Қазақ жазуының тарихы

Қарастырылатын сұрақтар:

1. Көне түркі жазуы

2.Орхон ерсерткіштері

3.Талас ескерткіштері

4.Енисей ескерткіштері

5. Көне ұйғыр (манихей) жазуы

Көне Түркі жазулары немесе Көне түркі алфавиті – дыбыстық жазу түрі, яғни сөздегі дыбыстарды таңбалап жазады. 

Негізінен 6-10 ғасырларда үлкен аймаққа таралған Көне Түркі жазуларын

 ғалымдар үш топқа бөліп қарайды: 

1. Орхон ескерткіштері

2. Талас ескерткіштері. 

3.Енисей ескерткіштері

 Орналасу жері болмаса, бұлардың қолданылған жылдарының айрмасында және жалпы жазу таңбаларының қолданылуы арасында елеулі айырмалар жоқ. Алайда Түркі жазбаларының жазылу мерзімдеріне қарағанда алғашқы Енисей-Лена бойынан, Сібірден, Байкал аймағынан Монғолия далаларына, Орхон жеріне, одан Қазақстан мен Қырғызстан, Шыңжаң жеріне қарай біртіндеп таралғанын көрсетеді. Ал жазылу үрдісі, таңбаларының қолданылуы ұқсас, оқылуы біркелкі. 

 1. Енисей ескерткіштеріне Енисей бойынан және Тува, Хакас, Алтай республикаларының (бәрі де Ресей құрамындағы Түркі республикалары) аймағынан және Ресейдің батыс сібірде орналасқан Жаңасібір (Новосибирск) облысы мен Ертіс бойынан табылған жазулар жатады. Бұл ескерткіш тілін  Малов 5-6 ғасырдағы түркі тіліне, В.Томсен  мен Мелиоранский 6-7 ғасыр түркілер тіліне,  В.Радлов 7-8 ғасыр түркілер тіліне тән деп көрсетеді.Ал Кызласов бұл ескерткіштерді 9-10 ғасырда жазылған деген пікір білдіреді. Енисей жазу ескерткіштері Орхон жазу ескерткіштеріндей көлемі жағынан өте үлкен емес. Олардың ең үлкені Уйбат өзенінің бойынан  табылған.  Убайт 3 деп аталатын ескерткіш 478 таңбадан тұрады.  Енисей алқабынан бүгінге дейін ірілі-ұсақты 145 ескерткіш табылып отыр.  

 2. Талас ескерткіштері. Бұл аймақтағы жазулар Оңтүстік Қазақстан, Жетісу, Сыр бойы мен Қырғызстан аймақтарына таралған, соның ішінде көп шоғырланған жері қазіргі Жамбыл облысында. Қолданылған мезгілі бірыңғай 8 ғасыр. Ескерткіштердің жалпы саны шамамен 20 шақты.

  3. Орхон ескерткіштері. Монғолиядағы Орхон, Селенг, Тола өзендерінің бойынан, Алтай тауының айналасынан табылған ескерткіштер және Ресейдегі Минусинск ойпатынан табылған ескерткіштер жатады. Қолданылған мезгілі 7-8 ғасырлар. Ескерткіштердің жалпы саны 30 шақты. Тасқа жазылған сына жазулардың  ішіндегі ең көлемді, ұзақ мәтінді жазбалар осы топқа жатады. Бұның ішінде тарихи құндылығы жағынан «Құтлығ қаған», «Білге қаған», «Күлтегін», «Тоныкөк», «Күлі Чор» және «Мойын Чор» ескерткіштерінің орны ерекше. Яғни Көне Түркі жазулары 5-8 ғасырлар аралығында Сібір, Монғолия, Шыңжаң, Қазақстан, Қырғызстан және Оңтүстік Ресей жерінде кеңінен қолданылғаны туралы қорытынды шығаруға болады. Бұдан басқа қазіргі ғылымға көне Түркі жазуларының Тибет аймағындағы және еуропалық далаларындағы нұсқалары белгілі.  

Жалпы көне түркі жазба ескерткіштері  тарих қойнауынан 1662 жылдардан бастап зерттеле бастады: М.Жувейни, Н.Витзен, С.Ремезов, П.Паллас, Г.Спасский. Алайда құпия жазу (руникалық жазу) өз сырын ашпады. Арада 231 жыл өткенде, яғги 1893 жылы  Дания ғалымы  Вильгельм Томсен  мәтіндерді алғаш оқып, бұл жазудың иесі түркі халықтарының ата-бабалары екенін әлемге паш етті. 

Томсеннің жолымен көптеген түркітанушы-ғалымдар шығып, қалыптасты: В.Радлов, П.Мелиоранский, С.Малов, Ғ.Айдаров, С.Аманжалов,  А.Аманжолов. және т.б.  Орыс түркітанушылары  бұл жазуларды аударып, көп зерттеді. Оған 20 ғасырда Түркі елдерінің ғалымдары – татар, өзбек, түрік, қазақ, әзірбайжан зерттеушілері қосылды. Томсен ең алғаш рет «Түрк» және «Теңрі» сөздерінен бастап оқыған екен. Бұл жазулардың жалпы көлемі ұзақ. Қазіргі өлшеммен алғанда орта көлемдегі кітапты құрайды. Көптеген тарихи, мәдени, жағраппиялық, саяси деректер бар, сол кездегі халықтың өмірінен, таным-түсінігінен, дүниетанымы мен салт-дәстүрінен хабар береді. Тарихи оқиғалар тізбегі Ұлы қағандардың жорықтары жыраулық-жорықтық үлгідегі әдемі, көркем тілмен баяндалған. Сондықтан көптеген зерттеушілер оларды Көркем шығармаларға жатқызады. Жазбаларды Көне Түркілер мен Көк Түркілер дәуіріндегі болған оқиғалар сипатталып, жағрапиялық атаулар, сол кездегі тайпалардың атаулары мен оналасу, таралу аймағы көрінеді. Өкініштісі, Түркі жазба ескерткіштері Ұйғыр қағандығы кезінде аяусыз қиратылған.

    Бүгінге дейін белгілі жазба ескерткіштердің көпшілігінде жазылған уақыты белгіленбеген.  Сондықтан ғалымдар жазудың шығу уақыты мен қолдану мерзімін әр түрлі айтады.  Сонымен бірге алфавиттің  шығу тегі туралы да пікірлер өте көп.  Мысалы Блоше деген ғалым  түрік жазуына қытай жазуының әсері болған дейді. Алайда руникалық жазудың  қытай йероглифті жазуына  ешқандай қатысы болмай шықты. Ремюза  скандинавия жазуына, Спасский қалмақ, моңғол жазуына , Клапрот грек жазуына, Аспелин фин-угор жазуына жатқызды. Фин ғалымдары өз ата-бабасының жазуы  ма деп көп зерттеді. 

    Профессор А.Аманжолов түркі жазуының негізін көне  грек жазуынан алған жоқ па деген пікір білдірген еді. Алайда қазір О.Сүлейменовтің ассирия әліпбиі негізінде  жасалған деген пікір үстем болып тұр. Көне ассириявавилон жазуының 22 таңбасы ұқсас келеді. Осы негізді алып, данышпен түркілер 35 әріпке жеткізіп, үндестік заңына келтіріп, теңдесі жоқ әліпби шығарған. Ол жазу қалай келді.  Б.з.д. 6-4 ғасырларда дамыған ассирия мемлекеті жауларынан қорғану үшін жауынгер сақ  әскерлерін жалдап алады. Ол әскерлер жауын жеңіп беріп қайтарда осы әліпбиді ала кетеді, де өңдеп, жаңа әліпби жасап алады.   

Есік қорғанынан табылған  табылған 26 таңбалы  жазу  соның алғашқы қолданысы болған. 

    Көне түркі алфавитте  35 әріп бар.  Жазу бағыты оңнан солға қарай көлденең жазылатын болған.    Көне түркі әліпбиі сонымен бірге өте жетілген әліпи  болды. Академик . Бартольд  бұл әліпби  түркілерге өте тиімді  әліпби болғанын атап көрсеткен еді. Бұдан басқа тікелей қазақ халқының қолданған әліпбилері (көне ұйғыр, араб, латын, орыс) тілімізге жат, сыртынан танылған бөтен әліпбилер болды. 

    Көне ұйғыр (манихей) жазуы.  Көне Түрік қағанатын құлатып, орнына келген Көне ұйғыр қағанаты да түркі тайпаларынан  тұратын еді. 

Көне ұйғыр қағанаты 745 жылы құрылып, 840 жылдары қырғыздар тарапынан құлатылды. Алғашқы қағаны Мойын Шор болды. Олар да көне түркі жазуын жалғастырды. Ұйғыр мемлекетінің кезекті қағаны Бөгі 759 жылдары  Сирия жақтан келген манихей дінінің уағыздаушысын тыңдап, ол дінді қабылдайды.  Дінмен бірге жаңа соғды әліпбиіне негізделген манихей  жазуын қабылдауға тура келді.Түркі тілінің  дыбыс жүйесіне сәйкес келмейтін жат жазу көп ұзамай  теңдесі жоқ қолтума көне түркі әліпбиін ығыстырып  шығарды.  Сөйтіп, көне түркілердің ұрпағы  екі асыл нәрсесін мәңгіге жоғалтты: бірі —  Тәңір діні болса, 2-шісі көне түркі руникалық әліпбиі. 

    Білімге зейінді  түркілер бұл жат әліпбиді де  меңгеріп алды.  Оны араб жазуы келгенше (10 ғасыр) қолданды. «Құдадғу білікті», «Оғыз намені» аударды. Білге қаған,  Тэон, Сэврей, Бөгі қаған, Терхин  ескерткіштерін қалдырды.  Көне ұйғыр (манихей)  жазуы жоғарыдан төмен қарай жазылды. Барлығы 23 әріптер тұрды. Және әріп сөз басында, ортасында, аяғында  үш түрлі жазылатын болған. Араб саяхатшысы Мубарак-шах бұл жазуды  түркілер бекер қабылдаған деп жазды. 

    Кейін Шыңғыс хан бұл жазуды наймандардан алып, моңғол ұлысының жазуы етті. «Моңғол бітіг» деп атады. Қазіргі Моңғолия осы жазуға қайта көшу үстінде.  

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

1. Қайдаров Ә., Оразов М. Түркітануға кіріспе. – Алматы, 1985.

2. Аманжолов А.С. Түркі филологиясы және жазу тарихы. – Алматы, 1996.

3. Айдаров Ғ. Көне түркі ескерткіштерінің тілі. – Алматы, 1986.

4. Орхонские надписи. Кюль-Тегин, Бильге-Каган, Тоньюкук. МКА. – Семей, 2001.

5. Құрышжанов Ә., Томанов М. Орхон-Енисей жазу ескерткіштерінің зерттелуі.  –  Алматы, 1964.

6. Малов С.Е. Памятники древнетюркской письменности. –М-Л., 1951.

7. Кононов А.Н. Тюркская филология в СССР (1917-1967). М., 1968.

8. Насилов В.М. Язык орхоно-енисейских памятников. – М., 1960.

9. Севортян Э.В. Этимологический словарь тюркских языков. – М., 1978.

10. Гумилев Л.Н. Көне түріктер. – А., 1994.

11. Бартольдт В.В. Тюрки. 12 лекций…–  А., 1993. 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *