Ақжан Жақсыбекұлы әл-Машани (1906 жылы, қазіргі Қарағанды облысы Қарқаралы ауданы Нұркен ауылы — 02.05.1997, Алматы) — геолог ғалым, тау-кен инженері, геология-минералогия ғылымдарының докторы (1946), профессор (1968), ҚР ҰҒА-ның алғашқы құрылтайшыларының бірі және академияның корреспондент мүшесі (1946), Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері (1966).
Қазақстанда геомеханиканың негізін салушы, мектебін құрушы; жазушы. Қазақ тау-кен металлургия институты (қазіргі ҚазҰТУ) бітірген (1939). КСРО ҰА-ның Қазақстан бөлімшесінде (1939 — 43), Геология ғылымдары институты (1943 — 46), Абай атындағы Қазақ педагогикалық институты (қазіргі ҚазҰПУ) (1946 — 50), Қазақ политехникалық институты (қазіргі ҚазҰТУ) (1950 — 88) ғылыми-зерттеу және педагогикалық жұмыстармен айналысты. Негізгі ғылыми бағыты геомеханиканың құрылымы — кристалдық заңдылықтарды зерттеуге арналған. Ол геометрия, оптика, механика, химия, геохимия, кристалдық химия, география, геология, технология тәрізді пәндердің сабақтастығын анықтау кезінде біртұтас геомеханика заңдылығын ашып, қағидасын тұжырымдады. Сөйтіп, өз алдына дербес ғылым саласының ортақ өзегін іздеу барысында Эйлер теориясы жаңғыртатын жаңалық жасады.
Ол тау-кен өндірісінде геомеханика заңдарын іс жүзінде қолдана отырып, бір-біріне қарама-қарсы екі мәселені шешуді мақсат етті:
1. тау жыныстарының кернеулі-деформация күйінің теориясы негізін анықтау;
2. тау-кен жұмыстары кезінде күрделі кен қазбаларының, жер бетінің орнықтылығын және жұмыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларын жасау.
Осы мәселелерді біріктіре шешу — тау жыныстарының жер қойнауындағы жай-күйін, құрылымдық ерекшеліктерін және беріктілік қасиеттерін зерттеуге негізделген. Жер астындағы кеннің геол. құрылымын анықтау үшін алғаш рет жер қойнауының геометриясы әдісін қолдана отырып, Ақбастау — Құсмұрын кен өрісін ашқан. Қазақстанда геомеханика мектебін құруға және соғыс жылдарында П.А. Рыжовпен бірге Лениногор, Зырьян, Торғай, Жезқазған, Қаратау кен орындарын ашуға қатысты. М. геология, тау-кен ісі, маркшейдерия ғылымдарының мемл. тілде дамуына ерекше көңіл бөліп, қазақ тілінде оқулықтар мен сөздіктер шығарды. Жаратылыстану ғылымдарындағы ұлттық құндылықтарды сабақтастыра отырып, гуманитарлық мазмұн-сипатта дамытуда көп іс атқарды. Сонымен қатар қазақ әдебиетінің ғыл.-көпшілік, фантастик. жанрларына да үлес қосты. Оның “Жер астына саяхат” атты кітабы көптеген оқырмандардың геолог, тау-кен мамандықтарына деген қызығушылығын оятты. Әбу Наср әл-Фарабидің Дамаскідегі (Сирия) Баб ас-Сағир қорымынан қабірін тауып, құлпытас орнатуға ат салысқан. Ол әл-Фараби мұрасын ислам дінімен және қазақ халқының ұлттық дүниетанымымен сабақтастыра зерттеу нәтижесінде фарабитанудың негізін салушылардың бірі ретінде де кеңінен танылды. “Әл-Фараби” тарихи романында оның көркем бейнесін сомдады, ал “әл-Фараби және Абай” еңбегінде екі ғұлама арасындағы ғыл. және рухани байланыстар мәселесін зерделеді. Түркі тілдес халықтардың мәдени мұраларын, ғылым тарихын, ислам ғылымын зерттеуде де көп тер төккен. 1984 ж. Кувейтте шығатын “әл-ұараб” мерзімдік басылымында “әл-Машани” бүркеншік атымен өзінің зерттеулерін жариялады. М. 350-ден астам ғыл. еңбек, оның ішінде 9 монографияны жазған. Ленин, Еңбек Қызыл Ту ордендерімен және медальдармен марапатталған.
Өзінің көрген білгендерінің ішінен ғибрат болатындықтарын хабарлау әрбір адамның міндеті болса керек. «Ұзақ өмір бойында менің жиған тергенім үш бастаудың құйған арнасы болды»- деген Машанов.
Табиғат табыстарының дәлелділігі
Адам баласының табиғат танудағы жолдары (тарих және діни)
Ана тілінің қазынасы
Осы үш компоненттің қосындысынан әр мағынасына тілі басқа әдісі басқа, ойлау өрісі басқа, сол себептен 1 саладан табылған нәрсе 2-ші салада істеуге белгісіз, пайдасыз болып қала береді. Біздің заманымыздағы ғылыми жетістікте кемшілікте осында. Жеке таңдалмаса ғылым жетілмейді. Бірақ жекеленіп кеткен ғылымдар біріне-бірі жат болмайды. Олар барлық ғылымды тұтас қалпында бүтіндей қамтиды.
Халқымыздың “Жақсы адам-қазына” деген нақыл сөзі бар. Сондай адамдардың бірі емес, бірегейі Ақжан Жақсыбекұлы Әл-Машани өміріне көз жіберсек, ол кісінің өте бір бай өмір кешкенін байқаймыз.
Байлық деген, біреу үшін ақша, біреу үшін дүние-мүлік. Әрі беріден соң, біздің жер астындағы қазба байлықтармызды ысырапсыз пайдалана берсек, қайтадан қалпына келмейтінін, сарқылатынын білеміз. “Сонда таусылмайтын қазына не?” – дегенде, ол – адам бойына ана сүтімен бітетін дарын. Дарынды адамдар күнде¬лікті өмірде, қарым-қатынаста, жұмыста, үйде, түзде жан- жағындағы адамдарға бойындағы қабілеттің шуағын шашып жүреді. Сондай, өмірінің ақырғы сағатына дейін біздерге білім мен ғылымның, өнеге мен үлгінің нұрын шашқан, таусылмас қазына қалдырып кеткен академик, Қазақстан ғылымына еңбек сіңірген қайраткер, профессор Ақжан Жақсыбекұлы Әл-Машани еді.
Машан Жамантай төренің кеңесші биі, аузымен орақ орған шешен болған. Қазақ ұлттық техникалық университетінің түлегі, тау-кен инженері, қазақтың заңғар жазушысы Ілияс Есенберлин өзінің “Қаһар” атты романында Машан бидің атақты Ағыбай батырдың досы, Құнанбай, Құдайберді тәрізді адамдармен үзеңгілес, туыстық та қарым-қатынаста болғанын, қаз дауысты Қазыбек бидің досы болғандығын жазған. Құнанбай қажы мен Машан би жылына бір рет Қоянды жәрмеңкесінде бас қосып отырған екен. Осындай бір кездесуде атасымен бірге жәрмеңкеге барған бала Ақжан Шәкәріммен де кездескен. Ақаңның әкесі Жақсыбек Құранға жүйрік, сол кездердегі “Айқап”, “Дала уалаяты” атты газеттерді жаздырып оқитын адам болған. Ақаң алғаш әліппе тануды өз әкесінен, кейін кеңес мектебінен үйренген. 1924 жылы Қарқаралыдағы Әлімхан Ермеков негізін қалаған педагогикалық техникумға түсіп, Әлекеңнен, Ахаңнан (Ахмет Байтұрсынов) дәріс алған. Міне, осындай думанды шаңырақта, ойшылдардың ортасында жүріп, тәлім-тәрбие алған Ақжан Жақсыбекұлының ғұлама ғалым болмауы мүмкін емес еді. Ақжан ата бойындағы әділдігі, сабырлылығы, зеректігі, зерделілігі, ізденімпаздығы атадан балаға ұласқан сарқылмас қазынаның жалғасы деп білеміз.
Еңбек жолын өзі оқыған мектепте мұғалім болып бастаған Ақжан Жақсыбекұлы 1933 жылдың күзінде Семейдің геологиялық техникумындағы – дайындық курсын¬да оқып, 1934 жылы Алматыда ашылған Қазақ тау-кен металлургия (қазіргі ҚазҰТУ) институтының алғашқы студенттерінің бірі болып қабылданады.
Институтта оқи жүре, ол Алматыдағы техникумдарда, курстарда сабақ берді. Қазақстандағы маркшейдер мамандығының негізін қалаушы, профессор П.А.Ры¬жов зерделі студентті 1939 жылы аспирантураға алып қалады.
Ол ғылыми еңбегіне жер қойнауының геометриясын өзек етіп алды. Бұл екінің бірінің тісі бата бермейтін тың тақырып еді. Кертартпа ғалымдар ғылыми жаңалыққа күдікпен қарады. Алайда Ақанның диссертациясындағы кен орындарын зерттеудің жаңа әдісі Қазақстанның көптеген кен орындарында байқаудан өтті. 1940 жылы геологиялық-барлау ғылыми экспедициясын басқарып жүрген аспирант Ақжан осы жаңа әдіс негізінде Ақбастау-Қосмұрын алтын кен орнын ашты. Сөйтіп, кендердің жер қойнауында түзілу заңдылықтарын ашуда алғаш рет жер қойнауы геометриясының әдістерін қолдануы геология мен тау-кен саласында ғылыми жаңалық болды.