Нормативті қазақ тілі

Нормативті қазақ тілі

Кіріспе.

 

Қазақ тілінің мемлекеттік тіл мәртебесіне ие болуы ұлттық сананы тәрбиелеуде, ұлттық намысты қорғауда, ұлттық мәдениетті көтеруде үлкен мәні бар факторға айналды. Бұл тілдің өзіне әлеумет назарын аудартып, оның дұрыс,жемісті қызмет етуіне қойылатын талаптарды күшейтті. Нәтижесінде » тіл мәдениеті», «нормативті қазақ тілі» сияқты жаңа пәндерді оқу үрдісіне ендіру қажеттілігі туды. Енді қазақ тілі әлеуметтік қызмет атқарып қана қоймай,оның дұрыс, сындарлы,  мәдениетті түрде қолданылуы күн тәртібіне қойылды. Бұл-уақыт талабы, қоғамның  мәдени-рухани сұраныстарының талабы.

Тіл мәдениетінің ең өзекті мәселесі – тілдік норма. «Нормативті қазақ тілі» курсының негізгі жеке зерттеу нысаны – осы тілдік норма мен оның кодификациясы. Мұнда  тілдік нормаға анықтама беріледі, оның  меже-белгілері, түрлері көрсетіледі, қазақ әдеби  тілінің нормативтік негіздері айқындалады, қалыпқа түскен нормалар реттеліп,  жинақталып хатқа түсуі (кодификациясы), оның теориялық-практикалық негіздері әңгіме болады. Тілдік нормадан уәжді-уәжсіз ауытқулар тіл мәдениетіндегі күрделі де маңызды мәселе деп қаралып, оның түрлері мен себептері көрсетіледі.

«Нормативті қазақ тілі» курсында лексикалық, грамматикалық, орфографиялық, орфоэпиялық нормалар баптарға бөлініп, ереже түрінде көрсетілмейді, тілдің әр қабатындағы әдеби нормаларының түрлері, олардың қиын, күрделі тұстары талданады.

Тіл мәдениеті, ең алдымен, әдеби нормаға тікелей қатысты. Жалпы тіл білімінде біршама қалыптасқан тұжырымдарға иек артсақ, тіл  мәдениеті дегеніміз – тілдік нормаларды, оның  ішінде әдеби тіл нормаларын дұрыс сақтау әрекеті болып табылады.

Тіл мәдениетінің өзегі – норма  туралы ұғым. Норма тілдің жүйесі мен құрылымына сүйенеді.  Тілдік жүйе дегеніміз – тілде бар үлгілердің,  қолданыс типтерінің белгілі бір тәртіппен келуі, ал тілдік құрылым-осы жүйенің іске  асқан материалдық мүмкіндіктері. Қарапайым тілмен айтсақ, тілдік құрылым – құлаққа естілетін, «отыз тістен шығатын» деректі  ұғым атауы, ал тілдік жүйе сол «затты» жасап тұрған дерексіз ұғым атауы деуге болады.

Тілдік норма туралы сөз етпес бұрын бұл салаға қатысты терминдерге назар аударған жөн.

Норма тілдің өзі ұсынған тәртіп, ал нормалану сол тәртіптерді тілдің өзінің қалыптастыруы. Тілдің нормалануы мен ол  нормалардың кодификициясы бір емес. Кодификация тіл процесіне адамдардың араласуын,  яғни тілдік нормаларды реттеу, сұрыптау,  дұрысын бекіту, қалыптанғандарын хатқа  тіркеу сияқты іс-әрекетті білдіреді. Ол әдеби тілдің дамуына әлеумет тарапынан ықпал  жасауды білдіреді. Кодификация терминінің мағынасы – дұрыс деп танылған тілдік нормаларды қалыпқа түсіріп, жинақтап көрсету, яғни тілдік нормалардың қалыпқа түсіп, жаппай қолданыс тапқандарын орнықтыру, заңдастыру, тіркеу.

Тіл мәдениеті, нормативті қазақ тіліне қатысы бар терминдердің бірі-узус. Орыс тіл білімінде бұған көбінесе «узус- қолданылып кеткен тілдік бірліктер» деген түсініктеме береді. Кейінгі кезде қазақ тіл біліміндегі нормалану мәселесін зерттеп жүрген ғалымдар узус деп тілдік жүйеге қайшы келгенмен, тілдік дағдыға айналған  қолданысты атағанды дұрыс деп санайды.

Қазақ тілінің жүйесінде ер (атқа салатын) деген зат есімнен етістік тудырғанда ол «ерле» формасында келуі тиіс (ассимиляция заңы), алайда ол қолданыста «ертте» тұлғасында  кездеседі, сол сияқты «қозы» сөзінен «қозылады» деген етістік жасалуы тиіс, бірақ қазақ тілінде «қоздады» түрі қолданылады. Сондай-ақ қазақ  тіліндегі  «туды ~ туылды» деген жарыспа қатар қолданыстары да узустық құбылысқа жатады.

Тілдік норманың табиғаты екі түрлі: бірі – тілдің өзінде қалыптасқан нормалар, екіншісі – ереже бойынша ұсынылған нормалар. Мысалы,  қазақ тіліндегі септеу, жіктеу парадигмалары, сын есім шырайлары, етістіктің етіс тұлғалары, шақтық мағыналары тілдің өзінде ертеден қалыптасқан, әбден орныққан, жүйеге арналған заңдылықтар. Ал  -мен (-пен, -бен) шылауын қосымша  ретінде танытып, жетінші септік-көмектес септігінің көрсеткіші ретінде ұсынып, оны өзге септік жалғаулары сияқты қосып жазу нормасы – қолдан жасалған», яғни ережемен реттелген норма.

Сөйтіп, тілдік норма дегеніміз – көпшіліктің  қатынас құралы ретіндегі тілдің қолданысында оның әлдеқайда орныққан, дәстүрлі құралдары, амал-тәсілдері, тәртіптері, норма тіл-тілдің қай-қайсысының да даму кезеңдерінің баршасына  тән құбылыс.

Тілдік нормалар, тілдің өзі сияқты, тарихи-өзгермелі құбылыс. Ал тілдік нормалардың кодификациясы оқулықтарда, түрлі сөздік түрлерінде, анықтағыш құралдарда нормативтік сипаттарда түзіліп, хатқа түседі. Олардың сөзтізбесінде  орын алатын нормативтік емес элементтерге «диалектизм», «қарапайым сөз», «арго», «көне» сияқты белгілер қойылады.

Тілдік норма деп тану үшін оған қойылатын шарттар болуы қажет:

1. Норма сол тілдің табиғи,  құрылымдық өзіндік заңдылықтарына сәйкес болуы керек, яғни тілдің грамматикалық  құрылысының, сөз қолданысының, сөз жасамының, мағына құбылтуының,  сөз сазының табиғи заңдарына қайшы келмейтін тұлға тәсілдер норма болып саналады.

Мысалы, адамның қызмет түрін, мамандығын, кәсібін білдіретін –шы жұрнағы тек қазақ тілінде емес, араб-парсы, орыс тілінен енген сөздерде де жаңа тұлға жасайды: әдебиетші, тарихшы, гипнозшы, парламентші, саботажшы, т.б. туынды сөздердің еркін жасалуына жалпы тілдік модель негіз болған.

2. Тілдің қатынас құралы ретінде қалың жұртшылықтың әрдайым қолданысында болатындығы, яғни әлеумет  дұрыс деп тауып, көпшілік болып әрдайым қолданып отыратын сөздер, грамматикалық тұлға-тәсілдер, сауатты жазу, сөзді дұрыс дыбыстау үлгілері норма болып табылады.

Бұрынғы дәуірлерде «қатын» сөздері норма болған болса, бұл күндері (оларды) оның мағынасы тұрпайы стиль элементіне ауысқан. Қазіргі қазақ әдеби тілінде оның орнына жаппай, кең қолданыстағы «әйел» сөз жұмсалады.

3. Оның әлеуметтік қолдау табуды, яғни қалың жұртшылықтың белгілі бір сөздің, тіркестің, грамматикалық тұлғаның, жаңадан жасалған не өзге тілдерден енген сөздердің осы мағынада қолданысы, ос ытұлғада айтылуы дұрыс, сөздердің сөйлеу үстінде осылайшап дыбысталуы жөн деп мақұлдауы. Белгілі бір тілдік жаңа норманың көпшілік дұрыс деп танып, жаппай қолданып кетулеріне ол норманың ережемен бекітіліп, хатқа тіркелуі бірден-бір рөл атқарады. Әсіресе баспасөз беттерінде, радио мен теледидарда жиі қолданыстарды да көпшілік қауымның қабылдап кетуіне үлкен әсерін тигізді.

Мысалы, оқырман, көрермен, тыңдарман немесе оқулық, әдістемелік анықтамалық деген жаңа тұлғаларды қазіргі және буын жасанды сөз деп танымайды.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *