Жағымсыз (ұнамсыз) стереотиптерді бұзу тобы
Мақсаты: ұнамды мінез құлықты қалыптастыру, клиеннті басқаларға ыңғайлы болуға үйрету.
Бұл топтың ерекшелігі келесі екі көрініспен сипатталады.
А) Жағымсыз мінез-құлыққа қарсы әрекет арқылы тосқауыл қою.
Б) Жағымсыз мінезін сөз арқылы қоршауға алып, клиентпен одақтасу.
Барлық топтардың топтық іс-әрекеттері бірнеше кезеңде және фазада жүреді:
I – бағдарлау кезеңі (2-3 кездесу барысында)
II – қайта құру кезеңі (4-7 кездесу барысында)
III – бекіту (жаңа тәжірибені пысықтау) 2-3 рет.
I-кезеңде топтағыларды бір-бірімен таныстыру тренингі өткізіледі, еркін қарым-қатынас. Бұл кезеңде топтағылар рәсімдік мәселелерді шешіп, келесі кезеңге даярлықтан өтеді. Кезеңнің соңында топтың қалыптасуы аяқталады, қажет болса қатысушылардың бір-біріне эмоционалдық қатысына қарай кіші топтар құрылады.
II-кезең. Реконструкциялық немесе қайта құру, топтағылар бір-бірінен қысылмай, өздерін емін-еркін сезіне бастайды. Психологтың тактикасы негізгі мақсатқа толық бағынышты болады. Ол баланың мінез-құлқы сиысымсыз екенін анық көрсетеді, қатысушылар өз мінез-құлқын өзгертуі қажеттілігін неше түрлі әдіс-тәсілдер көмегімен жақсылап көрсетіп түсіндіреді. Бұл жағдайда адамның ішкі кернеуі төмендеп, басқаларды түсінуі, тілектестік, жанашырлық белгісі анық байқалады. Көптеген сюжетті-рөлді ойындар қолданылып, қарым-қатынас мәдениеті пысықталады.
Коррекцияны ұйымдастырудың осы кезеңі ең қиыны болып есептеледі. Өйткені коррекцияланушы психикасында күрделі өзгерістер пайда болады.
III кезеңде коррекцияланушы мінез-құлқының оң көрсеткіштерді тұрақты етуге, оларды пысықтауға психолог өте көп көңіл бөледі. Бала өзінің жаңа тәжірибесін өмірге алып шығып, барлық жағдайда сақтауға шамасы келетініне сенуі қажет. Осы жаңа тәжірибені пысықтауға арналған көптеген жаттығулар орындалады.
Психокоррекция жүргізу мақсаты мен зерттелінген адамдардың жеке-даралық психологиялық ерекшеліктері туралы жинақталған мәліметтерге байланысты бұл жұмыс екі бағытта жүзеге асырылады:
1. Нормативтерді құру коррекциясы.
2. Адамның даралық мүмкіндіктерін дамыту коррекциясы.
Нормативтерді құру коррекциясы. Адамның ішкі жан дүниесінің жеке даралық сипаттамасын әлеуметтік ортада қабылданған нормативтерге сай келтіру коррекциясы топпен жүргізіледі. Олар көбінесе қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыру, мазасыздану және агрессия көріністерін төмендету, жеткіншектердің жас ерекшеліктеріне байланысты орын алатын акцентуация мәселелерін шешуге бағытталған. Коррекциялық әдістердің нәтижелі болуы ауытқудың синдромына және бұзылудың көрініс беру симптомдарының түрлеріне тәуелді. Мектеп оқушыларымен және олардың ата-аналарымен жүргізілетін корррекцияда қарым-қатынас тренингінің барлық түрлері қолданылады, олар мінез-құлықтың нақты формаларын меңгеруге көмектеседі және клиентке өзінің жан дүниесіндегі неше түрлі құбылыстардың орын алғанына жауапкершілікті өз мойнына алуды үйретеді.
Сонымен қатар әр жас кезеңінің және әлеуметтік ортадағы әр адамның атқаратын ролдер репертуарына, клиенттің алдында тұрған психологиялық проблемаларына байланысты психокоррекцияны жүргізудің өзіне тән көптеген ерекшеліктері бар. Мектепке дейінгі жас кезеңдегілердің негізгі проблемасы мектепте оқытуға даярлығымен байланысты екендігі жоғарыда айтылған. Сондықтан бұл жас кезеңіндегілермен коррекциялық жұмыстар олардың таным процестерін жетілдіру және мектеп режиміне үйрету, сыныптағы балалармен, оқытушылармен қарым-қатынас жасауға икемділігін қалыптастыру, қысқаша айтқанда оның барлық көрсеткіштерібойынша мектеп өміріне даярлау болып табылады. Бастауыш сыныптарда бұл бағыттағы психологиялық қызмет көрсету жалғастырылады.
Жеткіншек жас кезеңіндегілермен жүргізетін психокоррекция, басқа жас кезеңдегілерден жиірек орын алады. Оның себебі осы жас кезеңінің көптеген ерекшеліктерімен байланысты. Балалардың өтпелі жас кезеңінде басынан кешетін қиындықтары психокоррекциялау және психологиялық кеңес берудің негізгі себептері болып табылады. Жеткіншектерде жиі кездесетін акцентуация, агрессия, дидоктогенді невроздар баланың тұлғалық қалыптасуына теріс әсерін тигізіп, оқушының мотивтік сферасының бұзылуына алып келеді.
Осы проблемаларды шешуге психологиялық көмек көрсету, психопрофилактика, психокоррекция жасау және басқа мұқтаждарға көмектесетін шараларды жүйелі түрде ұйымдастыру қажет. Оның ішінде баланың дамуын диагностикалау, оның барлық мүмкіндіктерін ашу және балалармен, олардың ата-аналарымен, мұғалімдермен психологиялық қызмет шеңберінде коррекциялық көмек көрсету қажет.