Түлкі мен маймыл

Түлкі мен маймыл
Бір күні түлкі жортып жүріп, өліп жатқан бір балықты көреді. Балықты алып жейін десе, астында қақпаны бар екен. Балықты соған жем қылып қойған екен. Оны көріп айландырды. Алып жемекке әрекет қылып, құйрығын ұзартып, балықты сипап тартып, қақпаннан шығара алмады. Балық үлкенірек екен. Түлкінің құйрығының қуаты келмеді. Алып жей алмай ызаланып, жолменен жортып келе жатса, алдынан бір маймыл ұшырады.
Түлкі маймылды көріп, басын төмен салып, құйрығын бұлаңдатып, еркелеп, ыржаңдап, күліп сәлем берді. Маймыл сәлемін алып: «Жол болсын, түлкі би, бұрын мұндай құрмет қылмаушы едіңіз, енді қалайша құрмет қылдыңыз?» – дейді. Онда түлкі айтты: «Сүйінші беріңіз, патша сайламаққа келдік. Көп аңдар, көп жандар кеңес қылып еді. Арамыздан патша сайлаймыз деп маған ақыл салды, сенің білімің көп еді, осы кеңесіміз мақұл ма?» – деп. Мен айттым: «Менен маймылдың білімі көп, адамзатқа ұқсайды», – дедім. «Менің тілімді алсаңыздар, маймылды патша сайлаңыздар, үлкен-кішіміздің құдайымызды білер, шариғатсыз іс қылмас», – дедім. «Егер арыстан патша болса, оның күші көп, өзіне ықтияр тиген соң, ойына келген ісін қылар. Жазықты, жазықсызға қарамай, нашар жандардың барлығын қырып тастар, алдына ешкім арыз ете алмас, әулетімен құртып жіберер», – дедім. Онда жиылған көп жандарға менің ақылым, мақұл болды. «Түлкі бидің ақылы табылған ақыл», – деді. «Патша сайламаққа арыстан жарамайды екен, бәрімізге де зиян келтіреді екен. Маймылды патша сайлалық. Нашардың сөзін айтар, адамзатқа ұқсаған әділетті, ақылы көп шығар тез тауып келіңіз», – деді. Сіздің қайда екеніңізді білмей әр жандар тұс-тұс жаққа қарап іздеп кетті. Бәрінен бұрын сізге келіп мен жолықтым. Құрмет қылып тұрғанымның мәнісі осы», – деді.
Бұл сөзге маймыл қуанып, түлкінің аузына қарап миық тартып күліп отырып: «Мақұл, халық ұнатса, патшалықтан несіне қашалық. Әлім келгенше әділетпен іс тұтармын. Түлкі, сенің жақсылығыңды ұмытпаспын, «Келіннің бетін кім ашса, көзіне сол ыстық» деген. Сүйіншіңді оңдап беремін, маған билік тиген уақытта сенің айтқан сөзіңді жерге салмаспын. Жүргін, бастағын», – деді. Онда түлкі біраз жерге бастап келді. Манағы қақпан мен балыққа жақындаған уақытта қарап тұра қалды. Маймылға қарап:
«Әй, патшам, бір арызым бар, менің қарным аш, осы уақытта еш тақатым қалмады. Сіз бір дуа қылыңыз, мен әумин десем құдай қабыл қылады. Бір тамақ табылып қалар», – деді. Сонда маймыл өз тілімен дуа қылды. Түлкі «аумин» деп алдыңғы екі аяғын көтерді. Дуа қылып болғаннан соң және маймылды бастап ертіп, бір қырдан қылт етіп асып, манағы қақпанға қойған балыққа жолықты. Онда түлкі маймылға айтты: «Сіз дуа қылып едіңіз, мен әумин деп едім, аллаға қабыл болған екен. Даяр тамаққа жолықтық. «Өлмесін деген құлға өлі балық жегізер» деген нақыл осы. Міне, жеңіз», – деді. Сонда маймыл айтты:
«Қарным ашты деп едің, өзің жей ғой, мен бүгін ас жемесем де қуанышымменен-ақ тоқпын», – деді. Сонда түлкі айтты:
– «Ей, маймыл, патшам, егер алты күн аш жүрсем де астың алдын әуелі сіз татпай мен қайтып жейін, құл мырзасынан бұрын ас жемейді. Биі патшасынан бұрын ас жемейді. «Тауда туған құлынның екі көзі таста, аштықта туған баланың ақыл-ойы аста» деген. Аш та болсам, әдепсіз тамақ жемейтін, білімді бидің баласымыз», – деді. Сонда маймыл қақпанға қарай аяғын бір басып еді, сарт етіп аяғына түсті. Қақпанның серпуімен балық шоршып барып түсті. Түлкі қағып алып жеді. Сонда маймыл ойбайлап тұрып айтады: «Патшалықтан кештім, бәледен аяғымды құтқар», – деп түлкіні сөкті. Сонда түлкі айтты:
– Ей, маймыл, әр алуан ойыншы едің, ойнап айтасың ба, шындап айтасың ба, амалды сөкпе, абыройды төкпе, арыстаннан сені жақсы деп келгенімде ахуалың осы ма? Аяғыңнан ұстаған қақпанды көтере алмай жын ұрды ма? Аузыңнан ащы-ащы сөз шығады… Алуан-алуан бақ бар: биігі бастан қонады, аласасы аяқтан қонады. Маймыл-еке осылай болады. Аяғыңнан ақса да отыр. Аузыңмен қақса да отыр. Текпілесең кетпейтін темір бақ қонды. Қақпанға сені патша қылдым. Қайыр қош, аман бол! Патшалығың баянды болсын, – деп жөнелді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *