Көжек
Бір қоянның жалғыз көжегі бар екен. Сужүрек, қорқақ болыпты. Сондықтан енесі сыртқа шыққан кезде есікті жауып, бекітіп жүреді екен. Жатағында жалғыз қалған көжек бір бұрышқа тығылып, қорыққаннан қалшылдап отыратын әдеті болыпты.
Бір күні енесі ұзақ кешіккен соң, көжек қарны ашып, сыртқа шығады да, тоғайға қарай бет алады.
Сол кезде алдынан бір тышқан шыға келеді де:
– Қайда барасың? – деп сұрапты. Қоян не айтарын білмей, қалшылдап тұрып, жылап жіберіпті.
– Апам жоқ…– деуге тілі зорға келіпті.
– Мына тоғайдың ішінде жүрген шығар, – деп, тышқан қорқақ көжекті әрі таман шығарып салыпты.
Көжек бүгежеңдей басып, әрі қарай кетіп бара жатса, қарсы алдынан түлкі ұшырасыпты.
– Қайда барасың? – деп сұрапты түлкі сөзге айналдырып. Тышқан өзіне тиіспеген соң бұл да жөн сілтер деп ойлаған көжек:
– Апама барамын, – деп, шынын айтыпты. Түлкі жылмаңдап, алдарқата бастапты.
– Апаң үйіне кетті ғой, – депті алдап.
Көжек алды-артына жалтақтай қарай, үйінің қай жақта қалғанын айыра алмай, жылап тұрып, түлкіден:
– Маған үйімді көрсетіп жіберші, – деп өтініпті.
– Онда соңымнан ер! – депті түлкі сумаңдай ілгері адымдап.
Көжек бүгежеңдеп, түлкінің соңынан ілесіпті. Содан аңқау көжекті өзінің үйіне ертіп әкеп, ішке кіргізеді де, есікті бекітіп қояды.
– Енді ешқайда қашып құтыла алмайсың. Мен сені жеймін, – дейді де, тісін сақылдатады. Қорыққаннан көжектің зәре-құты қалмайды.
– Босатшы, ағатай!..– деп жалынады көжек зар еңіреп.
Көжектің жалынышты үнін, түлкінің зіркілдеген даусын естіп, түлкінің үйіне қасқыр кіріп келіпті. Бүрісіп, қалшылдап тұрған көжекті көріп:
– Менің аш екенімді біле тұрып көжекті неге маған сыйламадың? – деп ақырады түлкіге.
Сонда түлкі мен қасқыр таласып, біріне-бірі айбат шегісіп, алыса кетеді, төбелес басталады. Осы арпалыс кезінде көжек зып беріп сыртқа шығады да, қаша жөнеледі. Асқа таласқан түлкі мен қасқыр бірінің қанын бірі жалап, қала беріпті.