МАРЖАН РИФ — көбіне мекенді маржандардың әк тасты қабыршақтарынан түзілген теңіздегі құрылыстар. Маржандық құрылыстардың негізгі үш түрі болады: жағалық рифтер, тосқауыл рифтер және атоллдар. Маржан риф қалыпты дамуына керекті жағдайлар: теңіз суы температурасының жоғары болуы (20°С-тан төмен болмауы); түбі онша терең болмауы (орташа 40-50 м-ге дейін), теңіз суы әдеттегідей тұзды (35%-дей) және таза болуы, теңіз түбінің жартасты болуы керек. Маржандардың өсуінің жоғарғы шегі теңіздің қайтуына сәйкес келетін теңіз суының деңгейі болып саналады. Маржан риф қалыңдығы ондаған кейде жүздеген м-тв барады. Теңіз бетінен 1500 м-ге дейін көтерілген Маржан риф бар (Зонд архипелагы), сондай-ақ табаны 1200 м-тв дейінгі тереңдікте жататын маржандар құрылысы да белгілі (Маршалл аралдарының маңы). Маржан риф пайда болуын алғаш рет түсіндіруге әрекет жасаған орыстың теңіз саяхатшысы Ф. Ф. Беллинсгаузен (еру гипотезасы). Осы гипотезаны кейінірек ағылшын океанографы Дж. Моррей ұсынды. Осылардың ішінде көбірек тарағаны — тосқауыл рифтер мен атоллдардың пайда болуын алғашқыда жағалық рифпен қоршалған мұхит аралдарының батуымен байланыстыратын Ч. Дарвин теориясы.