САРАҢНЫҢ САЗАЙЫ
Ілгері өткен заманда Ташкент пен Қоқан аралығындағы шатқал тау бөктерінде Паркент, Заркент деген қыстақта Ішіқара деген бай болыпты. Ол өте сараң болыпты. Сараңдықта Шыршық пен Сыр бойында алдына ешкімді салмапты. Күндердің күнінде бір қойшысының құрып қойған тұзағына жалғыз бала түлкі түскен екен.
– Түлкі менің жерімнің түлкісі, – деп, қойшыдан Ішіқара бай тартып алыпты. Бай түлкіні алып, Алтынбелдегі тымақ тігетін азғана үй қырғыздарға барыпты. Ішіқара бай қолындағы бала түлкінің терісін көрсетіп:
– Осыдан маған бір тымақ тігіп бер, – депті. Тымақшы таңырқай бір қарапты да:
– Мақұл, – деп, келісім беріпті.
– Тігінші шебердің тымақ тігіп беруге бірден келісе қойғанына күмәнданған Ішіқара бай:
– Түлкім бір тымақ емес, екі тымақ шығар ма екен? – деп ойлапты да, бала түлкінің терісін қайтып алып, Соқақ аулындағы шеберге апарыпты. Тымақ тігетін шеберге түлкінің терісін көрсетіп:
– Мына түлкінің терісін өзіме лайықтап, тымақ тігіп бер, – депті. Бұл тігінші де таңырқай қарап:
– Болады, тастап кетіңіз, – дей салыпты. Бұған да күмәнданған Ішіқара «Бірден келісімге кеп, тымақ тігіп бергісі келді, екі тымаққа жететін болар», – депті де, – бала түлкінің терісін одан да қайтарып алыпты. Бай қазақтар көпшілік боп қоныстанған Сәмсерек ауылына қарай жол тартыпты. Ауыл аралап, қона жатып, екінші күн әрең дегенде Сәмсерекке жетіпті.
Сәмсеректегі қалың қазақ арасында бармағынан жез оймақ түспеген, иненің көзінен қыл өткізген, қайшысы тері түгіл қаңылтыр кескен атақты бір тігінші шебер ұстаға келіп:
– Мына түлкінің терісі талай шебердің алақанын жалап, саусағының арасынан сусып өтті. Бұрап, сілкіп илеуін де көрді. Өзіңдей шебердің қолына түссе игі еді деп, мен де тілеуін тілеумен болдым. Бүгін ауылымнан аттанғалы алты күн болды. Шеберлердің біразын ұнатпай, екі күн жүріп, үш күн дегенде саған жеттім. Мына түлкі терісінен үш тымақ етіп тігіп бер, – депті. Бай абайлап, өз қолымен түлкі баласының терісін шебердің қолына салыпты.
Сәмсеректің шебері: «Сараңның сараңы, қудың сұмы, сұмның сұмпайысы сен боларсың», – деп, ішінен ойлапты да:
– Сенің сазайыңды тарттырып, жылаған, сықтаған, зарлаған, зорлық көрген бейшаралардың кегін сенен қайтармасам, тігінші атым құрысын, – деп, қарғаныпты.
– Мақұл, үшеуін үш күнде бітірейін, – деп, алып қалыпты.
– Арада үш күн өткеннен кейін Ішіқара бай тігінші шебердің үйіне келіп, пішіліп тігілген тымақтарды көріп, есі ауып қала жаздапты. Өз басына молжалдап [болжап дегені] тіктірген тымақтары жас қыздардың қуыршағына лайық өлшеп тігілгендей болыпты да қалыпты. Сараң Ішіқара бай іс-міс жоқ, өз заманының биіне барып, жүгініпті. Билер шабарман, жасауылдарын жіберіп, Сәмсеректің шебер тігіншісін айдап әкеліпті. Билер ақты-қарасын тексеріп отырмай-ақ:
– Мына бәйекеңнің үш тымағының ақшасын төлейсің, – депті. Шебер:
– Тақсыр, биеке! Былай болған істің мән-жайын сұрасаңызшы, – деп өтініпті.
– Ия, болған істің мән-жайын айта ғой!
– Ішіқара байекең бір бала түлкінің терісін әкеліп, үш тымақ тігіп бер деді. Бала түлкінің терісінен үш тымақ шықпайтынын көзіңіз жетіп тұрған тұрған болар. Мен өлшеп, піше келіп, бай ұзатылатын қыздарының болашақ ұлдары мен қыздарына қуыршақты да кәзірден дайындап беретін шығар, – деп, үш күн бойы отырып, қуыршаққа шақ тымақ тіктім. Менің сізден өтінішім, мына байдан үш күндік еңбек ақымды өндіріп берсеңіз.
Билер лажсыз бітімге келіп, тігінші шебердің үш күндік еңбек ақысын өндіріп беріпті. Сөйтіп, Ішіқара сараң бай сазайын тартқан екен.