Батырлар жырын оқыту әдістемесі

Батырлар жырын оқыту әдістемесі.
Батырлар жыры – ауыз әдебиетінің маңызды да күрделі жанры. Оның оқытуға қиындығы – ұзақтығы, тілінің бүгінгі балалар үшін сонылығы, поэтикалық ерекшелігінде.
Оқушыларға ерлік, патриоттық, отан, туған ел, өскен жер, тұлпар ат жөнінде мақал-мәтелдер жаттату, айтқызу, сөзжұмбақтар, жұмбақтар шешкізу, әртүрлі танымдық ойындар ұйымдастыру, жыраулар сайысын өткізуде т.б. жұмыстар жүргізіледі. Оқушының сөздік қорын байыту мақсатында сөздік жұмысын жүргізу көнерген сөздер, оның мән мағынасын түсіндіру, синоним, омоним, антоним сөздерді тапқызып отыру қажет. Әсіресе, батырлар жырын оқыту 3-4 сыныптар арасында мұғалімге көп еңбек сіңіруді қажет етеді. Батырлар жырын оқытуда мұғалім басты-басты мына мәселелерге көңіл бөлуі керек:
Кіріспе жұмыстар.
— «Батырлар жыры» туралы (эпостық жырлар) алғашқы әдеби-теориялық (оқушылардың жас ерекшелігін ескере отырып) ұғым беру.
— Батырлар жырындағы халық арманы, оның негізінде халық тарихының жататыны туралы түсінік беру.
Мазмұнын меңгеру бағытындағы жұмыстар:
1. Жырдың сюжеттік-композициялық жоспарын жасап, оныбалалардың көз алдына іліп қою. Мысалы, бастауыш сыныптағы «Қамбар батыр» жырына мынадай жоспар жасауға болады:
 Жыршының баяндауы (Әзімбай туралы).
 Қыз Назымның сұлу сипатын суреттеуі.
 Қыз Назымның күйеу таңдауы,ешкімді ұнатпауы.
 Қамбарға ғашық болуы.
 Қамбардың сипаты.
 Қамбардың халқы үшін аңшылықпен айналысуы.
 Аң аулап жүргенде, жолбарыспен шайқасуы.
 Назым ауылының үстінен өте шығуы.
 Назымның өкпесі, назы.
 Қамбардың жолына тор құруы.
 Қамбар мен Назымның тілдесуі, бір-біріне мұң шағуы.
 Назым ағаларының ашуға булығуы.
 Алшыораздың араша түсуі, ақылы.
 Қалмақ ханының Назымға құда түсуі.
 Алшыоразбен Келмембеттің соғысы.
 Қараман ханның қаһары. Әзімбай ауылына жорығы.
 Әзімбайдың қысылуы, Қамбарға кісі салуы.
 Қамбардың елімен қоштасып, көмекке аттануы.
 Қараманды іздеп баруы, сөзбен айқасуы.
 Қараманның жекпе-жекке шығуы.
 Соғыс сипаты.
 Қараманды, қалмақтардың жеңуі.
 Қамбардың Назымға үйленуі.

2. Ұзақ жырға, әрі оқиғалары да күрделі жырға осындай жоспар құру балалардың жырдағы басты оқиғаларды тез қабылдауы, аңғаруы, әрі сол бойынша мазмұнын жүйелі түрде тұжырымды етіп айтып беруіне көмек-нұсқау рөлін атқарады.
3. Жырды күйтабақтан тыңдатып басқа жырды да оқытуға болады, жырдың мәнерімен таныстыру.
4. Жырды мәнерлеп оқу. Басты-басты эпизодтарға бөліп оқып, ізінше мазмұндатып отыру. Мазмұндауды сұрақ-жауап әдісімен жүргізу, басты оқиғаларын айтқызу. Аннотация жаздыру.
Мына үлгіде жүргізуге болады:

Басты эпизоттар Сұрақтар
I. Назымның күйеу таңдауы.
II. Қамбарға Назымның ғашық болуы.
III. Қалмақ ханының құда түсуі.
IY. Қаһарманның Әзімбай аулына жорығы.
Y. Қамбардың Қараманға баруы. Қараманды жеңуі.
YI. Назымға үйленуі. 1. Назым кім? Оның сипаты қалай берілген?
2. Қамбар туралы хабарды қайда естиді?
3. Қамбар туралы жырда не айтылған? Оның сипаты жырда қалай берілген?
4. Назымға неге қарамайды? Себебін айт.
5. Құда түсіп келген Келмембет Қараманға не айтады?
6. Қараманның ашуы қалай сипатталады?
7. Жазылған Келмембет Қараманға не айтады?
8. Қараманның ашуы қалай сипатталады?
9. Әзімбай Қамбарға қандай сәлем айтады?
10. Қамбар қандай шешімге келді?
11. Қамбар Қараманға не дейді? Қамбар мен Қараман арасындағы диалог, мазмұнын айт.
12. Қараманды қалай жеңеді?
13. Қараман қалай соғысады?
14. Назым Қамбарды не деп мақтайды?

4.Жырды оқып біткен соң, мазмұнын толық айтқызу. Ол үшін үйге тапсырма бергенде, жауаптарының тезисін, жоспарын жасатқызу. Мазмұндау жүйелі болуы үшін, соған қарап айтқызу.
5. Оқушылар жауабын бір-біріне толықтыртып отыру.
6. Бір-біріне қоятын сұрақтарын әзірлету.
7. Ұнаған жерлерін жатқа оқытқызу.
8. Жауаптарында да жырдан үзінді келтіре отырып айтқызу (мақалмен айтқызуға болады, бала қабілетіне қарай).
Жырға әдеби талдау жасау.
а) Жырдың идеясын, тақырыбын ашу. Оның мұғалім әңгімесі, сұрақ-жауап арқылы жүзеге асыру. Мынадай сұрақтар қоюға болады:
1. Қалай ойлайсыңдар, жырда қандай мәселелер сөз болады? Жырдың негізінде жатқан басты ой неде?
2. Жырдың негізгі ойы қай бейне арқылы көбірек көрінеді?
ә) Жыр кейіпкерлері туралы пікір жинақтау;
1. Қамбардың қандай қасиеттерін ерекше бөле-жара айтар едің? Сұрақ, жауап, практикалық жұмыстар арқылы талдау.
2. Қамбар бейнесін жасай отырып, халық не айтпақшы болған? Халық арманы туралы не айтар едіңіз?
3. Назымға қарап бұрынғы қазақ әйелдері қандай болған деп ойлайсың? Оның бейнесінің негізіндегі халық арманы не деп түйіндер едің?
4. Қараман, Келмембеттер бойындағы жек көрінішті қасиеттер қайсы?
5. Назымның ағалары туралы қандай ойдасыңдар?
6. Портреттік суреттеулерді тауып, оның кейіпкерлері іс-әрекетін ашудағы маңызы, орнына тоқтал.
б) Тіл көркемдігі, өлең құрылысына талдау жасау.Практикалық жұмыс,сұрақ-жауап:
1. Жырдың асыра, әсірелей суреттелген жерлерін табу, оның мазмұнына тоқталу.
2. Теңеулерді, эпитеттерді табу. Аллитерация, ассонанстарға назар аудару. Оның қолдану маңызына тоқталу.
3. Диалог сөздерді тауып, оның жырдағы орнын, маңызын ашу.
4. Өздеріне ұнаған айшықты сөздер, сөз тіркестерін тапқызу.Ұнау себебін дәлелдету.
5. Сөздік жұмыстарын жүргізу.
Жырды талдау кезінде сурет-мысалдарды пайдалану, қабілетті оқушыларға жыр бойынша өзіне ұнаған эпизодтарға суреттеп салғызудың маңызы зор. Мүмкін болса, жыршы-термешілермен кездесу өткізіп, жырдан үзінді жаттатып, оқушыларды да жырды мақаммен айтқызуға талаптандыру жұмыстары тиімді болмақ.
4-сыныпта батырлар жыры бойынша өтілетін тақырыптардықорытындылауға арналған сабақ барысында оқушылардың білім мен талғам-таным деңгейлерін тексерумен қатар, олардың бойында шығармашылық ойлау және талдай білу дағдыларын жетілдіруге ықпал етуді мақсат тұттық. Көздеген мақсатымызға орай, күй табақтар, буклеттер мен тәрбиелік сөздер жазылған арнайы плакаттарды пайдалана отырып, сұрақ-жауап, пікірлесу, баяндау, өздігінен ізденіс сияқты әдіс-тәсілдерді қолдандық.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *