Артерия

Артерия, (күретамыр, arteria; көне грекшеar — ауа; көне грекшеterein — ішіндегі) — қанды жүректен алып шығып, дене мүшелеріне тарататын тасымалдаушы ірі қан тамыры; оттегімен байытылған қанды жүректен ішкі мүшелерге тасымалдайтын қантамырлар.

Артерия жүйесіне өкпе артериясы (балықтарда әкелу және шығару қызметін атқаратын желбезек артерия) қолқа және артериолаға дейінгі артерия тармақтары жатады. Артерия қабырғасы 3 қабаттан құралған. Сыртқы (адвентиция) дәнекер ұлпадан тұрады. Ол өте берік ішкі қысымға төзімді, сонымен қатар созылмалы қан тамырлары мен жүйке жүйесі жақсы жетілген. Ортаңғы қабаты тегіс бұлшық ет және созылмалы талшықтардан құралған. Оның жиырылып созылуы нәтижесінде артерия қуысы ұлғайып кішірейеді. Соның нәтижесінде ағзаларға келетін қан мөлшері реттеліп тұрады. Ең ішкі қабаты интима эндотелий мен дәнекер ұлпадан тұрады. Ол қан тамырларына қосымша беріктік береді. Адам артериясының диаметрі 0,4-2,5 см-қабырғасының калыңдығы 0,8-0,9 мм артерия жүйеде жалпы қан көлемі (орташа есеппен) 950 мл.[1]

Артерия арнасының диаметріне байланысты ірі, орташа және майда, ал ортаңғы қабығының құрылыс ерекшеліктеріне қарай эластинді, эластинді-етті және етті артериялар болып бөлінеді. Артерияның қабырғасы үш қабықтан: ішкі — интима, ортаңғы — медиа, сыртқы — адвентиция қабықтарынан құралған. Интима өз кезегінде эндотелий, эндотелийасты және ішкі эластинді жарғақ қабаттарынан тұрады. Ішкі эндотелий қабатын — негіздік жарғақта (базальдық мембранада) бірқабатта орналасқан тым жұқа да жалпақ, сопақ ядролы көпбұрышты эндотелиоциттер түзеді. Эндотелиоциттердің қан тамыры қуысына қараған ішкі беті плазмолемманы гликопротеид қабатымен астарланған. Гликопротеид қабаты қанның ұйымауын қамтамасыз етеді. Эндотелий асты қабатты гликозамингликандарға бай жіңішке талшықты борпылдақ дәнекер ұлпасы құрайды. Бұл қабатта зақымдалған эндотелиоциттерді қалпына келтіру қызметін атқаратын жас жүлдызша жасушалар, макрофагтар және жекеленген ет миоциттері кездеседі. Ішкі эластинді жарғақ эластин талшыктарынан тұрады. Медианы — артерия арнасының диаметріне байланысты: эластин жарғақтары мен талшықтары (эластинді артерияда), эластин талшықтары мен ет миоциттері аралас (эластинді-етті артерияда) немесе тек ет миоцитгері (етті артерияда) құрайды. Медиа мен адвентиция шекарасында сыртқы эластинді жарғақ орналасады. Адвентиция — борпылдақ дәнекер ұлпасынан тұрады

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *