Қазақ халқының ауыз әдебиетінің негізгі бір саласы — айтыс өнері. М.Әуезов «айтыс… өлең жарысы, өнер жарысы… бұл жай айтысушы ақындарды, үлкен жиын топта сайысқа шығарған батырлардай, күреске түсірген балуандардай, бәйгіге қосқан аттардай, бәсеке жарыс қызуына араластырады» деп келтіреді. «Айтыс — уәж, дәлелге құрылған екі қарсыластың ақындық сөз сайысы, өнер бәсекесі». Ол екі адамның сөз жүзінде тартысуы, қағысуы, дауласуы, жарысуы, сынасуы, өнер салыстыруы деген ұғымды қамтиды. Жалпы бұл өнер қара сөз түрінде де, өлең түрінде де дамып, халықтың қоғамдық өміріне, тұрмыс-тіршілігіне байланысты қалыптасқан. «Ең алғаш тұрмыс-салт жырлары «Жар-жар» мен «Бәдіктен» бастау алып, сан алуан асу-кезеңдерден өтіп кемелдене жетілген айтыстың алғашқы үлгілері көпке ортақ жаттанды өлеңдерден тұрса, кейінірек өз жанынан шығарып айтылатын суырыпсалмалылық сипаты басым болып отырады…
Айтыс қазақ даласында негізінен XIX ғасырдың екінші жартысынан бастап айрықша кең өріс алып, мол серпінмен дамыды. Бұған сол тұстағы қазақтың көшпелі өмірі мен әдет-ғұрып, салт-дәстүрі басты себеп болды». Оны тудырған да, дамытқан да ақындар болған. Бұл өнер түрі қазаққа ағайындас, тұрмыс-тіршілігі, шаруашылығы, қоғамдық өмірі ұқсас келетін қырғыз, түркімен, қарақалпақ халықтарында да кездеседі. Айтыстың басты ерекшелігі — оның суырыпсалмалы түрде орындалуы.
Айтыс қай кезендерде де филолог, фольклортанушы және саяхатшылардың назарынан тыс қалмады. Оның әр-түрлі үлгілерін қазақ арасынан XIX ғасырдың екінші жартысынан бастап В.Радлов, Ш.Нұрмағамбетұлы, Т.Сейдалин, С.Жантөрин, Ж.Шайхысламов, Ә.Диваев, С.Сейфуллин және т.б. жинап, жарыққа шығарса, солармен қатар, құнды ойлар мен деректер А.Васильев, А.Левшин, Ш.Уәлиханов, А.Янушкевич, А.Байтұрсынов, М.Әуезов, С.Мұқанов, Е.Ысмайылов, Қ.Жұмалиев, З.Ахметов, С.Қирабаев, М.Мырзахметов, С.Қасқабасов, М.Жармұхамедұлы және т.б. жұмыстарында орын алады.
Айтыс өзінің туу, айтылу дәстүрі мен табиғаты жағынан халық әдебиеті мұраларының қатарына жатады. Ілкі замандардан келе жатқан аталмыш өнердің кейбір үлгілері түркі ғалымдары Махмұт Қашқари (жыл мезгілдерінің айтысы) мен Жүсіп Баласағұн (айтыстың сұрақ-жауап түрі) шығармашылықтарынан байқалады.
Әрине ХІХ-ХХ ғасырларда саяси жағдайлардың өзгеруі ақындық өнерге де өз әсерін тигізгені анық. Ақын өзінің сол атауына сай екенін дәлелдеу үшін халқы алдында тәжірибесі мол, беделі жоғары, елге танымал ақынмен сайысқа түсіп, батасын алған. С.Мұқановтың айтуы бойынша, осындай сайыстарда тыңдаушыларды разы қылған жас ақын халық арасында танымал бола бастайды және сый-қошеметке бөленіп, атаққа ие болады. Академик В.В.Радлов «настоящий акын тот, кто захватывает слушателей своей стремительной искусной импровизацией», — дегендей, XIX ғасырдағы атақты айтыскер-ақындар — Тұрмағамбет, Ырысты, Сапарғали, Әсет, Нұржан, Шөкей, Балдырақ сері, сұлу Саржан, Сүйінбай, Жамбыл, Майкөт, Құлманбет, Бақтыбай, Сарыбас, Кенен және тағы да басқалары тыңдармандарды өз шеберлігімен таң қалдырған.
Ш.Уәлиханов кезінде айтыскер ақындар туралы: «… обессмертили в памяти народа замечательные происшествия своей эпохи», — деген ой қалдырған екен. Бұл құбылысты мазмұны мен тақырыбына қарай зерттеушілер әр кезде әр түрлі жіктеген. Соңғы деректер бойынша қазақ халқының айтыс өлеңдерін екіге бөліп, біріншісін — Тұрмыс-салт айтысы, оның ішінде а) Бәдік; ә) «Жар-жар»; б) Қыз бен жігіт айтыстары; в) Қағысулар деп сараласа, екіншісін — Ақындар айтысы деп белгілеп, оны а) Дін; ә) Жұмбақ; б) Жазба айтыс деп топтаған. Кезінде М.Әуезовтің «қазақ ауыз әдебиетінде айтыстың көне түрі бірнеше адам қосылып орындалатын ғұрыптық әндерден басталып, ақындар айтысына ұласты», — деген пікірі осыған дәлел.
Аталмыш өнер түрі халықтың жиналған жерінде өткізіліп, қандай тақырыпта болатындығы сол айтыс үстінде анықталған. Сондықтан әр айтыскер қарсыласын қалай да болса жеңу, неден сүріндіру амалын ойластырып, соған шамданып келеді. Әдетте, айтыста көптеген мәселелер көтеріліп, бір тақырыптан екіншісіне ауысып отырады.
Ақындар жекпе-жек ұрысқа шыққан батырлардай бір-біріне күш көрсетіп, өздерінің мықтылығын айтып, қорқыта сөйлейді. Өз жерінің, елінің, шыққан ортасының кереметтігін жырлайды. Әрине, жеңу мақсатын көздеп келген ақын басқасының мін-кемшіліктерін тізе жырлайды.
Айтыс түйіні — шындық. Қандай жүйрік, желқабыз, тапқыр ақын болса да шындықтан жалтарып құтылып кете алмаған, оның бәрі де тек шындықпен суарылған аталы сөзге тоқтап бас иетін болған. Бұл тартпас уәж, шындыққа құрылған бір ауыз сөздің жеме-жемде айтыс тағдырын шешіп кететіні де осыдан. Бұл сипаттарымен айтыс өзіміздегі шешендік сөздерді еске салады.
Айтысқа түсуші ақынға қойылар шарт — біріншіден, ойынан құрастырып өлең шығаруы тиіс; екіншіден, айтысушы қарсы ақынның аяқ астынан қойған талап, сұрағына өлең мен ұтымды жауап беріп, сөз қайтару қажет; үшіншіден, ақындар өлеңді мықымына келтіріп, домбыра немесе қобыз, ия сырнайға қосып айтуы керек. Қазақ фольклорын көп зерттеген орыс ғалымы В.В.Радлов: «Қазақтар халық алдында үздік өнерімен бөгелмей, бұлақтай ағылып, жыр нөсерін тасқындата, тыңдаушыны өзінің ағынды өлеңімен бағындырып, тыңдата білгенді ғана шын ақын деп таныған», — десе, М.О.Әуезов суырыпсалма ақынды «Қынаптан қылыш суырғандай жалт еткіш, өткір өнер иесі» дейді. Ал белгілі әдебиетші Е.Ысмайылов: «Қазақтың ақыны әрі өлеңді өз жанынан шығаратын — поэт, әрі әсем сазды орындаушы — певец, әрі ел-жер, тарихын баяндаушы әңгімеші, әрі суырыпсалмашы, бір сөзбен айтқанда тоқсан тоғыз өнерді бойына жинаған дарынды талант иесі», — деп олардың өнерін аса жоғары бағалаған.
Қазақ музыкасын жетік білуші Август Эйхгорн айтыс өнері туралы небір тұңғылықты ойларын тізген: «Часто исполнители в подобных случаях пользуются столь излюбленной у них формой импровизационного песенного диалога, в котором они взаимно обмениваются своими мыслями в песенной форме и соревнуются друг с другом в удачном изображении мелодии и слов, остроумных вопросов и находчивых ответов, стараясь превзойти один другого. Этот род «вокального разговора» требует со стороны исполнителей уже значительной сноровки, музыкальной развитости и таланта, а также поэтической изобретательности. За это «одаренным музами» сынам степей везде у своих сородичей обеспечена почетная встреча, их имена известны по всей округе, и их искусство широко славится. Они являются гордостью своего племени и пользуются преимущественным вниманием перед всеми другими в глазах и сердцах смелых и жизнерадостных киргизских (казахских — А.Б.) девушек, являясь предметом их восхищения».
Қазақ тұрмысында ақындар айтысы жүйрік аттардың бәйгесімен бірдей болған. Ел дәстүрі бойынша жарысқа түскен жүйрік те, айтысқа түскен ақын да өз намысы емес, белгілі бір аймақтың, рудың намысын қорғаған. Ескі әдет бойынша айтысатын ақындардың барлығы да өз руын мақтап, байлығын, мырзалығын, сән-салтанатын дәріптеп, қарсы рудың жаман әдеттерін жіпке тізіп, кемшілік міні ретінде айтып, бетке басуға тырысқан. Ақындар айтысы ел абыройының қорғаушысы болғандықтан ақынды әуелі өз руы ішінде сынап алып барып, ұлын дүбірлі үлкен айтысқа жіберетін болған. «Шешеннің сөзі ортақ, шебердің қолы ортақ», «Жігітке өлең де өнер, өнер де өнер» деп ақындықты бар өнердің алды санаған ата-бабамыз айтыс ақындарын ел бастаған ханжар мен қол бастаған батырлардан кем көрмеген. Айтыс өлеңдерін сан ғасыр өтсе де ұмытпай жадында берік сақтап, біздің дәуірімізге жеткізуі, біріншіден, ақындардың талантын қадір тұтуы болса, екіншіден, сол ел, ру мәртебесін қорғаған ақындардың өлең-жырларын кейінгі ұрпақтың көкейіне ұялатып, олардың патриоттық сезімін оятудың құралы деп санаған. Айтыс ақындардан тапқырлықты, білімдарлықты, өмір тануда сергек сезімталдықты және өзгеге ұқсамас өзіндік ерекшелігін талап еткен. Айтыстың шешендік сөз сайысы, тәрбие мектебі тапқырлықтың тұғыры болып ерекше бағаланады. Ертеде өткен ақындар айтысының дүлділі Біржан мен Сараны, Кемпірбай мен Шөжені, Жанақ пен Орынбайды, Әсет пен Рысжанды, Жамбыл мен Құлманбетті және т.б. рулы елдің ар-намысын қорғаушылар дейді.
Екі қарсылас ақынның бір-бірімен бетпе-бет келіп, қолма-қол суырып айтқан тапқыр жырлары өзара жалғасып біртұтас көркем дүниеге айналып, логикалық бірлік, тұтастықпен дастан секілді тұтас бір шығармаға, яғни жырға ұласады. Бір атап көрсетерлік жәйт: бұл қисса секілді бас-аяғы жымдасқан жырлардың халық әдебиеті туындыларындай емес, бұлардың авторлығы толық сақталып отырады. Бүгінгі таңда айтыс әрі жыр өнерінің жоғалып кетпеуіне атсалысып, оның елге таралуында үлкен еңбек сіңіріп жүрген жас ақын, Жетісу сүлейлерінің шығармашылығын насихаттаушы, жыршы әрі айтыскер Ақан Әбдуалиев басқа да айтыстармен қатар Сүйінбай мен Қатағанның айтысын бір көркем дүниеге айналған логикалық бірлігі бар тұтас шығарма ретінде орындауда. Кезінде Мұхтар Әуезов «Жетісу ақындарының алтын діңгегі» деп айрықша бағалаған Сүйінбай Аронұлы 1815 жылы Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Қарақыстақ өзенінің шығысындағы Құлансаз жайлауында дүниеге келген екен. Сүйінбайға ақындық өнер арғы аталарынан үзілмей жалғасқан. Атасы Күсеп ақын «Мың бір түн», «Көроғлы», «Мұңлық-Зарлық» және тағы да басқа қисса-дастандарды жырлаған. «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деп, турашыл, шындықты тайсалмай айтқан ақын өлеңдері халықтың жүрегінде мәңгі сақталады.
Бүгінгі таңдағы айтыс өнерінің мазмұн жағына келетін болсақ, сөз сайысының тақырып, танысу, түре айтыс, қайым айтыс деген түрлері жан-жақты даму алғанын аңғардық. Қазақ тілін насихаттау ғана емес, ұлттық сана сезімді оятатын бүгінгі қоғамдағы маңызды мәселелерді көтере білу, отырған қауымның да көңілінен шығуды есте сақтау — бұл айтыстың бүгінгі ерекшелігі. Сонымен қатар, асыл сөз үлгісін, көркем ой-тіркестерін, олардың тізілу реттілігі, мазмұн тереңдігі және соның барлығын үйлестіре білуі де бүгінгі айтыста ақындарға қойылып отырған талаптардың бірі.
Өмірдің өзгеруіне сәйкес айтыстың жанрлық табиғаты да түлеп, бұрынғыдай рушылдық мәнінен айырылды. Соңғы жылдар айтысының өзгелерден дараланатын ерекшеліктері неде десек, ең алдымен, бұлардың көркемдік құрал-тәсілдері мен жалпы бейнелеу деңгейінің өзгере түсуінде деп айта аламыз. Ақындар айтыста ел өміріндегі қандай күрделі мәселелерді көтерсе де, соның барлығын ұтымды бейнемен әсерлі етіп бейнелей алатынын танытып отырады.
Бірақ, дегенмен музыкалық жағына келетін болсақ айтыс көп өзгеріске ұшырап, сапасы төмендеп, ұтылған сияқты. Айтыскерлердің мақамдарынан аймақтық, өлкелік дәстүр жалғастығы мүлдем байқалмайды. Жоғарыда келтірілген қыз-келіншек ақындар бір мақаммен айтысса (өз дауысы мен қабілетіне қарай өзгерістер енгізеді), ер-азамат айтыскерлер екі, көп дегенде үш мақаммен сайысқа түседі. Сайысушылар аймақтық ерекшеліктерге мән бермей, бір-бірінің немесе бұрынғы айтыскерлердің жатталган мақамдарын қайталап, айтыса береді. Тіпті кейбір қолданған мақамдарының әуен-сазы жоқ, тек жай ғана бір-екі айналымды қолдана береді десек те артық болмас.
Бүгінгі күндегі айтыстың өзіне де, оны таратушы ақындар мен айтыстың өту шарттарына да көптеген өзгерістер енгізілді. Бүгінгі айтыс — теледидарда өткізілетін, өту барысында жарнамаға үзіліс жарияланатын, жеке жүргізушісі мен дауыс беруге жабдықталған жүйелі телефон SMS дауыс беру барысында жүлдеге ие болушыны тағайындау арқылы өтетін концертке айналған «телешоу», яғни, «шоу-бағдарлама». Әрине бұлардың өзінің жақсы жақтары да бар. Себебі, соңгы жылдары осындай әрекеттердің арқасында айтыс өнері үлкен қауымға таралып, жан-күйерлер санын көбейтуде алда келеді. Бірақ, дегенмен, бұрынғы замандағыдай емес, қазіргі айтыстарда суырыпсалмалық, аяқ астынан өзгерістің болуының алды алынып, қатысқан ақындар жанкүйерлерінің санына байланысты, теледидар көрермендерінің көпшілігіне байланысты жеңіп шығатын болды. Бәлкім, бүгінгі айтыс — қазіргі заманның болмысынан, осы заманға сай және бүгінгі күннің сұраныстарынан туылған өнер түрі болар. Біздің ойымызша, айтыс өнерінің қазіргі түрі XXI ғасырда өзекті мәселеге айналған айтыс өнерін аудио және видео таспаларға жазу амалынан пайда болған.
Ал, енді бүгінгі күндерде айтыс өнерін үлкен қауымға таратушы ақындардың өзін-өзі ұстауын, киімі мен мінезіне тоқталатын болсақ, олар «шоу-бағдарлама» тәртібіне бағынғанымен, өз функциясы мен мақсат-міндеттерінен арылмаған деуге болады. Сонау 1926 жылы М.Әуезов «Мировое театральное искусство и казахский театр» атты мақаласымен көпшілік алдында қазақ ұлттық театрды дамыту керек екендігін айта отырып, сол «театрдың ұйытқысы» деп басқа да жанрлармен қатар айтыс өнерін жеке сөз қылды. Демек, қазіргі таңда, теледидар және басқа да бағдарламаларда өткізіліп жатқан айтыстар сол ұлттық театрдың бір көрінісі деуге келер.
Бүгінгі таңда, барша қазақ халқының өнер сүйер қауымына танымал ақындар — Қуаныш Мақсұтов (Қарағанды), Сара Тоқтамысова (Семей), Айтақын Булгаков (Талдықорған), Аманжол Әлтаев (Астана), Кенжебай Жүсіпов (Қызылорда), Ринат Зайытов (Семей), Дәулеткерей Қапұлы (Астана), Айбек Ережепов (Талғар), Асылбек Ишанов (Орал), Жандос Бөгембаев (Алматы облысы), Күміс Сарсенбаева (Жамбыл облысы), Нұрлан Мусаев (Маңғыстау) және Аманжол Зағыпарұлы (Қызылжар), Сырымбек Сәрсембаев (Құлсары) және т.б.
Соңғы 2007-2008 жылдары жас ақындар айтысы теледидардан «чемпионат» деп аталып, жеке екі ақын арасында өтіп, әр жексенбі сайын үш бөлімнен құралып өткізілді. Бірінші «талдау» бөлімде айтыскерлерге алдын-ала берілген бес тақырыптың бірі белгіленіп, таңдалған тақырып жиырма минут жырланды. Екінші «самғау» бөліміне де жиырма минут уақыт беріліп, ақындар елдік деңгейдегі келелі мәселелерді көтеріп, бір-біріне сұрақ қойып, жауап қайырды. Үшінші «жалғау» бөлімде ақындар он бес минут өзара қайымға түсіп, бірінің құраған төрт шумағын екіншісі жалғап айтып, кезекпен айтылған ойды толықтырып отырды.
Сонымен, қазіргі айтыстың жақсы-жаманына, жетістіктері мен кемшіліктеріне бет бұрсақ, XIX — XX ғ. басындағы дәстүрлі айтыстарда әр ақын өз аймағында қалыптасқан мақаммен сайысқа түскен, ал тыңдарман қауым болса мақамның әуенін естіп-ақ ол айтыскердің қай мекеннен келгенін біліп отырғанын еске саламыз. Ал бүгінгі айтыскерлердің жеке өзіндік мақамдары жоқ болғандықтан, олар бір-бірінің немесе бұрынғы айтыскерлердің жатталған мақамдарын қолданып сайыса береді. Сондықтан болар, қазіргі тыңдарман қауымның, әсіресе қарапайым халықтың қазіргі айтысқа деген көзқарасы сан алуан түрлі. Дегенмен, кейбіреулерінің көңілінен шығып жатса, басқалары: «…деңгейі төмен, ол «Аламан айтыс емес, шамалау айтыс» деген де сын-пікірлер білдіреді.
Сондай-ақ, фольклортанушы және айтысқа қатысушылардың ұсынысын назарға алатын болсақ, 2008 жылдың 3-қаңтарында «Хабар» телеарнасында өткізілген бағдарламада белгілі фольклортанушы, филология ғылымдарының докторы Ақселеу Сейдімбек: «Жоғары оқу орындарындағы филология факультеттерінде айтыс өнерін үйрететін кафедра болуы тиіс, сондай кафедраларды ашуды жоспарлап, қолға алу керек. Себебі, қазіргі айтыскерлер бұрынғы Шашубай, Нартай, Жамбыл сияқты майталман ақын-айтыскерлерді көрмей, олардан дәріс алмай өсіп келеді. Демек, айтыс өнерінің негізін, дәлірек айтқанда тамырын сезбейді. Сондықтан болар, олардың өз әуендері, өз мақамдары жоқ», — деген ой білдірді.
М.Әуезов кезінде XIX ғасыр ақын-айтыскерлерінің айтыс дәстүрін қазақ өнерінің ең молы деп бағаласа, қазіргі айтыскер Балғынбек Имашев: «осы XX — XXI ғасырлардан XXI -XXII ғасырларға жететін айтыстар қалады», — деп айтты. Бұл пікірлерден келешекте айтыстың жаңа бағыттары ашылып, жан-жақты дамитынын көреміз.
Қорытындылай келе, ғасырдан ғасырға, атадан балаға және заманнан заманға ұласып келе жатқан мәдени мұрамыз — айтыс өнері — өз бойына өнердің бірнеше түрін қамтыған синкретті жанр ретінде жас ақын-жыршылардың қабілетін дамытатын, еркіндігін тәрбиелейтін, рухани байытатын тәжірибе мектебі, халқымызды иісі қазақ екенін бүкіл әлемге танытатын биік шыңы…
Пайдаланылған әдебиеттер:
- Әуезов М. Әр жылдар ойлары. — Алматы, 1959. — 555 б.
- Әлбек Т. Жетісу ақындары. Зерттеулер. — Алматы: Әдебиет және өнер институты, 2008. — 220 б.
- Жармұхамедов М. Айтыс өлеңдерінің арғы тегі мен дамуы / монография/. — Алматы: Мұраттас, 2001. — 293 б.