СЫРЫМ ДАТҰЛЫ АТЫМЕН БАЙЛАНЫСТЫ АЙТЫЛАТЫН ШЕШЕНДІК СӨЗДЕРГЕ ТӘН
ШЕШЕНДІК ТӘСІЛДЕР
Н.К.Ахатова
Орал қ.
Қазақ шешен-билері ойды ұтымды жеткізу, қарсыласын сол ой жемісіне тез арада мойынұсынту,
сөзге тоқтату жолында шешендіктің өзіндік ұлттық тәсілдерін (риторические приемы) өмірге әкелген.
«Дау мұраты — ұту» десек, шешеннің үстемдігі оның айтар ойының, жұптар сөзінің
сонылығында, қысқалығы мен нұсқалығында. Әлемдік риторика өнерінің практикасы қашанда көп
сөзділіктен, бос сөзділіктен қашқан. Бұл сөз барысында Г.З.Апресянның Платон қақында айтқан:
«Вместе с тем он осуждал «пустословие», «льстивые речи», тех то «своей речью заискивает перед
народом Платон с презрением говорил о человеке, который безмерно растягивает свою речь по
лености ума, никого не способен убедит …», — деген байқау-пікірінен жоғарыдағы ой-көзін танимыз
[1, 58].
Қазақ шешендік өнерінде әртүрлі түрде көрінетін, ұлттық ерекшеліктерді бойына жиған
шешендік тәсілдер мыналар:
1. Шешендік сауал.
2. Шешендік жауап.
3. Шешендік жұмбақтау.
4. Шешендік бейнелеп сөйлеу.
5. Шешендік тұспалдау.
6. Шешендік мақалдау.
7. Шешендік сынау [3, 87-б.].
Жалпы қазақ шешендік өнерінде дәстүрлі түрде көрінетін жоғарыда аталған шешендік тәсілдер
С.Датұлы атымен байланысты айтылатын шешендік сөздерде қолданылады.
Шешендік сауал – қарсыластың білімі мен біліктілігін, танымы мен талғамын, ой әлемін,
эрудициясын және сөз саптау мәнерін аңғарту мақсатында қойылатын сауал-тәсіл [3, 89-б.].
Бұл тәсіл көбіне Сырым Датұлы тарапынан қолданылады. Шешендік сауалдар «мынау не?», «бұл
кім?» дейтін қарапайым танымдық сұрақтардан гөрі аса күрделі, көпті көрген өмірлік тәжірибелерге
сүйенген, астарына философиялық байлам түйген сауалдар болып келеді. Шешендік сауалдар әдеттегі
сөз ретіндегі сұрақтардай жеке дара емес, бірімен-бірі жалғас келетін мағына жағынан жымдасқан,
сыртқы пішіні жағынан өзара ұйқасып келіп айтылады, ішінара жалқы келетін сауалдар да бар.
С.Датұлы атымен байланысты айтылатын шешендік сөздерде шешендік сауалдар дәстүрлі түрде
мына үлгіде ұшырасады:
1. – Дау мұраты не? Саудагер мұраты не? Қыз мұраты не? Жол мұраты не?
2. – Таудан биік не бар? Судан терең не бар? Оттан өткір не бар?
3. — Өтірік пен шындықтың арасы қанша жер, неше шақырым болар?
4. – Ат не үшін шабады? Ер не үшін шабады?
5. – Бұл дүниеде не тәтті?
6. — Жігіт-мігіт деген не сөз? Ат-мат деген не сөз?
7. – Сөздің анасы не? Судың анасы не? Жолдың анасы не [2, 14-47 бб]
Келтірілген шешендік сауалдар негізінен қазақ шешендерінің көбіне ортақ. Бұның өзі шешендік
сауалдардың дәстүрлі, небір сындардан сүрінбей өтіп, шешен-билердің кәдесіне асқан ыңғайлы тәсіл
екенін көрсетеді.
Шешендік жауап – шешендік сауалға орай келетін ой ұшқырлығын асыл сөзге түйген, өмірден
түйген азды-көпті тәжірибеңді, білім қорыңды көрсететін тәсіл [3, 87-б.]. Мысалы:
1. Дау мұраты – біту, Саудагер мұраты – ұту, Қыз мұраты – кету, Жол мұраты – жету (Сырым).
2. Таудан биік көңіл бар, Теңізден терең ғылым бар, Оттан өткір қайғы-зар (Сырым).
3. Өтірік пен шындықтың арасы төрт-ақ елі: құлақ естіген өтірік, көз көрген рас (Сырым).
4. Ат шабысына қарай шабады, Ер намысына қарай шабады. (Сырым)
5. Аста тұз тәтті, Адамда дос тәтті (Сырым).
6. Жыққан – жігіт, жығылған – мігіт, Озған – ат, қалған – мат, Жал-жая – ас, шөп-шалам – мас
(Сырым).
7. Сөз анасы құлақтан, Су анасы бұлақтан, Жол анасы тұяқтан (Сырым) [2, 14-47 бб].
Сонымен шешендік сауал және жауап бір-біріне ыңғайлас, сонымен қатар шешен-билердің өзара
жеңіл сөз қақтығысуларында қолданылатын тәсіл, әдіс. Ал бұл тәсілдің қазақтың шешендік өнерінде
барынша тараған, танымал, дәстүрлі тәсіл екенін жоғарыдағы әртүрлі шешендік сөз үлгісінен
байқаймыз.
Белгілі бір сөз қақтығысуларында айтар ойды қынаптан қылыш суырғандай жарқ еткізіп ашық
айтудан туған тәсіл – шешендік жұмбақтау [3,90].
Қазақтың шешендік өнерінде жұмбақтау тәсілінің деректі, дерексіз күй мен болмысты
жасыратын екі түрі бар. Дерексіз жұмбақтау тәсіліне адам өмірінің философиялық мәнін, табиғат
құбылыстарын, дүниенің кем-кетігін жасырған жұмбақтау тәсіліне (заттық) жұмбақтап сөйлеу, ыммен,
ишаратпен сөйлесуді жатқызамыз [3, 90 б]. Ішінара болса да Сырым атынан сақталған сөздерде бұл
ерекшелік те бар. Мысалы, бірде сөйлесіп Бөкен қарт бала Сырымға қолымен өз басын көрсетеді, оған
Сырым тілін көрсетіп жауап береді. Ауылдан былай шыққан соң әлгі ымдасудың мәнісін
жолдастарына Сырым: «Ол кісінің маған басын шерткені – басқа пәле қайдан келеді» деген сұрағы еді.
Менің оған тілімді көрсеткенім – «басқа пәле қызыл тілден келер дегенім» деп түсіндіреді [2, 27-б].
Бірақ Сырымда мұндай ымдау мен ишараттау онша емес. Өйткені ол сыбыр-күбірге үйір жылым
би емес, ашық айтыс, батыл күреске бел байлап, белсеніп шыққан батыр, халық басшысы. Сондықтан
да ол әрқашан халық алдында ашық та айқын сөйлейді, күбілжімейді.
Сырымға тән бір қасиет – бейнелеп сөйлеу тәсілі. Мазмұнды, мәнерлі сөз ақылға қонымды,
сезімге әсерлі келетіні әркімге мәлім [3, 57-б.]. Айтысып жүрген кездердің бірінде Нұралы хан
Сырыммен жарасқысы келіп, араға кісі салады. Ордаға шақыртады. Сонда Сырым Нұралының
елшілеріне екі сұрақ қояды:
— Құс көлге бара ма, көл құсқа бара ма?
— Әрине, құс көлге барады, — дейді елшілер.
— Қонақ үйге келе ме, үй қонаққа келе ме?
— Әрине, қонақ үйге келеді.
— Ендеше, халық – көл, хан – құс, ел – үй, хан – жолаушы, хан керек болса елге өзі келсін, — деп
Сырым батыр елшілерді қайырып жібереді [2, 18-б].
Сырым атынан айтылатын көптеген сөздерде байқалатын бір ерекшелік – осындай қарсы жаққа
бірнеше жұмбақты сұрақ беріп, өзіне шештіріп, мақұлдатып алып, соңынан өзі қорытынды айту, еріксіз
шындықты мойындату. Әлгі сөзде тапқырлық ой мен тартымды үндестік сөздер қабысып келген.
Мысалы: «хан, халық», «ел, көл» деген сөздерде үндестік те, ырғақ та бар. Сырым атымен байланысты
шешендік сөздердің қайсысын қарасақ та дауыс ырғағы мен дыбыс үндестігі ұштасып жатады.
Шешендік тұспалдау – шешендік жұмбақтау тәсілімен төркіндес келетін, ойды астарлап айтудан
туған тәсіл. Шешендік тұспалдау тәсілі шешендік жұмбақтау тәсілі сияқты оның ой астарын, шешімін
табуды қажет етпейді [3, 92].
Шешендік тұспалдаудың өміршең, қарапайым тәсіл болғандығын келелі мемлекеттік істерді
шешу кезінде де, сондай-ақ әртүрлі ел арасындағы түрлі маңызды кездесулер кезінде де
қолданылғандығын аңғаруға болады.
Мәселен, Сырым жолдасына қарап:
— Япырай, аққудың қасында жапалақ жараспайды екен-ау! – дейді. Сонда келіншек сөзге
түсіне қойып:
— Батыр, сіз бір кезде тай жейтін Сырым едіңіз, енді қой жейтін Сырым болдыңыз, әр нәрсе өз
уағында емес пе? – депті [2, 3- б].
Бұл мысалдан байқағанымыз, шешендік тұспалдау кей жағдайда біреудің жанын
жабырқатып, қабырғасын қайыстырып алмаудан туындайтын, өте бір сындарлы (тактичный) тәсіл
екендігі. Егер мысалда келіншектің күйеуінің кәрілігін, келіншектің оған тең емес екендігін
автологиялық жолмен айтып қалса, қарт адамның көңіліне өлшеусіз қайғы әкелер еді. Бұл жағдайда
Сырым әлгі ойды антоним сөздерге (аққу-жапалақ) бейнелілік мағына дарыту арқылы сары майдан қыл
суырғандай елеусіз тұспалдаған. Тұспал кейде қазақ өмірінде қағидалары қатаң сақталған дәуірдегі
күйді, сезімді, жайды жеткізудің де тәсілі болған.
«Мәністің де мәні бар» дейтін үлгіде: «Сырым бір жолдасымен жолаушылап келе жатып бір үйге
түссе, үйде сүйегі сұлу, түсі сүйкімді жас келіншек отыр екен. Сырым ішінен: «Шіркін-ай, мына
келіншектің күйеуі қандай екен», — деп ойлайды. Кешке таман көзге қораш шал келеді. Сұлу
келіншектің күйеуі сол болып шығады. Сонда Сырым шаңыраққа қарап отырып:
Мәністің де мәні бар, Жаманның мәніспенен не ісі бар?
Құладан құс аққу іледі, Оның да не әдісі бар? – дейді.
Кіріп-шыққанда жас жігітке көзінің қиығын салып жүрген келіншек түсіне қойып:
Мәністің де мәнісі бар, Жаманның мәніспенен не ісі бар?
Құладан қу ілсе әдісі бар. Тағы бір аққу құстан дәмесі бар [2, 41-б]. – деп екі әйелдің бірі болғалы
тұрған өзінің жайын сездіріпті. Тұспалдың астарында сол заманның кері кеткен заңдары, әйелді
зорлықпен малға сатып алу, қалың мал төлеп қыз алып, қыз берген заманның әмеңгерлік сияқты сұрқия
салттары, әйелге деген материалдық көзқарас жатыр. Міне, Сырым шешендігінің бағыты,
мақсаттылығы байқалады. Сондықтан да Сырым сөздері орынды да көңілге қонымды естіледі, елдің
есінен кетпейді.
Қорыта айтқанда, шешендік тәсілдер қазақ шешендік өнерінде ұлттық ойлау жүйесінің
шеңберінде, аясында туындаған, өркендеген, ұтымды ойға қол жеткізудің, сонымен қатар шешендік
болмыстың қалыптасу мәселелерін күйттеген іс-әрекеттен туындаған.
С.Датұлы атымен байланысты айтылатын шешендік сөздерде қолданылатын, жалпы қазақ
шешендік өнеріне тән кейбір тәсілдер сараланды.
Жоғарыдағы тәсілдер кесім, байлам айту кезінде, ақиқатқа жету жолында тек С.Датұлы үшін
ғана емес, қазақ шешен-билері үшін көптеген мүмкіндіктер әкелді. Ғасырлар сынынан сүрінбей өтіп,
қазақ шешендік өнеріне тән, мирас дүниедей бірден-бірге ауысып дәстүрлі дүниеге айналды.
Әдебиеттер
1. Апресян Г.З. Ораторские искусство. – Москва: Московский университет, 1978. – 104 с.
2. Тілеужан М.М. Дала кемеңгері немесе Сырым туралы сыр. – Алматы: Сөзстан, 1992. – 68 б.
3. Қасенов С.Т. «Шешендік сөздердің поэтикасы» философия ғылымдарының кандидаты
дәрежесін алу үшін дайындалған диссертация. – Алматы: 1999.