Күшік пен мысық
Қарны ашқан күшік тауда қаңғып жүргенде, қасқыр жүгіріп келіп:
– Күшік, мен сені жеймін! – дейді.
– Қой, көкешім, қой! Әуелі мені тойғыз, сонан соң жерсің, – дейді.
– Жарайды, жарайды, менің соңымнан қалмай ере бер, – депті. Екеуі бірге келе жатып, бір топ сиырды көріпті. Қасқыр өзінің жолдасына қарап айтты:
– Маған қарашы, менің көздерім, құлақтарым, аузым һәм құйрығым қандай екен? – дейді. Сонда күшік айтты:
– Сенің екі көзің шоқтай қызарып жайнаған, екі құлағың жымиған, аузың арандай ашылған, құйрығың артқы аяқтарыңның арасында қыстырылып, жас шыбықтай болып майысқан – дейді.
– Енді мен не қылар екенмін, соны қара, – дейді қасқыр.
Шапшып барып бір бұзаудың тамағына барып жабысып, тұншықтырып өлтіріп, күшікті де тойғызып һәм өзі де тойды.
– Мен тойдым, сенің етіңді жемеймін, қош бол! – деп, қасқыр желе жортып, кетіп қалыпты. Күшік бұзаудың жемтігінің қасында қалып, үш күндей тегін етке тойып жатыпты. Ақырында іші пысқан соң, қаңғып жүрмекке шыққан еді, бір аш мысыққа кез болыпты. Ол мысыққа айтты:
– Мысық, мен сені жеймін! – дейді.
– Қой, күшігім, қой, әуелі тойғыз, сонан соң жерсің, – дейді.
– Жарайды, менімен бірге жүр, – депті. Біраздан соң бұлар бір топ түйеге келіпті. Күшік айтты:
– Мысық, маған қарашы, менің көздерім, құлақтарым, аузым һәм құйрығым қандай екен? – дейді.
– Несін айтасың, сенің көзің бозарып тұр, құлақтарың салпайып тұр, аузың аңқиып, тілің салақтап һәм құйрығың салбырап тұр, – дейді. Сонда бұған күшік айтты:
– Енді мен не қылар екенмін, көр! – депті. Күшік жүгіріп барып, бір түйенің аяғынан тістейін дегенде, түйе мұны дәлдеп тұрып басқа тепкенде, күшік сол арада сеспей қатыпты. Сонда мысық айтыпты:
– Әй, мақтаншақ, мақтаншақ! Сен неге әліңе қарамай қиын іске қолыңды созасың! Сен ешқашан қасқыр бола алмайсың. Енді сенің етіңді мен жеймін, – депті.