Латвия архитектурасы

Архитектурасы. Латвия жерінде байырғы бекініс қоныстардың (б. з. б. 1-мың жылдық) қалдықтары сақталған. Құрылыс ісінде ғасырлар бойы ағаш (тұрғын үйлер мен шіркеулер) қолданылып келді. 12 ғасырдан бастап тас құрылыстар (Икшкиледегі шіркеу) ірге көтерді. 13 ғасырда Цесис, Сигулда, Лудза, Бауска қалаларынан қамалдар салынды. Латвия архитектурасынан әр түрлі стильдер орын алды. Валмиера мен Цесистегі (13 ғасырдың аяғы), Ригадағы (Григорий мен Яков шіркеулері) шіркеулер роман стилі мен готика үлгісін жергілікті сәулет өнері тәсілдерімен сындастыра отырып салынған. Ұзақ уақыт бойы сан рет салынып, бірнеше қабат өзгерістерге ұшыраған әр түрлі дәуір архитектурасын бейнелейтін көптеген ғимараттар (Ригадағы Домск соборы, Ионна шіркеуі, Петер соборы т. б.) бар. Ригадағы Данненштерн мен Рейтерн үйлері (17 ғасырдың аяғы), Рундале мен Елгавадағы сарайлар (18 ғ., арх.В.В.Растрелли) барокко стилінде тұрғызылды. Көптеген архитектуралық ескерткіштерден өз уақытына орай құрылыс техникасының жоғары болғандығы (Петер ооборының биіктігі 120,7 м ағаш мұнарасы т. б.) байқалады. 18 ғасырдың аяғы мен 19 ғасырдың 1 жартысында классицизм үлгісіндегі көптеген ғимараттар бой көтерді: Ригадағы Петер мен Павел соборы, қазіргі Тарих музейінің залы (арх. К. Хаберланд) т. б. 19 ғасырдың 2-жартысынан бастап өнеркәсіптің жедел қарқынмен өркендеуіне байланысты қалаларда ретсіз салынған құрылыстар (банктер, дүкендер мен жабық базарлар, театрлар, музейлер мен кітапханалар т. б.) көбейді. Ғимараттардың денін латыш архитекторлары Я. Ф. А. Бауманис пен К. Пекшен тұрғызды. 19 ғасырдың аяғы мен 20 ғасырдың басында модерн стилі тарады. Совет өкіметі тұсында Латвияда жаңа бас жоспар бойынша көптеген қоғамдық ғимараттар, ірі комплекстер салынды. 1940 жылдардың 2-жартысы мен 50 жылдардағы архитектурадан эклектикалық әлеміне бой ұру байқалады. 1955 жылдан жүйелі жоба бойынша темір-бетон мен кірпіштен, 60 жылдары табиғи материалдар мен металдан түрғын үйлер мен ғимараттар (латыш атқыштарына арналған музей-ескерткіш, арх. Д.Дриба және Г. Луоис-Гринберг; Дзпнтаридегі жазғы концерт залы, 1959-1960, арх. М. Глезис, А. Вецсилис т. б.) салу өріс алды. Латвия архитекторларының жобасы бойынша Москвадағы «Рига» метрополитені (1958, арх. В. Апситис т.б.), Целиноградтағы Тың игерушілер сарайы (1960-1963, арх. О. Крауклис т. б.) салынды. Латвия архитекторлары жасаған жалпы білім беру мектептерін салудың типтік жобасы РСФСР және басқа да республикалық қалаларында қолданылып келеді. 1945 жылы Ригада Латвия Архитекторлар одағы құрылды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *