Ұрлық
Ұрлық жасауды әдетке айналдырған бір кісі, бөгде адамның бауына
кіріп, жеміс ағашының басына шығады. Ағаштың бұтақтары майысып, пісіп тұрған жемістер жерге түседі. Мұны байқаған бау иесі ұрының жанына барып:
– Ей, оңбаған! Неткен адамсың? Жемістің бәрі жерге түсіп, ысырап болды ғой. Аллаһтан қорықсаңшы,–деп айқайға басады. Өз әрекетіне ұялмақ түгіл еш қымсынбаған
ұры былай дейді:
– Не болды соншама? Құдайдың жаратқан ағашының жемісінен Оның құлы жесе не болыпты? Мені сол үшін кінәламақпысың?,–дейді. Мұны естіген бау иесі:
– Аузыңа келгенді оттамай, жерге түс. Сен басынған екенсің. Көрсетейін мен саған, – деп одан сайын ашуға мінеді де қызметшілеріне айтып, ұрыны ұстап алады. Оның аяқ-қолын байлап:
– Ұрыңдар, – деп қызметшілеріне әмір береді. Арқасына қамшы тигенде ұры жанұшыра:
– Аясаңдаршы. Мен де адамның баласымын ғой. Аллаһтан қорқыңдар, – деп айқайға басқанда бау иесі:
– Неге сонша айқайлайсың? Қамшы Аллаһтікі. Ұрып жатқан Аллаһтың құлы. Ол
Құдайдың әмірін орындауда. Мұнда тұрған не бар? – деген екен.