Сылдырмақты көжек
Бар екен де жоқ екен, аш екен де тоқ екен, алыс бір теңіздің жағасында, біз жақ бетінде емес, арғы жағында бір қоянның көжегі өмір сүреді екен. Сол көжектің бір сылдырмағы бар екен. Сылдырмағын сылдырлатып ойнауды аса ұнатады екен. Күндердің бірінде сол көжек тамақтану үшін кең далаға, майсалы жайылымға шығыпты. Көңілі таза көжек сылдырмағымды жоғалтып алмайын деп, тіпті аласа, бойы бір қарыс, тарбиған бір ағаштың басына іле салыпты да, қалың шөптің арасына зытып кіріп кетіпті. Біраз жүріп, қарнын тойғызып, айналып келсе, бағанағы аласа, тарбиған кішігірім ағашы серейіп, биіктеп өсіп кетіпті. Жас көжек сылдырмағын алмақ болып, қанша әрекет жасағанмен, бой жетпей, әбден ызаланыпты. Ашу шақырып алуға шамасы келмейтінін білген көжек ағаштың өзіне қарай иілуін сұрапты.
Сонда ағаш:
– Долы желге төтеп бере алмай, амалсыз иілгенім де жетер, сенің сылдырмағыңды алу үшін иіліп, қошемет етер жайым жоқ, – депті маңғазданып.
Сонда отын кесетін балтаға айтады:
– Балта, Балтабай, Балтажан! Әне бір ағашты кесіп тасташы! Менің сылдырмағымды жоғары көтеріп бермей жатыр!
– Жоқ, ол ағашты кесе алмаймын, себебі ол сияқты талай ағашты кесіп, обалына қалдым. Жас шыбығын да, жуанын да, тіпті пісіп тұрған миуасымен де қырқып, жүзім қайырылып қалды, – дейді ол.
Мұны естіген көжек қатты өкпелеп, жолмен кетіп бара жатып, үлкен бір қара тасқа жолықты да:
– Тас, тас, қатты тас! Әне бір балтаның жүзін қайырып, өтпес етіп қойшы, ағашты кеспей жатыр. Ағаш болса менің сылдырмағымды бермей жатыр, – депті.
Тас та балтаның берген жауабын қайталапты.
Одан соң тасты ағызып кетші, тілегімді орындамады деп, айдалада ағып жатқан суға да жалыныпты. Су да балта мен тастың жауабын қайырыпты.
Әбден шамасы құрып, шарасы таусылып, не істерін білмей тұрған шақта, аспан әлемінің буырқанған сойқанды желі ұйқы-тұйқы болып, ызылдап келіп қапты.
– Ал, көжегім, не болды саған? Жылап, мұңайып отыруыңның мәні қалай? – деп сұрапты.
Көжек:
– Әне бір кішкене ағаш бірден сорайып өсіп кетіп, сылдырмағымды бермей жатыр. Балтаға айтсам, ағашты кеспеді, тас балтаны өтпес етпеді, су тасты ағызып әкетпеді, соған зығырданым қайнап тұр, – депті.
– Жас өспірім көжек екен, бір пайдамды тигізейін, – деп бұрқасын
жел қатты бір күшпен ағаш басын иіпті. Құйғытып шауып барған көжек, сылдырмағын алып, желге рахмет айтыпты. Көжек қуанғанынан сылдырмағының сылдырын желге қосып, үйіне қарай жосыта жөнеліпті.