Түлкі мен тырна
Түлкі мен тырна достасып бірге тұрмақ болыпты. Екеуі бірге балалап, бір жерде өріс теуіпті. Ішіп-жемі ортақ, біреуі жем іздеп саятқа кеткенде, біреуі балапандары мен күшіктердің жанында қалады. Күндердің күнінде тырнаның таз балапандарына жүн шығып, жорғалайтын болады. Түлкінің күшіктері де қара пұшпақ болып құлпырады. Аналары балаларын ауық-ауық жатағына жақындағы жайдаққа серуенге алып шығып жүреді. Бір күні тырна саятқа шығып, түлкі балаларды бағып қалады. Серуенге алып шыққан балапандар мен күшіктер апыр-тұпыр алысып ойнап жатады. Оны көріп отырған түлкіге ой түседі:
– Әй, менің мұным не? Мына тырнаның тұқымдарының мекені аспан, мінгені жел ғой. Жайшылықта, бұл шіркіндер құдайдан тілеп жете алмайтын тамақ қой. Бұлар әрі-беріден соң ұшады, кетеді. Санды соғып біз қаламыз. Достасып, менің екі туып, бір қалғаным ба? Ал, тағы мына күшіктерді құс ұстауға үйрету керек қой! Кісі баласы, кісіге бала болмайды. Одан да…деп тырнаның бір балапанын тыртитып алып ұрып, күшіктеріне қалай ұстап, қалай өлтіріп, қалай жеуді көрсетті. Сөйте-сөйте күшіктері анасының баулуымен балапандардың түбіне жетеді. Өлтірген балапандардың жүнін аулаққа апарып тығып тасайды да, қайтып жатаққа жайласады. Кешінде тырна қайтады. Түлкі тырнаның алдынан шығып жыламсырайды. Тырна:
– Е, не болды? – дейді. Түлкі:
– Білмейім, балалардың саны аз көрінеді, – дейді. Тырна апалақтап сасып:
– Жоғы сенікі ме, менікі ме? – деп сұрайды. Түлкі тырнаға қыжырта қарап:
– Әй, байқұс-ай, ойыңның арамын-ай, қанша бауырға тартсам да,
бөлектенген сөздің ұшқыны шығады да тұрады. Балаларды сенікі, менікі деуші ме едің депті.