Қай халықтың болмасын тарихы елінің зердесінде өшпес із қалдырған аса көрнекті тұлғалардың атымен тығыз байланысты. Қазақ халқының сондай тұлғаларының бірі – XVIII ғасырдың бірінші жартысында өмір сүрген Қазақ хандығының үш ұлы биінің бірі, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, мәмілегер, дипломат, шешен, ойшыл Қаздауысты Қазыбек бабамыз.
Қазыбек Келдібекұлы 1667 жылы, яғни, бұдан 350 жыл бұрын Сыр өңірінің Түркістан атырабында дүниеге келіпті. Арғын елінің Болатқожа атасынан тарайды. Арғы аталары – Бұлбұл, Шаншар абыз, өз әкесі Келдібек есімдері елге белгілі, ел басқарып, әділ би болған адамдар. Тектілік қасиеті кейінгі ұрпақтарына да дарыған. Қаздауысты Қазыбектен туған Бекболат, одан Тіленші, одан тарайтын Алшынбай, барлығының да ел ішінде ықпалы күшті болды. Алшынбайдан өрбіген Қақабай, Бәпи, Түсіптерді халық біледі. Алшынбайдың Түсібі – Абайдың қайын атасы, ұлы ақынның сүйікті ұлдары Ақылбай, Әбдірахман, Мағауияның нағашысы.
Қаздауысты Қазыбек би 1730-40 жылдарда Сыр бойынан Арқаға көшіп әуелде Ұлытауды, одан соң Қарқаралы өңірін қоныс қылған. Қазіргі Ұлытау ауданы орталығының солтүстік шығысындағы Қазыбек тауы, осы таудың баурайындағы бұлақтардан бастау алатын Қазыбек өзені ұлы бидің есімімен байланысты қойылса керек.
Қаздауысты Қазыбектің шешендік сөздерінің мәні мен көркемдігіне, билік айтудағы және дипломатиялық шеберлігіне ғұлама ғалым Қаныш Сәтбаев жоғары баға бергені белгілі. Ал атақты Мәшһүр Жүсіп зерделі шежіресі арқылы Қазыбек би мен оның ұрпақтарына қатысты мол мағлұмат қалдырса, қазақтың қабырғалы қаламгерлері дала данышпанын шығармаларына кеңінен арқау қылды. Мәселен, Софы Сматаевтың «Елім-ай» роман-трилогиясының үшінші кітабы Абылай хан мен Қаздауысты Қазыбек би бейнелерін сомдауға арналған. Сонымен қатар, әділ қазы, мәмілегер, елші, аса ірі қайраткер ретіндегі кесімді сөз кемеңгерінің биік тұлғасы мен мол мұрасы туралы ғалымдардың зерттеу еңбектері де аз емес.
Жасынан билік айтып, көзге түскен, Төле би сынды сұңғыла абыздан бата алған Қазыбек ата жолы заңдарын мейлінше мол меңгерген, озық ойлы, әділ де алғыр адам болған. Тәуке хан Үйсін Төле биді, Алшын Әйтеке биді және Қаздауысты Қазыбек биді «Жеті жарғы» ережесін жасауға жұмылдырады. Бұрыннан қалыптасқан дәстүрлі әдет-ғұрып заңдарын және «Қасым ханның қасқа жолы» мен «Есім ханның ескі жолын» одан әрі жетілдіру арқылы жаңа заң жүйесін жасау осы Тәуке ханның тұсында жүзеге асырылды. «Жеті жарғы» заңымен қатар, билер сотының тәжірибесін, би-батырлардың ынтымағын және көрші елдермен сауда-саттық, дипломатиялық қарым-қатынасты нығайтуға бағытталған құжаттар да осы кезеңде берік қолданысқа енген екен.
Қазыбек би аумалы-төкпелі қиын заманда ғұмыр кешкен. Кең-байтақ қазақ жеріне көз алартушылар көп болды. Бір жағынан Жоңғар хандығы, екінші бүйірден Ресей империясы, ірге тұстан Қоқан мен Хиуа хандықтары маза бермей, аласапыран жағдай өршіп тұрған кез еді. Жан-жақтан анталаған дұшпандарға қарсы Тәуке хан икемді саясат жүргізді. Осы істе билердің де мәлімгерлік рөлі зор болды.
Қаздауысты Қазыбек Жоңғар хандығына елшілік, мәлімгерлік жолмен үш рет барса керек. Соның бірі туралы әңгіме былайша өрбиді. Жоңғар қонтайшысы «бұларды сынайын» деген ниетпен қарапайым, бүкір адам ретінде келіп, әртүрлі сауалын жаудыра бастайды:
– Әуелінде не бар? Ортасында не бар? Ақырында не бар? — деп бүкір кейпіндегі қонтайшы Қазыбекке шаншыла қарайды.
– Арға мінәжат етілсе, барға қанағат етілсе, әуелінде ынтымақ, ортасында береке, артында шүкіршілік тұрмас па? – деп Қазыбек бір түйіп қойыпты.
– Аспан мен жердің арасы қаншалық жол? – деп «бүкір» қонтайшы қыңырая қадалыпты.
– Бір-ақ шақырым жол ғана. Олай дейтінім, ешкім аспан мен жердің арасын құлаштап өлшеген жоқ, қадамдап басқан жоқ. Күн күркіреп жауғанда, ел дүрлігіп сасатын, құлақтарын басатын. Сонда күн күркірі шақырым жерден жететін. Кемпірқосақ құрылып, аспан мен жерді табыстырып кететін. Доғаланған иіні шақырымдай-ақ жерден өтетін, — деп Қазекең тағы қайырып тастапты.
– Батыс пен шығыстың арасы қаншалық жер? – деп кірпіше жиырылған қонтайшы кіржие қалыпты.
– Небәрі күншілік жер ғана. Олай дейтінім, азанда шығыстан атқан күн ымыртта батысқа шаршап батады. Күншілік жер жүріп өтіп ұясында қалжырап жатады. Ал кереметті көзбен көрген, шығыс пен батыстың арасында зымыраған күнге ерген адамзатты естіген емеспін, — деп соңғы рет кесіп түскенде, қонтайшы үн-түнсіз шығып жүре беріпті. Содан көп кешікпей келіссөз басталып кетсе керек.
Ел аузындағы аңыз-әңгімелерге арқау болған, «Біз қазақ деген мал баққан елміз, ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз…» деп басталатын датын қалмақ қонтайшысына тайсалмай айтқан да Қазыбек би ғой. Текті тұлға жай оғындай жарқылдап ерте танылып, халқымыздың кемеңгер қайраткеріне айналған.
«Асқақтаған хан болса, хан ордасын таптай білген елміз. Атадан ұл туса – құл боламын деп тумайды, анадан қыз туса – күң боламын деп тумайды, ұл мен қызын жатқа құл мен күң етіп отыра алмайтын елміз. Сен темір болсаң, мен – көмір, еріткелі келгенмін, қазақ-қалмақ баласын теліткелі келгенмін. Танымайтын жат елге танысқалы келгенміз. Танысуға көнбесең, шабысқалы келгенбіз. Сен қабылан болсаң, мен – арыстан, алысқалы келгенбіз. Жаңа үйреткен жас тұлпар, жарысқалы келгенмін. Тұтқыр сары желіммін, жабысқалы келгенмін. Бітім берсең, дұрыс жөніңді айт, бермесең, тұрысатын жеріңді айт!» деп дұшпанын ықтыра төкпелетуінің өзі ғажап емес пе?! Сол жолы жоңғар қонтайшысы оның өжеттігі мен шешендігіне риза болып, елшілердің бүкіл талабын орындап, әділдікке жығылыпты.
Қаздауысты Қазыбек бұдан кейін де қалмақ еліне барған. Тарихи дерек бойынша, 1741 жылы ойраттың Сары-Манжы бастаған 30 мыңдық әскері Орта жүз иеліктеріне шабуыл жасағанда, Абылай сұлтан қолға түсіп қалады. Қазыбек би 1742 жылдың көктемінде Абылайды босатып алуға Қалдан Серенге өзі барып, дипломатиялық әдіс-әрекеттерінің бәрін жасайды. Сөйтіп, жоңғар ханы келесі жылы Абылай ханды босатып, қазақтың Сыр бойындағы отыз үш қаласын Әбілмәмбет ханға қайтарып береді.
Тәуке хан мемлекеттік мәселелерді шешетін хан кеңесін құрғаны белгілі. Қаздауысты Қазыбек би осы кеңестің белді мүшесі ретінде сыртқы-ішкі мәселелердің ортасында болды. Сәмеке, Әбілмәмбет, Абылай хандардың билігі тұсында да ел басқару ісіне үнемі араласып, ел шетіндегі жау мен ел ішіндегі дауды шешуде зор ықпалын жүргізді. Кемеңгер тұлға сегіз ханға кеңесші болған деген де сөз бар.
Жалпы, ХVІІІ ғасырда Қазақ хандығының басынан шиеленіс туғызған аласапыран жағдайлар аз өткен жоқ. Тәуке хан үш жүздің ішіндегі руаралық тартысты уақытша болса да тоқтатып, сол арқылы қазақтың қоныстарына сырттан басып кіруге тосқауыл қоюға бар күшін салды. Алайда оңтүстік батыстан Еділ қалмақтары шапқыншылық жасаса, солтүстіктен Сібір казактары қоқаңдаумен болды. Башқұрттар да Жайықтың арғы бетіндегі жерлерден дәмелі еді.
Дегенмен, ең қатерлі қауіп шығыстағы жоңғарлардан төніп, күші басым олар 1710-1711 жылдары қазақтың жеріне басып кіре бастаған болатын. 1718 жылы әз Тәуке қайтыс болғаннан кейін жоңғар шапқыншылығы тіпті өрши түсті. Сыртқы жауға қарсы күш біріктіру мақсатында осы кезде Қарақұмда қазақ жүздері руларының үлкен жиыны өтті. Оған барлық үш жүздің өкілдері, билері мен батырлары қатысып, жерімізге дендеп енген жоңғарлардың езгісінен құтылу үшін оларды қуып шығу жолында жұдырықтай жұмылды. Қазақ жасақтарына Бөгенбай батыр қолбасшы болып сайланып, хан билігі Әбілқайырға берілді. Балқаш көлі мен Шу, Талас өңірлерін қамтыған сол кезеңдегі қазақ-жоңғар шайқастарының негізгі ошақтарының бірі Жезқазған-Ұлытау өңірі болған еді. Талай жылдарға созылып, «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» қасіретіне айналған бұл соғыстың беті 1728 жылдың көктемінде Ұлытау етегіндегі Бұланты мен Білеуті өзендерінің аралығындағы ірі шайқаста қазақ жасақтарының жеңіске жетуімен қайтарылғаны белгілі.
Міне, осындай ел тағдыры қыл үстінде тұрған заманда қазақтың үш жүзінің билерінің елді бірлікке шақырып, жеңіске жұмылдырудағы рөлі айтарлықтай болды. Соның бірі де бірегейі Қаздауысты Қазыбек бидің баталы да аталы сөздері, шешендіктің шыңы саналатын данышпандық ойлары бүгінге дейін ел жадынан өшкен жоқ. Әлі де өскелең ұрпағымен бірге мәңгі жасай берері анық.
Амандық РАХҰЛЫ