ҚАҒАНАҚБАС, ҚЫЛКЕҢІРДЕК, ШИБОРБАЙ
Қағанақбас, Қылкеңірдек, Шиборбай – үшеуі жолдас екен. Бір күні бұлар бір тоқты ұрлап, сатыпты. Тоқтыны бұтарлап, етін қазанға салайын деп жатып, Қағанақбасқа қарынды тысқа ап шыққанда қара шыбындар қарынға да, Қағанақбастың басына да қаптай үймелепті. Басындағы шыбынды қағамын деп, Қағанақбас қақас қолын сілтеп, басын ұрып алыпты. Пиала төбесі ойылып, шарана шекесі шарт кетіпті. Жұмыртқадай жұқа бас жарылып, жан беріпті.
Қағанақбас қалайша кешікті деп, Шиборбай шыға келсе, өліп жатқан Қағанақбасты көре салып:
− Ай, әттеген-ай!− деп, екі қолымен санын салып қалғанда, шидей борбайы шырт етіп, ол да мүрдем кетіпті. Мұның даусымен Қылкеңірдек жүгіре шығып, өліп жатқан екі жолдасын көріп:
− Ойбай! Бауырым-ай! – дегенде қыл кеңірдегі қылғына алмай, үзіліп кетіпті.