Шығармашылық – бүкіл тіршілік көзі. Адам баласының сөйлей бастаған кезінен бастап, бүгінгі күнге дейін жеткен жетістіктері шығармашылықтың нәтижесі.Ал, бүгінгі күрделі жануралар тұсында балалардың шығармашылық бастамасы басты нысанасы болып отыр. Мұндай күрделі мәселені шешуде бастауыш мектептің алар орны ерекше. Баланың шығармашылық бастамасын дамытудың жолдарын, құралдарын анықтау психология мен педагогика ғылымдарында өте ертеден зерттеліп келеді. Шығармашылық ұғымы мәдениеттің барлық дәуіріндегі ойшылдардың назарында болған. Ежелден– ақ ойшылдарымыз Жүсіп Баласұғын, әл-Фараби, Абай Құнанбаевты ерекше толғандырып, өз еңбектерінде адамның жеке басын, қабілеттерін дамытуды үнемі көтеріп отырған. Педагогтар К.Д.Ушинский, Ы.Алтынсарин еңбектерінде шығармашылықты дамытудың жолдары қарастырылса, оқушы шығармашылығына бағыт-бағдар беруді ең алғаш мазмұнына енгізген М.Жұмабаев болатын.
Шығармашылықтың психологиясы табиғаты туралы зерттеулерді жүргізгіндер Р.Солсо, С.Л.Рубинштейн, А.В.Брушлинский, О.К.Тихомиров бұл қасиеттің адамның жалпы және арнайы қабілеттерімен тікелей байланысты дамитынын дәлелдеген. Жалпы және арнайы қабілеттердің психофизиологиялық негіздерін зерттеген Б.М.Теплов өз еңбектерінде қабілеттің анықтамасын беріп оның жалпы және жеке даралық өзгешеліктерін көрсеткен. Қабілетті дамыту психологиясын зерттеушілер Н.С.Лейтес, Д.С.Брунер зерттеулерінде қабілеттілік тәрбиеленетін қасиет екенін дәлелдеп, оны дамыту мәселелері бойынша зерттеулер жүргізген.
Л.С.Выготский, А.Н.Леонтьев, Дж.Гильфорд, Ж.Пиаже еңбектерінде оқушылардың таным процесінде болатын күрделі өзгерістерге негіз болатын сыртқы және ішкі факторларды талдай отырып олардың шығармашылығының дамуы іс-әрекеттен туындайтынын көрсетті, мұның арқасында заттық әрекеттер адамның санасы мен ойлауында бейнеленетінін көрсеткен. Тиісті міндеттерді орындаған кезде бұйымды бөлу, бөлшектеу, ажырату жөніндегі заттық іс-әрекет «ойдағы жүйке моделіне» айналып, ол модель біртіндеп іс-әрекетпен алмастырылады. Заттық іс-әрекет интериоризация процесінде ойша талдау процесіне айналады. Сондықтан іс-әрекет тек сырттан анықталған міндеттер және объективті мәліметтермен ғана шектелмейді, сонымен бірге ішкі, жеке негіздермен, яғни әуестену мен бағдарлар формасындағы қажеттіліктермен де анықталады. Сонымен қатар ішкі бағдарлардың дұрыс құрылуы ойлауды дамытудың шарттарының бірі болып табылады. Осы «жүйке моделі» бұрынғы тәжірибеде болғанның елесімен байланысты, дегенмен тіптен жаңа формада болуы мүмкін. М.А.Холоднаяның айтуынша осындай көріністегі ойлау және іс-әрекет шығармашылық қабілеттің көрінісі болып табылады. Шығармашылықты зерттеген ғалымдар анықтамасын жасап, оның дамуына әсерін тигізетін факторларды анықтады.
Шығармашылық — жаңа материалдық, немесе рухани құндылыктарды, айырықша қоғамдық құндылықтарды жасайтын адамдар ұжымының немесе жеке адамның іс-әрекеті. Э.Штерн білікті мамандарды немесе өз саласындағы шеберлерді зерттеу нәтижесінде олардың көпшілігі интеллектінің салыстырмалы орташа деңгейінің 120 шамасында болғаны туралы фактіні атап көрсетеді. Сондықтан ол IQ көрсеткіштерінің «шегі» туралы болжам жасады. Көптеген адамдарды зерттеу нәтижесінде интеллекті жоғары болғандардың жетістіктері өз табиғаты бойынша когнитивті емес басқа да факторлармен (табандылық, қызығушылық, ата-ананың қолдауы т.б.) байланысты екенін анықтады.