Жүректің ішкі қабының және қан тамырларының аурулары
Эндокардит — жүректің ішкі қабының қабынуы. Жіті және созылмалы, жүрек қақпақшаларында және қабырғаларында, сүйелді және жаралы болып кездеседі.
СЕБЕПТЕРІ. Індетті-токсикалық негізде және миокардит асқынғанда пайда болатан екінші қатардағы ауру.
ДАМУЫ. Көбінесе жүрек қақпақшаларының қан ағатын жақтағы беттері зақымданады. Бұл мысал эндокардиттің себебі патогенді микроорганизмдер мен токсиндер екенінің бірден-бір дәлелі.
Біртіндей келе қабыну процесі сіңір-тарамыс талшықтарына, ішкі қабырғалардың әр жерлеріне тарайды. Қабынған жері ісінеді, бұдырланады. Ол жерге кұрамында лейкоциттер, тромбоциттер бар фибринді белок талшықтары жиналып, қабаттасады. Ары қарай дәнекер ұлпа өсіп ол жерде сүйелге ұқсас бұдыр пайда болады. Ондай өзгеріс қақпақшалардың түйілісетін жапсарларында орналасады. Қақапақшалардың түрлері өзгеріп, олардың кызметтері мен қан айналысы бұзылады. Оның ақыры жүрек ақауына барып тіреледі. Бұл сүйелді эндокардиттің дамуы.
Жаралы эндокардитте шіру процесі басымырақ болады. Қақпашалардың пішіні өзгеріп, кейде тесіліп кетуі де мүмкін. Әуелгіде күңгірт сарғыш нүктеден басталады да, ол бірте-бірте ұлғайып, шіріген кезде жұмсарады. Ол жерде ойық жара пайда болады. Жараның беті фибрин талшықтарымен қапталады. Кейіннен талшықтар бөлініп, қан ағысына қосылып, жиі-жиі қан тамырларының бітелуіне (эмболия), қабынуына, қанды іріңнің организмге жайылуына (септикопиемия), жүрек ақауларына апарып соғады.
Жаралы эндокардит көбінесе қатерлі түрде өтеді. Кейде қабыну процесі жүрек етіне, жүректің сыртқы қабына тарап жүректін барлық қабаттарының қабынуын (панкардит) тудырады. Процесс қан немесе лимфа арқылы басқа ағзаларға жетіп оларды да зақымдайды.