бақас-таластарда, үлкен дәрістер оқылғанда Фараби сөз сөйлеп журеді. Сөйтіп кешікпей-ақ ғалымдар арасында оның беделі арта бастайды. Ол енді Аристотель мен Платон еңбектеріне жаңадан түсіндірмелер жазып, философиялық система жасауды қолға алды.

Фараби ғалымдар арасындағы көптеген талас-тартыстар мен дау-жанжалдардың кейде бір болымсыз, маңызы шамалы нәрседен немесе бір сөзді екі мағынада түсінуден болатынын да байқайды. Алайда ондай бақастықтар мен тартыстардың тиімді жағы да болды. Өйткені, талас пен сауалдардан мәселе айқындалып, ой шынығып, сөз өңделетін еді. Мұндай мәселелерді талқылауға қатысуға Фарабидің өзі де құмартады. Бірақ көптеген мәжілістерде болымсыз нәрсені сылтау етіп, біреуді біреуге айдап салатын, сөз құмар адамдар да болады. Солардың ішінде өзі топас, арам ойлы, өзімшіл адамдар да кездесіп жүрді. Олар ғылыммен, біліммен, болашақ мақсатпен шаруасы болмады. Өсек тасыды, соны кәсіп етті.

Егер ойшыл, білімді адамдар алдымен өздерінің қажырлы еңбегімен ақыл-ойына сүйенсе, өсек терген жандар ондай сүйенішті алдымен халифа сарайының маңынан іздеп, табады. Сондықтан олар ең алдымен халифаға қастық жасайды деген қауіпті адамдарды іздейді. Екіншіден, ислам дініне қайшы келетін пікір айтқандарды іздейді. Әрине, мансап іздеген мұндай адамдар үшін оны табу қиын емес, оған көп ақылдың да керегі жоқ. Егер кімде-кім ұнамайтын болса, дәл соны күдікті адамның қатарына жатқыза салады.

Осы сияқты күбір-сыбыры көп, күдікті адамдар Фараби айналасына да жиналып үлгіреді. Соны сезген Фараби енді ғылыми бақастар мен дәріс беруді қояды да, елден оңаша кетіп, бау-бақша арасында жұмыс істейтін болады. Көп ұзамай-ақ оны бағбан философ деп атайтын болды.

…Жыл артынан жыл өтті. Самай шашы ағарып, орта жастан асып қалған сияқты. Еңбек те көбейді. Оның әрбір жазғаны ғылымға жаңалық болып қосылып жатты. Ол қолдап-қолға, мағриптан машрупқа тарады. Фарабидің атағы күннен-күнге елден-елге жетіп, өнер мен ғылымда, философиялық даналықта одан асқан жан жоқ десіп жүрді. Сөйтіп ол барлық ғалымдардың ұстазы болды. Сол кездерде Аристотель — Афлатоннан (Платоннан) кейінгі Екінші ұстаз — «Әл-Мұғаллым әл-Сани» аталғап осы Фараби еді.

Өзінің көзі тірісінде Фараби осындай ұлы данышпандық атаққа ие болды.

Фарабидің абырой атағы артқан сайын оиы көре ал- май, күндеушілердің саны көбейіп, қастандығы арта бер- ді. Өсекшілер де зар қағып, өздёрінің арам ойларын іске асыруға кірісті. Халифа сарайы мен Фараби арасында келісім бола қоймады, өйткені, олардың бағыттары бір-бірінен кере-қар жатты.

Дәл осы кезде Сирияның жас сұлтаны Сайфәл Даулат Бағдаттан Шамға жүрмек болды. Фарабидің Бағдаттан кетпек ойы бар екенін естіген сұлтан оны өзімен бірге жүруге шақырады. Ең алдымен Фараби тек дәрігер ретінде сұлтанның денсаулығын қарап, жол бойы оны күтіп, апару міндетін алады.

 

Фараби Мысыр мен Шамда

 

Фараби Сайфәл Даулатқа еріп шығарда өзінің Мысырды аралағысы келетінін айтқан болатын. Сұлтан онысын мақұлдаған-ды. Халебтен Шамға келіп, аз күн дем алған соң ол сұлтаннан рұқсат сұрады. Сұлтан оған қарсы болмады.

Фарабидің Бағдатта қолына ала бастаған аса бір ірі еңбегі — «Әл-саясаты әл-мәдинаты» еді. Соны аяқтау үшін оған Мысыр бару қажет болды. Өйткені ол Мысырдың тарихи ескерткіш-жәдігерлерімен танысып, ескі қалалардың үлгісін көріп, ферғауындардың (фараондардың) табыттарын, атақты пирамидаларды көру керек. Сонымен қатар ескі ұстаздардың жүрген жерін көруді өзіне міндет етіп қойды. Пифагор, Платон, Аристотель сияқты ұлы адамдардың өмірі мен қызметін терең білуге құмар болды.

Шамнан шыққан бетте ол Бейрут барды. Онан Құдыс (Иерусалим) арқылы Фарама қаласына келді. Одан Ніл дариясын өрлей отырып, Фустат барды да, біраз уақыт сонда тұрды. Ерте замандағы ферғауын мазарларын көп аралады. «Әлемнің жеті ғажабына» қосылған пирамида құрылыстары оған зор әсер етті. Фараби оны өлшеп көріп, терең ойға қалды, бұдан кейін Александрияға келді.

Фарабидің көкейінен кетпей жүрген бір жұмбақ сыр бар еді. Ол енді сол жұмбақтың шешуін әр жерден, әр елден, әрбір табиғат құбылысынан, әрбір үннің әуенінен, әрбір құрылыстың бейнесінен іздеді. Іздегеніне оның кейде колы жеткендей болады. Бірақ енді ұстадым дегені сағымдай бұлдырап, саусақтарының арасынан шығып кеткендей болып жүреді. Оны жоғалтып алады да, қайта іздейді… қайта табады, қайта жоғалтады… Кей кездерде ол ойды өзі әдейі тұншықтырып, сыртқа шығармауға, тіпті атымен жоғалтуға тырысады. Бірақ, қанша жоғалды дегенімен бір күндерде тағы жарқ етіп алдынан шыға келеді…

Дәл осы кезде оның алдынан сол жұмбақ тағы да кездесе кетеді. «Өлшемділік», «Еселік». Осылардың сыры неде? Бір нәрсе көзге сұлу сүйкімді көрінеді, екінші нәрсе — епетейсіз, ұнамсыз. Осының себебі неде? Дыбыс та, үн де, ән-күй мен музыка да сол сияқты. Бір дауыс бар сүйкімді, естігің келе береді; екінші бір дауыстан жаның шошып, жалт бересің. Бір ән бар жаныңды тебірентеді, бір ән бар жаныңды түршіктіреді. Мәселен мынау көк аспанды алып қарайық… Осынау туған көркем Сириус болмаса мынау Нілдің тасу сырын мысырлықтар қалай білген? Ол болмаса, календарь қалай жасалар еді. Астрономия, есеп ғылымдары қайдан шығар еді? Ол, әрине, сәулесін жерге жіберіп тұр. Сәуле мен дыбыс біріне бірі байланысты. Бұл екеуі де заттардың қозғалысынан шығатын құбылыс. Көктің жүзі күңіреніп әлемге әлем үн қосады, үндеседі… тілдеседі, сол үндестіктен жер жүзінде гүл өседі.

Кереметті, сиқырлы дыбыс сенің сырыңды кім білер, қадіріңді кім білер? Анау пирамидалар өзінен-өзі күңіреніп ән салып тұрған жоқ па!.. Оның формасындағы өлшемдестік, еселестік, пропорция мен симметрия заңдары өзіне сәйкес, өзіне өлшемдес, өзіне еселес толқын тудырады… Сол толқынның әуеніне қарай құлақ пердесі тербеледі, кереметтің дыбыстық ғажайып гармония сыры осында. Пирамида көрікті, өйткені одан кері түскен бейне де дәл дыбыс сияқты шарпылып келіп біздің көзіміздегі жарық пердесіне соғады… Ағаштың әрбір бұтағы, тарам-тарам жапырағы, түрлі-түсті гүлдердің бәрі де біріне бірі өлшемдес, сәйкес, жарастықты, ұнамды. Сол гүлдерден бал жинаған араның ұшуы мен ұясын салу ғажаптарын кім тапқан. Оның бәрі табиғат заңының тамаша бір сыры ғой. Тастан пирамида салған адамның өлшеуіші мен балауыздан ұя салған ара өлшеуіші арасында қандай айырма бар?

…Мынау дыбыс — Ніл дариясының аққаң сылдыры; анау көшкен шөл сағымының бұлдыры. Осы екеуінің ырғақ-әуені бір емес пе? Арасындағы өлшемдері қандай? Фарабидің бала кезінде өз елінде естіген бір ауыз өлеңі есіне түсті:

«Көшеді Сырдың буы сағымданып,

Сол будан қырау қатар гүлдей жанып.

Сол судан гауһар өсер бейне қырау,

Сегіз қыр сәуле шашқан қиық шалып».

Алатау — Қаратаудың кендері мен Сырдың суының қасиеттері туралы толып жатқан қызықты ертегі мен халық аузында аңыздар болатын-ды. Бір сәтте ол сол аралардағы асық ойнап, асыр салып өскен балалық шағын есіне алды…

…Такаббарлық пен мен-мендіктің шегіне жеткен Фергаун (Фараон) өзін-өзі кұдай деп жариялады. Ол Нілдің суын өзімнің құзырым бойынша ағызамын деді. Алтыннан бұзау жасап, Ніл суын соның артынан ергіземін деді. Сол сияқты толып жатқан сиқырлар жасады. Жасады емес-ау, жасатты. Ол мынау тамаша пирамидаларды жасатып, аспанмен тілдеспек болды. Сол үшін ол Ай мен Күннің, планеталар мен жұлдыздардың жүрісін бақылатты. Қүннің сәтін айыртып, жұлдыздан бал аштырды. Осылардың бәрін жасаушылар кім? Олар сиқыршылар ма, әулие-пайгамбарлар ма немесе ғалымдар ма? Солардың ішінде осылардың бәрі де бар.

Ертегінің Мұса пайгамбары Фергаунмен таласқанда оның сиқыршыларымен кездеседі… Мынау Маниф (Манфис) қаласында өте ерте заманда астрономиялық бақылау орны расытхана (обсерватория) болған. Оны Ыдырыс пайғамбар салдырды деген аңыз бар… Демек, Ыдырыстың үлкен ғалым болғаны ғой. Ал оны пайғамбар деп неге атаған?.. Тегінде соның бәрі де табиғат зерттеуінен, ғалымдықтан туған болар. Ғалымдығы жоғары, абройлы, шыншыл болса, ол әулие-пайғамбарлық дәрежесінде қадірлі болған да шығар. Ал енді ғалымдығы шала, пейілі шикі, үйренгенін адам аулауға жұмсайтындарды халық сиқыршы дейді емес пе? — деген тәрізді ойлар келеді, Фарабиге.

Ендігі жерде табиғат дүниесін зерттеуден алынған ғылыми ойдың шындығы мен оның бұрмаланған жалған жағының арасын айыру керек. Соны көрсету керек. Осындай ойға оралған Фараби өзінің атақты «Нұжымның (астрологияның) анығы мен танығы» деген кітабын жаза бастады. Бағдатта бастаған «Әл-саясаты әл-мәдинаты» кітабын аяқтауға айналды. Ол еңбегінде ел билеу ісін ақыл, қайрат, әделет, ғылым қосылып, басқару керек деген оймен аяқтауға бет алды. Бірақ сол қасиеттердің бәрін бірдей талдап жазу бір ғана адамның басынан табыла бермейтін күрделі мәселе. Оның үстіне ол сауыққа салынған сарайларда сирек болды. Оған халифалық топтардың өзі тегінде ел билеудің әділетті түрі бола қоймауы керек деген ой келді. Бұл ойын ол, әрине, ашық анта алмады. Өйткені, ондай пікірді ашық айтудан жаза тартқандар оған мәлім еді. Өзі де жазаға ұшырап барып, әзер дегенде құтылған-ды. Сол себепті ол мұндай мәселені жалпы философиялық тұспал түрінде ғана көрсетуге тырысады.

Ежелгі мәдениеттің ертеден бергі бір кіндігі болған Мысыр Фарабиге зор әсер етті. Ол енді Шамға қайтып, өзінің жолда туған терең ойларын ретке келтірмек болды.

Фарабидің қайтқанын естіген Сайфәл Даулат өзінің сарайында үлкен мәжіліс кешін өткізбек болады. Ол кешке астана ғалымдары мен құрметті қонақтарды, сарай қызметшілерін, сауықшыларды қатыстырмақ болады. Бағдат халифаларының үлгісі бойынша Сайфәл Даулат та өзінің ғалымдар мен ақындарға, өнерпаздарға қамқоршы екенін көрсетуге тырысады. Шынында сол мәжілісте дүние жүзіне аты шыққан Бағдат ғалымы, екінші Аристотель Фараби болса, оның өзі мағриптан машрупқа тарайтын бір тамаша хикая емес пе?

Шам сарайы ерекше безендіріліп, кешкі мәжіліске дайындалды.

Мұндай сауықты Фараби онша жақтыра қоймайтын-ды. Бірақ Сайфәл Даулаттың жасаған қошаметін сыйлап, шаһар адамдарымен дидарласу үшін келді. Фараби ішке кірген кезде қонақтар мен сарай нөкерлері өздерінің орындарына отырып болған еді. Төрдегі Сайфәл Даулаттың тағынан бастап уәзірлер мен ғалымдар арасында бос орын жоқ.

Фараби сәлем бергеннен кейін Сайфәл Даулат оған зор құрмет көрсетіп, отыруды ұсынды.

— Тақсыр, сіздің көрсеткен жеріңізге отырайын ба, жоқ өзімнің қалаған жеріме отырайын ба? — деді Фараби сұлтанның ықыласын сынамақ үшін.

— Ақсақал, өзіңіздің қалаған жеріңізге отырыңыз, — деді сұлтан.

— Олай болса, рахмет! — деп Фараби барлық отырғандардың ту сыртын айналып барып Сайфәл Даулат сұлтанның тағына барып, өзін тізерлей отырды.

Түркстанның сахарасынан келген жұпыны қыпшақ киімді бейтаныс адамның кейбір мінездері отырғандарға ұнамады.

Соны сезген сұлтан тақ күзетшісімен өзара құпия тілде сөйлесіп, оған жиын соңында ғалымды жазалауға әмір береді. Бірақ Фараби бұл тілді түсініп қойып, сұлтанға сол тілде жауап қайтарады. Бұған сасып қалған сұлтан:

— Сіз бұл тілді қайдан білесіз? — дейді.

— Оған таңданбаңыз, мен жетпіс түрлі тіл білемін, — дейді Фараби.

Отырғандар бірінен соң бірі неше түрлі жайларды сұрай бастады. Олардың арасынан Фарабиді тоқтатпақ болып, өнер таластырушылар да шықты. Бірақ қай мәселе жөнінде болса да Фарабидің олардан артықшылығы өте айқын көрініп тұрды. Ақыры олар сөз таластыруды қойып, Фарабиді ұстаз деп танып, оның айтқандарын жазып алып отыруға тырысты.

Фарабиге сұрақ қойып, онын айтқандарын жазып алып, елге таратып отыру ол кезде дәстүр сияқты нәрсе еді. Осындай 42 сұрақ қойып, оған Фарабидің берген жауаптары сақталған. Қазір ол қазақшаға аударылып, баспаға дайындалып жатыр.

Фарабидің музыкаға бейім екенін байқаған және музыканы сүйетін Сайфәл Даулат Фарабиге музыка туралы бір үлкен кітап жазуды тапсырады. Фараби өзінің бұрынғы бағбандық кәсібін істей жүріп, күніне сұлтаннан алған 4 дирхемді (10 тиын шамасындай) қанағат етумен тапсырманы орындап шықты.

Фараби осы кітабы арқылы артына тағы да өшпес мұра қалдырды. Ол 12 тараудан тұратын қолжазбаны сұлтанның алдына қойды да, оған арнаған өзінің алғы сөзін оқып берді.

«Ежелден келе жатқан музыка өнерін сенің білгің келген еді. Сол үшін сен маған осы жөнінде жеңіл, түсінікті, көптің пайдалануына жарайтын кітап жазуды тапсырған едің… Сол тапсырмаңды осы уақытқа дейін орындай алмай, кешігу себебім: бұл мәселе жөніндегі жазылған ерте замандағы ғалымдардың, олардан кейінгілердің және өз заманымыздағылардың — бәрінің еңбектерін тегіс мұқият қарап шығуға тура келеді. Сенің білгің келген мәлімет солардың ішінен табылып қалар ма деп ойлап едім; олай бола қалған күнде, мен сенің тапсырмаңнан құтылып, кітап жазбаған-ақ болар едім. Расында, бұл мәселені барлық жағынан талдап, толық қамтыған кітап болса, оның үстіне тағы жазу артық болар еді. Өйткені, біреудің айтқанын, жазғанын иемденіп алып, қайталап айту надандық пен арамзалық ісі болар еді. Егерде бұрын жазылған кітаптардың ішінде түсініксіз жерлері болса, ескіргені немесе басқа бір сол сияқты кемшіліктері болса, оны кейінгі адамның түзетуіне, жөндеуіне рұқсат, бірақ алғашқы автордың ойы тегісімен сақталу керек. Демек, негізгі еңбек алғашқынікі, кейінгі тек түзетуші, алғашқының ойын түсіндіруші, көпке жеткізуші ғана болу керек.

Менің қарап шыққан кітаптарымның ішінде бұл өнердің кейбір жақтары мүлде ескерусіз қалған көрінеді, көпшілік кітаптарда музыка мәселесі, әсіресе, оның теориясы біріне бірі байланыссыз, түсініксіз жазылған.

Бұл кемшіліктер ертедегі ғалымдардың қабілеті жетпегендігінен емес, олар осы ғылымды жетілдіре алмаған деп білуге болмайды. Ерте замандарда талантты ірі ғалымдар көп болған, олар өздерінің алдына ғылымды дамыту деген жалғыз ғана мақсат қойған. Сезімтал интелекті ғалымдар дүниеге бірінің артынан бірі шығып, алдыңғылардың ісіи үйреніп, оны әрі қарай дамытып отырған. Ал енді олардың музыка жөніндегі еңбектері не жоғалып кеткен болу керек лемесс арабшаға аударылуы нашар болу керек: бұл мәселенің олқы болып отырғанын мен тек осылай түсіндіре аламын.

Әбунасыр Әл-Фараби музыкалық еңбегінен

Міне, сол себептен мен сенің тілегіңді орындауды өзіме борыш деп санап, осы кітапты жаздым.

Қандай ғылым болса да оның теориясына жетік болу үшін үш түрлі шарт болу керек:

1. Ғылымның барлық түмкі негіздерін — принциптерін білу керек;

2. Сол негіздерді дамыту арқасында осы ғылымға қатысы бар қандайлық нәтиже шығаруға болатынын аңғара білетін қабілет керек;

3. Теорияға кірін кеткен қателіктер мен жаңсақ жерлерін тауып, басқа авторлардың пікірлеріне талдау жасау керек, сол арқылы жалғандықтан шындықты айырып алып, түзету қажет.

Осы негізге сүйеніп мен де өз еңбегімді екіге бөлдім: бірінші бөлімде музыка ғылымының негіздерін түсіндіруге тырыстым; сонан кейін ол негіздің қандай нәтижеге жеткізетінін талдап көрсеттім. Екінші бөлімінде музыка теориясын берген ең ірі ғалымдардың қолға түскен еңбектеріне талдау жасалды. Өткен адамдардың жұмысына талдау жасағанда олардың түсініксіз жерлеріне түсінік берілді; музыка жөнінде жазған бізге белгілі адамдардың әрқайсысының еңбектерін жеке даралап шығаруға тырыстым. Ең ақырында олардың қате кеткен жерлерін түзеттім.

Бірінші кітап екі бөлімнен тұрады. Оның алғашқысы кіріспе, екіншісі музыка ғылымының тікелей өзіне арналған. Кіріспе екі тараудан, екінші бөлім үш тараудан тұрады. Оның біріншісінде музыканың негіздері мен осы ғылымға қатысы бар жалпы мәселелер қаралады. Ертедегі авторлардың бізге белгілі көпшілігі және солардың жолын қуған біздің замандастардың еңбектері осы кітапқа кірді.

Екінші кітапта қолданылып жүрген музыкалық аспаптар турасында айтылады; осы аспаптардың арқасында бірінші кітапта айтылған музыкалық негіздер қалай орындалатыны көрсетілді. Бұл аспаптардан қандай дыбыстар шығарып, қалай қолданып жүргені айқын айтылады; сонымен қатар олардың пайдаға аспай жүрген қандай мүмкіндіктері бар екені айтылады.

Үшінші кітапта мелодия түрлері талданады. Бұл үш кітаптың әркайсысы екі бөлімнен тұрады.

Сонымен еңбектің бірінші саласы сегіз тараудан тұрады. Екінші саласы төрт тараудан тұрады.

Осы он екі тараудың жинағы біздің еңбек болып табылады.

Ұлы ұстаздың алғыр да, адал ғалымдық ұлы бейнесі осы сөздерінен-ақ көрініп тұр.

Кітапты жазып біткеннен кейін Фарабидің сіңірген еңбегіне қатты разы болған сұлтан: — не қалайсыз? — деп сұрайды. Алайда Фараби өзіне тамақ үшін ғана керекті 4 дирхем ғана алып қанағаттанады. Сұлтан қанша өтінсе де, басқа ешнәрсе алмайды.

Фараби бұл кітаптан кейін де талай еңбектер жазып, талай шәкірттер дайындады.

 

Кейінгі бір кеште

 

Ұстаз бақшада, бір ағаштың түбінде көлеңкелеп отырғанда, маужырап көзі ілінгендей болды. Әлден уақытта көзін ашып қараса, айналасына шәкірттері жиналып қалған екен. Ол достарын көріп, қуанып кетті. Қайраттанып басын көтерді. Достарының ішінде өз елі — Кыпшақтан келген жігіттер де бар еді. Олармен Фараби өз ана тілінде сөйлесіп, ел-жұртын сұрап мәз-майрам болды. Соңғы жылдары Қыпшақ елінің мәдениеті бұрынғыдан да гүлдене өскен екен. Көптеген ғалымдар шығып, ғылымның түрлі салаларында тамаша табыстарға жетіпті. Олардың бәрі ұлы ұстазын ұмытпаған… Фарабиге Ирандағы замандас досы Әбубәкір ибн-Закария Рази хат жазыпты. Ол өзінің дәрігерлік және философиялық еңбектерін жіберіп, Фарабидің пікірін білгісі келген екен. Фараби оның ойларына негізінен алғанда қарсы болмай, қосылатынын білдіреді. Әсіресе Фарабиге оның ерте замандардағы Гиппократ пен Гален сияқты атақты дәрігерлердің айтқанына қосыла бермей, олардың әдісін өз қолымен батыл тексергені қатты ұнады. Разидің жалпы табиғат дүниесі жайындағы философиялық пікірлеріне де ол негізінен қосылатын сияқты. Дүниені қозғаушы мәңгі күштің басы жаратушы дейді Рази. Фарабидің өзі де солай дейді. Тек бір жерінде оның әдісі толық емес сияқты. Рази әдісінде қозғалыс, зат (материя), уақыт, кеңістік деген ұғымдар жалпы сөз мағынасында берілген. Олардың өлшемдік ұғымы, геометриялык бейнесі жөнінде айкын анықтама берілмеген. Осы жағында жалпыламалық бар. Демек, есеп ғылымының дәл таразысына салып, геометрияның тамаша дәл қисынына келтірмей тұрып пікірдің нақты, орнықты болуы мүмкін емес. Рази тек Аристотельдін диалектикасы мен жалпы логикалық әдісін қолданады. Мен де сол әдісті қолданамын. Алайда сонымен катар логиканың ең тамаша дәл үлгісі геометрия бар ғой. Геометриялық әдістің тамаша негіздері ертедегі Вавилон — Египет елдерінін есеп ғылымында емес пе? Олар Пифагор мен Платон арқылы бізге жетіп отыр. Бірақ геометриялық әдісті тым асыра дәріптеп, оны табиғи заттардан тысқары әкетуге болмайды. Олай болғанда геометриялық бейнелердін табиғи-физикалық — зат мағынасы жойылып, бос киялға айналады.

Аристотель геометриялық бейнелерді табиғи денелерден шығару керек дейді. Онысы дұрыс. Олай болғанда Евклид еңбектеріндегі геометриялық қағидалардың барлығын осы бағыттағы рисалаға (ережеге) келтіру керек. Менің ойымша, Евклид геометриясындағы кейбір дәлелдеуі қиын рисалалар, Аристотельдің осы жоғарыда айтылған қағидасы бойынша қайта, баскаша тұрғыдан түсіндірілуі керек. Біраз уақыт өткеннен кейін Фараби өзінің достарына: осы жөнінде мен бір рисала жаздым. Әбубәкірге соны апарып беріңдер, — дейді. Осы арада ол тағы бір терең ойға кетіп, өзімен өзі кеңескендей болды. Әлден уақытта басын көтеріп алып:

— Достарым, Аристотель Платонның шәкірті болған адам екені естеріңде болсын. Ол өзінің ұстазы Платонда бар нәрсені, онда дұрыс талданған нәрсені қозғаған жоқ. Аристотельдің Платон еңбегі жөнінде айтқандары тек одан кеткен кемшіліктерді түзету ғана болған. Осы жағынан алып қарағанда Аристотель Платонның геометриялық әдістерін теріс деген жоқ. Оның бәрі тіпті Платондікі де емес. Ол ежелден келе жатқан ескі Вавилон (Бабл) қағидалары. Ол тек геометриялық бейнелерді физикалық тегінен аулақ әкетуге болмайды деп карсылық білдірді… Затсыз бейнені әлпештеу дерексіз бос қиялға соғады. Барлық шатасуға осы себеп болуы ыктимал. Аристотельдің сақтандырғаны міне, осы емес пе. Бірақ осыны айта тұрып ол өзінің ұстазы Платонның тастап кеткен геометриялық мұрасынан безген жоқ. Оны ол өзінше алып пайдаланды ғой. Біздің кейбір замандастарымыз осы екі ерекшелікті айырмай, екі ұлы ғалымның біріне бірін қарсы қойып, арасын қашықтатып барады. Ғалымдар арасында бара-бара екеуін жақтайтын екі түрлі топ туып, талас-тартыс, ерегіс өрбитін болуы да мүмкін. Ерегіс қозған жерде шындық таяқ жейді. Аристотельшілер платоншыларды мұқату үшін барлық геометриялық әдістің тамаша идеяларын жоққа шығаруға тырысатын болса, платоншылар аристотельшілерді кеміту үшін заттың тегін тастап, бейнесін дерексіз дәріптейтін болса не болғай? Бұл арадан ғылыми шындыққа қауіп туады. Ерегіс таяғы шындыққа тиеді дейтінім осы. Осы ойменен мен екі ұстаздың арасына «елшілікке» жүріп, екеуін ымыраластыруға шақырып отырмын. Осы жазғандарымды Әбубәкірге апарып беріңдер, — дейді ол.

Әбунасыр әл-Фараби жасаған музыкалық аспап

Фараби туған жерінен келген шәкіртіне өзінің шығарған ән-күйлерін жазып беріп, өзінің қолынан жасаған музыкалық аспаптарын сыйлады. Соның ішінде домбыра да болды. Фараби оны туған елінің атымен «қыпшақ» деп атапты. Жүрегінің ең нәзік сезімінен шыққан, жан жүйесінің арқауындай болған әндері мен күйлерін және оны орындайтын аспаптарды ол өз еліне табыс етуді өтінді.

…Қолына қобызды ұстаған кезде Фарабидің ойына Қорқыт түсті. «Мен оны да ұғамын, — деді Фараби. Үндескен дыбыстың кереметті күшіне мен де сенемін. Жел маямен жаһан кезіп, қобыз алып, күй тартқан Қорқыт осы үннен ажалға айла іздеген екен. Ол бірақ өлшеуін білмей, таба алмай жүр. Мыңау музыка туралы еңбекті соған апарып беріңдер. Осы еңбек те, оның күйі де мәңгі жасайтын болады. Ажалға айла дегені сол болар…

Фараби Сыр бойындағы қыпшақ даласынан аттанарда алдына бір ғана мақсат қойып еді-ау. Міне оған қазір 60 жылдан астам уақыт өтіпті… Ондағы мақсаты ғылым мен өнердің бар саласын меңгеру, соларға жаңалық қосу, анығы мен танығының арасын айыру еді. Сол арқылы бүкіл адам баласының ой-өрісін кеңейтуге ат салысу еді. Сол максаты орындалды ма? Ол жері белгісіз… Бірақ бар өмірімді ғылым жолына сарп етіп, күш-жігерімді жұмсағаным аян. Не болса да қолымнан келгені осы. «Табиғат пен адамзат» деген ғылымға қызмет еттім. Бағаны кейінгі заман берер. Ежелден келе жатқан «өмір» атты керуеннің мен де бір бұйдасын ұстадым емес пе? Соған жалғаса береді дағы…

Шексіз дүниенің шетіне кім жеткен, түпсіз ғылымның тұтқасын кім ұстаған? Бірақ сол жолда әркім өзінің акылы жеткен жеріне бір белгі қалдырып кету керек кой. Сол белгі кейінгілерге жол көрсетеді. Өмір керуеніне тура жол көрсетіп, сапқа тұрсаң, санатқа қосылсаң — мәңгілік есте қалғаның сол емес пе?

Осы ұзақ өмір бойы ғылым жолын қуғанда таңқалдырған нәрсе — табиғаттың өміршең сыры болды. Қөне табиғат, қанша тырбанып, бетіңді тырмаласақ та жаңа ғана жаратылғандай жас балдырған гүл атасың да тұрасың. Судан жаңа ғана алып шыкқан сумоншақ — садаф, інжу, гауһардай мөлдіреп көздің жауын аласың. Гүлің шешек атып, жемісіңді қашан татармыз; гауһарыңды қашан алқа ғып тағармыз; жөңкіле көшкен керуен мекенін қайдан табармыз.

«Жайнаған бейне бір гүл Әлем сыры.

Құбылған мөлдір нәзік гауһар нұры.

Даналар талай нысан таққанымен,

Тапқан жоқ тектер тегін әлі бірі».

Мынау өлеңімді де апарыңдар елге. Сол керуендегі өздеріңнің орындарыңды табыңдар, достарым».

Осымен ұлы данышпанның бірінші өмірі аяқталды. Енді оның екінші өмірі, яғни ғылыми мұрасының өмірі басталады.

Хижраның 339 жылында, милади бойынша 950 жылы Шам шаһарында Сайфәл Даулат ибн Хамадан сұлтанның қолында, жасы 80-нен асқан шағында ұлы ұстаз дүние салды. Оны сұлтанның өзі бастаған халық шығарып, сол шаһардың сыртындағы Бабус-Сағыр деген мазардың маңына жерледі. Бұл мәлімет ертезаманғы арабша жазылып шыққан шежіре кітаптарында берілген.

 

Ұлы данышпанның ғылыми еңбектері туралы

 

Әбунәсір Фарабидің өзінен: — Сіз қандай ғылымдар саласында еңбек еттіңіз? — деп сұрай қалсақ, ол не дер еді? Біздің ойымызша ол былай дер еді: Менің айналыс-қаным бір-ақ түрлі ғылым, оның аты — «Табиғат пен адамзат» деп аталады. Оп-оңай, екі-ақ ауыз сөз. Бірақ осы екі сөздің шеңберінен тыс ғылым қайда, ондайды естіген жан бар ма? Олай болса Фараби қамтымаған ғылым мен өнер жоқ деуге болады. Ұлы данышпанның ұзақ өмірі кейінгі ұрпақтарға өнеге болып, қалдырған мұралары мың жылдан аса уақыт ішінде адам баласының ой-өрісін, ғылымы мен өнерін өркендетуге қаншалықты ықпал еткеніне көз жіберетін болсақ: — Ұлы бабамыз Фараби, сіз бір күндерде Сырдария жерінен, калың қыпшақ елінен аттанарда алдыңызға қандай мақсат қойсаңыз, сол мақсатыңызды толығымен орындап шықтыңыз, — дерлік, — Сіздің ізгі іс жолындағы табандылығыңыз, адалдығыңыз, қанағатшыл, кішіпейілдігіңіз, адамдық ақыл кайратыңыз, дүние жүзіндегі ғылым кайраткерлеріне ұлы ұстаздығыңыз бізді таңдандырады, қуантады, рухтандырады, жігерлендіреді. Біз сіздің ұрпақтарыңыз болғанымызға зор қуаныштымыз, зор үміт сәулесіне бөленеміз.

Сіздің бір түрлі ғылым деп отырғаныңыз, бұл күнде бірнеше ғылымдардың салаларына жатады. Түсінікті болу үшін соларға жеке-жеке тоқтайык.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *