Буынның құрылысы

Буынның құрылысы. Буынды сыртынан буын қапшығы (capsula articularis) қаптап жатады. Буын қапшығы өз кезегінде екі қабат жарғақтан тұрады. Олар: сыртқы — талшықты (фиброзды) және ішкі — синовиялы жарғақтар. Фиброзды жарғақ (membrana fibrosa) буынды құрайтын сүйектер бастарының сүйек қаптарының сыртқы фиброзды қабаттарының буындағы жалғасуынан түзіледі. Ол қорғаныс қызметін атқарады. Синовиялы жарғақтары (membrana synovialis) ішкі беті буынның қоймалжың сұйығын (синовияны) бөлетін, бір не бірнеше қабат жалпақ торшалармен астарланған борпылдақ дәнекер ұлпасы құрайды. Синовиялы жарғақ қан мен лимфа тамырларына бай. Буынның құрылысына байланысты буында бір немесе бірнеше буын қуысы (cavum articularis) болады. Буын қуысына қараған сүйектердің буын беттері гиалинді буын шеміршегімен (cartilago articularis) қапталған. Синовия (synovia) сүйектердің шеміршекті буын беттерін майлап, оларды қоректендіріп тұрады. Синовия құрамының 98 % -ы су, 2 % -ы белок. Буынның көмекші мүшелеріне буынның ішіндегі шеміршек дискілер, шеміршек тегіршіктер (менискілер), буын ішіндегі және сыртындағы сіңірлі байламдар, буынның сыртындағы тиекше сүйектер жатады. Буын қуысындағы шеміршек дискілер мен тегіршіктер, буынды құрайтын негізгі сүйектер бастарының бір-біріне сәйкес келмейтін буын беттерін сәйкестендіріп үйлестіруге көмегін тигізеді. Буын ішіндегі байламдар сүйек бастарының берік байланысуын қамтамасыз етеді. Сыртқы байламдар сүйектер бастарын байланыстырумен қатар, буындағы қозғалыстардың белгілі бір бағыттарда іс жүзіне асуына ат салысады. Буын байламдары буын қапшығы фиброзды жарғағының қалындап жуандауынан дамып жетіледі. Тиекше сүйектер буын маңындағы сүйектер мен бұлшық еттер сіңірлері аралықтарында орналасып, оларға тіректік қасиет береді және бұлшық еттердің жиырылу қызметтерінің іске асуына көмектеседі.

Бассүйек сүйектерінің байланысы

Бассүйек сүйектері бір-бірмен негізінен талшықты дәнекер ұлпалық жұқа аралықтармен жіктер тузу арқылы тұтаса (синдесмоз) байланысады. Жіктер, әсіресе, жас төлдер бассүйектерінде жақсы көрінеді. Жануарлар есейген сайын, дәнекер ұлпалық жіктер сүйектеніп (синостоз) кетеді. Бассүйек сүйектері аралықтарында жіктің үш түрі кездеседі. Олар: тегіс жік (sutura plana), тісше жік (sutura serrata) және қабыршақша жік (sutura squamosa). Бұлардың ішіндегі ең берік жіктік байланыс қабыршақша жік. Қабыршақша жіктік байланыс кезінде, сүйектердің байланысатын жиектері жұқарып барып, бір-бірімен тығыз жанаса жабысып байланысады. Тісше жіктерде сүйектер жиектері тіс тәрізденіп, бірінің қырлары екіншісінің сәйкес ойықтарына еніп байланысады. Тегіс жіктер беріктігі жағынан ең нашары. Бұларда сүйектер жиектері жай ғана жанаса байланысады.

Омыртқалар байланысы. Омыртқа бағаны бойында сүйектер байланыстарының бірнеше түрлері кездеседі. Омыртқалар денелері: синхондроз (құйымшақ омыртқаларының денелері — синостоз), омыртқа доғалары — синдесмоз, буын өсінділері қарапайым жалпақ буындар арқылы байланысады.

Көкірек керегесі сүйектерінің байланысы

Қабырғалардың бастары мен төмпектері көкірек омыртқаларының денелерімен және көлденең өсінділерімен байланысып, қабырға-омыртқа буындарын (articulatio costovertebrales) құрайды. Олар өз кезегінде қабырға бастарының буындары (articulatio capitis costae) мен қабырға-көлденең өсінді буындарынан (articulatio costotransversaria) құралады. Қабырға бастарының буындары қабырғалар бастарының көкірек омыртқалары денелерінің қабырғалық ойыстарымен байланысуынан құралады. Қабырға-көлденең өсінді буындарын көкірек омыртқаларының көлденең өсінділері мен қабырғалар төмпектерінің байланысы түзеді. Аталған буындар құрылысы жағынан қарапайым буындарға жатады. Қабырға бастарының буындарында қабырғалар бастарын омыртқа ойыстарымен жалғастырып тұратын буындар ішіндегі байламдар және бір омыртқаның екінші қарама-қарсы жағындағы осындай қабырғалар бастарын бір-бірімен өзара байланыстыратын қабырғалар бастары аралық байламдар болады. Күйісті жануарларда аталған буындардың пішіндері ер тәрізді болып келеді де, қос білікті буындарға жатады. Бұл буындар жоғары-төмен және алға-артқа қозғалады.

Стернальды қабырғалар шеміршектері төссүйекпен төссүйек-қабырға буындарын (articulatio sterno-costales) құрайды.

Төссүйек бөліктері бір-бірімен өзара синхондроз арқылы, ал күйіс қайтаратын жануарлар мен шошқада төссүйек түтқасы мен төссүйек денесі буын арқылы байланысады. Төссүйектің ішкі бетінде байламдар болады.

Алдыңғы аяқ сүйектерінің байланысы. Жауырын мен тоқпан жілік дене тұлғасымен және баспен синсаркоз, кейбір тізе сүйектері және жылқыда кәрі жілік пен шынтақ сүйек синостоз арқылы байланысады. Ал алдыңғы аяқ сүйектері өзара байланысып, құрылысы мен қызметі түрліше буындар түзеді. Олар: иық, шынтақ, тізе және бақай буындары.

Иық буыны (articulatio humeri) жауырынның буын ойысы мен тоқпан жілік басынан құралған, құрылысы қарапайым, қызметі жағынан көп білікті (пішіні шар тәрізді) буын. Буындағы қозғалыстардың түрлері: экстенсио, флексио, аддукцио, абдукцио, супинацио, пронацио. Жылқының иық буыны қапшығында буынның сыртқа, ішке, бүйірге және бүгілу қозғалыстарын шектеп, буын байламдарының қызметін атқаратын қиғаш сіңірлі шоғырлар болады. Олар буын қапшығының құрамында жауырын төмпегінен басталып, дорсолатеральды және дорсо-медиальды бағыттарда ажырап, тоқпан жіліктің латеральды және медиальды төмпешіктеріне барып аяқталады.

Шынтақ буыны (articulatio cubiti) тоқпан жіліктің дистальды буын шығыры мен кәрі жілік және шынтақ сүйектің проксимальды эпифиздерінің буын беттерінен түзілген, күрделі және бірбілікті буын. Буын қапшығының сыртқы жағындағы екі қапталында латеральды және медиальды бүйір байламдары (ligamentum collaterale laterale et mediale) болады. Буындағы қозғалыстар: экстенсио және флексио.

Тізе буыны (articulatio carpi) кәрі жілік пен шынтақ сүйектен, тізе және алдыңғы жіліншік сүйектерден құралған, құрылысы күрделі, бір білікті буын. Буын қапшығының сыртқы фиброзды жарғағы буындағы барлық буын қуыстарына ортақ, оларды сыртынан қаптап жатады. Ал оның ішкі синовиальды жарғағы буынды құраушы әрбір сүйектер қатарларына жекелей байланысып, буын қуыстарын бір-бірінен бөліп тұрады. Буынның екі бүйір қапталында сүйектерді бүйір жақтарынан байланыстыратын ұзын және қысқа бүйір байламдар, тізе сүйектердің проксимальды және дистальды қатарларындағы сүйектерді байланыстыратын қатараралық байламдар, бір қатардағы сүйектерді өзара байланыстыратын сүйектераралық байламдар болады. Буындағы қозғалыстар: экстенсио және флексио.

Бақай буындарына тұсамыс, топай және тұяқ буындары жатады.

Тұсамыс буыны (articulatio compedalis) алдыңғы жіліншік пен тұсамыс сүйектердің бастарынан құралған қарапайым, бір білікті буын. Буынның бүйір байламдары және артқы бетіндегі тиекше сүйектермен байланыстыратын арнайы байламдар болады. Буындағы қозғалыстар: экстенсио және флексио.

Топай буыны (articulatio coronalis) тұсамыс және топай сүйектері бастарынан құралған қарапайым, бір білікті буын. Буынның бүйір байламдарынан басқа, артқы бетінде пальмарлы байламдар болады. Қозғалыстар: экстенсио және флексио.

Тұяқ буыны (articulatio ungularis) топай және тұяқ сүйектердің (итте — тырнақ буыны) буынды бастарынан құралған қарапайым, бір білікті буын. Буынның бүйір байламдарынан басқа, жылқыда тұсамыс-тиекше, тұяқ-тиекше, жұп тұяқты жануарларда тұяқаралық крест тәрізді байламдар болады. Қозғалыстар: экстенсио және флексио.

Артқы аяқ сүйектерінің байланыстары. Жамбас суйектерін құрайтын мықын, шат және шонданай сүйектері, кейбір тілерсек сүйектері бір-бірімен синостоз, екі жақтың жамбас сүйектері синхондроз (симфиз) арқылы тұтаса байланысады. Аяқ сүйектері құрылысы мен қызметі әр түрлі қозғалмалы буынды байланыстар түзеді.

Құйымшақ-мықын буыны (articulatio sacroiliaca) құйымшақ пен мықын сүйектерінің құлақша беттерінің жанаса байланысуы нәтижесінде түзілген қарапайым, тегіс жалпақ буын. Буын қапшығынан басқа, дорсальды ұзын және қысқа құйымшақ-мықын байламдары, құйымшақ-шонданай байламдары болады. Буында қозғалыс жоқтың қасы.

Жамбас-ортан жілік буыны (articulatio coxae) жамбас сүйектің ұршық шұңқыры мен ортан жілік басының байланысуынан құралған қарапайым, көп білікті буын. Ұршық шұңқырының шеміршек ернеуі ойығынан жоғарылау орналасқан көлденең байлам ұршық шұңқырын тереңдетеді. Жамбас-ортан жілік буыны қуысында ұршық шұңқыры мен ортан жілік басындағы шұңқырларды байланыстырып тұратын буын ішіндегі жұмыр байлам (ligamentum teres) болады. Жылқыда құрсақтың тік бұлшық етінің сіңірі шат төмпегін ортан жілік басының шұңқырымен байланыстырып, артқы аяқтың бүйірге қозғалысын шектейді. Бұл сіңірді қосымша байлам деп атайды. Сондықтан, жылқы бүйірге тебе алмайды, тек артқа қарай тебеді, ал сиыр және басқа жануарлар бүйірге қарай тебе алады. Буындағы қозғалыстар: экстенсио, флексио, аддукцио, абдукцио, супинацио, пронацио.

Тобық буыны (articulatio genus) ортан жіліктің дистальды эпифизінің латеральды және медиальды айдаршықтарынан, асықты жіліктің проксимальды эпифизінің латеральды және медиальды айдаршықтарынан, аталған жіліктер айдаршықтары аралығындағы латеральды және медиальды шеміршек тегіршіктерден және тобық сүйектен құралған күрделі, бір білікті буын. Тобық буыны өз кезегінде: тобық сүйек және ортан жілік, асықты жілік буындарынан тұрады.

Тобық сүйек буынын (articulatio femoro-patellaris) тобық сүйек пен ортан жіліктің дистальды эпифизінің алдыңғы буын шығыры құрайды. Буынның буын қапшыгынан басқа, ортан жілікті тобық сүйекпен байланыстыратын көлденең латеральды және медиальды ортанжілік тобық байламдары болады. Тобық сүйектің латеральды, ортаңғы және медиальды тік байламдары, оны асықты жіліктің проксимальды эпифизіндегі бұдырмен байланыстырады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *