«Батыр Баян» поэма

БАТЫР БАЯН
Бірінші  тарау

 Жүрегім, мен зарлымын жаралыға,
Сұм өмір абақты ғой саналыға.
Қызыл тіл, қолым емес, кісендеулі,
Сондықтан жаным күйіп жанады да.
Қу өмір қызығы жоқ қажытқан соң,
Толғанып қарауым сол баяғыға.
Түйіннің тоқсан түрлі шешуі бар
Әдемі ертегідей баяғыда.
Әдемі өткенді ойлап айнымасам,
Сұм өмір күшті уын аяды ма?

 Ертегі уатпай ма баланы да,
Сөз сиқыр ғой, жазбай ма жараны да?
Ақын да бір бала ғой айға ұмтылған,
Еркімен өзі-ақ отқа барады да.
Жай тақтақ жабайыдан жол қалғанда,
Қанды ор боп ақын жолы қалады да.
Ойлайды, күңіренеді, толғайды ақын,
Күрсініп көзіне жас алады да.
Ақында адамзаттан дос болмайды,
Жалғыз-ақ сырын сөйлер қаламына. 

Мен де ойды ағытамын қаламыма,
Арқаның көз жіберсем алабына:
Сарыарқа – сары дария, қиыры жоқ,
Көз болсын қандай қыран, талады да.
Ішінде сары дария көз тоқтатар
Көкшетау – Сарыарқаның аралы да.
Көкшеде күні кеше қойдай өрген
Түрлі аң: бөрі, бұғы, маралы да.
Айрылып асау, ерке аңдарынан,
Көкшенің тас жүрегі жаралы да! 

Арқада жер жетпейді Бурабайға,
Бөленген бұйра сыпсың қарағайға.
Бұлт құшқан мәңгі мең-зең Көкшетауға
Бөлектеу: «Ой, бауырым!» – дер анадайда.
Оқжетпес найза қия – қыранға ұя,
Қарасаң, жанның шері тарамай ма?
Солардың ортасында Бурабай көл
Мөп-мөлдір, дөп-дөңгелек ұқсайды Айға.
Бурабай – Арқа аралы, жер еркесі,
Ертеде қоныс болған Абылайға.
Бауырында Бурабайдың қалың ағаш,
Көкшенің жалыменен біткен жалғас.
Арудың ақпен өрген тұлымындай
Қарағай, қызыл қайың, тал аралас.
Ертеде жел өтпейтін қызыл ағаш,
Дариға, бұл күндерде жап-жалаңаш!
Қабірінен әулиенің алашқа артық,
Ертеде Абылайға орда болған ағаш.
Ордасын сол ағаштағы Абылайдың
Меккедей тәуеп қылған тамам алаш.
Қиын күн туған алаш баласына,
Шұбырып жапанның сар даласында,
Кез болған, жаудан үркіп, «Ақтабанға»,
Дұшпанның қалғандай боп табасына.
Арқаға аяқ салып, түскен барып
Екі оттың – орыс, қытай арасына.
Күндерде сонау қара, тапсырған ел
Тағдырын Абылайдай данасына.
Сол күнде ел қорғаған Абылайдың
Қылсаң да аз қанша тәуеп моласына.
Алыстан орыс, қытай – ауыр салмақ,
Жақыннан тыншытпайды қалың қалмақ.
Артында – ор, алдында – көр, жан-жағы жау,
Дағдарған алаш енді қайда бармақ?
Сол кезде елге қорған болған Абылай,
Көп жаудың бірін шауып, бірін арбап.
Күндердің бір күнінде хан Абылай
Қалмаққа (ойына алды) ойран салмақ.
Ханынан «Аттан!» деген сөз шыққан соң,
Ордаға батыр, билер келді андап.
Жиылды өңшең ноян ығай-сығай,
Байжігіт, Тасболат пен би Толыбай,
Ту баста Абылайды хан көтерген
Қамқоры Қарауылдың шешен Қанай,
Ашуы жауған қардай, шөккен нардай
Қарт қыран Қанжығалы қарт Бөгенбай,
Бөкеңнің жас жолбарыс жеткіншегі
Аузынан жалын шашқан жас Жанатай,
Найзасын нажағайдай ойнататын
Жас барыс бәсентиін Сарымалай. 

Балталы, екпінді оттан Оразымбет,
Сырғалы, шапшаң оқтан ер Елшібек,
Өзіне тірі жанды тең көрмейтін
Тәкаппар Қошқар ұлы ер Жәнібек,
Қалданға ханмен бірге тұтқын болған
Жолдасы Абылайдың батыр Жәбек,
Майданда от шашқандай оқ шашатын
Сырттаны Бәсентиін ер Сырымбет –
Осындай өңшең көкжал жиылысты
Күңіреніп жолбарыстай: «Жау қайда?» – деп.
Әрі ақын, әрі батыр Қарабұжыр,
Айтатын өрлеп барып аспанға сыр.
Бұқар мен Тәтіғара жырлағанда,
Толқынды тұңғиық боп төгілер жыр.
Осылай думанменен күндер өтіп,
Батырлар ерікті енді жатқанға құр.
Аттан деп әлі айтпаған Абылайға
Көкжалдар дей бастады: «Жүр енді, жүр!»
Алайда Абылайдан сөз болмады,
Сондықтан бұғып, бықсып туды күбір. 

Жиналған өңшең бөрі Бурабайға,
Алаштың Кебесіндей ізгі жайға.
Батырлар бұғаудағы арыстандай,
Абылай тұңғиық бір терең ойда.
Бәрі де ел қорғаны – батыр, билер,
Аттанбай тек жатудан таппай пайда:
«Жүрелік, жау басынар!» деген сөзбен
Салады Қанай биді Абылайға.
Би Қанай: «Бұ қалай?»– деп бастағанда,
Абылай сұрайды одан: «Баян қайда?
«Қанайым, ойың удай, тілің шаян,
Амал не, келген жоқ қой батыр Баян.
Көп жаудың албастысы, ел еркесі
Баянның батырлығы алашқа аян.
Баянның аруақты құр атынан
Көп қалмақ болмаушы ма ед қорқақ қоян?
Наркескен, өрттей ескен, қайтпас болат
Баянсыз қанатымды қалай жаям?!
Би Қанай! Аттанбайды хан Абылай,
Келмесе қандыбалақ батыр Баян!» –
Деген соң ойы теңіз хан Абылай,
Аяңдап батырларға қайтты Қанай.
Байлаулы бөрілерді аза қылмай,
Кестелеп, сөзбен сипап айтты Қанай.
Күңдеу ме, көтеру ме, кім біліпті,
Батырлар десті жалғыз: «Баян бала-ай!»
Көкшенің бауырында өңшең көкжал
Күңіреніп күтіп жатты күндер талай.
«Жау!» десе, жатпайтұғын батыр Баян,
Апырм-ай, келмеуінің мәні қалай? 

Жас Баян жауды талай көрмеп пе еді,
Сорғалап сұңқардайын төнбеп пе еді,
Майданда жолбарыстай жалғыз ойнап,
Сан қолға аш бөрідей кірмеп пе еді?!
Жебесі көбе бұзып, жүректі үзбей,
Найзасын, сірә, шалғай сермеп пе еді?
Бірін айт, бәрін айт та, басқа батыр
Баяндай «алашым!» деп еңіреп пе еді?
Бұл жолы кешігуі жай емес қой,
Тұлпарым кез болды ғой орға, тегі! 

Арқада бір өзенді дер Обаған,
Сол жерде азғана Уақ қоныс қылған.
Уақтың ерте күнде өжет-қайсар
Ер Көкше, Ер Қосайдай ері болған.
Сол ері ерте күннің – Ер Көкшенің
Нәсілінен қайтпас алмас Баян туған.
Баянның ер ағасы батыр Сары,
Қос қыран тізе қосып жауын қуған.
Айналып оны айт, мұны айт, Баянды айт,
Ер Баян алашының бетін жуған. 

Ол күндер аз қазақ пен қалың қалмақ
Қыран мен қара құстай алысқан шақ.
Баласы алты алаштың Абылайдың
Астында ақ туының табысқан шақ.
Қазақтың батырлары бәрі қыран,
Сонда да бір батыр жоқ Баяндай тап.
Жауының бір жорықта бір сұлуын
Ер Баян алып қайтқан артына сап.
Баянның алып қайтқан сол сұлуы –
Балдырған бөбек дерлік, он төрт жаста-ақ.
Сол сұлу сұлу екен атқан таңдай,
Бір соған бар сұлулық жиылғандай.
Торғын ет, шапақтай бет, тісі меруерт,
Сөздері – су сылдырлап құйылғандай.
Бір улап көз қарасы, бір айнытқан,
Жұлдыздай еркелеген сөнбей-жанбай.
Лебізі – жібек лебі, жұмақ желі,
Кәусардай татқан адам қалар қанбай.
Шын ер ғой батыр Баян алып қайтқан
Еліне сол сұлуды, естен танбай.
Ер Баян жас сұлуды алып келген,
Сұңқардай бабындағы сұқсыр көрген.
Қан жауып екі көзін, қанды балақ
Ілмекке қоңыр қазды көңіл бөлген.
Марал бар оққа ұшпайтын, тым сақ бірақ
Кезеңде кез келсе де қандай мерген.
Болмасын жас сұлудың білгеннен соң,
Ер Баян қарындас қып, ерік берген.
Алайда ар алысқан жүрегімен
Теңізде алысқандай күшті сеңмен.
Қалмақтың қайсар қызы қайрылмаған,
Болаттай жасу білмей, майрылмаған.
Жап-жас қыз сұмдығы мол, сыр бермейді,
Жандай-ақ ойдан аулақ қайғырмаған.
Алаштың аруы боп кетсе дағы,
Жанымен өз жұртынан айрылмаған.
Сұм сұлу анадайдан «ағатайлап»,
Баянда жан қоймаған жандырмаған.
Сонда да сыр шығармай батыр Баян,
Жастық қып жанын естен тандырмаған. 

Осылай іштен күйген батыр Баян,
Баянның батырлығы алашқа аян.
Баянның інісі бар он бес жаста –
Бөрінің бөлтірігі – бала Ноян.
Ноянның бар ақылы білегінде,
Билеген асау жүрек, қайнаған қан.
Келгенде-ақ сұлудың бір қарауынан
Ноянның жүрегінде ұшқын туған.
Сол ұшқын өртке айналып, жап-жас Ноян
Алысып жүрегімен, аласұрған.
Жастықта жалынданып сүйген қандай! 

Баладай өксіп жылап, күйген қандай!
Көрмесең жан-жарыңды өлгендей боп,
Қайғырып күлден кебін киген қандай!
Кеудеңе жан кірмей ме, көзің шалса,
Өмірің жаңа ағарып атқан таңдай.
Кеудеңді қасиетті сәуле кернеп,
Жүрегің сол минутте жарылғандай.
Не дерсің салпаң құлақ есектерге,
Өгіздей өмір сүрген сүймей-жанбай!
Ноян да сол сұлуға – тәтті балдай,
Мөлдіреп қараушы еді көзі талмай.
Мас болып, дене түгіл, жаны елжіреп,
Жұтқандай сол сәулені демін алмай.
Алайда бұзық ойдан аулақ еді,
Сұлуға Тәңірі көріп табынғандай.
Жанса да жап-жас Ноян, сұм сұлу қыз
Көп заман жүрді бірақ көз де салмай.
Сонда да кейбір кезде ақ бетіне
Бір нәрсе жүгіруші ед  ыстық қандай. 

Айға алтын Күн нұрынан сәуле бермек,
Шалқыған махаббат-от аспанға өрлеп.
Жүрегін өзі сүйген отты жүрек
Оятпақ тас болса да, зарлап тербеп.
Басында сыр бермеген сұм сұлуға,
Біраздан бола бастар күлкі кермек.
Нояннан о да көзін алмас болды,
Күйдіріп жас жүрегін жалын кернеп.
Шешілді екі жастың жұмбақтары,
Екеуі бір іңірде сайда кез кеп… 

Сиқырлы гүлге оранған жібек майда,
Сылдырлап сылқ-сылқ күлген терең сайда
Ерке өзен жанын өртеп, жармен ойнап,
Сүйгізген ақ бетінен күміс Айға.
Сондай бір жібек кеште жаны өртеніп,
Екеуі «әй!» дескендей барған сайға.
Аулақта сүйіскен жан ұшырасса,
Еріксіз тамырларға у тарамай ма?!
Анттасып, айрылмасқа сөз байласып,
Бастық деп Арсыға адым санамай ма?
Жас Ноян қызды көріп от боп кетті,
Көздері қызыл жалын шоқ боп кетті,
Жер мен көк, Ай, жұлдызды тұман басып,
Бір қыздан басқа нәрсе жоқ боп кетті.
Келді де қызға жалын сөздерімен
Шығарды жан ұшырып іштегі өртті.
Бір күйіп, бір суынып, бір елжіреп,
Біресе жас баладай жасын төкті.
Өртемей отты жүрек қоймақ па екен,
Тақады сұлу қыз да бетке бетті.
Қыз сонда: «Ноян бауырым – Кебем!– деді,–
Мен сенің сүйгеніңе сенем,– деді.–
Сүйемін мен де сені, Тәңірі куә,
Тән түгіл, жаным саған берем!– деді.–
Нояным, бірақ сенен қалауым бар»,–
Деді де, сұлу ойға тереңдеді.
Сұлудың сырға толы торғын беті-ай,
Бетінде ешбір толқын көрінбеді.
Біраздан көздеріне жас мөлдіреп,
Жас сұлу жылап тұрып күлімдеді. 

Қыз сонда: «Қалауым бар, Ноян батыр,
Адасқан аққу құстай мен бір пақыр.
Арқаның аруы боп жүрсем дағы,
Алыста туған, өскен жерім жатыр.
Өткізген балаусадай бөбек күнім,
Барқыттай белес-белес белім жатыр.
Айбынды арыстандай құмда кезген,
Күңіреніп қалың қалмақ елім жатыр.
Барқыт бел, қашқан қалмақ қалсын адыра,
Ата-анам – айым менен күнім жатыр.
Ер Баян біздің елге барған еді,
Көп қойға көкжал ойран салған еді.
Бөбегін шырылдатып ап кеткенде
Ата-анам жылап-зарлап қалған еді.
Сорлы анам көкірегін көкке сауып,
Қан жылап менен бір ант алған еді.
Ол анты: «Елдің шетін, анаң бетін
Бір көрмей, қозым, ерге барма!» – деді.
Анама сөзім – анау, өзім – мынау,
Жас Ноян, жүгінемін ер деп сені.

Көр болсақ, көрді көрмей, Тәңірі оңдай ма,
Ер Баян неге батқан терең ойға?
Мен сорды көргеннен-ақ сүйген Баян,
Қосылсақ, Баянға ауыр дерт болмай ма?
Биікке кетпей киік, ойда ойнаса,
Ашулы арыстанға мерт болмай ма?
Екеуміз Сарыарқадан сапар қылсақ,
Қатерсіз қосылуымыз берік болмай ма?
Қаны бір ел еді ғой қазақ, қалмақ,
О да бір саған туған жұрт болмай ма?!» – 

Деп сұлу сыбырлады сиқыр сөзін,
Толтырып меруерттей жасқа көзін,
«Шыдашы, кәне күймей!» –дегендей-ақ,
Ноянға тақап тұрып жалын жүзін.
Жас Ноян жас қанына тұншыққан соң,
Ұмытпай тұрсын қалай өзі-өзін!
«Жарайды, даярмын!» – деп айтып салды,
Ойланып бір минут та қылмай төзім.
Сол сайда уәделерін бекітісіп,
Екеуі аймаласты ыстық жүзін.
Сол уақыт мезгіл екен дәл таң алды,
Төзім қып албырт Ноян күтпей таңды,
Жүгіріп жан ұшырып жаяу барып,
Жылқыдан екі жүйрік таңдап алды.
Азырақ азық алып, қару-жарақ,
Жүйрікке әсем әбзел тұрман салды.
Сөйтті де Сарыарқамен есендесіп,
Екеуі ескен желдей кетіп қалды.
Кетті олар. Сәске болды, ауыл тұрды,
Алдымен Ер Баянға хабар барды. 

Боз үйде жатыр екен Баян жалғыз –
Керілген күнге еркелеп жас жолбарыс.
Ауылдың ақсақалы сөзді әкелген
Деп бастап: «Баян-айым, бір масқара іс
Өткен түн болып қапты…»,– деп шұбыртып,
Жаудырды екі жасқа  нәлет-қарғыс.
Алайда жас Ноянды ақтай сөйлеп,
Дей берді: «Қылды-ау бізге қалмақ қар қыз!»
Ер Баян сұп-сұр болып, деді бірақ:
«Жарайды… Бар, ақсақал. Ойланармыз». 

Боз үйде жалғыз қалып Баян енді,
Жаралы жолбарыстай күңіренді.
Қорғасын миын, ойын төмен басып,
Ақылға алғыр құстай ашу төнді.
Бір көк сұр түс енгізіп бар денеге,
Сұм жүрек қанды өзіне жинай берді.
Ақыры ашу ерді билеп кетіп,
Жалп етіп сөнген шамдай ақыл өлді.
Өлді ақыл. Атып тұрып батыр Баян,
Боз үйден оқ жыландай шыға келді.
Ер Баян сол кеткеннен кете барды,
Мініп ап белдеудегі көк тұлпарды.
Дулыға, қалқан, көбе қалған ұмыт,
Белінде жалғыз-ақ бір садақ бар-ды.
Бауырынан Обағанның орғып өтіп,
Арыстан айдалада дүбір салды.
Дауылдай талмай есіп, желдей ұшып,
Түс ауа Жолдыөзекке жетіп қалды.
Кермиық Жолдыөзектің даласында
Алыстан екі қараны көзі шалды. 

Атығай қоныс салған Жолдыөзекке,
Құнарсыз, ащы татыр сорлы өзекке.
Жолдыөзек – жолсыз өзек, құтсыз, отсыз,
Алдымен жау да салған қолды өзекке.
Айрылып байлығынан, көп соққы жеп,
Көз жасы Атығайдың толды өзекке.
Алаштың Асан Қайғы данышпаны
Кетпеген «Қанды өзек» деп тіпті текке.
Ежелден құт дарымай, қағынған жер,
Қайғылы бір іс болды сол өзекте. 

Алыстан екі қара көрді Баян,
Кілегей қара бұлттай төнді Баян.
Ой жоқ боп, жүрек шоқ боп, құр екпін боп,
Сұңқардай сорғалаған келді Баян.
Қыз түгіл, қаны бірге өз бауырын
Танымай қалғандай да болды Баян.
Байланған белде сала садағына
Қалшылдап қалды салып қолды Баян.
Ашуын арыстанның байқаған соң,
Майысып тұра қалды жап-жас Ноян.
Жас Ноян жүйрігінің мойнын бұрды,
Жас Ноян Ер Баянға қарсы жүрді.

Жақындап келіп қалып ағасына,
Түсінен шошыды да, тоқтап тұрды.
Жапанда аға-іні: Баян, Ноян,–
Алып кел көз алдыңа Ай мен Күнді.
Дұрысы – күміс күлген күндіз  бенен
Түнерген қара бұлттай қара түнді.
Алайда ерке бұлан Ноян ұлан
Ашулы ағасына қарап күлді. 

Бір күлді балдырғандай Ноян бала,
Ашылған шешек жарып гүлдей жаңа,
Еріксіз сотқарлығын кешіретін
Еркелеп ерке ұландай күліп қана.
Көрсе де дауыл гүлді – басылмады
Ер Баян арыстандай жаны жара,
Қалшылдап, көзі қан боп, қолын алмай
Байланған садағынан белде сала.
Жас Ноян: «Жан көке!» – деп сөз қатқанша,
Сұлу да жетіп келіп: «Баян аға!» – 

Дегенше, қалды тартып батыр Баян,
Баянның батырлығы алашқа аян.
Оқ тиіп жүрегінен, құлап түсті
Атынан бүктетіліп бөбек Ноян.
Жын шуы басқандай боп, естімеді
«Жан көке, аға!» деген сөзді Баян.
Садағын сол секундте тартты тағы
Бір ашып, бір жұмбай да көзді Баян.
Үстіне інісінің денесінің
Түсірді тағы ұшырып қызды Баян.
Екі жас аттарынан ұшып түсті,
Түскенде бірін-бірі құшып түсті.
Жүректен атып ыршып шыққан қанмен
Жалғыз-ақ «Аһ» десті де, «Жаным!» десті.
Қомағай қара топырақ бүлкіл қағып,
Асығып екі жастың қанын ішті.
Күлдей қу, тұнжыраған түндей болып,
Жия алмай, құр теңселіп, ақыл-есті,
Тұрды да, біраздан соң батыр Баян
Атынан есі ауғандай құлап түсті. 

Бірталай талғандай боп жансыз жатып,
Тұңғиық көмескі көп ойға батып,
Ер Баян есін жиып, екі жасқа
Бір қарап, қара тастай қалды қатып.
Сол кезде сар дала да күңгірт тартты,
Еңкейіп бара жатты күн де батып.
Құшақтап ақ селеуді жылады жел
Өзінің қасірет жырын қоңырлатып.
Құшақтап екі жасты күңіренді ер
Көзінен ыстық жасты сорғалатып. 

Қайғыдан жарылғандай қайран жүрек,
«Уһ-уһ!» деп үзілгендей есіл өзек.
Қасіреті қара түндей Ер Баянның
Алдында бүлдіргендей екі бөбек.
Аузынан уыз шыққан екі жасты
Ер Баян сүйді құшып кезек-кезек.
Жапанда жапа-жалғыз еңіретті ерді
Әлгіде ойды улаған ашу кезеп.
Ашудан бұғып қалған қорқақ ақыл
Күбірлей бастады енді: «Мұның не?» – деп.
Зарланып күңіренді батыр Баян,
Мезгілде күңгірт тартқан кешке таман:
«Кең ақыл, отты қайрат, сырттаным» деп
Ер едім еркелеткен алаш тамам.
Сындырдым азғана Уақ елім белін,
Елімнен кетіп, елді қайдан табам?
Жейтұғын өз күшігін болдым бөрі,
Ісімді мынау ағат немен жабам?
Қарабет болдым алаш баласына,
Ер дер ме енді мені Абылай данам?! 

Жорыққа қу қалмаққа жүрдім неге?
Тобына көк бөрідей кірдім неге?
Тәтті бал, балауса тал жас сұлуды
Көр болғыр екі көзім, көрдің неге?
Садақпен жүрегінен тартып кетпей,
Жыландай бауырыма сап келдім неге?
Әйелдей баса алмайтын жүрек жынын,
Есалаң жүрекке ерік бердім неге?
Буынып сол боз үйден шықпай өлмей,Ъ
Атылып оқ жыландай тұрдым неге?! 

Ойламай, белді бекем будым неге?
Қозымды қас дұшпандай қудым неге?
Майысып Ноян қалқам, ерке марқам,
Қасқиып қарсы алдымда тұрдың неге?
Бауырыма тас жүрегім жібімеді-ау,
Бір ата, бір анадан тудым неге?
Салдырап шіріп қалғыр саусақтарым,
Қанымен өз қозымның жудым неге?
Күнәсіз екі жасты өлтіргенше,
Өлмедім ішіп уын удың неге?!
Сұлу-ай, қалмай маған ердің неге,
Жыландай бауырыма кірдің неге?
Қадалды оқ-кірпігің жүрегіме,
Жүрегім тілім-тілім тілдің неге?
Жұлдыздай аспанда алыс жымыңдаған
Алыстан «ағатайлап» күлдің неге?
Секіріп суда ойнаған шабағымды,
Сұм сұлу, қармағыңа ілдің неге?
Тірлікте бетіңнен бір сүйе алмадым,
Тіл тартып, ерке тотым, өлдің неге?! 

Күй, жүрек! Көл бол, жасым! Өртен, ішім!
Алдымда айнам жатыр бөбек пішін.
Сұм садақ кетсе де үзіп жас жүрегін,
Жойған жоқ құлыншағым ерке түсін.
Сорлы ағаң атып жығып өз інісін,
Иіскейді енді зарлап аппақ төсін.
Тартқанда сынбадың ау, сұм садағым!
Қайтейін, арымадың, арда күшім!
Жоқ, әлде, жоқ, жоқ… Әлде… Өлтірдім бе
Інімді алты алаштың намысы үшін?!

Арқамдай жер жүзінде жер бола ма?
Айбынды алашымдай ел бола ма?
Алашта ертеде өткен екі арыстан:
Ер Көкше, Ер Қосайдай ер бола ма?
Солардың нәсілінен Сары, Баян,
Барыстай ойын салған сар далада.
Інісі Ер Баянның жасық Ноян
Атадан азып туған дер болар ма?
Құл болса бір қыз үшін балдырғаны
Алашқа бұдан да ауыр шер бола ма?!
Дариға, жұбанамын жел ойменен,
Тартпадым сұм садақты бұл ойменен.
Тандырған мені есімнен ғашықтық қой,
Бір тынбай сұр жыландай жаным жеген.
Өз бауыры, өз сүйгенін өзі өлтірген
Болар ма, сірә, сорлы адам менен?!
Алдымда «Көкежан!» деп күліп тұрған
Садаға кетпедім ғой, қозым, сенен.
Ел беті енді маған болсын арам,
Алашым, аттанамын, жауыңда өлем!» – 

Деп зарлап, күңіренді жаралы ер,
Айрылған екі жаннан қаралы ер.
Зарланып көзінен қан тамшылатты
Тұңғиық жанды жеген қап-қара шер.
Жүрегі тас болса да шыдай алмай,
Қамығып, қайғы басып, күрсінді жер.
Молайтып минут сайын қасірет жырын,
Жаныңда өксіп-өксіп жылады жел.
Бозарып бел артынан таң атқанда,
Соққыдан сенделгендей тұрады ер. 

Күміс таң жерге күміс сәуле шашты,
Сәуле мен қараңғылық араласты.
Алыспас адал, арам бекерге ұзақ,
Жеңіліп қараңғылық жылжып қашты!
Сол кезде жаны жара батыр Баян
Үңгір ғып қара жердің бетін ашты.
Жапанда қазған суық тар үңгірге
Көтеріп көмді әкеліп екі жасты.
Топырақ екі жанын жасырған соң,
Ер Баян тағы көл ғып төкті жасты.
Ер Баян көмді екеуін дөң басына,
Түсірмей бір топырақ ортасына.
Ап шыққан қаруларын сүйеп-сүйеп,
Ноянның көмді бәрін өз қасына.
Отырды топыраққа ұзақ басын қойып,
Шомылып қанды ыстық көз жасына.
Аздан соң мінді атына батыр Баян
Сиынып бір жаратқан Алласына.
Жолбарыс жортып кетті бетін түзеп,
Шаңдатып Абылайдың ордасына. 

Жас Баян жауды талай көрген еді,
Сорғалап сұңқардайын төнген еді.
Майданда жолбарыстай жалғыз ойнап,
Сан қолға аш бөрідей кірген еді.
Жебесі көбе бұзып, жүректі үзіп,
Найзасын ылғи дәлдеп сермеп еді.
Бірін айт, бәрін айт та, Батыр Баян
Туғаннан «Алашым!» деп еңіреп еді.
Көкжалдың осы жолы кешіккені,
Осындай тұлпар орға кез кеп еді. 

Екінші  тарау 

Өткен күн таң-тамаша ертегі ғой,
Ерлері ертегінің өрт еді ғой.
Айрылып от екпінді ерлерінен,
Алаштың жанында ауыр дерт еді ғой.
Сонау дерт түгелімен ауып маған,
Дариға, жүрегімді өртеді ғой!
Ер көрмей көрден басқа сұр өмірде,
Шерлі жан шерлі кеңес шертеді ғой.
Жадырап жаным, шерім тарқар еді,
Кеңесім тыңдаушыға сала алса ой.
Күңіреніп ойлағанда алаш жайын,
Жанымды орай берсе улы уайым,
Кеудеме күннің нұры толғандай боп,
Жырлаймын алты алаштың Абылайын.
Арсыға асқандаймын, тауап қылсам
Кебедей Абылайдың Бурабайын.
Күңіренген жырымменен мен разымын
Алаштың жоқтай білсем Баян-айын.
Жырлаймын, күңіренемін өткенді ойлап,
Кеудеме улы уайым толған сайын. 

Кірейін кеңесіме күңіренткен,
Ер Баян жөнелді енді Жолдыөзектен.
Қамшыны көміп-көміп алды батыр
Ашуын алатындай тұлпар көктен.
Мұңайып мәңгі мұңды белдер қалды,
Жынды жел сақ-сақ күліп сүйді беттен.
Жан-жақта жас қайыңдар қала берді
Иіліп әдеппенен сәлем еткен.
Ер жортты. Сәске болды, көзі көрді
Көкшені бал алысқан аспан-көкпен. 

Көкшеде өңшең көкжал аялдаған,
Қырандар қанаттарын жая алмаған.
Ханына Абылайдай: «Болады!» – деп,
Бір берген сөзден елдер тая алмаған.
Ерігіп, әңгіме қып өткен күнді,
Қанішер Болат жайын баяндаған.
Қайратқа құса болған сол қырандар
Алыста қара көрді аяңдаған.
Жақындап қара ордаға келген шақта,
Шықты айқай топтан шулап «Баяндаған!»
Аяңдап топқа тура келді Баян,
Келді де көпке сәлем берді Баян,
Қудай боп құс төресі топ төрінде
Отырған Абылайды көрді Баян.
Басқаға мойын бұрып бір сөз қатпай,
Абылайға балпаң басып жүрді Баян.
Бәйтерек тұңғиыққа төнгеніндей,
Алдында қол қусырып тұрды Баян.
Тұрды да, деді: «Алдияр, сөзім қысқа,
Екенім менің Баян алашқа аян. 

Алдияр, ел ағасы, ханым дана,
Алашқа ауыр күнде болған пана.
Кешігіп, күнәлі боп, енді алдыңа
Келді ерің іші жалын, жаны жара.
Тұңғиық кез болды ғой кешуі жоқ,
Болмаса шыққанда «Аттан!» ер тұра ма?
Талқыға жан жарасын сала алмаймын,
Мәнімді мен айтпайын, сен сұрама.
Тілегім – енді жауға аттаналық,
Қан көрсе, қас қыранда шер тұра ма?!» 

Абылай ерін күткен көптен зарығып,
Қолынан Баян-айын алды тартып.
Алдына отырғызып, күміс кернеу
Керсеннен көкжалына берді сарқыт.
Берді де, бүгіп басын, ойға кетті
Асқардай ой билеген мәңгі қалғып.
Аздан соң көтеріліп, жан-жағына
Қарады жер-жиһанның бәрін тар ғып.
Қарады, қыран сөзі қысқа болды:
«Таң ата жүреміз!» – деп берді жарлық.
Ежелден Абылайда екі сөз жоқ,
Сөз шықты: «Болады!» – деп, тарады топ.
Топ тарап, ат-тұрманын даярлады,
Біраздан дамылдады ел, мезгіл түн боп.
Жібектей жұмсақ жылы жаздың түні
Бұлтымен құшақтады Көкшені көк.
Керілді ерке Көкше күміс Айға:
«Сәулеңді, сәулем, көбірек төкші-төк!» – деп.
Бетінде Бурабайдың ерке толқын
Бір тынбай, күліп жарды сүйді шөп-шөп. 

Түн өтті. Жер шетінде алтын таңды
Жорғалап, жүз бұралып, жел қарсы алды.
Сарғайып сары белден таң атқан соң
Абылай қолға: «Аттан!» – деп хабар салды.
Бәрі де болат тұяқ бедеу мініп,
Батырлар қатар түзеп келіп қалды.
Жөңкіліп күзді күнгі көшкен бұлттай,
Қап-қара, ортасы ой боп, қол қозғалды.
Асырып ертегіше айтқан жанға
Қара нар қайыспайтын – жер шайқалды. 

Жөңкіліп көшкен бұлттай барады қол,
Кейде қол түнерген тау қайғысы мол.
Кей кезде тентек толқын екпінімен
Шу қойып, шабуылдап алады қол.
Шаңы – бұлт, бұлты – шаңға айналған соң,
Атаған ерлер жолын деп «Шаңды жол».
Тартты қол. Қалды өрлер. Қалды белдер.
Бастаған Бұғыбай басшы қол көрмес шөл.
Бірнеше тәулік бойы тынбай тартып,
Қол енді жүрді бойлап бір айдын көл.
Балқаш қой бұл айдыны сылдыр қаққан,
Балқаштың бетін мәңгі меруерт жапқан.
Қаратал, Аягөзбен – екі көзі,
Еркесі – Іле өзені ұзын аққан.
Басы егіз ерке Іленің: Кеңес, Текес,
Тәңірінің тентек Текес дәмін татқан.
Бойында сол Іленің қалың қалмақ
Абайлап Абылайды күтіп жатқан.
«Қайда,– деп,– қазақ!» бұрын желіккен жау
Көрген соң көп қазақты ойға батқан.

 Қазақтың қалың қолы ерлер кілең,
Батырды көп қалмақты ойға терең.
Қазақтан қулықпенен құтылмаққа
Кеңесті қос қоңтайшы: Ұса, Серен.
Жіберді, кеңесті де, жеті қалмақ,
Сөздері: «Абылайдан бар да тілен!
Ағаттық бізде болды, кешсін Абылай.
Ақ отау, айдаған мал – бәрін берем.
Тағы да ер басына бір ару мен
Қара нар – айыбымыз, қалы кілем». 

Жеті елші осы сөзбен келген ханға,
Қаратып өз жауабын ертең таңға,
Салады мынау сөзді хан Абылай
Би-батыр, қасындағы көп қыранға.
Салса да, алдыменен өзі айтады:
«Түспеспіз, тірі болсақ, алдағанға!
Күні ертең не бергенін жолдан алып,
Қалғанын алсақ қолдан арғы таңда
Ерлерім, ойым осы!– деді Абылай,–
Бұл ойды теріс дейтін адам бар ма?» 

Абылай айта қалса істің жайын,
Би-батыр теріс дей ме Абылайын.
Қалың топ тым-тырыс боп тұрған шақта
Дегендей: «Ерік иеде, біздер дайын!» –
Ерлігі алашқа аян батыр Баян
Тұрды да, деді: «Алдияр Абылайым,
Мергеннің мылтығына қарсы жүрмес,
Қырдағы адам түгіл, құландайын.
Сөзімді не кектерсің, не жұптарсың,
Ойыңды теріс дейді Баян-айың! 

Талқыға салмай шындық табылмайды,
Құл ғана қожаны ылғи қабылдайды.
Қу қалмақ күні кеше алдамап па ед,
Шоңқитып Ой қытай мен Өр қытайды?
Қытаймен күні бүгін жалғаспаса,
Қытайға қалмақ неге қанат жайды?
Абылай артық туған неге ұмытсын,
Қазаққа қалмақ сыры аяндай-ды.
Қалмақтың қарты түгіл, қалшасы да
Алдатпас, алдап кетер Абылайды!» – 

Тоқтады Баян. Абылай тағы өз сөзін
Қайта айтты, біраз шытып қарлы жүзін.
Хан да екі, Баян да екі қайырысты,
Алмастан бір-біріне тіккен көзін.
Жиналып көздеріне қызыл жалын
Қалса да, сыр беріспей, қылды төзім.
Қалың топ хан ашуын байқаған соң,
Ағытты «әрине» деп сөздің бөзін.
Шешілді сөз, қол енді күтіп қалды
Елшінің ертеңінде келер кезін. 

Алты алаш Абылайдай арғымағын
Алаштың аруағына пар қылатын.
Бетіне Абылайдай ардагердің
Келуді алты алашқа ар қылатын.
«Бетіне келген жанды соғар кие!» –
деп жырау, жауырыншылар жар қылатын.
Баянның сөзін естіп кәриялар,
Ішінен ерін аяп: «А шырағым!–
десті де күрсінісіп, кесіп қойды:
Қайтад,– деп,– осы жолы, Баян, бағың!» 

Серпілді соныменен кеңес енді,
Қол күтіп жатып қалды келер күнді.
Жібектей жылжып өтіп жаздың түні,
Таң құлан күн шығыста иектенді.
Алтын Күн алыстағы арайынан
Жарқырап шығып жерге сәлем берді.
Қол тұрды, ауқаттанды, хабар күтті,
Ерлердің еріккені аңға жүрді.
Қол күтті, уақыт өтті, ерікті ерлер,
Ауыр ой биледі Абылай кемеңгерді. 

Қол күтті, уақыт өтті. Күн батар шақ,
Жерде еді қой көшіндей қалың қалмақ.
Кең ойлы Абылайдай данышпанды
Қу қалмақ кеткені ме шын-ақ алдап?!
Күн кірді арайына, шапақ батты
Қап-қара толқындарға толды жан-жақ.
Қол тынған бір толқынсыз тұңғиықтай,
Мүшкіл боп, Абылайға бір сөз салмақ.
Іңірдің соңын ала хан Абылай
Серпіліп, ерлеріне қылды жарлық. 

Ерлерін жиып Абылай – ел ағасы,
Сұрайды: «Мынау істің не шарасы?»
Қырандар әрі-бері толқысқан соң,
Қанайы Қарауылдың – топтың басы
Саңқылдап суырылып сөйлей берді:
«Қытайдың қол ұсыным шекарасы.
Қалмақты Қытай кірген зерттер болсақ,
Қазақтың бірі қалмай мерт боласы!..»
Тұнжырай қалса дағы хан Абылай:
«Қайту!»– деп сөздің болды бітуанасы. 

Таң ата қол қозғалмақ кейін қарай,
Ұрылған көңілі қаяу хан Абылай.
Қол жатқан, жым-жырт басқан, Тәңірі таяу,
Жалғыз-ақ жатқан ояу Баян бала-ай:
«Апырым-ай, алаш арын жоқтамастан,
Жөңкіліп бұл қайтудың мәні қалай?» –
деді де, атып тұрып топ ішінен,
Ерлерден от екпінді, жолбарыстай
Жүз жасты жолдас қылып, тарта берді
Таң ата: «Қайдасың,– деп,– қалың Қытай!» 

Қол қалды. Жүз жолбарыс майданды ойлап,
Тартады шабуылмен Іле бойлап.
Алдында ақ сұңқардай батыр Баян,
Екпіні қауға тиген өрттей ойнап,

Бедеулер болат тұяқ желден ұшқыр
Алысып, ауыздықты қарш-қарш шайнап.
Сәскеде сағымменен көрді Баян
Көп қалмақ Іле бойын жатқан жайлап.
Жүз бөрі аз дамылдап алысты да,
Ат қойды қалың жауға «Абылайлап». 

Жүз қыран мың сан қолға араласты,
Орғыған асқар таудан судай тасты.
Шыдамай жүз екпінге, шулай беріп,
Қалмақты ә дегенде қара басты.
Аздан соң есін жиып бөріккен ел,
Қару ап, қара құрттай құжынасты.
Аз болса, бір қазаққа жүз қалмақ кеп,
Ат қойып, қиқу салып, қамаласты.
Тер саулап тебінгіден, қылыштан қан,
Шаң, түтін будақ-будақ аспанға асты. 

Аз қазақ көп қалмаққа салды тойды,
Көк аспан қара түтін шаңға тойды.
Алдаспан ажалменен бәсеке боп,
Қанішер қайқы қара қанға тойды.
Жып-жылы адам қаны бүлкіл қағып,
Қуалап жылжи берді ойдан-ойды.
Көк көбе шүберектей шұрқ-шұрқ болып,
Жыртқызды ерлер дал-дұл тұла бойды.
Анадай дөң басында Ұса, Серен
Қуыршақ құдайына қасқа сойды. 

Шаңқай түс. Қызыл-жалын бір жел ескен,
Зәндем от, әуе айналып жерге түскен.
От түбі тоқтап қалған, жылжымайды,
Аспанда жоқ бір жапырақ бұлт та көшкен.
Сол кезде қара бұлттай қалың қалмақ
Қажытты жүз қыранды жаннан кешкен.
Қазақтың көбін аттан түсірген соң,
Қалмақтың қуаныш пен қиқуы өскен.
Сол кезде қалың топтың ортасында
Шықты шу: «Мұнда Баян! Баян!» – дескен. 

Қалың қол ортасында батыр Баян,
Баянның батырлығы алашқа аян.
Екі көз екі қызыл шоқ боп кеткен,
Аузынан көбік болып бұрқырап қан.
Оң-солға алдаспанды сілтегенде,
Бұлақтай қалмақ қанын бұрқыратқан.
Жанында жалғыз жолдас – жас Жанатай
Қансырап, зорға ғана кірпік қаққан.
Түзеліп отыруға халі қалмай,
Қисайып бара жатты құлап аттан. 

Жолдас дер ердің ері-ақ қан майданда,
Жан беріп жолдасы үшін алдаспанға,
Еңкейіп сүйемек боп батыр Баян
Жолдасы Жанатайға айналғанда,
Бір қалмақ еңгезердей көк найзамен,
Білмеген, сірә, тою қызыл қанға,
Қапыда қайран ердің сүбесіне
Бойлатып сұғып тұрып бұлғағанда,
Ер Баян Жанатайды алдына алып:
«Қыларың, қатын қалмақ, тағы бар ма?» – 

Деді де, суырып ап жау найзасын;
«Алаштың аруағы,– деп,– қайдасың?!» –
Жыландай жарқ еткізіп алдаспанды,
Түсірді топ еткізіп қалмақ басын.
Бұлақтай аспанға атып қан шапшыған
Жараға тығып тұрып бармақ басын,
Қасқиып қан майданда тұрып қалды
Қайран ер, қайсар Баян жолбарысым!
Алайда уақыт өтті, құлап түсті
Құшақтап Жанатайдай жан жолдасын. 

Жер мен көк шыр айналып араласты,
Көз алдын қара түтін тұман басты.
Тәтті бір жазғы таңда қалғығандай,
Ер көзін оқтын-оқтын жұмып ашты.
…Көргендей болды ашулы Абылайды,
Қалың қол: «Әне, Абылай!» – деп шуласты.
Тағы ашты жұмған көзін, тағы көрді
Алдында жас ұлан мен Толқыншашты.
Екеуі құшақтасып жап-жақын тұр,
Басымен ишара етіп амандасты. 

Сұлудың сексен сырлы жұмбақ жаны-ай,
Ерніне әлде болса күлкі алғандай.
Жоқ… Күлкі жоқ… бетінде тамшы қан жоқ,
«Ағалап» жанұшырып жалбарғандай.
Жоқ… өзі Жолдыөзекте жортады-мыс,
Алыста екі қара көз шалғандай…
Ұмтылды оқ жыландай… садақ пен қан,
Кезерген ердің ерні қозғалғандай: 

«Көзімнен неге ақпайды қан боп жасым,
Жан беріп, жазғаным ғой жан жарасын.
Кетсе де жаннан жара, қан кетпек пе?
Дариға, жазамнан да күнәм басым!
Күнәмді Тәңірі кешпес, кешер бірақ
Жауыңда жан берген соң алты алашым!» –
Қайран ер аласұрып, жанұшырып,
Көтеріп, көз жұмулы, алып басын,
Жан бауыры жас Ноянға ым қағып ед,
Жас Ноян құша түсті Толқыншашын. 

Екі жас қайғысы мол құп-қу жүзді,
Екеуі құр қарап тұр алмай көзді.
Көкесі жан бергенде, бөбек Ноян
Тұрғаны мәні қалай құшып қызды?
Дариға, беті қара сорлы Баян
Шығарған өз қолымен екі көзді:
«Іс өтті. Ажал жетті. Енді не бар?
Қоштасып, айтысалық соңғы сөзді!
«Келіңдер, қарақтарым, кешіріңдер!» – деп,
Ер Баян әлсіз ғана қолын созды. 

Көз алды енді мәңгі тұман болды,
Жабырлап жан-жағына қалмақ толды.
Баянды балағаттап, ісіп-кеуіп,
Бір қалмақ қалды теуіп созған қолды.
Сылқ етіп, созылған қол жерге түсіп,
Жүзінің бірте-бірте нұры солды.
Баянның басын бірі кесіп алып,
Бұлғады найзаға іліп оңды-солды.
Қуанып қос қонтайшы – Ұса, Серен,
Алғысқа көмді елірген қалың қолды. 

Көңілінен Ұса, Серен кеткен қауіп,
Қуанып, сырнай-керней қылды сауық.
Алайда Абылайдан сескенген соң,
Жөнелді ертеңіне Қытайға ауып.
Алаштың ардагері батыр Баян
Бір қырда қала берді топырақ қауып.
Жаудан да мейірімді боп жылады жел,
Күңіреніп ер денесін құммен жауып.
Іленің толқындары әлі күнге
Айтады ерге жылау ауық-ауық… 

Ерлерді ұмытса да ел, сел ұмытпас,
Ерлерді ұмытса да ел, жел ұмытпас.
Ел үшін жаннан кешіп, жауды қуған
Ерлерді ұмытса да ел, шөл ұмытпас.
Ел жауын зерттеп, өрт боп тынбай жортқан
Ерлерді ұмытса да ел, бел ұмытпс.
Ел үшін төккен ерлер қанын жұтқан
Ерлерді ұмытса да ел, жер ұмытпас.
Арқаның селі, желі, шөлі, белі
Ерлерді ұмытпаса, ел де ұмытпас!

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *