Австрияның «Вег унд циль» журналы «Абай» романын қазақ халқының тарихына байланысты кең алып бағалайды. «Біздің көз алдымызда Абай ақынның өмір тарихы тар кемерінен тасып шыққан жеңімпаз, өрен өзен сықылды, сол кездегі көшпелі қазақ халқының тарихына астасып кеткен. Әуезов үлкен суреткерге тән нәзіктілікпен, толып жатқан әсем детальдармен, үш ұрпақты көрсететін туған халқының келелі кезеңін көзімізге елестетеді»,-деп жазды. Шетел оқушылары мен сыншыларының пікірлерін көрсететін түйінді ой Лейпциг қаласында шығатын «Дер библиотекарь» журналында жарияланды. Неміс сыншысы Герберт Кремпиен: «М.Әуезовтің «Абай жолында» өткен ғасырдың екінші жартысындағы қазақ халқының өмірі, сол кездің әдет-ғұрып тұрмысы, сол күйінде, әр қырынан, өз сатысымен тамаша бейнеленеді. Бұл кітаптың аты немісше «Таң алдында» деп аталады. Бұл ат болашақ зор даңқы шығатын жаңа ақынның дүниеге келуімен бітпейді. Ол сонымен бірге ғасырлар бойы артта қалған бүтін бір халықтың енді-енді қалыптасып келе жатқанын, оның тарихында тұңғыш рет еркін болашаққа қадам басқанын көрсетеді»,- деп жазды.
Қорыта келгенде қазақ халқының даңқты жазушысы, ғалымы, педагогы, қоғам қайраткері М.Әуезов аса құнды еңбектері үшін туған халқының зор құрметіне бөленіп, шығармашылық сатының ең жоғары басқышына көтерілді. Ұлы жазушының талантын шарықтатып көркемдік дамудың шырқау биігіне жеткізген өмір жолы оңай емес-ті. Ол дамылсыз ізденудің, табанды еңбектенудің қиын-қыстау жолдарын бастан кешірді.
М.Әуезов жасаған асыл туындылар қазақ әдебиетін озық әдебиетер қатарына қосып, қазақ халқының тарихын, өмірін, мәдениетін, талантын, ұлттық характерін жер жүзі оқушыларына танытты, сөйтіп кемеңгер жазушы тек қазақ әдебиеті ғана емес, бүкіл әлем әдебиетінің мақтанышына айналды. Сондықтан да М.Әуезовтің есімі мен еңбегі жаңарған адамзат өмірімен бірге мәңгі жасайды. Дана Әуезов – қазақ әдебиетінің классигі, дүние жүзі әдебиетіндегі алып тұлғалардың бірі. Оның халық даналығынан нәр алған, өмір өзенінің тұнығынан суарылған тағылымы мол тартымды шығармалары қайталап оқыған сайын рухани дүниемізді байытып, баға жетпес жан азығы бола бермек.
М.Әуезовтің артында қалған бай әдеби-ғылыми мұрасы әдебиетшінің, оның қаламгерлік қарымының, ой-арманы мен мақсат-мұратының биік мүдделері туралы сыр шертуге үлкен темірқазық екені баршаға мәлім. Жазушы, драматург, әдебиетші ғалымының өлмес туындылары ұлы суреткердің жеке басының зиялылығының, асқақ азаматтығының, қаламгердің шығармашылық қызметте де шексіз адал болуының жарқын өнегесі болып қала береді.