ҚАҢБАҚ ШАЛ
Қаңбақ шалдың жеңілдігі сондай, жел болған күні ұшарын жел, қонарын сай біледі екен. Бір сайға келіп, қонып жатса, бір батыр кеңеседі, екеуі достаспақ болу үшін ең әуелі күштерін сынасады.
– Мен тепкенде, жердің миын шығарам, – дейді шал.
– Қане, тепші, – дейді батыр.
– Мақұл, – деп, бұрыннан жерге көміп қойған құстың үш жұмыртқасын басып қалып, бырс еткізеді.
– Міне, жердің миын шығардым ба? – дейді.
– Сен, қане, тас лақтыршы, – дейді батырға шал. Батыр лақтырса, көзкөрім жерге барып түседі.
– Мен лақтырсам, ертең осы уақыт әрең түседі, – дейді шал. Тасты лақтырып жібереді. Кеш болып, ұйқыға кетеді. Түн ортасы алдында шал тұрып, малта таспен батырды маңдайға дәлдеп тұрып, қойып кеп кетіп, өзі жата қалады. Батыр шошып оянса, шал жатып:
– Кешегі менің тасым ғой, жаңа кеп түскен, – дейді.
Батыр шалды қонаққа шақырады.
– Мен жүз қой сойсаң, тоямын, – дейді шал.
– Менде жүз қой жоқ. Тойдыру үшін емес, дәм тату үшін ғана шақырам, – дейді. Бірер қойын сойып, тамақтанып алып, жатарға таянғанда:
– Мен сыртқа жатам, – дейді шал. Батыр онысын мақұл көріп, төсекті сыртқа салдырып береді.
Шал ел жатқасын орнына тас қойып, өзі тың тыңдайды. Батыр:
– Түбіме осы шал жетпей қоймас. Онан да өлтірейін, – деп, қылышын қайрап алып барып, кергітіп отырып, бір салғанда, қылышы сынып кетеді. Батыр жайғап салған болармын деп, үйіне жайланып жеткен кезде шал тасты лақтырып тастап, өзі орнына жата қалады.
Ертеңінде таңертең асты ішуге батырмен дастарқанда болады.
– Қонағым, қалай түнеп шықтың? – дейді.
– Арқамды маса шаға бергендей болды, – дейді.
Ертеңінде тағы да өз орнына томар қоя қояды. Қайнаған сумен бырыстырдым деп, батыр жайланып орнынан тұрса, шал ап-аман.
– Қонағым, жақсы ұйықтадың ба? – деп [сұрайды батыр.]
– Жаңбыр себелеңкіреді, – дейді шал. Батыр ат басындай алтын береді. Шалдың оны көтеріп апаруға шамасы жоқ. Онысын сездірмей:
– Сіз де біздің үйден дәм татыңыз, оныңызды сол барғаныңызда ала келерсіз, – дейді.
Өзі үйіне бұрын келіп, қатынына ақылын үйретіп-үйретіп қояды. Батыр келеді. Амандасады. Бәрі жым–жырт отырады. Шал отырып:
– Қатын, қонағыңа қазан ас, – дейді.
– Ет жоқ, немді асайын? – дейді қатын.
– Қара қойдың санын ас, қызыл қойдың басын ас, ол екеуі болмаса, мына батырдың өзін ас! – деуі-ақ мұң екен, батыр қаша кеп жөнеледі.