Түйе, арыстан, қасқыр, түлкі және бөдене

Түйе, арыстан, қасқыр, түлкі және бөдене
Бір түлкі жортып келе жатып, қаңғып бара жатқан бір түйеге кездеседі.
– Түйем, түйем, қайда барасың? – дейді. Түйе:
– Оты мол, суы мол жер іздеп барамын,– дейді. Түлкі:
– Ендеше, екеуміз жолдас болайық, – дейді.
Түйе:
– Болсақ болайық! – дейді. Екеуі келе жатса, бір қасқыр келіп жолығады.
– Е, қайда барасыңдар? – дейді. Бұлар:
– Оты мол, суы мол жер іздеп барамыз, – дейді. Қасқыр жолдас болып жүріп келе жатса, бір арыстан келіп кездеседі.
Үшеуі:
– Оты мол, суы мол жер іздеп барамыз, – дейді. Арыстан:
– Ендеше, төртеуміз жолдас болайық,– дейді. Төртеуі жүріп отырып, бір өзен сулы, биік таулы жерді тауып, мекен қылып жүреді. Арыстан, қасқыр, түлкі уақ аң, тышқан аулап жеп жүреді. Түйе жердің оты мен суына жардай болып семіреді. Қыс болып, уақ аң таусылады, арыстан, қасқыр, түлкі үшеуі ашығады. Көздеріне түйеден басқа ештеңе көрінбейді, түйені жемек болады. Түйе жолдастығын айтып жылайды, содан соң түйеге біраз тимей жүріп, тіпті әбден ашыққан соң, арыстан, қасқыр, түлкі үшеуі ақылдасып түйені жемек болып, түйемен сөйлесуге түлкіні жібереді. Түлкі түйеге келіп айтады:
– Қыс болса мынау, жердегі шөптің бәрін ақ қармен жауып, үскірігін соғып тұр. Енді аз күнде сен байғұс аштан өліп қаласың ғой. Саған жаным ашығаннан бір ақыл айтқалы келдім. Түйе:
– Айта ғой, – дейді. Түлкі:
– Сен қыс ішінде бүйтіп әрі аштан, әрі жылы қораң жоқ, суықтан өлгенше, өзіңді бізге сат, жаз шығып, көктем туғанда сені боталы інген қылып берейік, – дейді. Қу түлкінің сөзіне аңқау түйе көніп «жарайды» дейді. Түлкі түйеге барып келіп, арыстан мен қасқырға айтады:
– Түйе өзін сатып беруге көнді. Бірақ басымды оңға қаратып сойып, үшеуің етімді әуелі жемей, қылдай қылып бөліп алыңдар, әйтпесе тұрып кетем деп айтты, – дейді. Ана екеуі:
– Ойбай жарайды, – деп, түйеге келеді. Бұлар түйеге келген соң, арыстанға түлкі айтты:
– Әй, ареке, неге қарап тұрсың, қимылдаңыз, – дейді. Сонда арыстан түйені жерге көтеріп соқты, түйенің мойны шығып өлді, түлкі тұрып айтты:
– Ареке, сіз деміңізді алып жата тұрыңыз, біз мұның терісін сойып болған соң, хабар береміз, – дейді. Арыстан:
– Сендер жеп қоясыңдар, – дейді. Түлкі:
– Ойбай, тақсыр, біз жемейміз, – деді. Арыстан:
– Бұлай болса, жақсы, – деп жатты.
Бұл екеуі сойып, пышақ та жоқ, тістерімен терісін жыртып жатты. Түлкі тұрып, қасқырға айтты:
– Ай, қасеке, мен бөксе жағын сояйын, сіз бас жағын сойыңыз, – деді.
Қасқыр түйенің басын пара-парасын шығарып, терілерін жыртып, көз майын шығарып қойды. Түлкі мұны көріп қасқырға айтты:
– Ай, қасеке, сіз бөксе жағын сойыңыз, мен бас жағын сояйын, – деді. Қасқыр барып бөксесін сойды. Түлкі қасқырға білдірмей түйенің көз майын ойып жеді. Және қасқырға айтты:
– Сіз алдыңғы аяғын сойыңыз, мен арт жағына барайын,– деп, қасқыр алдына алданып жатқанда, түлкі іш майын суырып жеп қойды. Тағы да қасқырға айтты:
Сіз, соя тұрыңыз, мен жүгіріп, арекеңе барып келейін, нағып жатыр екен, – деп жүгіріп кетті. Арыстан мұны көріп, жатқан орнынан түрегеліп айтты:
– Сойып болдыңдар ма? – деп. Түлкі айтты:
– Сойып болдық, бірақ мен бір нәрсеге қорқып келдім, – деді. Арыстан:
– Неден? – деп сұрады. Түлкі айтты:
– Қасқыр айтқан шартқа тұрмай, түйенің көз майы мен іш майын жеп қойды, – деді. Мен осыны сізге айтайын деп келіп едім, – деді. Арыстан ашуланып, ақырып қасқырға келді. Қасқыр қорыққанынан қаша жөнелді. Арыстан қуып кетті. Бір қырдан қасқыр мен арыстан асып көрінбей кеткенде, түлкі түйенің бар етін бір шұңқырға сүйрелеп, көміп қойды. Өзі арыстанның артынан жүгіріп кете берді. Арыстан қасқырды қуалап, шаршап келе жатса түлкі оған қарсы жолықты. Арыстан түлкіге айтты:
– Қайда барасың? Түлкі айтты:
– Қасқырдың кесірі бәрімізге де тиді, – деді. Арыстан айтты:
– Неге? Түлкі айтты:
– Сендер кеткесін, түйе түре келіп, «Мен сендерге сатылмаймын, мына қалыптарыңнан түбінде мені төлемейді екенсіңдер» деп терісін жалбыратып, ішегін шұбалтып кетіп қалды, – деді. Арыстан:
– Қай жаққа кетті? – деп сұрады. Түлкі:
– Осы қырдан асып кетті, – деді. Арыстан:
– Қап! – деп түйенің жолына түсіп, қуып кете берді. Түлкі тамағын тойдырып алып келе жатса, бір жерде қасқыр шаршап, ентігіп жатыр екен. Түлкі қасына жетіп келді. Қасқыр түлкіге ұрысты: «Мені арыстанға шағыстырып жүрген сен»,– деп. Түлкі:
– Мені де қуып жіберді. Мені кім шағыстырды? Қасқыр бұған нанып:
– Енді қайда барып тұрамыз? – деді. Түлкі:
– Жүре бер, бір нәрсе табамыз, – деді. Сөйтіп екеуі келе жатса, алдында бір жарты құйрық жатыр. Қасқыр мұның бір бәлесі бар шығар деп, жейін десе қорықты. Түлкі айтты:
– Сен қорықсаң, өзім жеймін. Бүгін базар, бұның не бәлесі бар дейсің, жұрт базарға барғанда, құйрық арзан болған-ды, арзан құйрықты көбірек алған, ол үйіне шауып бара жатқанда қанжығасына бос байлап, түсіп қалған, – деп, түлкі өзім жейін деп, қулықпенен ұмтылғанда, қасқыр «Өзім жеймін»деп құйрықты асап алса, астында қақпан бар екен. Ол қақпанға қасқыр түсті де қалды, сонда түлкі:– Ай, қасеке, шамасы сіздің етіңізді жейтін болдым ғой, – деді, Қасқыр: – Не ғылып жейсің? – деді. Түлкі айтты:
– Ертең иесі келсе, сені көріп, теріңді сойып алып, етіңді тастап кетеді. Сосын мен жемей кім жейді, – деді. Барып түлкі бір шұңқырға тығылып жатыр еді. Аңшы келіп, қасқырды көріп, терісін сойып алып, етін тастап кетті. Ол кеткісін, түлкі қасқырдың етін жеп тойып алды. Онан қайтып келе жатса, арыстан келіп қалды. Түлкі мұны көріп:
– Ареке, қайдан келесіз?– деді. Арыстан:
– Мен түйені таба алмадым, – деді. Түлкі:
– Тақсыр, сіздің атаңызды көріп едім, осы тауда аң аулап жүретін еді, әлі де осы таудың астында шығар, аңдарды үстінен басып алып жейтұғын еді, мен соны көріп тұрушы едім. Сонда арыстан айтты:
– Қалайша қарғып алатын еді? Маған сен көрсет, мен қарғып көрейін. Түлкі қу айтты:
– Сіздің тұлғаңыз атаңнан кем емес еді.
Сонда арыстан кейін шегініп, жүгіріп барып, жардың басына келіп қорқып тұрды. Түлкі:
– Әй, ареке, егерде қарғи алсаңыз жүгірген нұсқаңыз атаңызға ұқсап тұр, – деді. Сол уақытта жардың астында бір киік келіп қалды, арыстан соған қарғып кетті. Жерге барып түсіп еді, сүйектері күлпара талқан болды, сонда түлкі келіп:
– Ареке, бір жеріңіз ауырып қалды ма? – деп сұрады. Арыстан айтты:
– Сүйекте сынбаған сүйек жоқ. Түлкі мұның қимылдауға шамасының келмейтінін біліп, қоң етін ойып жеп жатыр еді. Сонда арыстан айтады:
– Әй, түлкі, әуелі көз майымды жеші. Түлкі айтты:
– Ареке, несіне асығасың, құдай бұйыртса, сенің етіңді жейтұғын болдым ғой, – деді. Сүйтіп арыстанды және жеп алды. Сүйтіп, түлкі қыстан шығады. Бір күні түлкі келе жатса, бір бөдене жорғалап барады екен, түлкі шап беріп бөденені ұстай алады. Бөденеге айтады:
– Балаларыңды тауып берсең, өзіңді қоя берейін, – деді. Бөдене:
– Балаларым ана қалың көктің ішінде еді, сол араға барып, мен болып шақырсаң, балаларым келеді, – дейді.
– Жарайды, – деп, бөденені тістеп, түлкі қалың шөпке келеді.
– Балапандарыңды не деп шақырайын? – деді. Бөдене:
– «Маңғыт» деп, қатты дауыстап шақыр, – деді. Түлкі:
– «Маңғыт»,– дегенде, бөдене «аузыңа саңғыт» деп ұша жөнеліпті. Бұдан өшігіп жүріп, бір күні бөденені көріп жетіп келгенде, бөдене ағаштың басына шығып, қонып отырыпты. Түлкі:
– Е, бөдене, не білдің? Барлық жан-жануар бір-біріне қастық қылмасын деген тәңірден жарлық келді. Енді біреуге-біреу тимейді. Барлық жан-жануар енді бір-бірімен дос болатын болды. Жерге түс, достығымызды білдірейік, – дейді. Сонда ағаштың басында отырған бөдене, бойлап-бойлап алысқа қарайды. Жерде тұрған түлкі:
– Е, бөдене, нені көріп қарайсың? – деді. Бөдене:
– Білмеймін, алыста төрт аяқты бірдеме келе жатыр, өзі тақыр жүнді, жарғақ құлақ, мойнында қарғысы бар, – дейді. Түлкі:
– Ойбай, ол тазы шығар, – дейді. Бөдене бойлап қарай:
– Болса болар, – дейді. Түлкі:
– Ойбай, ендеше, мен қашайын, – дейді. Бөдене:
– Е, енді барлық жан-жануар бір-біріне тимейтін болды дегенің қане, неге қорқасың? –дейді. Түлкі:
– Ойбай, кім біледі? Әлі де ол жарлықты ести қоймаған тазы шығар, – деп қаша жөнеліпті.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *