Әуеде қаз қаңқ етті

Әуеде қаз қаңқ етті
Бұрынғы өткен заманда Қаһар деген бір хан өзінің бас уәзірімен бірге келе жатқанда төбелерінен бір қаз «қаңқ, қаңқ» деп ұшып кетіпті. Мұны естіген хан жанындағы келе жатқан уәзіріне:
– Мына қаз «не деп» келеді? Осыны тап, таппасаң – басыңды аламын! – дейді.
Уәзірі қайдан тапсын. «Обай, тақсыр, маған үш айдың уақытын беріңіз. Егер таппасам, басымды алуға қарсы болмаймын» деп жалынған соң, Қаһархан үш айдың ұлықсатын береді.
Уәзірі ары ойлап, бері ойлап, еш нәрсе таба алмай, басы айналып сандалған соң, болған оқиғаны қызына айтады.
– Қарғам өзің білмесең, ана ханның қызы екеуің доссың ғой. Сол білуі мүмкін. Не дегенін шештіріп, әкеп бер, – деп қызын жұмсайды.
Қыз ханның қызына барып сұрағанда:
– Иә, сол қаз «қаңқ, қаңқ» деп ұшып кеткенде, мен сарайдың алдында отыр едім. Әрине, енді айтпасқа болмас. Сенің әкеңді өлтірткенде мен марқадам таппаспын. Ол:
«Ерді ер қылатын да қатын, ерді жер қылатын да қатын» деп еді, – дейді.
Қызынан бұл жауапты естіген уәзір ханға келіп:
– «Ерді ер қылатын да қатын, ерді жер қылатын да қатын» депті – дегенде хан ашуланып, бұны саған кім айтты? Соны айтпасаң – басың енді алынады! – дегенде сасқалақтаған уәзір:
– Сіздің өз қызыңыз айтып еді – дейді.
Хан шабармандарын шақырып алып: «Осы елден болсын, басқа елден болсын, «дүниеде жазылмас» деген бір жынды жігітті тауып әкел», – деп бұйрық береді. Шабармандары ай іздеп, жыл іздеп жүріп, ел жоқ жұртта күл жеп отырған бір жынды жігітті алып келеді. Хан қызын шақырып ап:
«Ерді ер қылатын да қатын, ерді жер қылатын да қатын» депсің ғой, ал мына күлжегіш жындыны сен ер қып ал! – деп жындымен қосып, иен далаға жалғыз қызын апарып тастайды.
Хан осылай тұра тұрсын. Біз қызбен жындының әңгімесіне көшейік.
Қыз жігітті ертіп алып елсіз бір үлкен тауға барып, жеміс теріп жеп, жүре береді. Өстіп жүріп бір үңгірге келсе, үңгірдің аржағы үлкен көл екен де, үңгірдің аузы бір кісі әрең өткендей тар екен.
Жігітті соған енгізіп, жеміс теріп беріп, апарып әр түрлі шөптермен емдеп жүріп, бір күні үңгірдің ар жағындағы көл жағасына барып отырса, көлдің ішінде, шетінде, ала бір нәрсе жарқырап жатады. Суға түсіп алып шықса, асыл тас екен. Бұл көлде не бар екенін білген қыз күн сайынғы жаққан оттың күлін көлдің шетіне әкеп төге береді. Көл ішінде өмір сүретін балықтар түн болғанда көл жағасына шығу үшін, оның түбіндегі асыл тастарды тістеп шығып, соның жарығымен көлдің шетіне кеп жатады екен. Ол балықтар тасты көлдің шетіндегі күл үстіне қойғанда, әлгі гауһар тастар күлге шөгіп кетеді. Міне, осы күлге шөккен асыл тас, гауһарды келіншек (қыз) үнемі жиып ала береді. Сөйтіп, бұлар асыл тас қазынаға әбден байып алады. Жігіт те ауруынан жазыла бастайды. Қыз жігітті сол тауға жақын базарға жұмсап, сауда істете бастайды. Сөйтіп жүргенде бір күні қыз:
– Дүниедегі ең жаман сыйқы қашқан бір ат сатып әкел! – деп жұмсайды.
Жігіт іздеп жүрсе, арқа басы алты жерден тесіліп, жара болып, құймышағы шыққан бір арық атты көзі шалады. Иесіне келіп жабысып, «жүз ділдә алтын берейін, осы атыңды бер», – дейді. Иесі жігіттің бұл сөзіне не нанарын, не нанбасын білмей, ақыры беріп қоя береді. Атты көргеннен кейін қыз:
– Ей, жануар-ай, боғыңды жерден көріп таң қалып едім. Бағың жанбай жүрген жануар екенсің ғой – деп қуана қарсы алады. Бұлар қаланың ішіне түсіп, гауһар тастарын алтынға айырбастап, үлкен-үлкен дүкендер аштырып, күн өткен сайын, байи бастайды. Өз әкесінің шаһарының күн шығыс жағына апарып, алтын сарай салдырта бастайды. Әкесі бұған таң қалып «Бұл неткен бай адам» деп жүре береді. Сол кезде әкесінің шаһарын айнала наурыз күні бір алтын басты киік қашады екен. Қашқанда көзге тек сағымша көрініп қана өтсе керек. Қыздың әкесі халқына жария шашады.
– Кімде-кім осы алтын басты киікті ұстап берсе, соны орныма хан сайлап, тағымды беремін, – дейді. Бұны естіген қыз күйеуіне:
– Жә, тұлпарыңды жарат, арқа басы әбден жазылып бітті. Наурыз күні осы шаһарды айналып, алтын басты киік қашады дейді, соны қуасың. Қуғанда алғашқы бір жұмада осы қаланың халқы бәрі қуады. Ол кезде сен де шаба бер. Атың бауырын жазып әбден қызсын. Сосын, бір жұма өткеннен кейін атыңды өз еркімен қоя бер. Бұл атың зау түрде қуып жетеді. Киікті іліп алған соң ханның ордасының алдына қарай атыңның басын бұр. Мен жеті қабат жібек арқан құрып даяр тұрам. Осы жеті қабат арқанның алтауы үзіліп, жетіншісіне атың тоқтайтын болады, – деп кеңес береді.
Наурыз күні хан айтқандай алтын басты киік қашады. Оны жаңағы қыздың айтуы бойынша оның күйеуі ұстап әкеп, ханға береді. Айтқанындай жеті қабат жібек арқанның алтауы үзіліп, жетіншісіне тоқтайды. Хан, қайран қап, айтқанынан қайтпай тағын береді.
Таққа отырмас бұрын жігіт ханды жаңадан салынып біткен алтын сарайына шақырып қонақ етеді.
Қонақасы үстінде хан.
– Ойпырмай, менің қызым тоқтының сүтінен істелген малтадан тамақ істеп беруші еді. Мына тағамдарыңды жегенде, есіме қызым түсті-ау! Қайран Торғайым-ай! Қорғаным-ай! – деп еңіреп, жылап жіберіпті.
Қыз үйінде жүргенде осылайша тамақ істеп береді екен. Соны әкем «ұмытты ма, жоқ па?» дегенін сынағысы келсе керек. Сол кезде қызы:
– Сол Торғайың менмін әке! – деп мойнына асыла кетіпті. Хан қызын көріп, мауқын басып, күйеу баласын да құшақтап, бауырына басып:
– Мен қосып жіберетін жындыны мынандай адам етіпсің. Мені жеңдің, жеңгенде бір емес, екі жеңдің. Ал тағымды бердім, мына екеудеріңе, – депті. Жігіттің жайын сұраса, ол тегінде бір елдің ханының баласы екен. Он екі жасында әкесін дұшпандары шауып, ақ ордасын өртеп, асыл қазынасын күл қылып кеткен екен. Соған күйінген бала дүниесінің күлін жеп, құтырып кеткені сол екен. Сөйтіп қыз бен жігіт хан тағына отырып, мұратына жетіпті.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *