ТОНЫКӨК ЕСКЕРТКІШІ
Ақылгөй Тоныкөктің құрметіне қойылған тас тақта өзінің бұйрығы бойынша шамамен 716 жылы қашалып жасалған. Бұл ескерткіш 1897 жылы Баин-Цокто шатқалынан табылған. Қазіргі кезде ол Моңғол Республикасының астанасы — Улан-Батор қаласынан 60 шақырым жерде орналасқан.
Түркі қағандарының ұлы кеңесшісі болған Тоныкөк ірі билікке иеленген. Маңызды мемлекеттік істерді шешіп, үлкен жауынгерлік жорықтарды басқарған. Көне жазбаларда Тоныкөктің қытай білімін алып, шығыс дипломатиясының қыр-сырын жете меңгергені жайлы айтылады.
Көшпелі өмірді аса құрметтейтін Тоныкөк түркі халқына және оның билеушілеріне сенімді де адал қызмет еткен. Бүкіл көшпелі тайпалардың бірігуін куаттап, түркі мемлекетін нығайтуға бар күш-жігерін салған. 725 жылы қаған ордасына барған қытай мәмілегері Юань Чженьнің пікірінше, Тоныкөк әміршінің зор ықыласына ие қажырлы тәжірибелі қарт болған. Ол ұлы қаған ордасының төрінен орын алған.
Тоныкөк ұзақ өмір сүрген. Оның гранитке кашалып жазылған колжазбалары арқылы өз ата-бабаларымыздың тарихын білеміз.