Айлалы түлкі
Бір күні бір түлкі өзеннің жағасымен келе жатып: «Көлдегі балықтарды қалай алып жесем екен?» – деп ойлайды. Түлкі осыны ойлап жан-жағына қараса, өзеннен ағып келе жатқан бір бөренені көреді, бөрененің үстінде отырған екі шағаланы көреді.
– Сіздер мұнда не істеп жүрсіздер? – деп сұрайды түлкі шағалалардан.
– Балық аулап жүрміз,– дейді шағалалар.
– Мені жолдастыққа аласыңдар ма?
– Жарайды, секір, – дейді шағалалар түлкіге.
Түлкі қабақта тұрып судағы бөренеге секірген екен, қалқып келе жатқан бөрене түлкінің екпінімен батып кеткенде шағалалар ұша жөнеліпті.
Түлкі суға батар-батпас болып бөренені қайық қып өзінің құйрығына:
– Сен, құйрық, енді бұран болсаң, аяғым, сен ескек боласың!– дейді де түлкі даяр қайықпен жүзіп жүре беріпті.
Бірақ түлкі құйрығына «бәлен жаққа бұрыл!» деп айтуды ескермеген екен. Сол бетінде ағыспенен үлкен теңізге келіп, сонан аға-аға теңіздің ортасына қарай кетіп, ешқайдан су жағасын көре алмапты. Түлкі енді қалай қарай жүзетінін білмей дағдарып тұрғанда алдынан итбалық кездесіпті.
– Қайда барасың, түлкім? Сен адасып бара жатырсың ғой, енді саған қабаққа шығу қиын болар, – дейді итбалық.
– Қайда жүргенімді өзім білетін шығармын, «теңізде жыртқыш айуан бар ма екен, білейінші» деп шығып ем. Үйткені ұзынқұлақ хабар теңізде айуанаттар қалмады деп еді. Онысы рас екен, сенен басқа айуанатты көре алмадым, – дейді түлкі.
– Қой, түлкім, олай емес, бізде жыртқыш айуанаттар көп: итбалық, морж және киттер бар, – дейді итбалық.
– Жоқ, оның бекер. Мен өз көзіммен көрмей бұған нанбаймын. Егер сендер көп болсаңдар, қаз-қатар тізіліп су бетіне тұра қойыңдаршы, мен өз көзіммен көріп, санап шығайын, өйтпейінше тіпті сенбеймін, – дейді түлкі.
Түлкіні «нандырамыз» деп итбалық біткеннің бәрі су бетіне шыға бастады.
Морж бен киттер де осы кезде су бетіне шығып жатады. Түлкі олардың үстіне шығып алып өзінше: «бір итбалық, екі итбалық, үш итбалық… бір морж,екі морж, үш морж… бір кит, екі кит, үш кит» деп санай беріпті. Осылардың үстімен жүріп отырып теңіздің жиегіне шығыпты да, итбалықтарға айқай салыпты.
– Сендер рас айттың, итбалық, теңізде аңқау жыртқыштар көп. Сендерден теңізге көпір салуға да болады екен, енді қайда жүрсеңдер де, аман болыңдар, мен тынығамын, – депті.
Түлкі тонын шешіп алып, қурайларға іліп кептіруге қояды да, құйрығын бір тастың үстіне салып қояды.
Өзінің бір көзін алады да, бұтаққа іліп қарауылға қойып, оған:
– Менің тонымды ешкім алып кетпесін, құйрығымды ешкім ұрламасын, – деп тапсырады да, рахаттанып күн шуаққа жатып ұйықтап қалады.
Түлкі ұйықтаған кезде екі сауысқан ұшып келеді де бұтақта ілулі тұрған көзді көріп: «осы жан-жақты көріп тұр-ау» деп ойлайды. Ақырында не болса да дейді де көзді ала қашады.
Ұйқысы қанғаннан кейін түлкі оянып, тонын киіп, құйрығын өзіне жапсырып алып, көзін іліп қойған жеріне келсе, көзі жоқ. Олай қарап, былай қарап, көзін таба алмайды. «Бұл қалай? Мен оны қарауылға қойсам, ол өзін ұрлатқанына жол болсын. Қап, енді маған тағы көз іздеу керек болды-ау, а! Барсын, өзін ұрлатып жүрген көз маған қайбір қарауылшы болып жарытады», – дейді де түлкі орманға қарай жүріп кетеді. Жүріп келе жатып қалың қарақатқа кез болады. Біреуін жұлып алып көзінің орнына салып, жан-жағына қараған екен. Көзі еш нәрсе көрмепті. Оны алып тастап келе жатса, қалың жидекке кез болады. Оның біреуін алып көзінің орнына салып жан-жағына қараған екен, онымен де еш нәрсе көре алмапты. Жидекті де алып тастап тағы жүреді, сүйтіп келе жатып ойда жоқта мұздың бір сынығын тауып алады да көзіне салады. Мұз әрі таза, әрі ашық болғандықтан жан-жағындағысын жақсы көрсетіпті. Бұған түлкі қуанып «апырай, мына көзім бұрынғы көзімнен артық болды-ау» дейді. Бірақ түлкінің бұл қуанышы ұзаққа бармайды. Біраздан соң мұз ери бастап, еріген суы түлкінің бетіне тамшылай беріпті. Сүйтіп келе жатқанда алдынан қасқыр мен аю кездесіпті:
– Түлкім, неге жылайсың, кім ренжітті сені? – депті.
– Қарным ашқандықтан жылаймын, – депті түлкі. Қасқыр мен аю оны аяп тамақ беріп, ертіп кетіпті. Түлкіге сол керек еді. Түлкі енді тоқ жүретін болды. Үйткені ол айланы көп біледі.