ШЫҚБЕРМЕС ШЫҒАЙБАЙ МЕН АЛДАР КӨСЕ

ШЫҚБЕРМЕС ШЫҒАЙБАЙ МЕН АЛДАР КӨСЕ
Баяғыда бір Шықбермес Шығайбай деген бай болыпты. Аты өзінің сараңдығынан «Шық бермес» деп аталған екен. Сол заманда Жиренше деген шешен болады екен. Және де Алдар көсе деген қу болады екен. Сол Алдар көсе мен Жиренше екеуі бәстеседі. Жиренше айтады:
– Сен, Алдар көсе, сол Шығайбайдың үйінен тамақ ішсең, қалағаныңды берейін, – деді.
Сол Шықбермес байға Алдар көсе жөнеледі. Бір күні үйіне жақындап келіп қараса, үйді айналдыра қамыс төсеп қойған екен. Агар біреу келе жатса, біліп, сылдырлағанынан қылып отырғаны, жеп отырғанын, тамағын жиып қояды екен.
Есік алдындағы қамысты ақырын-ақырын жиып, үйге, сөйтіп, амалдап жетіп, тесіктен қарап тұра қалса, бәйбішесі Шығайбайдың қаз жұлып отырады екен, күңі – сирақ, қызы қамыр илеп, байдың өзі бас үйітіп отыр екен дейді. Соны көріп алып, Алдар көсе үйге кіріп келсе, бәрі қолындағыларды астарына тығып қоя қойыпты.
Сөйтіп, бай Алдар көседен жөн сұрайды.
– Жол болсын, Алдар көсем, қайдан келесің? Не көрдің, не білдің? – дейді.
Онда Алдар көсе айтады:
– Бұ күні осы жаққа келе жатқанымда бір жылан көріп, қуып жете алмадым, – деді. Оған бай нанбайды. Сонда Алдар көсе ант ішеді.
Растығына:
– Осы бәйбішенің астындағы қаздай, жуандығы өзіңнің астыңдағы бастай. Қазыққа жаншылады қызыңның астындағы қамырдай, жыланның ені күңнің астындағы сирақтай, ой, тулайын, – деп, ант бергеннен соң бұл бәрін көрген екен деп, әлгілердің бәрін де қазанға салып жатып, байдың айтқаны:
– Піс, қазаным, бес ай, – деді. Сонда Алдар көсе екі етігін шешіп тастап, екі босағаға екеуін жіберіп, айтқаны:
– Отыр, көтім, он ай. Кер шабанның терісін келер жылы киейін, – деді.
Сонан соң үй иелері де, Алдар көсе де бірін-бірі аңдып, өтірік ұйықтаған болып, жатып, үй иелері шын ұйықтап қалады. Оны біліп, Алдар көсе қазанның ішіндегі етін тойғанынша жеп, қалғанын тығып, қазанға күңнің ескі тері белдемшесін турап-турап салып қойып, мұны білсе, маған қастық қылар деп, байдың қорасына барып, байдың қасқа атына боқ жағып, жоғалтып, өз атын маңдайына бор жағып, қасқа қылып, сөйтіп, ұйықтап қалады.
Онан соң бай оянып, қорбаң-қорбаң етіп, үйінің ішін оятып, қазанын түсіріп, жеп қараса, ет емес, белдемше екенін біліп, бек ашуланып, мұның кем болмаса, атын жарып, ит қылып алайын деп ойлап, далаға шығып, барып, өз атын жарып тастап, таңертең Алдар көсені оятып:
– Атыңның ішіне қазық кіріп, өліп қалыпты, – деді.
Сонда Алдар көсе айтады:
– Агар боқ қасқа болса, сенікі шығар. Агар бор қасқа болса, менікі болар, – деген соң далаға шығып қараса, өз атын өлтірген екен.
– Япырмай, мұнан қайтып құтыламын, – деп, қойға кететін болды. Сөйтіп тұрып:
– Тым болмаса, нанымды алып барып, далаға жейін деп, қатыны[на]: «Пеш нан шығарып, бер», – деп, сыбырлайды. Оны Алдар көсе біліп, нанын қойнына тыққан уақытта жүгіріп келіп, құшақтап, көріскен болады.
Ыстық нан байдың төсін күйдіргеннен соң:
– Ай, ант ұрған, осы нанды сен жеші, – деп, лақтырып тастап, жүре береді қойдың артынан. Оның артынан Алдар көсе келіп:
– Бізіңді алып, етігімді тігіп алайын, – деді.
– Жарайды, – деп, бай жүре береді. Бай дауыс жетер-жетпес жерге барғанда «Бізбелдікті маған берді», – деді. Байдың қызының аты – Бізбелдік екен. Оған бәйбіше болмаса, байға айғайлап айтады:
– Бізбелдікті бермейді, – деп, бай жөндеп есітпей, «Беріп, беріп, жібер құрғырға», – депті. Сөйтіп, Алдар көсе қызды артына мінгізіп, жүріп кете береді.
Сөйтіп, бәстескен Жиренше шешенге келді. Жиренше айтты:
– Сен мені алдасаң, не сұрағаныңды аямаймын, – деді.
– Мені арманыма жеткіз, – деді.
– Жарайды, – деп, екеуі жүріп кете берді. Жиреншенің аты бар, Алдар көсе – жаяу. Бір жерге келгенде Алдар көсе тұра қалып, өкініп айтады:
– Ой, әттеген-ай, менің кісі алдайтұғын ала қабым үйде қалыпты. Енді қайтейін? – деді. Онда Жиренше ойында һешнәрсе жоқ:
– Мінекей, менің қара арғымағым, мініп барып, қабыңды алып келе қой, – деп, атын береді.
Жиреншенің атына Алдекең мініп алып:
– Алдаған осы, – деп, айдалада Жиреншені жаяу тастап, «Қалағаным – осы» деп, жүре береді. Жиренше жүгіріп, аулына барып, қатынына айтады, өзін сөйтіп алдап кеткенін Алдар көсенің.
Қатыны бір бос бесікті қолына ала салып, жүгіріп, Алдар көсенің алдынан шығады. Сөйтіп, екеуі бір өзен суға келе жатып, жаяу өтпекші болған соң Алдар көсе:
– Ап кел бесігіңді, мен өткізейін, – деді. Қатын айтады:
– Жоқ, мен өзім өткіземін. Әйтпесе, бала оянып, жылап, жолда ығыр қылады, – деді.
Соған Алдар көсе иланады да, атынан түсіп, қатынға береді. Қатын атқа мініп, бесікті алдына алып, суға түсіп кетеді. Судың ортасына барған соң бесікті суға тастап жіберіп тұрып айтады:
– Бір асқанға бір тосқан осы деген, бәлем, әлі жас екенсің, мұрт-сақалың шыққанда мені алдарсың, – деп, жүре беріпті.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *