Түлкінің алдағаны
Бір қасқыр менен бір жолбарыс, бір түлкі үшеуі жолдас болған, жолдас болып үшеуі келе жатқан, бір шелек май тауып алған. Бір жерге үшеуі келіп жатты. Түлкі айтты: «Мына жерде үлкен ағамдікі бар еді, сол ағамның қатыны буаз еді, сол ағамның қатыны бала тапқан екен, соның баласына барып, атын қойып келейін!» – дейді. Қасқыр менен жолбарыс: «Барсаң бар!» – дейді. Түлкі кетті жүгіріп. Бағанағы тауып алған шелектегі майды үшеуі бір жерге көміп кеткен. Түлкі қасқыр менен жолбарыс екеуін алдап тастап, жүгіріп шелектегі майға келеді, бір елі төмен түсіріп жеді, қайтып қасқыр менен жолбарысқа келді:
– Ағаңның баласының атын қойдың ба? – деді. «Қойдым», – деді. «Атын кім қойдың?» – деді. «Атын Бірелі қойдым», – деді.
О күні де үшеуі жатты, ертең тұрған соң түлкі қасқыр мен жолбарысқа айтты: «Мына жерде ортаншы ағамның үйі бар, со ағамның қатыны буаз еді, ағамның қатыны баласын тапқан екен, соның баласына барып, атын қойып келейін!» – дейді. Қасқыр менен жолбарыс айтты: «Бар, қойып кел!» – деді. Түлкі жүгіріп кетті, жүгіріп бағанағы шелектегі майға келді. Шелектегі майдың жарымын жеді. Жүгіріп қасқыр менен жолбарысқа қайтып келді. Жолдастары айтты: «Ағаңның баласының атын қойдың ба?» – деді. «Қойдым», – деді. – «Атын кім қойдың?» «Ортабел деп қойдым», – деді түлкі.
Жатты үшеуі о күні, ертең тұрды үшеуі. Түлкі айтты: «Кенже ағамның үйі бар еді», – деді. «Сол ағамның қатыны буаз еді, ағамның қатыны баласын тапқан екен, сол ағамның баласының атын қойып келейін!» – деді. Қасқыр менен жолбарыс айтты: «Бар, қойып келе ғой», – деді. Түлкі жүгіріп кетті, жүгіріп майға келді. Майдың бәрін жалап-жалап жеп қойған соң, қайтып келді жүгіріп. Жолдастары: «Ағаңның баласының атын кім қойдың?» – деп сұрады. Түлкі айтты: «Жалап-жалап қойдым», – деді.
Жүрді үшеуі, бір түйешіге келді. «Ей, түйеші! – деді, – бір түйе сат бізге!» «Не бересің?» – деді түйеші. «Не берейін, бес жүз сом ақша берейік!», – деді. Түйеші айтты: «Қашан бересің?» – деді. «Ендігі жылы берейік!» – деді. «Жарайды, бір түйе ал», – деді. Бір түйені алды үшеуі, алып келіп бір жерге сойды. Үшеуі түйені сойып жатқанда бір қарсақ келді. Қарсақ айтты: «Сендерге мен жолдас боламын!» – деді. Жолдастар айтты: «Бол! Мынау түйе, сатып алып, сойып жатырмыз, сол түйені ендігі жыл бес жүз сом ақша берейік деп алдық, сол түйенің ақшасына қосыламысың? – деді. «Қосылсаң, төртеуміз түйені сояйық!» – деді. «Сойып болмай жемейік», – деді. Төртеуі сойып жатты, түлкі айтты: «Қарсақ аузына бірдеме қағып салды»,– деді. Қасқыр тап берді, тап бергенде қарсақ жалт қойып қашты. Қашқан соң қасқыр жолбарыспенен тап қойып қуды, түлкі орнында қалды. Қасқыр менен жолбарыс келгенше, түлкі түйені бұзып-жарып, жерге тығып қойды. Түлкі көміп қойған соң кетіп қалды. Бір уақытта қасқыр менен жолбарыс келді, келсе түлкі де жоқ, әлгі жерде түйе де жоқ. Түлкіні таппай тұрғанда түлкі келді. Жолбарыс пен қасқыр айтты: «Түйе қайда?» – деп. «Түйені мен білмеймін, сендер қарсақты қуғанда мен де қуып кетіп едім. Мен қайдан білейін, өздеріңмен бірге қарсақты қуып кеткенмін», – деді түлкі.
Үшеуі жатты. Түнде түлкі түйені көмген жерден алып, түйенің етін жеп жатты. Түйенің етінің бәрін түлкі жеп қойды. Кішкене терісі қалғанда жолбарыс, қасқыр білді, айтты «Е, түлкім не жеп жатырсың?»
– Өзімнің көтеншегімді жеп жатырмын, – деді түлкі.
– Түлкім, өз көтеншегіңді өзің жеп өлмеймісің? – деді қасқыр.
– Өлмеймін, – деді. Қасқыр айтты: «Өлмейтұғын болсам, өз көтеншегімді өзіме ойып берші,» – деді. Қасқырдың қасына түлкі: «Көтеншегіңді ойып беремін», – деп келді, келді де қасқырдың көтеншегін ойып жеді. Қасқырдың ішіне еніп кетті, іші-қарнын жеді, қасқырды өлтірді, өлтірген соң қасқырдың ішінен түлкі шықты, шыққан соң қаша берді, жолбарыс түлкіні қуды, қуып жетіп ұстап алды. Түлкіні жұтамын деп аузына салып жіберді.
– Жолбарысым, «маңғыт» деп жұтсаңшы!» – деді түлкі. Жолбарыс «маңғыт» деп, аузын аша бергенде, түлкі саңғытып аузынан шыға берді. Түлкі шығып қашып кетті, жолбарыс қуып-қуып жете алмай қалды.
Түлкі бір жерге келді, бір бөденемен жолдас болды, екеуі жолдас болып келе жатты. Бөдене айтты: «Түлкім, сені мен көп тамаққа апарайын. Ол үшін түлкім, көзіңді жұм. Құйрығымнан тісте!» – деді.
Түлкі: «Жарайды», – деп, көзін жұмды да, бөдененің құйрығынан тістеп жүре берді.
Бөдене айтты: «Түлкім, мен көзіңді аш дегенде аш, мен аш демей ашпа», – деді.
Бөдене жүріп келеді, жүріп келеді, түлкіні ертіп, жетектеп келе жатыр.Үлкен бір тоғайдың қасына келді. Тоғайдың ашық алаңында бір топ кісі тұр екен, топ кісінің ортасында түлкіні жетектеп бөдене келеді. «Аш көзіңді, түлкім,» – деді, түлкі көзін ашып жіберсе, көп кісінің ортасында тұрды, бөдене алдап келгенін білді. Бөдене күліп, «пыр» етіп ұшып кетті. Әлгі жерде түлкіні кісілер соғып алды.