Маймыл мен бақа
Бір маймыл көлге барып су ішіп жүріп бір бақамен танысыпты. Олар
бірте-бірте достасып та кетіпті. Ол екеуі үнемі бірге ойнап-күліп жүреді екен.
Бір күні екеуі көл жағасындағы көк жасаңда ойнап-күліп отырғанда, бақа маймылды көлдегі мекеніне барып тамашалауға ұсыныс етіпті. Судан өлердей қорқатын маймыл барудан жүрексініпті.
– Сен менің арқама мініп, көзіңді тарс жұмып, отырсаң болды. Сені көл түбіне өзім-ақ алып түсемін, – депті бақа.
Маймыл таңсық көріп, оның арқасына жабысып көлге түсіпті. Маймыл
бірнеше күн бақаның үйінде ойнап-күліп жүріпті. Маймылдың жүрегі күллі науқасқа ем болады деп естіген бақа, оны өлтірудің қазанын асып:
– Достым, анамның науқасы салмақты болып тұр, дәрігердің айтуынша,
маймылдың жүрегін жесе ғана сауығады екен, меніңше енді мен не істеуім керек, – депті.
Маймыл әдейі таңданғансып:
– Әттең, бақа-ай! Екеуіміздің дос болғанымызға ұзақ уақыт бола тұра, сіз маймылдардың жүрегі әмсе ағаш басында ілулі тұратынын білмеуші ме едің? Мені жағаға алып шығып, жүрегімді алып қайт, сөйтіп анаңды емдетсең болады, – депті.
Сонан бақа маймылды арқалап жағаға шығарыпты. Тауға келгеннен кейін маймыл ағаш басына өрмелеп шығып бақаға:
– Досым, аузыңды аш, жүрегімді үзіп тастайын, – депті.
Бақа аузын ашып тұрыпты, маймыл жабысқақ құмалақтарын
уыстап алып бақаның аузына тастап:
– Бақа, бақа маймылдың жүрегін емес, құмалағын жедің! – деп
сықылықтай күліпті.