К.Гросстың «Сақтандыру теориясында» ойынның дамытушылық функциясын жас ағзалардың өз-өзін жетілдіру формасы деп түсіндірген. В.Штерн, З.Фрейд және оның шәкірттері ойынды адамның терең жатқан инстинктерінің көрінісі деп тауып, оны бейсаналылыққа жатқызған. Бұл тұжырымдамаға негіз болатын бір нәрсе бар. Барлық ойындар негізгі үш тақырыпта дамиды: «жыртқыш-құрбан» (ойынаушылардың біреуі қашып жасырынады, екіншісі оны қуалап немесе іздеп жүріп ұстайды); «некелік- серіктестік» (танысу ритуалдары, үй салу, егін егу, мал бағу); «ата-ана мен бала» (қамқорлық көрсету, қоректендіру). Ойын барысында өмірлік тәжірибені меңгеру — оның әлеуметтік мәні барлығын дәлелдейді. Ойынның өте тиімді психодиагностикалық және психокоррекциялық әдіс болуына оның осы екі жақтылығы негіз болады.
Күнделікті өмірде адам көптеген теріс эмоциялық сезімдерге бөленіп жүретін кездері болады. Олар ішкі үйлесімсіздіктерден немесе тұлғааралық қатынастан туған мазасызданудың нәтижесі болады. Осы проблемаларды адамдардың басым көпшілігі өзбетімен шеше алмайтын болғандықтан олардың жағдайына сай келетін психологиялық көмек психокоррекция ретінде көрсетіледі. Коррекция жүргізу жолдары өте көп. Коррекцияның адамға тигізетін әсері мен пайдаланылатын әдістемелерді зерттеушілер ойын коррекциясына ерекше көңіл аударады.
Ойын коррекциясының жеке тұлғалық қасиеттер мен эмоционалдық жағдайды түзетудегі мүмкіндіктері өте мол. Ойын терапиясының адамды негативтік эмоционалдық күйден шығару үшін пайдалану жолдарын анықтауға К.Левин тобының жүргізген зерттеуі маңызды үлес қосты. Шынайы өмірде орын алған қиын жағдайлардан ойын арқылы арылу үшін адам жалған, жорамалданған рольде болып, сол жалған жағдайды талдау және жорамалданған жағдайдың ерекшеліктеріне түсіну арқылы өз өміріндегі мәселеге түсіну жеңілірек екенін Л.С.Выготский дәлелдеген.
Коррекциялық ойындар әдістері көмегімен адамда орын алған қорқыныш сезімнің әсерін төмендету, мазасызданудан, депрессиядан шығару, басқа да невроз сырқаттары, эмоционалдық дүниесінің тапшылығы байқалатындар және дені мен жаны сау адамдардың бейадекваттық реакцияларын реттеу үшін жүргізілетін коррекциялық жұмыстарда, көптеген шиеленіс мәселелерді шешуге кеңінен пайдаланылады. Ойын барысындағы мінез-құлық оның құрылымына сай болуға тиіс. Үлкендер ойнаған кезде олар өздерінің стереотиптік әрекеттерін қайта құруы керек. Осы қайта құруды алты типте көрініс береді.
Ойындағы әрекеттер ретін ауыстыру.
Реттегі кейбір көріністерін ұлғайтып, арттырып жіберу.
Реттегі кейбір көріністерін бірнеше рет қайталау.
Ретін аяқтамай басқа, бөтен әрекеттерге көшу.
Кейбір қимылдарға ерекше көрініс беріп оны бірнеше рет қайталау.
Реттегі кейбір қимылдардың аяқталмай қалуы.
Сонымен қатар ойын барысында нешетүрлі себептермен байланысты әрекеттер араластырылып қолданылады. Мазасыздануды диагностикалауда осы қайта құруды зерттелінушінің жас ерекшелігімен салыстырып бағалау кеңінен пайдаланылады. Ойынның құрылымдық және функционалдық ерекшеліктерін зерттеушілер ойнға қатысушылардың келесі көрсеткіштерін бағалауды ұсынады: әрекеттерінің бағыттылығы, қозғалу шабытын, айналасындағылармен байланысының тиімділігін, жасқаншақтығын, қоқақтығы мен именгіштігін. Осы көрсеткіштер иелері ойынға беріліп кетеді, ал бұл көрсеткіштері дамымағандардың ойын әрекеттері бұзылған болады да олардың дамуында мешеулік орын алуы мүмкін. Сондықтан ойынның түзету-дамытулық функциясы күшті деп айтуға болады.
Әр ойын көп функция атқарады: бір адамға өзін-өзі бағалауын жоғарылату жолы; екіншілерге – сергіту, қабілеттілікті арттыру және өзін емін еркін сезінуге үйрету жолы; үшіншілерге – көпшілікпен тіл табысып өмір сүруге, ұжымдағы адамдармен санасуға үйрететін әдіс. Осы үш функциясы негізгілері болып саналады. Сонымен қатар әр адамның праблемасына байланысты жеке мәселелер тууы мүмкін. Коррекцияны ойынның барлық түрлеріне осы ортақ көрсеткіштерін ескеріп жүргізу қажет.
Коррекциялық ойын барысында келесі мәселелер шешіледі.
— Ойын барысында қатысушылар өз сезімін өзгелерге көрсетудің жаңа формаларын меңгереді.
— Басқа адамдарға, үлкен, кішілер және құрбыларына, өзіне деген көзқарасы ақиқатқа жақындатылады, өзін-өзі және басқаларды бағалауға, сыйлауға, мейрімділік көрсетуге үйренеді.
— Өзіне деген сенімі нығайады.
— Құрбы-құрдастарымен және әртүрлі жастағы балалармен қарым-қатынас жасау тәжірибесін қалыптастырады.
— Ойын қатысушыларды іскерлікке, қарым-қатынастың жаңа түрлеріне жаттықтырады.
— Балаларды сыйлап олардың өз проблемаларын дербес, қажетті мәселелерді өз бетімен шешуге шамасы келетініне сендіреді.
Коррекциялық ойындардың көптеген ортақ көрсеткіштерімен қатар әрқайсысының өзіндік сипаттары бар. Сондықтан оны ұйымдастырған ортаның коррекцияға әсерін тигізетіндей ерекшеліктері болуға тиісті. Ол ерекшеліктерді бернеше талаптар ретінде көрсетуге болады.