Торғайдың өсиеті
Өткен заманда бір саятшы тор құрып қойса, торына бір кішкене торғай түсіп қалыпты. Торғайды адам қолына ұстап үйіне апара жатса, торғай тілге келіп:
– Мен кішкене торғаймын, апарғанда союға жарамаймын, қапасқа салсаң құсамен өлемін. Онан да мені еркіме қоя бер, мені еркін кең дүниеге жібер. Мен сізге екі ауыз өсиет айтайын, – депті
Сонда адам: «Кәне, әңгімеңді айт», – депті.
– Жарайды, онда бір ауызын қолыңда, бір ауызын жерге түскен соң айтайын, – дейді торғай.
«Біріншісі, «Өткен іске өкінбе», екіншісі, «Көзбен көрмей, қолмен ұстамай ешкімге сенбе», – депті торғай.
Торғай жерге түскен соң: «Ей, адам, сен ештеңені білмедің! Менің бөтегемде жұдырықтай гауһар бар еді, соны мені ұстап тұрып білмедің», – дейді.
Өз ісіне өзі өкінген адам қонып тұрған торғайды ұстауға ұмтылыпты. Торғай әр жерге ұшып қонып, адам жете алмай қалды.
Сонда торғай тұрып:
– Ей, адам, мен жаңа қолыңда тұрып айтқан өсиетіме түсінбепсің! Қалай ақылың жетпеді, мен өзім жұдырықтай жоқпын. Менің бөтегеме ондай заттың сыюы мүмкін емес, бұл бір, екінші, мен саған ұстатпаймын, қанатым бар, «өткен іске өкінбе», – деп ұшып кетіпті.