ЖЫРАУЛЫҚ ПОЭЗИЯ— 15-18 ғасырлардағы қазақтың халық поэзиясы. Біздің дәуірімізге, негізінен, ауызша жетті. 15 ғасырдың орта шенінен бастап қазақ халқының төл мәдениеті өркен жая бастады. Көне, ортақ арнадан бөлініп, қазақ халкының дербес әдебиеті қалыптасты. Жыраулық поэзия қазіргі Қазақстан жерін қоныстанған ежелгі тайпалар туғызған бай рухани қазынадан нөр алды, ежелгі дәстүрлерді дамыту, тың тақырыптар игеру, жаңа мазмұн қалыптастыру нәтижесінде кемелденді. Қоғам, дін, этика, адамгершілік, қарыз бен парыз, ерлік пен ездік, байлық пен кедейлік, дүние мен дүние жайлы сан-салалы ойлар тоғысқан философиялық туындылар Жыраулық поэзияның терең дүниетанымдық сипатын аңғартады. Жыраулық поэзияның алғашқы өкілдері, кезінде бүкіл Дешті Қыпшақка даңқы жеткен Қодан Тайшы, Сыпыра жырау, Асан Қайғы, Қазтұған жыраулар жаңа әдебиеттің ізашарлары ғана емес, көне мұраны жалғастырушылар деп те саналады. Асан қайғы туралы аңыздар ноғай, қырғыз, карақалпақ халықтарында да сақталган. Асан Қайғы — көптеген нақыл сөздердің, философиялық толғаулардың авторы. Ол өз өлең, толғауларында мемлекетті нығайту, елдің қорғаныс қабілетін арттыру қажетін насихаттайды. Сахара эпосын тудырушылардың бірі, ірі эпик ақын, ерлік жырларын шығарушы жорық жырауы әрі нәзік лирик болган Қазтуғанның (15 ғ.) біздің дәуірімізге жеткен жырлары табиғат аясындағы көшпендінің болмыс, тіршілік, өзін қоршаған орта туралы түсінігін бейнелейді. Қазтуғанның ұлттық бояуы қанық, афоризмдерге, көркем түстерге бай толғаулары туған әдебиетіміздің таңдаулы үлгілері қатарына жатады. Жыраулық поэзияның дамып, өркендеуіне Доспамбет пен Шалкиіз шығармалары айрықша әсеретті. Жорық жыршысы болған Доспамбет жырау (1523) шығармаларынан ортағасырлык жауынгер көшпендінің ер тұлғасы, ерлік кейпі көрінеді. Доспамбет толғаулары 19 ғасырдың 80-жылдарынан бастап баспа бетін көре бастады. Жыраулық поэзияның ең көрнекті өкілі — Шалкиіз жырау Тіленшіұлы (1465- 1560). Шалкиіздің толғаулары ең алғаш 1875 жылы хатқа түсіп, баспа бетінде жарияланыпты. Жырау мұралары ерте жиналуына байланысты бүгінгі күндерге бір сыдырғы толық жетті. Жиембет жырау (17 ғасыр) мен Марқасқа жыраудың (17 ғасыр) өмір жолы Есім хан тұсындагы тарихи оқиғаларға тікелей қатысты. Жорық жыршысы Марғасқа жырау Есім ханның бір орталыққа бағынған күшті мемлекет кұру туралы идеяларының ұраншысы атанса, Жиембет жырау ханға қарсы араздығын бүкпесіз, бұлтармасыз жеткізді. Жиембет жыраудың толғаулары ең алғаш 1908 жылы «Жақсы үгіт» кітабында жарияланса, Марғасқа толғаулары кеңес заманында зерттеліп, баспа бетін керді. 18 ғасырда Жыраулық поэзия тақырыптық жағынан кеңейіп, идеялық-көркемдік тұрғыдан байи түседі. Жоңғар шапкыншылығы және «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» жылдары, қырғын соғыстар мен жеңісті жорықтар, саяси және қоғамдық өмірдегі өзгерістер — ел өміріндегі елеулі оқиғалардың барлығы да жыраулар шығармаларғында өзінің көркемдік шешімін тапты. Жоңғар басқыншылығына қарсы күрес сарыны, әсіресе, Ақтамберді жырау (1675- 1768) шығармаларынан айқын көрінеді. Оның шығармаларғындағы отаншылдық, патриоттық сарындар 18 ғасырдағы қазақ поэзиясының бет-бейнесі, бағыт-бағдарын айқын танытады. Осы кезеңде өмір сүрген Улбешей жырау (1706-1778) мұрасындағы жетекші тақырып — сырт жауларға қарсы күресте көзге түскен, ел корғаны болған батырларды мадақтау. 18 ғасырдағы Жыраулық поэзияның көрнекті өкілдерінің бірі — Тәтікара жырау. Ол кене заман батырлары, олардың ел қорғаудағы ерлік істері туралы, отаншылдық идеяны насихаттайтын жорық жырларын туғызған. Ақтамберді, Үмбетей, Тәтіқара шығармалары кейінгі жылдары ел аузынан жазып алынып, бірнеше жинақтарға енді. 18 ғасырдағы қазақ әдебиетінің ең көрнекті өкілі — Бұқар жырау (1668 — 1781). Ол жырау ғана емес, қабырғалы би де болған. Ол қоғам өміріне белсене араласып, ісімен де, жырымен де Абылай хан саясатын мейлінше қолдайды. Бұқар жырау шығармалары ғақлия толғаныстар, нақыл афоризмдер түрінде келеді. Оның туындыларының олең олшемі өте күрделі. Бұқар жырау шығармалары ең алғаш «Таң» журналында (1925) жарияланғанымен, ғылымының түрде жүйеленіп зерттелуі 20 ғасырдың 60-жылдарының үлесіне тиеді. 18 ғасырдағы халық поэзиясының танымал өкілдері — Көтеш (1745- 1819). Котеш шығармаларындағы негізгі сарын — кедейлік таксіретін жыр ету, тағдырдың әділетсіздігіне наразылық. Ал Шал ақынның біздің заманымызға жеткен мұрасы тақырып жағынан алғанда біршама бай. Бұлардің, этика, мораль мәселелері, байлық пен кедейлік жайлы философиялық-дидактикалық үлгідегі туындылар, тұрмыстық олеңдер мен арнау жырлар. Екі ақын шығармағынан да әлеуметтік әуен айқын сезіледі. Жыраулық поэзия деген ортақ тақырыпқа біріктірілген 15 — 18 ғасырлардағы қазақ поэзиясы көне дәстүрді қайта түлетіп, жаңа тақырып, соны мазмұнмен дамытты. Осы тұста өмір сүрген және әдеби мұралары бүгінгі күндерге там-тұмдап болса да жеткен жыраулар шығармаларғы сол заманның тұтас бір шежіресін құрастырады. Олар да ел өміріндегі елеулі окиғалар, қоғамның ащы шындығы, халықтың әдет-ғұрып, салт-санасы бейнелі тілмен келісті корініс тапқан. Бұл кезеңде тол әдебиетіміздегі ұлттық дәстүр дамып, халық поэзиясы сапалы жаңа биіктерге көтерілді.
Қазақ әдебиетінің ортақ арнадан оңаша жол тартқан алғашқы қадамдарының өзінен-ақ кемел өре, көркем келісімге жетуі заңды болса керек. Қазақ атымен аталатын дербес әдебиеттің алғашқы өкілдері, өз кезінде бүкіл Дәшті-Қыпшаққа даңқы кеткен Асан Қайғы, Қодан тайшы, Қазтуған жыраулар мұрасын біз жаңаның басы ғана емес, көненің жалғасы деп те қарауға тиіспіз. Бұлардың біздің заманымызға жеткен шығармаларынан Әбілқайыр ұлысындағы бүліншілік, қазақтар көтеріле көшіп, тәуелсіз ту көтерген қилы кезең көрінісі бедер тапқан. Сонымен қатар, халықтың өз кезіндегі елеулі тарихи оқиғаларға берген бағасы да танылған. Елге ұйытқы, ер-азаматқа ақылгөй болған жыраулар қазақ поэзиясының болашақта ұмытылар бағыт-бағдарын, идеялық тұғыры мен көркемдік биігін де айқындап кетті.
Кейінгі ұрпақ әулие танып, аңыз кейіпкеріне айналдырған, ал Шоқан Уалиханов “көшпенділер философиясы” атаған Асан Қайғы өз заманының үлкен ойшылы еді. Керей, Жәнібек хандардың ақылшы биі болған Асан қазақ руларының орда көтеруін жақтайды, қазақтар Шу, Сарысу бойына орналасқан соң ел іргесі берік, ағайын ұжымы күшті болуын үндейді. Өз өлең, толғауларында хандық үкіметті нығайту, елдің қорғаныс қабілетін арттыру қажетін насихаттайды, Жәнібек ханды табысқа мастанбауға, елдің түбегейлі болашағын ойлауға шақырады. Феодалдық қоғамдағы әдет-ғұрып, мінез-құлық мәселелерін көтереді. Өзінің ақындық күшін туыстас руларды бір орталықты, қуатты мемлекет етіп ұйыстыру жолына арнайды. Біздің заманымызға жеткен толғауларынан Асанның қилы кезең табиғатын жыға танығаны, тіпті Алтын Орданың орнында пайда болған хандықтардың бәрінің құрып бітетініне дейін болжай алғаны көрінеді.
Сахара эпосын тудырушылардың бірі – ірі эпик, ерлік жырларын шығарушы жорық жырауы, әрі нәзік лирик болған Қазтуған өз артына өмір туралы, ата мекен, туған ел жайлы және әскери тақырыптағы сан алуан мазмұнды туындылардан құралған мол мұра қалдырады. Бұлардың дені сақталмаған. Қазтуғанның біздің дәуірімізге жеткен жырлары табиғат аясындағы көшпендінің болмыс, тіршілік, өзін қоршаған орта туралы түсінігін бейнелейді. Жырау қиялының байлығы, суреттеу тәсілдерінің кемелдігі мен әсемдігі көне дәуірдегі қазақ поэзиясының билік өресін, өзіндік сипатын танытады. Қазтуғанның ұлттық бояуы қанық, афоризмдерге, көркем тіркестерге бай, ар рухты толғаулары туған әдебиетіміздің таңдаулы үлгілері қатарына жатады.
Жыраулар поэзиясының дамып, өркендеуіне Доспамбет пен Шалкиіз өнернамалары айрықша әсер етті.
Жарық жыршысы болған Доспамбет жырау (1523 ж өлген) шығармаларынан ортағасырлық жауынгер көшпендінің өр тұлғасы, ерлік кейпі көрінеді, оның асқақ рухы, берік дәті, өмірлік мұраты танылады. Ойлы да сырлы Доспамбет толғаулары тақырыбы, мазмұны ғана емес, көркемдік ерекшеліктері тұрғысынан алғанда да саны сыпатта.
Көне дәуірдегі қазақ әдебиетінің ең көрнекті өкілі – Шалкиіз жырау (шамамен 1465-1560). Өзінің ұзақ өмірінде Дәшті-Қыпшақтың төрт бұрышын түгел шарлаған, заманының бірінші ақыны танылып, үлкен даңққа бөленген жырау бүкіл өмірін күрес үстінде өткізеді. Өз тұсындағы әміршілердің ешқайсысының да шашбауын көтермейді, турашылдығынан танбайды. Жырау туындылары көңіл пернесін дөп басар әсерлілігімен, кезегенін орып түсер өткірлігімен, аз сөзге көп мағына сыйғызған нақтылығымен, сұлу сазды көркемдігі, асау серпімді қуатымен ерекшеленеді. Жыраудың ғасырлар көгімен өтіп, біздің дәуірге жеткен шағын көлемді, шымыр толғауларынан көне заман таңбасы – тұз тұғынының дүние танымы, адамдық табиғаты, мінез ерекшеліктері, моральдық, этикалық қағидалары айқын аңғарылады. Қазақ халқы ерлік күреске толы күн кешкен XVІІ ғасырдан біздің заманымызға Жиембет, Марғасқа жыраулардың аттары жетті. Екуінің де өмір жолы XІІІ ғасырдың алғашқы жартысында, Есім хан тұсында болған тарихи оқиғаларға тікелей қатысты. Жорық жыршысы Марғасқа жырау Есім ханның бір орталыққа ұйысқан күшті феодалдық мемлекет құру туралы идеяларының ұраншысы қызметін атқарса, ел билеуші ірі шонжарлар әулетінен шыққан Жиембет жырау хан үкіметіне оппозицияда болады. Бұлардың екеуі де сөз өнерін жете меңгерген жыраулар еді. Марғасқа мен Жиембеттің біздің заманымызға жеткен санаулы ғана толғаулары XVІІ ғасырдағы қазақ поэзиясының сын-сипаты, даму бағдары ежелгі арна, байырғы дәстүр ауқымында болғандығын танытады.
XVІІІ ғасырда әдеби өмір жандана түседі. Ғасырдың алғашқы ширегінде топандай басқан жоңғар шапқыншылығы және ақтабан шұбырынды, алмағайып кезең, қырғын соғыстар мен жеңісті жорықтар, саяси және қоғамдық өмірдегі өзгерістер бұл қазақ поэзиясының идеялық бағыт-бағдарына, тақырып аясына айрықша ықпал етті. Ел өміріндегі елеулі оқиғалардың барлығы да ақын-жыраулар өнернамасында өзінің көркемдік табады.
Жоңғар басқыншылығына қарсы күрес сарыны әсіресе Ақтамберді жырау (1706-1778), Тәтіқара(XVІІІ ғасыр) шығармаларынан айқын көрінеді.
Ақтамберді өз толғауларында жау қолында қалған жерлерді азат етер күнді аңсайды, исі қазақ болып атқа қонуды, ойраттарға күйрете соққы беруді армандайды, жұртшылықты ерлікке үндейді, жауға тайсалмай шабуға жігерлендіреді. Бұл жыраулар өнернамаларындағы отаншылдық, патриоттық сарындар XVІІІ ғасырдағы қазақ поэзиясының бағыт-бағдарын, өзекті ойларын айқын танытады.
XVІІІ ғасырдағы қазақ әдебиетінің ең көрнекті өкілі – Бұқар жырау (1668-1781). Арқалы жырау, қабырғалы би Бұқар өз тұсындағы қазақ хандығының бас идеологы болады. Ісімен де, жырымен де Абылай хан саясатын мейлінше қолдайды. Хандықтың нығаюы, хан үкіметінің берік болуы жолында күреседі. Өз шығармаларында Абылайды сырт жауларға қарсы күресте айрықша қайрат көрсеткен қайтпас батыр, ел қамын жеген көреген көсем ретінде бейнелейді. Алайда, ханға орынсыз бас ұрудан ада жырау қажетті жерінде ащы шындықты айтудан тайынбайды, оны сынау, шенеуге дейін барады. Сонымен қатар өз шығармаларында Россиямен жауласпау, онымен тату көршілік сақтау керегін насихаттайды. Алайда, Бұқар патша өкіметінің түпкілікті мұратын да нақты пайымдаған еді.
Бұқар шығармаларынан жыраудың өзі өмір сүрген қилы заман келбеті айқын танылады. Хан – сұлтандардың, ірі феодалдардың әр жүзде, тіпті, кейде жекелеген руларда өз билігін жүргізбек болған, ұлттық мүддеге қайшы, бақ-құшар саясаты, руаралық тартыстың күшеюі, заманның өзгеруіне байланысты адамдардың санасындағы құбылыстар – міне, осының бәрі де белгілі мөлшерде жырау өнернамасынан көрініс тапты. Бұқар көне патриархалдық қатынастар бұзыла бастағанын көреді, осының бәрі болашақта жүзеге асар түбегейлі өзгерістердің басы ғана екенін түсінеді. Алайда жырау мұндай құбылыстардың көбін ұнатпайды, оған сенімсіздікпен қарайды. Тіпті, туған халқының болашағына күманданып, пессимизмге берілетін тұстары да бар.
Әдебиетімізде өзінің жанрлық белгі-сипаттары арқылы ертеден-ақ жеке сала болып дамыған ақындық және жыраулық поэзияның алатын орны ерекше. Көне дәуірлерден бері фольклорлық туындылармен өзектесе, жарыса дамып келген бұл сала халқымыз бастан кешкен тарихи оқиғалардың көркем шежіресі іспеттес ел тұрмысының сан алуан қырларын қамтып бейнелеуге әр кез елеулі үлес қосып отырған. Қазақ жырауларының сан ғасырлық шығармашылығын негізінен үш кезеңге бөліп қарастырған жөн сияқты. Бірінші топқа жыраулық дәстүрдің негізін қалаған алғашқы өкілдері: Қорқыт, Аталық, (Кетбұға), Сыпыра жыраулар жатады. Бұл дәуір XI-XIV ғасырларды қамтиды. Жыраулықтың қалыптасу кезеңін белгілейтін екінші топқа Асан қайғы, Қазтуған, Шәлгез, Доспамбет шығармалары кіреді. Мұның кезеңі XV-XVI ғасырлар. Үшінші топты жыраулықтың әбден толысып, кемелденген кезеңіндегі өкілдері: Үмбетей, Жиембет, Тәтіқара, Ақтамберді, Бұқар жыраулар құрайды. Бұған XVII-XVIII ғасырлар жатады. Сондықтан бұл кезеңдердің ерекшеліктерін ашып әңгімелеуді, ең алдымен, жыраулық поэзияның бірден-бір көрінісі – толғау жанрының қалыптасуынан бастау қажет дер едік.
Толғау – әдебиетімізде өзіндік ерекшеліктерімен көрініп, көне дәуірлерде туып қалыптасқан поэзиялық шығарманың бір түрі. Толғау қазақтың «жыр толғау», «толғап айту» деген сөзінен алынып, жеке термин ретінде әдебиетімізде кейінгі кеңестік дәуірде ғана қалыптасты. Толғаулар өзінің табиғи сипатымен жүйелі оқиғасы бар жырға тонның ішкі бауындай жақын, үндес. Бізге жеткен толғаулардың халық, өмірінің, аса бір жауапты, күрделі де қиын тұсында айтылып таралғанын аңғарамыз. Жыраулар толғаған суырып салма жырлар философиялық ойға құрылған тұжырымдарымен де, жеке адам бейнелерін жасаған салиқалы да тартымды мазмұнымен де дараланады. Мұнда ел, жер, халық тағдыры, болашағы жүйелі сөз болады. Осы ерекшелік мұны эпикалық жырларға көп ұқсатады.
Қазақ поэзиясы тарихына көз салсақ, толғаудың дербес жанр ретінде қалыптасуы ұзақ ғасырларға ұласқанын көреміз. Бұған әр тұста әр алуан жыраулар өз әлінше үлес қосып отырған. Соның нәтижесінде бұл жанр дәуір талабына сәйкес қалыпты фольклорлық үлгілерден біртіндеп оқшауланып, суырып салмалық дәстүрдің жаңа сипатты бір арнасын құрайды. Бұл әдебиетіміздегі даралық творчествоның ең әуелде тек поэзияда, оның ішінде жыраулық, ақындық толғау, жырларда тұрақтанып қалыптасқанын айқын аңғартады.
Әрбір әдеби туындылардың алғаш пайда болуы мен қалыптаса дамуы соның авторларының аренаға шығуымен тікелей байланысты десек, толғау жанрының ең алғашқы өкілдерінің бірі деп, ең алдымен, Сыпыра жырауды атай аламыз. Рас, оған дейін де кейбір деректерге қарағанда Ұлық жыршы, яки Аталық жыраудың (XIII ғ.) бар екенін білеміз. Тіпті бұдан ілгері, Шоқан Уәлиханов айтқандай: «Өзгелерге жыр жырлау өнерін үйреткен бірінші жыршы – Қорқыт» та бар. Өкінішке орай, Қорқыт атаның жырлары белгісіз бір себептермен бізге жетпей, оның орнына сол туралы тек үзік-үзік аңыздар мен әпсаналар ғана сақталып қалған. Ал, Ұлық жыршы, яки Аталық жырауға (кейде Кетбұға деп те аталады) келсек, оның «Жошы хан өлгенде әкесінің айтқаны» деген жалғыз жоқтау жыры мәлім. Осы Ұлық жыршы «Оғызнаме» дастанында да Оғыз қағанға жыр толғап, болашақты болжайтын керемет толғаулар айтады.
Дегенмен, әйгілі «Қорқыт ата кітабында» әрбір келелі оқиғаларды баяндау алдында үнемі Қорқыт атынан бірде Дерсе, енді бірде Баяндүр ханға арналып айтылатын сөздердегі «Қорқыт атам сөз сөйлеп, жыр толғады. Бұл хиқаяны өзі шығарып, өзі жырлады» деп үнемі қайталанып келетін жолдардың өзінен-ақ оның жырды суырып салып айтқан «Көмекей әулие» – жырау болғаны айқын аңғарылады. Осы баяндаулар өзінің арнау үлгісінде келуі мен ұлағатты мазмұны арқылы да қалыпты жыраулар поэзиясына жақын тұр. Бір кезде толғау түрінде айтылған бұл жырлар кейін қара сөзге айналған тәрізді. Бұлардан Сыпыра жырау жырларының табиғаты біршама өзгешелеу.
Сыпыра жыраудың аты да, толғауы да белгілі бір себептерге орай эпикалық жырлар («Ер Тарғын», т.б.) мен ертегілерде («Құбығұл», т.б.) ғана ұшырасады. Бұларда ол ел-жұртқа қадірлі ақыл иесі, көп жасап, көпті көрген дана, алдын болжағыш абыз, сәуегей кісі болып суреттеледі. Хан да, қара да ақыл таппай қысылып тығырыққа тірелгенде, көпті көрген көне Сыпырадан кеңес сұрайды. Мұның бәрінде де Сыпыра Алтын Орданың белгілі ханы Тоқтамыстың қасындағы көреген биі, кемеңгер ақылшысы ретінде сипатталады. Қазақ жырлары мен ноғай ертегілеріндегі Сыпыра бейнесі бір-біріне табиғи өте ұқсас, көп жасағаннан «адам көрер түсі жоқ, аузында отыз тісі жоқ» сиықсыз да ұсқынсыз қарт болып сипатталады.
Сол аңыз-ертегілер мен батырлық жырларда жиі аталып, «өзінің 180 жасаған өмірінде тоғыз ханды қолынан өткізіп, тоғыз ханды түзеткен» Сыпыра туралы тарихи деректер жоқтың қасы. Алайда, Сыпыра жырау туралы айтқанда, ең алдымен, білікті ғалым Ә.Марғұлан еңбектерін негізге алған жөн. Ол кісі дала эпостарын жасаудағы жалпы жыраулардың, соның ішінде Сыпыраның ролін өте жоғары бағалай отырып, оны «XV-XVIII ғасырлардағы көптеген қазақ ақындарының көшбасшысы және ноғай-қазақ эпостарын («Ноғайлы жыры») бірден-бір жасаушы кісі», – деп көрсеткен еді.
Заман талабына сәйкес жыраулар қашанда хан қасынан табылып отырған десек, бұған Сыпыра жырау өмірі де айқын дәлел. Ол әр алуан жырларда ең әуелі Тоқтамыс хан мен Ер Тарғын батырды татуластырушы, енді бірде Едіге мен Тоқтамыс арасындағы кек-жанжалды басушы, тағы бірде Тоқтамыс ханға қарсы көтерілген халық толқуын кемеңгерлікпен тоқтатушы данышпан ретінде көзге түседі.
Сөйтіп, жыраулар, көбінесе, өзінің көріпкел, болжағыштық, дана-кемеңгерлік қасиеттері арқылы әр кезеңде белгілі бір ханның қысылғанда, кеңес сұрар ақылгөй жыршысы, салауатты биі болғанын көреміз. Бұған дәлел ретінде көне дәуірдегі Қорқыт пен Дерсе, яки Баяндүр хан, Ұлық жыршы мен Оғыз қаған, Ұлық жыршы мен Шыңғыс ханнан бастап, бертінгі Сыпыра мен Тоқтамыс, Асан қайғы мен Жәнібек, Шәлгез бен, Би Темір, Жиембет пен Есім, Бұқар менен Абылай хандардың іс-әрекет, қарым-қатынастарын атай аламыз. Бұл туралы кезінде: «Әрбір хан өз қасында ақылшы болатын биді таңдағанда, ең алдымен, сөз тапқыш, өткір деген суырылған шешеннен, судырлаған ақыннан алатын. Бұлардың саяси салмағы зор болғандықтан, аузынан шыққан сөз де олқы болмауға тиіс. Көлденең кісі мін таба алмайтындай, қоржындай ауыр, оқтай жұмыр, өтімді болу керек. Бұлар қазақтың жоғарғы табынан шығып, ел меңгеру жолындағы саясат адамдары болғандықтан, көпке айтқан сөздерінің бәрі ел мұңына, ел қамына арналған сөздер болады», – деп М. Әуезов айтқандай, жыраулардың әлгіндей өз бастарындағы артық қасиеттерінен тыс, азулы жуан, саны көп рулардан шығуы да, тіпті өзінің ел тағдыры шешілетін ауыр кезеңдерде қол бастайтын әскербасы – батыр болуы да хан қасынан табылуға мәжбүр еткен. Олардың хан қаһарынан қаймықпай қашан да батыл сөйлеп, шындықты тайсалмай бетке басып айтуы да осыдан. Қазақ тағы «Әр ханның тұсында бір сұрқылтай» деген мәтелдің шығу төркіні де осы айтылған оймен терең сабақтас. Бұған ақындар өмірі де айғақ бола алады.
Сөз болып отырған Сыпыра тұлғасы үнемі біздегі батырлар жыры мен ертегілердің басты қаһарманы ретінде суреттелу арқылы өзінің жыр толғау мәнерімен де, көреген сәуегейлігімен де қалыпты жырау болып танылады.
Толғаудың қалыптасу кезеңінің ірі өкілдері болып саналатын Асан қайғы, Қазтуған, Шәлгез, Доспамбет, Ер Шобандар сол өздерінен бұрынғы қалыпты дәстүрді жалғастырып дамытуға үлкен үлес қосты. Соның нәтижесінде толғау жанры өзге жырлардан табиғаты бөлек жыраулар поэзиясының дәстүрлі де өнімді бір түріне айналады.
Толғау бұл кезеңде өзінің тақырыбының ауқымдылығы мен мазмұнының байлығы жағынан ғана емес, сыртқы құрылыс-түзілімі жағынан да түлеп толысып, халықты толғантқан күрделі мәселелерді жырлау дәрежесіне көтерілді. Осыған орай жыраулардың өз тұсындағы өмір көріністерін көркем бейнелеудегі әдіс-тәсілдері де өзгерді. Олар адам мен адам арасындағы әр алуан имандылық, ізгілік, адамгершілік қатынастарды (жақсы мен жаман, достық, дұшпандық) сөз еткенде, көбінесе, өмірде бар танымал құбылыстарды әдейі салғастыра алып, ойдың ұтымдылығы мен тиімділігін еселеп арттыруға мән берді. Осыған орай сол толғаулардың бір алуанында айтушының оқиғаға қарым-қатынасын білдіретін көңіл-күйі мен сезім-талғамы басым болып отырса (Қазтуған, Доспамбет жырлары), енді бір тобында мақал-мәтел іспеттес, өмірлік қорытынды, түйінді толғам, дидактикалық, әлеуметтік мазмұн сарапталады (Асан қайғы, Шәлгез).
Толғау жанрының қалыптасып, өркен жаю кезеңі жырлары өз атымен келіп жеткен Асан қайғы творчествосынан басталады. Бұл тұста толғаудың әлеуметтік, қоғамдық мәні артып, арнау, дидактика үлгісіндегі жырлармен толыса түсті. Бұған Асан қайғы өмір сүрген кезеңнің қат-қабат қиындығы мен күрделілігі де елеулі әсер етті. Керей мен Жәнібек бастаған елдің көшіп, Шу бойында жеке хандық құруының өзі өте маңызды мәселе еді. Жырау осы көші-қонға қарсы болса да, болашаққа зор үміт артып, қазақтың алғашқы ханы Жәнібектің (XV ғ.) ел басқару ісіне жиі араласып отырады. Осы мәселелерге сәйкес ол «Әй, хан, мен айтпасам білмейсің», «Қырында киік жайлаған», «Алты атанға қос артып» атты толғауларын тудырып, ел бірлігі мен іргелі қоныс жайына арнайы тоқталады, ханның мін-кемшіліктерін бетіне айтады. Бейғамдықпен мен-менсінудің, мастанудың жақсылыққа алып келмейтінін ескертеді.
Жайлы мекен, жақсы қоныс, «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» дәуірді аңсау сол кездегі заман талабынан туған түйінді мәселе еді. Батыстан төнген зор қауіптің болар зардабын Асан қайғы жұрттан бұрын болжап, терең түсінді. Жыраудың «Алты атанға қос артып, тынбай алты жыл қоныс қарауы» да сол болашақ бодандықтың алдын алу болатынды. Асан қайғы құтты қонысқа жаяулап келіп, «өлтірмей жаныңды алатын, бауыздамай қаныңды ішетін» зұлым отаршылдарды шортан бейнесінде сипаттап, мұның әсте болмай қоймайынын, одан құтылудың жолы тек Жиделібайсынға көшу екенін тектен-текке айтпаса керек. Осыны ойламай, «ішкенге мас, жегенге тоқ» Жәнібек ханды жырау өлтіре сынайды. Бұл Асан ата болжаған мәселенің немен тынғанын біздер көріп, бармақ шайнап бастан кешіріп отырмыз. Сол жұмбақтың байламды шешімін кезінде Бұқар жырау да Абылай хан сұрағына орай тап басып шешіп берген еді. Бұған қарсы тұрар, қорғап қалар күштің сол тұста болмағаны жұртқа мәлім. Міне, осы жәйт Асан қайғының «Мұнан соң қилы-қилы заман болар» атты толғауының тууына себеп болғаны мәлім. «Жау жағадан алғанда, ит етектен» дегендей, қалмақ басқыншылығы да қазақ еліне оңайға түскен жоқ. Көп қырғын, сансыз шығынмен халқымыз бұл күндері тәуелсіздікке ие болып отырса да, сол қауіптің ызғарынан әлі де біржола құтылып кеткен жоқ.
Асан қайғы жырларынан жалпы жыраулар поэзиясына тән белгі-сипаттардың мол ұшырасуы да заңды. Толғамы терең күрделі ойды мейлінше ұшқырлап әрі дәл, әрі ұтымды етіп жеткізу үшін, жыраулар, көбінесе, күнделікті өмірде жиі ұшырасатын танымал көрініс-құбылыстарды өзара салыстыру арқылы өз ойын орағыта жұмбақтап бейнелейтін болған. Рас, адамның сезім күйін табиғат көріністерімен ұштастыра сипаттау әдебиетімізде бұрыннан бар. Мұның әдемі үлгілерін тұрмыс-салт жырлары мен лиро-эпикалық дастандардан да ұшыратамыз. Алайда, әдеби дамудың әр қилы даму көріністері секілді мұның да жаңа, күрделі сипаттармен толысып, кемелдену кезеңдері болатыны даусыз. Сондықтан осы ерекшелік Асан қайғы толғауларында өмірлік құбылыс пен адамдар арасындағы қатынасты бейнелеудің тұрақты тәсіліне айналды. Өзінен бұрынғы жырауларда бұл жалпылық мәннен жекелікке ауысып отыратын болса, Асан творчествосында, керісінше, үлгілі де өсиетті нақты көріністерден үлкен жинақтауларға ойысатынын көреміз. Көбінесе мұндай жинақтаулар жырау көздеген белгілі бір мақсатқа орай дәлелдеуге жатпайтындай ұлағатты шындық ретінде де ұсынылады.
Сөз болып отырған кезеңдегі жыраулар тобынан Қазтуған мен Доспамбет шығармаларын алып қарасақ, бұларда кір жуып, кіндік кескен атамекен мен туған елге деген махаббат, отаншылдық, сезімдер үлкен серпінмен сипатталады. Жыраулар, көбінесе, кешегі мен бүгінгі өмірді, өз басынан кешкен әр алуан ерлік пен қиыншылық сәттерді өзара салыстыру арқылы ой екшегенде, олардың ел мен жерге деген әлгіндей сүйіспеншілігі де нақтылық мәнге ие болып отырады. Айталық, Қазтуған өзінің «Алаң да алаң, алаң жұрт» атты белгілі толғауында атасы Сүйініш пен анасы Бозтуғанның бірі күйеу, бірі келін болып түскен құтты қонысы – айдынды Еділін еске алып тебірене толғайды. Бұл – өз елін, өз жерін беріле сүюдің әдемі үлгісі деуге тұрарлықтай асқақ жыр.
Ал, Доспамбет толғауларында осы сүйіспендік сарын бастан кешкен өз өмірін еске түсіру түрінде келіп, өскен ел, туған жерге деген ыстық махаббатпен өріледі. Жырау өзі есейіп, ер жеткен оттай ыстық ата-мекенін сыртқы жаудан қорғаудан артық мақсат жоқ деп санап, бүкіл күреске толы өмір жолын еске ала жырлайды.
Доспамбет толғауларындағы секілді асқақ әуен, айқын мұратты сипаттау кейде жыраудың өз бейнесін өзі жасау талабымен ұштасып отырады. Мұндай құбылыс біздің әдебиетімізде бұрын-соңды ұшыраса қоймаған жәйт. Айталық, Қазтуған жырау «мұздай үлкен көбелі екі шекесін» айтумен шектеліп қалмай, өзінің «сұлтандайын жүрісті», «айдаса қойдың көсемі, сөйлесе қызыл тілдің шешені», «қашағанның ұзын құрығы, қалайылаған қасты орданың сырығы», «буыршынның бұта шайнар азуы, бидайықтың көл жайқаған жалғызы» екеніне дейін қалдырмай тәптіштеп суреттейді. Мұндай өзінің елден ерек қасиеттерін кейде көтеріп, кейде бәсендете айту ара-тұра Шәлгез (Шалкиіз) жырларынан да ұшырасады. Ол – әдебиетімізде енді ғана туып, орныға бастаған толғау жанрының өркендеп дамуына ерекше үлес қосқан жырау.
ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ
1. Жолдасбеков М. Асыл арналар. – А., 1986.
2. Қоңыратбаев Ә. Қазақ әдебиетінің тарихы. – А., 1994.
3. Негимов С. Ақын-жыраулар поэзиясының бейнелілігі. – А., 1991.
4. Сүйіншәлиев Х. Қазақ әдебиетінің тарихы. – А., 2006.
5. Сыдиқов Қ. Ақын-жыраулар. – А., 1974.
6. Қазақ әдебиеті. Энциклопедиялық анықтамалық. — Алматы: «Аруна Ltd.» ЖШС, 2010 жыл.ISBN 9965-26-096-6