Ақжан Жақсыбекұлы

1946 жылы Ақжан Жақсыбекұлы Мәскеу қаласында “Кендер құрылымын жер қойнауын геометрлеу әдістерімен зерттеу” тақырыбына докторлық диссертация қорғады. Ғылыми жұмыс үш мамандықтың (геология, механика және тау-кен ісі) түйісінде жүзеге асқан болатын. Сөйтіп, үш ғылым саласының түйісуіне тау-кен ісінде жаңа ғылыми бағыт – “геомеханика” дүниеге келді.

А.Машанов жетекшілігімен жүргізілген геомеханика саласындағы ғылыми жұмыстардың өрісі кеңейіп, жас ғалымдар саны көбейе түсті. Геомеханикалық зерт¬теулерді жүргізуде, Ақжан Жақсыбекұлы – ең алдымен, кен орнының табиғи геологиялық жағдайын және қатты денелер механикасы мен физикасының негіздерін зерделеу арқылы адамзаттың инженерлік қызметінің нәтижесінде пайда болған жасанды ортаның геологиялық, кернеулі жай-күйін білуге және ашылған тау жыныстарының әртүрлі тереңдіктеріндегі физикалық-механикалық қасиеттерін анықтауға басты көңіл аударды десек, ол КСРО-дағы геомеханика ғылымының негізін салушылардың бірі және Қазақстандағы геомеханика мектебінің іргетасын қалаушы.

А.Машановтың геология, геомеханика саласындағы ғылыми еңбектері, көп жылдардағы далалық, өндірістік, ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелері бүгінде еліміздің жоғарғы оқу орындарының тау-кен мамандықтарына геомехани¬каны жаңа ғылыми пән ретінде оқу үрдісіне енгізуге негіз болды. Ол тау-кен саласындағы ғалымдар ішінде алғашқысы болып “Геомеханика” пәнінің мақсаты мен мазмұнын тұжырымдады. А.Машанов көптеген ғылыми кітаптар жазды. Солардың ішіндегі “Механика массива горных пород”, “Введение в геомеханику”, “Основы геомеханики скально-трещиноватых горных пород”, “Геомеханика”, “Устойчивость бортов карьеров бассейна Каратау” сияқты монографиялық еңбектері осы саладағы іргелі зерттеулер қатарына жатады. Бір айта кететін жәйт, оның еңбектері “Маркшейдерлік іс” ілімінің отаны Германияда неміс тілінде жарық көрді. Бұл оның ғылыми мектебінің халықаралық деңгейде мойындалуы еді.

Қазақстанның алғашқы техника саласындағы интелегенттерінің алдында ғылым мен техниканың жалпы мәселелерімен қатар, ұлттық инженерлік-техникалық әдебиеттер жазу қажеттігі тұрды. Сол кездері А.Машанов тау-кен атауларының тұңғыш сөздігін, жоғары оқу орындарына арнап қазақ тілінде көптеген оқулықтар даярлады. Мәселен, “Кристаллография, минерология және петрография” атты кіта¬бы соңғы ғасырдағы алғашқы және әзірге жалғыз оқулық болып есептелінеді.

А.Машанов ғылыми-техникалық білімді көпшілікке кеңінен насихаттаушы. Оның қаламынан туған “Жанар тау”, “Жер сілкіну”, “Таулар қалай құрылды”, “Жер сыры”, “Ғажайып ошақ басында”, “Табу” сияқты кітаптары көпшіліктің ықыласына бөленді.

Ол ғылымның сыр сандығын біртіндеп ашып, інжу-маржанын, талғаммен терген жан. Ғалым “Кісіліктің өлшемі – білімділік, сондықтан да барлық ғылымдар тарихын жақсы білу керек” деген қағиданы біздерге айтудан жалықпады және өзі де өмірінің соңғы сағатына дейін ғылымды сүйіп, ұлы ғалымдарды құрмет тұтып кетті.

Осы саладағы Ақжан Жақсыбекұлының баға жетпес, ерлікке пара-пар келетін, еңбегі – ұлы бабамыз Әл-Фарабидің қазақ топырағында туып қана қоймай, қаны түркі екендігін дәлелдеудегі, оның еңбектерімен ұрпағын сусындату және насихат¬таудағы теңдессіз қызметі. Ақанның арқасында Әл-Фараби сынды ұлы ғұламаның рухы, есімі өз Отаны қазақтың қара топырағына қайта оралды. Бұл жолда жер жүзі елдерінің кітапханаларында шашырап жатқан Әл-Фараби еңбектерін жинап, 1969 жылы бабамыздың Дамаск қаласынан бейітін тапқан да Ақаң еді. Ұлы бабамыз Әл-Фарабидің мәңгі мекені – Баб ас-Сағир зираты басындағы көңіл-күйін, ішкі сезімін біздерге жырдай қылып айтушы еді және оны өзінің “Әл-Фараби және Абай” атты кітабында жазып та кетті. “Қабір басында көз жасымды тыя алмадым, қабіріне бас иіп тұрып, бір шөкім топырағын орамалымның шетіне түйіп алдым да, құранның өзім білетін сүрелерінің бірін ағытып қоя бердім” дейтін. Ақаңның бабамыздың басында тұрып шығарған өлеңі бар.

Ақаңның үйіндегі кітапханасында сирек кездесетін кітаптар көп еді. Солардың бірі – Иоган Кеплердің “Аспан музыкасы” деген кітабын оқып отыра, Ақжан Жақ¬сыбекұлы Кеплердің жазғандарының бірсыпырасы Әл-Фарабиден алынғандығын анықтады. Осы мәселеге байланысты А.Машанов 1984 жылы Кувейтте шығатын “Әл-Фараби” журналына “Орта Азияның мәдениет шамшырақтары” атты мақала жариялап, онда өз пікірін дәлелдеді. Кейіннен осы мақала төңірегінде жарық көрген пікірлерде белгілі ғалымдар “Әл-Машани мырза өз көзқарасын толық дәлелдеді” деп жазды. Міне, содан бері “Әл-Фарабиді ашқан Әл-Машани” деген сөз тіркесі жалғасып кете берді. Әл-Машани деген атақ Ақаңның өзіне де ұнағандығы соншалық, “Ай арысы” және “Геомеханика” атты кітаптарында авторы Әл-Машани деп өз қолымен жазып кетті.

Жалпы, Әл-Машани 200-ден астам ғылыми мақалалар, 10 монография, 5 оқулық және 8 ғылыми көпшілік кітаптар жазып, артына өшпес мұра қалдырған ғалым. Осы еңбектері арқылы ғалымның кемеңгерлік қырлары жарқырай көрініп, есімі елге мәшһүр болды.

Әл-Машани қаламынан ұлы бабамызға арналған “Әл-Фараби мұрасын зерттеу туралы”, “Шығыстың Аристотелі”, “Әл-Фараби еңбектерін қазақ тіліне аудару туралы”, “Әл-Фараби”, “Орта Азия мен Қазақстанның ұлы ғалымдары”, “Әл-Фараби және Абай” сияқты көптеген кітаптары жарық көрді.

Әл-Фараби мұраларына арнап осындай еңбек жазып жүрген және 1978 жылы Әл-Фарабидің 1100 жылдық мерейтойына арналған халықаралық конференция өткізуге көшбасшы болған Ақаң әлем оқымыстыларын өзіне тәнті етті. Жетпісінші-сексенінші жылдары Әл-Машани қаққан дабылдан кейін Түркістандағы Ахмет Ясауи кесенесінде, Отырар, Арыстанбаб тарихи қорымына мемлекет тарапынан көңіл аударыла бастады. 1985 жылы ғалымның өзі Түркістанға барып, Отырар мұражайының ашылуына атсалысты. Ол Қазақстан Республикасы мен шет елдердегі Әл-Фараби мұрасын зерттеушілердің алғашқы ғылыми кеңесшісі болды.

Абай атамыздың 150 жылдық тойы тұсында жазылған “Әл-Фараби және Абай” атты кітабы өзінің мән-мағынасымен, ойшылдық, талдау болжамдарымен аса құнды, халқымыздың мың жылдық мәдени тарихының үндестігін зерделеген еңбек. Ақжан Жақсыбекұлы Абай дүниетанымын, ғылымның бастауы орта ғасырлық, араб, шығыс елдерінде жатқандығын, оның көш бастаушысы ұлы бабамыз Әл-Фараби болғандығын, сөйтіп екі дананың арасын жалғастырар ғылымның даңғыл жолын баяндаған, сонау мың жылдан астам уақыт өткен Әл-Фарабиден кейін, оған ой өрісі жақын. Парасаты кең, ойшыл Абай екенін дәлелдеген.

2001 жылдың 12 қазанында Оңтүстік Қазақстан облысының сол кездегі әкімі Б.Сапарбаевтың қолдауымен халықаралық деңгейде Әл-Фарабидің 1130 жылдығы аталып өтті. Әкім бекіткен арнайы сыйлық және Әбу Насыр Әл-Фараби атындағы сыйлықтың №1 куәлігі артына мол мирас, өшпес іс қалдырған Әл-Машаниға берілді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *