Мидың зақымдануы

Мидың зақымдануы. Адамның жоғары психикалық қызметтері мен олардың жасқа сай динамикасын қамтамасыз ететін, ми жұмысының механизмі туралы қазіргі заманғы мағлұматтар, мидың құрылымдық–функциональдық ұйымдастырылуының интегративті жұмысы туралы материалдар негізінде тұжырымдалады. А. Р. Лурияның тұжырымдамасына сәйкес, «психика үш функциональды блоктың үйлескен қызметімен қамтамасыз етіледі:

1. Тонус пен сергектікті реттеу блогы;

2. Ақпаратты қабылдау, қорыту және сақтау блогы;

3. Психикалық әрекетті жоспарлау мен бақылау блогы.

Әрбір жеке психикалық функция қалыпты даму жағдайында мидың осы үш блогының үйлескен қызметімен қамтамасыз етіледі. Олар жоғары сараланған, күрделі динамикалық тізбектер кешені, жүйке жүйесінің әртүрлі деңгейлерінде орналасады. Ми бөліктерінің түрлі қызметтерінен басқа, ми жарты шарлары аралық қызметтерді де қарастырған дұрыс. Сол жақ жартышардың зақымдануы салдарынан, сөйлеудің бұзылатыны анықталған. Бұл құбылыстың клиникалық және нейропсихологиялық зерттелуі (Н. Н. Брагина, Т. А.  Доброхотова, А. В. Семенович, Э. Г.Симерницкая), сол жақ жартышардың сөйлеу әрекетінің дұрыс дамуына және абстрактілі-логикалық ойлау қабілетіне жауапты екендігін растады. Ал, оң жақ жартышар кеңістік пен уақытты бағдарлау, қимыл-қозғалыс дәлдігі, эмоциональды сезімдердің айқындығына жауап беретіні анықталды.

Мидың дұрыс қызметі үшін, жартышарлардың өзара тығыз байланысы болуы шарт. Осылайша, баланың қалыпты психикалық дамуына әртүрлі ми құрылымы және тұтас ми жүйесі тұрғысында қажетті нейробиологиялық дайындық керек.

А. Р. Лурия мен оның із басарларының адамның тұтас психикалық іс-әрекетінің мимен ұйымдастырылуы туралы тужырымдамасы, қалыпты онтогенезден ауытқуды анықтаудың және коррекциялық-педагогикалық үдерісте маңызды болып саналатын, зақымданған және сау сақталған ми құрылымын анықтаудың, әдістемелік негізі болып табылады.

Психикалық–дене бітімдік және тұлғалық-әлеуметтік даму кемістіктері қаупін тудыратын әлеуметтік факторлар.

Баланың пренатальды және натальды кезеңдердегі  дамуына, әлеуметтік механизмдердің тигізетін әсері зор. Балаға бұл кезеңде әлеуметтік әсерлерді жеткізуші анасы болып табылады. Қазіргі заманғы зерттеулер көрсеткендей, құрсақта балаға тек патогендік, биологиялық факторлар ғана емес, балаға бағытталған әлеуметтік қолайсыз ситуациялар  да (жүктілікті тоқтату, болашақ аналықпен байланысты қорқыныштар, алаңдау күйлері, жүктілік жағдайынан қорлану т.б.) тікелей әсер етеді. Олар жүктілік үдерісінің биологиялық және әлеуметтік жағдайларына байланысты, баланың дұрыс психикалық дамуына толыққанды негіз болады немесе керісінше, оның патогендік базасына айналады.

А.И.Захаров шетелдік және отандық ғалымдардың мәліметтерін топтай келіп, ананың ұзақ уақыттық, жағымсыз көңіл-күйлері мен күйзелістерінің анағұрлым патогендік әсер беретінін айтады. Мұндай күйзелістердің нәтижесінде, мазасыздық гормондары түзіледі, ол ұрық айналасындағы сұйықтыққа келіп түседі. Өз кезегінде, бұл гормондар ұрықтың ми жасушаларына оттегін жеткізіп тұратын, қан тамырларын тарылтады, ұрық гипоксия жағдайында жетіледі. Кейде,  плацента қабаты ажырап, бала мерзімінен бұрын туылады.

Қысқа уақыттық қатты стрестердің (шошыну, жан жүйесіне соққы тию) патогендік әсері аз емес. Мұндай жағдайлардың басым көпшілігінде, жүктілік ырықты түсік тастаумен аяқталады.

Ананың босану кезіндегі психологиялық күйіне көңіл бөлінеді: жақын адамдарының қасында болуына рұқсат етіледі, баланы ананың төсіне жанастырады, бұл аналық инстинктті дамыту, әрі баланың туу кезінде алған соққысын (есеңгіреуін) жеңілдетуге септігін тигізеді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *