Омоним, антоним, синоним және сөздердің көп мағыналылығы
Омоним гректің «хомбс» — «біркелкі», «онума» – «атау» деген екі сөзінен құралған. Қазіргі қазақ тіл білімінде бұл сөз халықаралық термин ретінде аударылмай сол күйінде қолданылып жүр.
Қазақ тіліндегі омоним мәселесі алғаш рет А.Байтұрсынов, Қ.Жұбанов сияқты ғалымдар еңбектерінде белгілі дәрежеде сөз болғанымен, көпке дейін арнайы қарастырылмай келді. Ғ.Мұсабаев омонимге алғашқылардың бірі болып мынадай анықтама берді: «Шығу жағынан да, мағына жағынан да басқа, басқа, тек айтылуы ғана бірдей сөздерді омоним сөздер деп атаймыз». Бұл анықтаманың жаңсақ тұстарын осы мәселені түбегейлі зерттеген ғалым К.Аханов жақсы ашып көрсетеді.
Қазақ тіліндегі омонимдерді алғаш рет арнайы зерттеу нысанасына айналдырып, жан-жақты саралаған ғалым — К.Аханов. Омоним мәселесін сондай-ақ Ғ.Мұсабаев, І.Кеңесбаев, М.Белбаева, т.б. ғалымдар да зерттеген.
Айтылуы, дыбысталуы бірдей, бірақ мағыналары мүлде басқа сөздерді омоним дейміз.
Омоним болу үшін сөздің біреу болуы жеткіліксіз екені белгілі, яғни тіліміздегі сөздер ең кем дегенде екі немесе одан да көп омонимдік қатар түзеді. К.Аханов тілдегі омонимдік қатарларды зерттей келіп, олардың санын жетіге дейін жеткізеді. Кейінгі зертетушілер омонимдік қатарлардың әлдеқайда мол екендігін байқатып жүр.
Жай І. Зат есім. Аспан кеңістігіне жиналған электр зарядтарының шағылысуынан пайда болған жарқыл, найзағай.
— Лағнет бұлты шатырлап, жай түсіп неге қатпаймын. (С.Т.)
Жай ІІ. Зат есім. Тұрмыстағы хал, ахуал, жағдай, күй.
— Қамардың жайы мұндай болған соң… араздық пәленді қойып, Омар да күні-түні қасында болды (С.Т.)
Жай ІІІ. Зат есім. Белгілі бір мекен, тұрақ
Жай ІҮ. Етістік . Таратып, ыдырату, жазу (шөпті жаю)
Жай Ү. Сын есім. Қатардағы, қарапайым, жұпыны (жай жұмыс)
Жай ҮІ. Сын есім. Жайлы, қолайлы (малға жай)
Жай ҮІІ. Үстеу. Ақырын, баяу (жай жүру)
Жай ҮІІІ. Өзімен-өзі, жайбарақат, тыныш (жай жатыс)
Жай ІХ. Үстеу. Ақы-пұлсыз, тегін, (азық-түлікті жай бере ме?)
Жай Х. Үстеу. Әдеттегіден кеш, кейін, соң.
Омонимдерді мағыналық және құрылымдық ерекшеліктеріне қарай іштей топтастыруға болады. Қазақ тіліндегі омонимдерді К.Аханов лексикалық мағынасына, олардың әрқайсысына тән грамматикалық мағыналары мен формаларына қарай 3 топқа бөледі:
1. лексикалық омонимдер;
2. лексика-грамматикалық омонимдер;
3. аралас омонимдер.
Лексикалық омонимдер дыбысталуы жағынан біркелкі болуы тиіс және олар қай формасында болмасын өзара омонимдес болып келеді.
Мысалы: арық (зат есім) – арнайы қазылған су жолы; арық (сын есім) – семіз емес, жүдеу (көбінесе есім сөзден немесе етістіктен болады).
Лексика-грамматикалық омонимдер сөздің барлық формаларында емес, олардың тек бірінде немесе бірнешеуінде ғана омоним болып келеді, ал басқа формаларында омоним болмай кетеді. Бір сөз тобынан емес, түрлі сөз тобынан болады.
Бастау – етістіктің тұйық формасы мен зат есім. Істі кешіктірмей бастау керек.
Аңсаған шөлде су тапса, бас қоймай ма бастауға (Абай).
Омонимдік қатардағы сөздердің кейбір жұптары лексикалық омонимдерге, келесі сыңарлары лексика-грамматикалық омонимдерге жатса, оларды аралас омонимдер дейміз.
Омоним құбылысының ауқымы мұнымен ғана шектелмей, оның айрықша түрлері бар. Олардың қатарына ғалымдар омофон мен омографтарды қосса, кейінгі кезде омоформалар мен паронимдерді қосып жүр.
Омофондар – айтылуы бірдей, жазылуы әр түрлі сөздер (мысалы: І сарала – етістік: Әр пікірді саралап алған дұрыс) ІІ сары ала – сын есім: Бір тамаша сары ала қамшысына қызығып, қалап алып ем. (М.Ә.)
Омограф – жазылуы бірдей, айтылуы әр түрлі сөздер. І зат есім алма – қызыл алма – ІІ алма –етістік –кітапты алма; зат есім кеспе – қою кеспе – ІІ кеспе ет – нанды кеспе.
Паронимдер – морфемалық құрамы әр басқа, айтылуы бірдей сөздер (Мысалы: Тоқтатқан Азнабайдай әңгімені, Арқада арқыраған ән кім еді.
Салты бар әр ғасырдың, әр уақтың
Ұстады шылбырынан ару аттың,
Сағынған ағасы мен ақ періште
Беттеді ордасына әруақтың.
Паронимдерді жасауға орфоэпиялық заңдар негіз болады. (әлі толық зерттеле қоймаған құбылыс)
1. Каламбур дегеніміз не? (4-5 мысал келтіріңіз)
2. Омонимдер мен көп мағыналы сөздерді қалай ажыратамыз?
Синонимдер – омонимдерге қарама-қарсы құбылыс (анықтама беріңіз).
Қазақ тіліндегі синонимдер мынадай белгілеріне байланысты топтастырылады:
1. Сөздің дыбысталуына аз да болса тұлғалық ерекшелік болу қажет; 2. Сөздер бір ғана ұғымды білдіруі қажет; 3. Сөздер бір ғана сөз табына қатысты болуы қажет. Сонымен бірге бір сөз табынан болған синонимдер бірыңғай грамматикалық тұлғада келіп, контексте бірін-бірі алмастырған жағдайда бір ғана сөйлем мүшесінің қызметін атқаруы синонимдердің қосымша белгісі болып табылады.
Синонимдер белгілі бір ұғымды білдіргенімен, олардың арасындағы мағынада сәйкестік, тепе—теңдік қасиет болмайды. Мысалы: бағалы-құнды-қымбат. Бағалы сыйлық, бағалы киім; құнды пікір – қымбат пікір емес, т.б.
Синоним болып жұмсалатын мәндес сөздердің тобын синонимдік қатар немесе синонимдік ұя деп атайды. Синонимдік қатарға енген сөздердің ішінен бір сөз басқаларын мағына жағынан ұйымдастыруға ұйытқы болатын тірек сөз таңдалынып алады. Бұл тіл білімінде доминант (тірек сөз) деп аталады.
Синонимдердің стильдік мәні неше алуан функциональдық сипатта қолданылуымен тығыз байланысты. Қолдану орнын бұзып, керісінше айтылған сөздің бәрі кекесін мән тудырады.