Странгуляциялық илеус 

  1. Странгуляциялық илеус 

 

      Ішектердің тұзағы мен шажырқайы қысылуынан пайда болған әртүрлі механикалық бітелу. Жылқыларда, ірі қара малда және шошқаларда (ішектердің қысылуы, бұралуы және ширатылуы) жиі кездеседі. Негізгі ішектердің қысылуларына ішкі және сыртқы жарықтар жатады  ішек тұзағының қысылуы [10,12,13,14].

Странгуляция түрінде ішек тұзағы ұзын ен бауға ширатылуы, бүйрек-көкбауыр, асқазан-көкбауыр және орақ тәрізді бауыр байламдарына, дәнекер ұлпалы таспаларға ширатылуы кездеседі. Ішектердің қысылуы негізінен аш ішектерде, бұралуы мен ширатылуы аш және тоқ ішектерде кездеседі. Жылқыларда үлкен жиек ішектің сол жақтұзағы (ұстыны) жиі бұралады.

Себептері. Ішектердің қысылуы, бұралуы және ширатылуының негізгі себептері-секірген кезде құрсақ қуысы қысымының күрт көтерілуі, ауыр жүк тартып келе жатып кенеттен тоқтау, күрт бұрылыс жасау, малды жығу немесе аудару, айғырлардың биеге шабуы, ұрғашы малда тууы кезінде қатты күшену (толғату), таудан төмен түсу жолы ұзарғанда ж.т.б.

Ішектердің инвагинациясы ішек тұзағы бөгде затпен рецепторлардың тітіркенуінен, суық су, үсіген азық катаральді энтеритте, энтералгияда ішектердің түйілмелі бұлтылдауынан туындайды.

Дамуы. Ішектің қысылған, бұралған немесе ширатылған, зақымдалған ішек тұзағында қан тамырлары қысылғандықтан қан айналымы бұзылады және ішек қабырғасы инфильтрацияланады, ал соңында толық гемостаздан некроз дамыйды.

Ішек рецепторлары мен шажырқай қатты қысылғандықтан, бітелген жерде жіті, күрт және қатты ауырсыну болады. Бітелген жердің алдында жиналған газдар мен жынның жиналуынан ішек қабырғасы созылғандықтан оған түйілмелі және дистензионды ауырсынулар қосылады. Ішектерде жын тез арада ыдырап, улы заттар пайда болады, олар қанға сіңіп, жалпы улану туғызады. Организм сусыздана бастайды, асқазанның туындаған созылуы болуы мүмкін, малда жалпы әлсіздік басым түседі, кан коюланғандықтан оның тұтқырлығы кетеріледі, онда нәруызсыз (белоксыз) азот және билирубин көбейіп, ал хлоридтер мен сілті қоры азаяды.

Симтомдары. Странгуляциялық илеусте ауру үдей түседі. Тек алғашқыда мал аздап мазасызданады, жатады және аунайды. Кейінірек катты «шаншу» пайда болады. Мал қалай болса солай жерге құлап түседі, аунайды. арқасына жатып, аяқтарын аспанға көтеріп жатқысы келеді. Дене қызуы 39-39,5°С, ал аурудың аяғында қалыптан төмендейді. Тамыр соғуы минутына 80-100, тынысы 30-40, қатан, азыққа тәбеті жоқ. Мал катты терлейді. Туындаған асқазаннын созылуы мүмкін, жынның исі шірікті, сүт қышқылы мен ет пигмемттеріне оң реакция береді. Қанда плейхромия және эритроцитоз, нейтрофилия болады және ЭШЖ бәсеңдейді.

Өтуі. Аш ішектердін странгуляциялық бітелуінде жылқы алғашкы тәулікте өледі, ал басқа малдар — 2 тәуліктен соң, ал тоқ ішектердін странгуляциясы 2-4 күнге созылады.

Балау. Шаншу синдромына және тік ішек арқылы зерттеу нәтижелеріне байланысты қояды. Аш ішек странгуляциясында зерттеуге ыңғайлы жерде ішектік қысылған тұзағының кеуіп, қатайғанын, ауырсынатын түйінге немесе таспаға айналғанын байқаймыз.

Үлкен жиек ішектің сол жак үстінінің жамбас иіні кепкен және ауырсынады, бұралған жері өте жіңішкерген. Аш ішек странгуляциясында зерттелетін жерде қатты, цилиндр пішінді жерді ұстап көруге болады. Страмгуляциялық бітелуде ішектің инфильтрацияланған қызыл жерін және қабырғасының қалындағанын байқайды. Құрсақ куысында 5-10 л қызғылт немесе қою қызыл түсті трансудат болады.

Емі. Шаншу синдромын басу үшін венаға 10 %-ды хлоралгидрат немесе анальгин ерітінділерін 30-50 мл немесе 0,5 %-ды новокаин ерітіндісін 1 кг дене массасына 0,5 мл есебінде енгізеді. Малдын жағдайын жақсарту үшін газдар мен азық жынын шығару мақсатында зонд енгізеді. Ірі малдарда кейде ішектің бұралған, инвагинацияланған немесе қысылған жерін тік ішек арқылы қолмен түзеуге болады. Бірақ странгуляциялық илеустің барлық түрлерінде радикальді емдеу әдісіне хирургиялық операция жатады. Улануды, организмнің сусыздануын бәсеңдету және қан айналымын жақсарту үшін венаға 200-500 л глюкоза мен кофеин қосылған 10 %-ды натрий хлориді ерітіндісін, 500-700 мл гемодез, тері астына строфанта тұнбасын, эффедрин, кордиамин енгізеді.

Обтурациялық илеус — ішектердің өзінде пайда болған тастармен, конкреметтермен фито және пилобезоарлармен және де ішектерге бөгде келіп түскен заттармен (картоппен, шүберекпен, сүйекпен және т.б.), гелминттермен (құрттармен) бітелуі. Ішектердің механикалық бітелуі жылқыларда, қойларда, иттерде және ірі қара малда жиі кездеседі.

Себептері. Азықпен немесе сумен бірге ішектерге топырақ және құм, фосфор қосындыларын, жарма мен арпа, бидай немесе жүгері ұнын, диірмен қалдықтарын, ірі азықтарды ұзақ мерзім бергеннен, азық қорытудың негізгі қызметтері (секрет бөлу, қимылы, сору ж.т.б.) бұзылғандықтан ішек тастары мен безоарлар пайда болады.

Зат алмасулары, соның ішінде витамин (дарумен) мен минералды заттардың диспропорциясында және солардың арқасында ішек конгломераттары пайда болуына себепкер болады.

Ішектерге азықпен немесе сумен шектен тыс топырақ, құм, фосфор қосындылары келіп түскенде, малды жарма мен арпа, бидай немесе жүгері ұнымен, диірмен қалдықтарымен, ұзақ мерзім ірі талшықты, құнары төмен азықтармен азықтандырғаннан, асқазан ішек жолының (секрет бөлу моторлы, сору т.б.) қызметтері бұзылғаннан болады. Зат алмасуының, оның ішінде витаминді-минералды диспропорция, ішек конгломераттарының пайда болуына ықпалын тигізеді.

Дамуы. Ішек тастары және безоарлар көлемі қабаттасқан заттардан көбейеді. Сол себепті олар ішектің кілегейлі қабығын және оның қабырғасын тітіркендіреді. Ерте ме кешпе ішектің қуысы толық бітеліп, ішек бітелуінің ауыр симптомы дамыйды.

Ішек тастары немесе басқа конгломерат тек қана ішек қуысын бітеп қана қоймайды, ішек қабырғасы түйілмелі жиырылғандықтан, рецепторлар күшті тітіркенгендіктен және алғашқыда мезгілді, соңынан тұрақты жіті ішек ауырсынулар болады. Ішектің алдыңғы бөліктеріндегі (он екі елі ішектегі, ашы мықын ішектерде) бітелу соңынан ішектерде және асқазанда туындаган асқазан созылуы дамиды. Ашу және шіру процестері күшейеді, улану, ішектің метеоризмі дамыйды, жүйке, қан айналу, тыныс алу жүйелерінің қызыметтері, зат алмасуы бұзылады.

Симтомдары. Аздаған бөлікті бітелуде энтаралгияны еске түсіреді. Мезгіл-мезгіл талмалы ауырсыну байкалады. Дефекация және газдардың бөлінуі қалыпты, мал тыныш кезінде азық қабылдайды.

Толық обтурациялык бітелу соңынан ауыр шаншуға соқтырады. Мал үзіліссіз мазасызданады, мал керілу және бақылау кейіпте болады.

Кіші жиек ішек немесе тік ішек бітелгенде мал күшейеді, ал бірақ газдар, нәжістер бөлінбейді. Жиек перистальтикасы болмайды, кейде ішектердің темір сыңғырындай шуылдары естіледі. Дене кызуы 39-40°С көтеріледі, тынысы жиі, тамыр соғуы минутына 70-90 соғады. Улану және метеоризм күшейеді, кілегейлі қабықтар іркілмелі гиперемияланган, ал склера аздап сарғайған. Тік ішек арқылы зерттегенде ішектің бітелген жерінде оның қабырғасының инфильтрациясы және ауырсынуы байқалады, ал бітелген зат дөңгелек немесе сопақ пішінді болады. Тік ішек нәжістен бос.

Ірі қара малдың ішегі обтурациялық бітелуінде мал аздап мазасызданады, аяқтарымен ішін тепкілейді, жата береді, күйіс қайырмайды, азыққа зауқы жоқ ұлтабаралы қарындардың гипотомиясы және атониясы пайда болады, мес қарынның тимпаниясы болуы мүмкін ішектің перистальтикасы төмендеген, дефекация сирек, нәжістер қатты.

Итте алдыңғы ішектердің обтурациясында жиі құсу пайда болады. мазасызданады немесе күйзеледі, әлсіздік, ішектің перистальтикасы төмендеп, іш қатады, ішектің метеоризмі болуы мүмкін.

Өтуі. Алдыңғы ішектердің обтурациясы 1-2 күнге созылады, кіші жиек ішек, үлкен жиек ішектің тік бөлігі және жамбас иіні 2-3 күнге, ішектін жуан белігінен өтер жерлерінің обтурациясында, егер қысылмаса ауру 8-12 күнге созылады.

Балау. Ірі малдарда ішек обтурациясын тік ішек арқылы қатты денені ұстап тауып, ішек тұзағы немесе ішек қуысы оның жіңішке жері алдында бұралса, ал ұсақ малда бимануальді пальпациялау арқылы, рентгеноскопиялау немесе рентгенографиялау арқылы анықтайды.

Емі. Тік ішек пен кіші жиек ішектердің обтурациясында бөгде затты ішек қабырғасын алдын ала пісте май құйып тік ішек арқылы уқалап жылжытуға әрекет жасайды. Дармтампонаторларды пайдаланып терең клизма жасайды. Алдыңғы аш ішектер бөлігіндегі обтурацияны зонд енгізу арқылы асқазанды жуып-шаюға, кілегейлі қайнатпалар немесе өсімдік майын құюмен жояды.

Ішектердің түйілуін жазу үшін венаға 50-100 мл 10 %-ды хлоралгидрат немесе 0,5 %-ды новокаин ерітіндісін 1 кг дене массасына 0,5 мл есебінде енгізеді. Егерде паллиативті әдістер өз нәтижесін бермесе, онда ішектен бөгде затты операция жасау арқылы алады.

 

  1. Тромбоэмболиялық шаншу

 

      Шажырқай артериясының бітелуі нәтижесінде ішек белігінде қан айналымының тоқтауымен сипатталатын ішектің гемостатикалық бітелуі.

Себептері. Ішекті қанмен қоректендіретін шажырқай артериясының бағаны немесе тармағы қанмен келген эмболмен бітелуінен немесе шажырқай артериясының өзінде тромб пайда болуынан болады. Соңғысы жиі кездеседі, себебі шажырқай артериясы қабырғасында паразит личинкасы тіршілік етеді. Ол қантамырында қабыну процесін аневризм және тромб пайда болдырып өрбітеді.

Дамуы. Шажырқай артериясының бір немесе бірнеше тармағы бітелгендіктен қантамырларының ішекте таралған кейбір бөліктеріне қан баруы тоқталады. Сол себепті ішектің үлкен немесе кіші белігінде геморрагиялық инфаркт дамыйды. Инфаркт аумағында ішек қабырғасының қоректенуі бұзылғандықтан рецепторлер тітіркенеді, қабырға қабынады, некрозданады жәнеде іштегі жын ыдырайды, Алғашқы кезде перистальтика түйілмелі сипаталады, ал соңында ол төмендейді және мүлден тоқтайды. Организм тез арада уланады және әлсірейді. Ал егерде ішекте кең ауқымды инфаркт болса, онда перитонит дамыйды [10,9,8,15].

Ішектің инфарктіне байланысты болады. «Шаншу» симптомы энтералгиядай етеді. Мал мазасызданады, құлап түседі, аунайды, қайта-қайта орынан тұрады. Мұндай жағдай жиі қайталанады. Ит сияқты шоқиып отырады немесе шалқасынан жатады, басын төмен салбыратып тұрады, депрессиялық (күйзелу) жағдайда болады. Дененің қызуы 41°С жетеді. Иықтың бұлшық еттері фибриллярлы дірілдейді, әлсіздік пайда болады, күйзеледі. Ішектердің перистальтикасы бастапқыда күшейеді, ал сонан соң бәсеңдеп мүлдем жоғалады. Дефекация алғашқыда жиілейді, сонынан бітелу пайда болады. Ректальді зерттеу арқылы шажыркай артериясы тамырының соғуын, оның аневризмін және ауырсынуын байқайды. Ішектер желденеді, қолды тік ішектен шығарғанда қан аралас жынды көруге болады. Құрсақ қуысынан алынған пунктатта қан элементтерін көреміз (гемоглобин, эритроциттер, лейкоциттер).

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *