Бұзылулардың этиологиясы.
Этиология ұғымына, қандай да бір бұзылудың пайда болу себебі ғана емес, сонымен бірге, олардың пайда болу мүмкіндігін туғызатын жағдайлар да кіреді. Осылайша, экзогендік зияндылықтар, тұқым қуалауға бейімділікке сай, яғни ми құрылымының қандай да бір әсерлерге сезімталдығын біле отырып, түрлі ауыр даму ауытқуына әкеп соғады. Және әртүрлі әсерлердің бір уақытта ықпал етуі әртүрлі нәтиже береді. Балалардың психикалық күйін төмендететін себептердің ішінде, бірінші орында тұрғаны – орталық жүйке жүйесінің әртүрлі дәрежеде зақымдануы, екінші орында — созылмалы соматикалық науқастар.
Cондай-ақ, генетикалық бейімділіктің негізгі себептерінің бірі-тұқым қуалаушылық факторы, әсіресе, ана мен баланың қандарының (резус-фактор) сәйкес келмеуінен, хромосомдық аурулардан болады. Мысалы, қалыпты дамуда жыныс жасушаларының бөлінуінде, әрбір жасушаға 23 хромосома түседі; сөйтіп, жасуша ұрықтанғанда, хромосомдар саны 46-ға жетеді. Даун ауруында 21-ші жұптың дұрыс бөлінбеуінен, хромосомдар саны 46 емес 47 болады. Экзогендік әсерлерге жататындардың бірі – ағзадағы ақуыз алмасу үдерісінің бұзылуы. Мысалы, фенилкетонурия ауыр интеллектуалды кемістігінің себебі болып табылады. Мидың қабынуы сияқты аурулар (менингит, менингоэнцефалит), әдетте, ақыл-ойдың кемдігі мен тірек-қимыл қозғалысының бұзылуын туғызады.
Патологиялық үдерістің қарқындылығы мен таралуы.
Кел келген патологияның айқындылық шарты соған жасалатын ықпалдың қарқындылығы болып табылады. Ауыру процесінің қарқындылығы мен таралуы, сенсорлық немесе интеллектуальды бұзылулардың сипаты, өзара тығыз байланысты болады.
Даму ауытқуының локальды түрлеріне, жеке анализаторлар жүйесінің кемістіктері жатады: көру, есту, сөйлеу және қимыл-қозғалыс салаларының бұзылуы. Ал жүйелік бұзылуларға, интеллектуалды кемістіктер – ақыл-ойдың кемістігі мен психикалық дамудың тежелуі жатады.
Дамудың кенжелеп қалуы, ешқашан біркелкі сипатта болмайды: жүйке жүйесінің жалпы зақымдануында, ең алдымен дәл осы кезде өте сезімтал (сензитивті) күйде болатын, жаңа жетіліп келе жатқан, нәзік қызметтер зардап шегеді, одан кейін, осы зақымданған қызметтермен байланысты, өзгелер зақымданады. Жүйке жүйесінің зақымдануы қаншалықты терең болса, регресс құбылыстары соншалықты күшті, тигізетін зардабы арта түседі. Сондықтан, кеміс баланың психикалық дамуы сақталған, зақымданған және әртүрлі деңгейде тежелген психикалық қызметтерден тұрады.
Көру мен естудің бұзылуы, тиісті анализаторлардың перифериялық бөліктерінің зақымдануы мен жетілмеуімен байланысты. Мұнда анализаторлардың орталық бөліктері, әдетте сау сақталады, ал олардың қызметінің бұзылуы немесе өзгеруі депривациямен (пайдаланылмау) байланысты болуы мүмкін. Қимыл-қозғалыс патологиясында, мидың басқа бөліктері сақтала отырып, тек анализаторлардың эфферентті бөліктерінің локальды зақымданғаны байқалады.
Сөйлеу патологиясының табиғатын қарастырғанда, мидың сөйлеуден басқа қызметтерге жауап беретін бөліктерінің сақталатындығы туралы айтылады. Ал, сөйлеуге қатысатын спецификалық тілдік аймақтар, әртүрлі деңгейде зақымданады.