АМАЛШЫЛ БЕКЖАН
Бұрынғы уақытта бір хан болыпты. Ол ханның ақшасын Бекжан деген ұрлапты. Оны кім ұрлағанын ешкім біле алмайды. Кім ұрлағанын білуге хан үй тігіп, той қылып, барша халықтарын шақыртты.
– Әр қонақтардың алдарына он тиын күмістен қой, – деді.
Ханның бұйрығын орнына келтірді.
– Кімде-кім ол он тиын күмісті алса, сол ханның ақшасын алған, – деді.
Амалшыл Бекжан мұны білді. Етігінің өкшесіне желім жақты. Тамақ жегеннен кейін қонақтардың қолына су құя бастады. Барлық қонақтардың алдындағы күмістер Бекжанның өкшесіне жабысты. Онан кейін далаға шығып кетті. Оның мұндай істегенін ешкім білген жоқ.
* * *
Ханның бір түйесі бар еді, түйені іздетуге хан ойланды. Хан түйені бос қоя берді. Түйе барды да, Бекжанның үйінің қасына барып жатты. Бекжан оны білген соң түйені сойып алды. Мұны хан білген жоқ.
Бір уақытта Бекжанның үйіне бір қатын келді де, Бекжаннан бір жапырақ түйенің етін сұрады. Ол бір жапырақ етті алды да, көрсетуге ханға қарай жүрді. Қатын ханға келе жатқанда Бекжан жолықты.
– Қайдан келесің? – деп, қатыннан сұрады. Қатын айтты:
– Сіздікінен бір жапырақ ет сұрап әкелемін, – деді. Бекжан бұл қатынды үйіне ертіп келіп, өлтірді. Мұны хан білген жоқ.
Хан тағы да бұйырып:
– Жер қазып, ағаш орнат. Оның үстіне бір қап ақша қой, – деді.
Ол ағашты орнатты. Жан-жағына елу кісіден күзетші қойды.
Бекжан тағы да алуға ойланды. Бір боз ат тауып алды да, өзінің және аттың сол жағын балшыққа былғады. Атқа мінді де, жылдам қапты алып, қашып кетті көзге көрінбей.
Ол ағаштың орта жағында тұрған күзетшілер айтты:
– Ұрының астында қара аты, қара киімі бар, – деді. Сол жағында тұрғандар:
– Ол ұрының астында боз аты, ақ киімі бар, – деді.
Сондай талас сөздер болған соң ұрыны іздей алмады. Хан ұрының күшін білді де, мұндай кісіні таба алмайтын болған соң тағы да той қылып, барша халықтарын шақырып:
– Кімде-кім маған шын айтса, соған қызымды беремін, – деді.
Бекжан мұны білген соң келді де, ханға айтты. Хан өзінің айтқанынан тая алмай, қызын Бекжанға береді. Жаңағы тойды онан да үлкейтіп, тойға ұластырып, ақырында, Бекжан дегеніне жетіпті.