Латвия театры

 Латыш халық творчествосының көне турлері еңбек процесімен байланысты дамыған. Әдет-ғұрып сауықтары мен түрлі халықтық мерекелерге байланысты ойындарда театр элементтері мол кездеседі. Ригада алғашқы спектакльдерді неміс театрлары ұйымдастырды. 19 ғасырдың 50 жылдары Даугавпшісте, 1883 жылы Ригада орыс театрлары ашылды. 1870 жылы әуесқойлар коллективінің негізінде Латвияның профессионалдық театры ұйымдастырылды. Оның тұңғыш жетекшісі — «латыш театрының атасы» актер, режиссер әрі драматург А. Алунан. 19 ғасырдың 90 жылдары театр прогресшіл және реакциялық күштердің тартыс алаңына айналды. 20 ғасырдың басында халық мүддесін қорғауды көздеген театрлар туа бастады. 1902 жылы ұйымдасып, 1905 жылы патша өкіметі жауып тастаған Жаңа латыш театрының Латвия театр өперін дамытудағы маңызы зор болды. Латыштың прогресшіл өнерінің дамуына Жаңа Рига театры (1908-1915) үлкен үлес (әсіресе Я. Райнистің пьесаларын қоюдағы табыстары) қосты. Театр сахнасында Л. Толстойдың, М. Горькийдің, А. Упиттің, Аспазияның, Р. Блауманнстің, Г. Ибсеннің, Г. Гауптманның т. б. шығармалары қойылды. 20 ғасырда Е. Дубур, А. Миерлаук, Д. Акментинь, Б. Румниеце, Ю. Скайдрите сынды актерлер тамаша өнерімен көрермендер ілтипатына бөленді. Совет өкіметі орнағаннан кейін (1919) жаңа театрлар ұйымдастырыла бастады. Ригада А. Упиттің басшылығымен мемлекеттік Жұмысшы театры (Латыш драма театры) құрылды.

1920-1940 жылдар Латвияда театр өнерінің дамуы біршама тоқырады. Я. Райнис, Я. Заринь, А. Миерлаук, А. Амтман- Бриедит, Э. Фельдманис сияқты театр қайраткерлері оның қайта өркендеуіне ат салысты. 1920 жылы Э. Смильгистің басшылығымен Ригада Көркем театр ашылды. Ұлы Отан соғысынан кейінгі дәуірде латыш театрының прогресшілдік дәстүрі қайта жанданып, СССР халықтары театрының тәжірибесін, социалистік реализм әдісін меңгеру жолына түсті. Театр репертуарында бүгінгі латыш авторларымен бірге көп ұлтты совет қаламгерлерінің және социалистік елдер прогресшіл драматургтарының шығармалары бар.

Республикада А. Упит атындағы Латыш драма театры, Я. Райнис атындағы Көркем театр, Орыс драма театры, Ленин комсомолы атындағы балалар мен жас өспірімдер театры (латыш және орыс труппасы бар), Қуыршақ театры, Лиепая, Валмиер, Даугавпилс қаларында драма театрлары жұмыс істейді. Латыштың театр өнерін дамытуға СССР халық артистері А. Амтман-Бриедит, Я. Осис, Э. Смильгис, Ю. И. Юровский, Латыш ССР халық артистері Э. Баруне, Ж. Катлап, А. Клинт, И. Митревиңе, Н. Мурниек, Б. Румниеце, М. Шмитхене, Л. Шпилберг, Э. Эзеринь, суретшілер — Г.Вилкс, А. Лапинь мол үлес қосты. Қазіргі театр қайраткерлері (1973): СССР халық артистері В. Артмане, Л. Берзинь, Л. Фрейман, А. Яунушан т. б. 1945 жылы Латыш театр қоғамы құрылды. 1948 жылы ашылған Латыш театр институты 1951 жылы Латыш консерваториясына факультет болып қосылды.

Киносы. Латвияда кино шығару 1910-1911 жылдар басталды. 1939 жылы В.Лацистің «Балықшы ұлы» романы бойынша түсірілген фильм латыш кино шеберлерінің тұңғыш ірі табысы болды. 1940 жылы Рига киностудиясы ұйымдастырылды. «Каугурт көтерілісі» атты тұңғыш советтік фильм 1941 жылы түсірілді. Ұлы Отан соғысынан кейінгі латыш кино өнерінің дамуына Ленинград пен Москва кино шеберлері үлкен көмек көрсетті. 50-60 жылдары Р. Блауманистің новелласы бойынша «Көктемгі қатқақ» (1955, реж.П.Н. Арманд және Л. Лейманис), В.Лацистің романдары бойынша «Жаңа жағалауға» (1955, реж. Л. Д. Луков), «Балықшы ұлы» (1957, реж. В. Круминь), «Дауыл» (1961, реж. В. Круминь, Р. Калнинь) және бірнеше тарихи-революциялық тақырыптағы киношығармалар жарық көрді. 60 жылдардан бастап Рига киностудиясы шығарған фильмдердің тақырыптық, жанрлық ауқымы кеңейе түсті. Р. Блауманистің («Эдгар мен Кристина», 1967, реж. Л. Лейманис, «Ажал көлеңкесінде», 1971, реж. Г. Пиесис), А. Упиттің («Бәйбіше үйінде», 1968, реж. Л. Лейманис) шығармалары экранға шықты. Ұлы Отан соғысы тақырыбына арналған «Үш дүркін тексеру» (1969), «Жеке ағаштары астындағы қала» (1971 — екеуініңде реж.А.Бренч) фильмдері дүниеге келді. Реж. А.Лейманис жастарға арнап революция-романтикалық «Шымшықтар армиясы» (1964), «Шымшықтар армиясы тағы да соғыста» (1968) атты дилогиясын қойды.

 Бірнеше опералық шығармалар экрандалды. 60 жылдардың аяғы мен 70 жылдардың бас кезіндегі О. Дункердің «Бұрылыстан кейінгі — бұрылыс» (1968), «Клав — Мартиннің ұлы» (1971) атты фильмдері бүгінгі өмір тақырыбына арналды. 50-60 жылдары Латвия кино өнерінің өркендеуіне үлес қосқан режиссерлері: П.Н.Арманд, У.Браун, А.Фрейманис, Л.Лейманис, И. В. Масс, К.Пиесис, М.А.Пярн, М.А.Шнейдеров, Г.В.Шулятин; актерлері: В. Артмане, Я.Грантинь, Б.Зандбергс, X.Лиепинь, Я.Осис, Э.Павулс, У. Пуцитис, Э.Радзинь, Д.Ритенберг, К.Себрис, Г.Цилинский; операторлары: М. Звирбулис, М. Рудзитис; композиторлары: М. Заринь, Я. Иванов, А. Скулте т. б. Көптеген Латвия актерлері басқа да республикалық киностудияларының көркем фильмдеріне түсті. 1962 жылы Латвия кинематографистер одағы құрылды. 1972 жылы Қазақстанда Латыш ССР-і кино өнерінің байқауы өткізілді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *