Шудалы торғайдың ертегісі
Ертеде бір шудалы торғай бар екен. Ол торғай келеді де бір ешкіге айтады: «Ешкі, ешкі, мына тобылғының бүршігін неге жемейсің», – дейді. Ешкі айтады: «Ой, тәйірі, қойшы, өзім көк шөп жеп тойып тұрсам». «Тұра тұр сені қасқырға айтып сорыңды қайнатайын», – деді торғай. Бір қасқырға келді, айтты: «Мына жерде бір ешкі тұр, оны неге жемейсің», – деді. Қасқыр айтты:
– Әрмен жүрші, өзім байдың асауын жеп тойып тұрсам, – деді.
– Һа, тұра тұр, сен ішіңді көтере алмай тұрсаң, сені жылқышыға айтайын, – деді. Жылқышыға келіп: «Жылқышы, жылқышы, мына жерде бір қасқыр тұр, оны неге ұрып алмайсың», – деді. Жылқышы айтты:
– Әрмен жүрші, өзім жылқымды жия алмай әуре болып жүрсем, – деді.
– һәм, байғұс, тұра тұр сені байыңа айтайын, – деді. Байына келді, айтады:
– Бай, бай, мына жерде жылқышыларың жылқысын тоздырып, қасқырға жегізіп әуре болып жүр, оны неге ұрмайсың, – деді. Бай айтты: «Өзім асқа тойып, ішімді көтере алмай отырмын», – деді.
– Сені тышқанға айтайын, қарныңды ойып жесін, – деді. Тышқанға келіп айтады: «Тышқан, тышқан, мына жерде бір бай ішін көтере алмай отыр, оның қазысын неге жемейсің», – деді. Тышқан айтты: «Әрмен жүрші, әрмен жүрші, өзім інімді қаза алмай жүрсем», – деді. «Тұра тұр, сені баладарға айтайын» – деді. Баладарға келді, айтады: «Баладар, баладар, мына жерде бір тышқан інін қаза алмай жатыр, оны неге ұрып алмайсыңдар», – деді. Балалар айтты: «Әрмен, әрмен тұр, өзіміз асығымыздан ұтылып жүрсек», – деді.
– Сендерді шешелеріңе айтайын, – деді. Шешелеріне келді, айтады:
– Бәйбіше, бәйбіше, балаларың бұзауды жамыратып, өздері асық ойнап жүр, оны неге сабамайсың, – деді.
– Тәйірі, қойшы өзім жүнімді сабай алмай отырсам, – деді.
– Тұра тұр, сенің жүніңді желге айтайын, – деді. Келді, желге айтады:
– Жел, жел мына жерде бір қатын жүнін сабай алмай отыр, оны неге ұшырмайсың, – деді. Жел барып, қатынның жүнін ұшырады. Қатын баласын сабайды, бала тышқанды ұрады, тышқан байдың қазысын жейді. Бай жылқышыны сабайды. Жылқышы қасқырды ұрады, қасқыр ешкіні талайды. Ешкі тобылғының бір бүршігін жейді. Сөйтіп, барша басына жетеді.